Өзекті мәселелер

  • 19.12.19

    Кешегі даласында абақ­тысы жоқ, бес қаруы белінде жүрсе де жауынан өзгеге қару жұмсамаған заманда елдің бір-біріне өкпесі, кеткен есесі болмады дейсің бе? Болды ғой. Бірақ, сол заманның өзінде қойнындағы қаруға тұра ұмтылмай, әділдікті, ақ пен қараны шешетін әулеттің үлкені не ауылдың ажасы, оған көнбей жатса, елдің қожасына жүгінді емес пе? Дау бұған да бөгет бермеген кезде биге барып соңғы ше...

    Толығырақ...
  • 19.12.19

    Ақыл  жетпес

    Адамның ақылы өлшеусіз мол. Алайда сол ұлан-ғайыр, шексіз ақылыңның кейде кішкентай, уақ-түйек мәсе­лелерді шеше алмай, тұйыққа тіреліп, жол таба алмай, адасып­  жүретініміз  қалай?!

    ...
    Толығырақ...
  • 19.12.19

    «Кувад синдромы» туралы бұрын-соңды естіп пе едіңіз? Мүлдем естімеген болуыңыз да мүмкін. Бұл – ер адамның жүкті әйел секілді күй кешуі. Мұндай да болады. «Кувад» сөзі француздың «couver» деген етістігінен шыққан, яғни қазақшалағанда «жұмыртқа басу» дегенді білдіреді. Бұл синдром екіқабат әйелдің күйеуінде жүктіліктің үшінші айында басталып, сәби дүниеге келгенге дейін жалғасуы ықтимал....

    Толығырақ...
  • 19.12.19

    Шырылдаған бала дауысынан селк ете қалған олар өздері секілді тағы бір күнә­сіз­дің жетім қалғанын сезді. Сәбиді түннің бір уағында тауып­ алған тәрбиеші дереу төсекке жатқызып, жұбата бас­тады. Әбден жылай-жылай көзінен жасы сарқылған баланың демі бітіп, әрең тыныс алады. Көздері жәудіреген бір топ баланың естісі аузындағы емізікті жұлып алып, апайына ұстатты. Жанаршылықпен қараған оның ересек...

    Толығырақ...
  • 19.12.19

    Поэзия

     

    Ботадай боздап аспан жылайды,

    Алдайды бәрін түлкі үміт.

    Жапырақтардан жас тамшылайды,

    Жапырақ жүрек бұлқынып. ...

    Толығырақ...
ҚАЗАҚТЫҢ ЭКОЛОГИЯЛЫҚ МӘДЕНИЕТІ
04.06.2015 11:54

5 маусым – Бүкіләлемдік қоршаған ортаны қорғау күні

Қуанышқали  ШАПШАНОВ,

Қазақстан  Журналистер

Одағының  мүшесі,

экология саласының ардагері

Кейінгі жылдары әдет-ғұрып, салт-сана, дәстүрден бастау алатын көпсалалы халық педагогикасын жан-жақты зерттеу, жинақтау, оны жұрт­шылыққа жеткізу кең өріс алып келеді. Осыған орай, халқымыздың туған табиғатқа деген көзқарасын, оны түсініп-ұғынуын, аялауы мен орнын тауып пайдалануын, адамзат игілігіне жаратуын, табиғатты қорғауға байланысты көптеген әдет-ғұрыптар жайлы, қорыта айтар болсақ, ұлтымыздың экологиялық мәдениеті туралы кеңірек білу үшін облысымыздың табиғат қорғау қызметіне ұзақ жылдар басшылық  жасаған,  қазір де осы саланың  белгілі жанашыр-маманы  Қуанышқали Шапшановтың танымдық  мақаласын 6-беттен оқи аласыздар.

ЭКОЛОГИЯЛЫҚ МӘДЕНИЕТ   АНЫҚТАМАСЫ

«Экология» термині грек тілінен «үй тура­лы» (қоршаған табиғи орта) ілім деп аударылады да, ол табиғатты қорғаумен байланыстырылады. Ғылыми әдебиеттерде оған «табиғаттың тазалығын, сұлулығын сақтай, қорғай отырып, оны адам қажетіне ұқып­ты пайдалану» деген анықтама беріледі.

Ал экологиялық мәдениетке осы тұрғыдан  жауап іздестірсек, онда: қоғам мен табиғаттың талаптарына адамзаттың білікті берген жауабы арқылы қалыптасатын, нәтижесінде адам мен табиғаттың арасындағы еркін (залал келтірмейтін) қатынастардан туындайтын мәдениет – экологиялық мәдениет деп сенімді түрде қорытынды жасауға болады.

Өйткені, «мәдениет дегеніміздің өзі – адамдардың өздерін қоршаған табиғи және әлеуметтік аяны өзгертіп, сол екі ортада өздерін де өзгерте білу қабілеті. Ендеше, әрбір мәдениет-дербестіктің ар жағында белгілі бір табиғи ортада тарихи қалыптасқан қауымның күн көрісіндегі тұрақтанған дәстүрлі қарекеттер болып табылады» (Ә.Кекілбаев, «Заманамен сұхбат»), немесе­ «Мәдениет – тіршілік ету күресі жолындағы еңбек-зейнеттен туған, табиғатпен, адами ортамен үйлесімді өмір сүре білу өнері, адамның әдет-ғұрыптар мен заңдарға сүйенген қоғамда қадірін түсірмей тұра білуі, қоғамның басқа қауымдармен қатар өмір сүре білуі. Мәдениет – ол тарихи тәжірибе айтып берген дағдылы машықтардың, рұқсат етулер мен тыйым салулардың тұтас бір жүйесі» (О.Сүлейменов, «Дүние», №2, 2003).

Қорыта келгенде, туған жердің табиғи болмыс-бітімін танып-түсіну, қоршаған ортамен тіл табысу, тіптен сол ортамен үндес өмір салтын қалыптастыру халқымыздың ғибрат тұтар экологиялық мәдениетін дамытып қалыптастырды.

Жиырмасыншы ғасырдың бас кезіне дейін қазақ халқының көшпелі өмір салтында болғанын бәріміз білеміз. Сондықтан, «сахарада көшіп жүрген, күнделікті өмірі жазда, күзде, тіпті жыл бойы дерлік кең дала­да, төңкерілген ашық аспан астында, өзен-судың жағасында өтетін елдің өзін ұдайы табиғаттың аясында, құшағында отырғандай сезінуі таңғаларлық нәрсе емес. Далан­ың сайы, белі, тау-тасы, өзен-көлі – қыр адамы кезінде бір көріп қызықтайтын ғана көрініс емес, оның ғұмыр кешетін, ұдайы малын бағып, орын теуіп отырған ортасы, мекен-жайы. Айналасындағы табиғаттың әр сипат-белгісі оның ой-санасында ерекше орын алады»  (З.Ахметов, «Өлең сөздің теориясы»).

Яғни, ұзақ ғасырлар бойы біздің ата-бабала­рымыз табиғат құшағында көшіп қонып жүріп, оның сырын жан-жақты білуге дағдыланған. Осының арқасында халқымыз табиғ­атпен етене біртұтас болып кеткен. Кейінгі отырықшы тұрмысқа көшкен кездің өзінде де қанға сіңген табиғатты сүю қасие­т­і халқымызды өлкенің нағыз аялаушы қожасы ретінде сақтап келеді.

Адамзат цивилизациясы ғылыми-техникалық дамудың жолына түскенге дейінгі жылдар бойында (алтын үзікті киіз үйді еуро­палық тас сарайға ауыстырып) бұл дала­да бірыңғай отырықшы болып ұшпаққа жету мүмкін емес еді. Сондықтан да, мыңда­ған жылдар бойы тірнектеп жинаған өмір тәжірибесі, әсіресе табиғаттың апталық, айлық, маусымдық, жылдық құбылыстарын терең білудің нәтижесі ұлы дала тұрғын­дарының арасында астрономиялық, геогра­фиялық, математикалық, гидрометеорологиялық зерденің айрықша дамуына ықпал етіп, ешкімге ұқсамайтын көшпелілер мәдениетін дүниеге әкелді.

Ол қандай мәдениет? Ол – тағы да қайталап айтсақ, нағыз табиғатты терең тануға, табиғатпен мінсіз үндесуге негізделген қазақи экологиялық мәдениет! Жаңарса да, жаңғырса да, олардың авторы данышпан қазақ халқының өзі, сол халық болып қала бермек.

Ата-бабаларымыздың табиғатпен үндескен қағида-тұжырымдарын табиғатты өмірлік қажетімізге пайдалануда мін­детті түрде орындау – біздің баянды өмір сүруіміздің негізгі болмақ. Біздің мақса­тымыз да осы ата-бабаның асыл қасиеті­нің ұрпақтан-ұрпаққа  жетуіне  көмек­тесу. Бұл бағытта әңгімені қалай өрістетсек те оған тарихи негіз бар. Ал тарих дегеніміз – бұлтартпас шындық.

Мысалы, әрідегі қазақ фольклорын алайық. Онда жаратылыстың әртүрлі көріністері туралы, неше түрлі формадағы тастар мен шың-құздар жайлы, сондай-ақ сырт түрімен ерекшеленетін тау, шоқы, өзен-көлдер, жан-жануарлар, т.б. жайында ертегі­ден  бастап, небір әдемі аңыздар мен әңгімелер жан-жақты көрініс тапқан.

Айталық, найзағайдың жарқылы, күн күркіреуі, құйын секілді табиғат құбылыстарына қазақтар ерекше қасиет берген. Көктемде алғаш рет күн күркіреп, найзағай ойнағанда қазақтар қолындағы ожаумен киіз үйден жүгіріп шығып, үйді айнала ожау­мен ұрғылап: «Сүт көп, отын аз», - деп кейін үйге кіріп ожауын есік алдындағы керегеге қадаған. Мұның бәрі сүттің көп болып, мал басының көбеюін тілеген жақсылық тілектен пайда болған. Егер ұзақ мезгіл күн күр­кіреп, найзағай ойнап, жаңбыр жаумаса, қазақтар тасаттық жасап, мал сойып, тәңірге құлшылық еткен, немесе олардың тәңірі – көк аспан, құдіреті – көктегі күн болған (күнге киіз үй есігін қаратып тігу). Бұлар табиғат­ты өмірдің тірегі ретінде түсінудің ашық  көрінісі.

Қазақтардың отағасы деп үй иесін атауы, «отың өшсін» деп қарғауы, «отбасы» деп Отанын, үйін атауы; отқа түкірмей, от жаққан­ жерді баспауы оттың зор қасиеттілігін ұқтырады. Мал төлдеп жатқанда, сондай-ақ әйел босанып, баланың кіндігі түскенше басқа­ларға от бермеген, үйден от алып шықпаған. Жаңа түскен келін  босағадан ат­тарда­ басынан от айналдырып, отқа май таста­йды, «от ана» жарылқа деп жалба­рынған. Бұлай еткенде жаңа түскен келін әзәзілдің тіліне ермейді, сол босағаға шын беріледі  деп ұғынған.

Бұларды ұлттық экологиялық мәде­ниетіміздің қалыптасуындағы алғашқы баспалдақтар десек, поляк революционері Б.Залескийдің «Қазақ даласының тіршілік тынысы» очеркіндегі: қазақтар дала сырына жетік, түн баласы жұлдыздарға қарап бағыт алады... жұлдыздай жарқыраған сарға­лдақтармен араласа... қалың құс өзен-көлдердің бетін жауып... бұлақтар мен жылғалардың жағасын жасыл түске бояп... түрлі шөптердің хош иісі, бұрқыраған мөлдір ауасы адамды мас қылардай... шегі жоқ көкжиек... құмды дауыл тұрған кезде... ойнақ салған қарлы бораны... дарияны­ң айналасына өскен қалың тоғай қайнаған тіршілігімен ерекшеленер еді, ... даланы­ң өзінің өсімдіктер дүниесі, жануарлар әлемі бар. Қазақтар оның бәрін де жеке-жеке атау (облысымыздағы Қарақұм, Қызыл­құм, Сексеуіл, Құланды, Аралқұм, Сарыкөл­, Қарашеңгел, Бозкөл, Қаракөл, Иіркөл, Ақжар, Аққыр, Жаңадария, Қоғалыкөл, Бестораңғыл, Жиделіарық, Жуантөбе,­ Қосүйеңкі, Ақұйық, Сарықамыс. - Қ.Ш.) беріп қойған және де дала қария­ларының бәрін де білгір ботаниктер десе болғандай... түйеге мінген қазақтардың ырғаң-ырғаң жүрісін теңіздің кемені шай­қауына баласақ, жұлдыздарға қарап бағдар анықтайтын олардың өткір жанарлары бақыл­ау трубасына қараған теңізшідей», - деп суреттеуі – экология­лық мәдениеті­міздің келесі даму сатыларының  дәлелі.

 

ТАБИҒАТ  ҚҰПИЯСЫН  ТАНУ

Ата-бабаларымыз тіпті аң-құстар арқылы да айналадағы құбылыстардың сырын аңғарып, құпиясын ұға білген. Бізге жеткен ата  ұрпақтың пайымдауы бойынша мысалы, шағалалар көл үстінде ұшып жүріп тоқтаса, артынша ауа райы бұзылады. Ал егер шабақ балықтар су бетіне шығып қайта сүңгіп жүрсе, онда ізін суытпай жаңбыр болады. Ашық күнде қарлығаштар ұшып, жүруін тоқтатса, онда көп ұзамай дауыл тұрады. Жазда шегірт­келер шырылын тоқтатып, жым-жылас­ болып айналада тыныштық орнаса, онда жеделғабыл жаңбыр жауады. Қыста ақбөкендер жайылымын тастап, басқа жаққа жосылып кете бастаса, немесе сексеуіл тоғай­ы мен құм төбелерді паналаса, онда ол жерде көп ұзамай боран соғады, көктем­нің бірінші жаңбырында күн күркіресе, шөп шүйгін шығады, күн батарда аспанның солтүстігі қоңырқай тартса жел тұрады; күн бұлтқа батса, келесі күні жауын-шашын болады­,  ашық батса – күн ашық болады.

«Жетіқарақшы жамбасқа ойысыпты» деп олардың орын ауысуларына сүйеніп, уақыт пен ауа райы туралы болжау; үркерге қарап уақыт белгілеп, күзетшілердің кезегін ауыстыру; темірқазыққа қарап жолаушының түнгі бағытын айқындауы; желмаясын жел­діртіп халқына Жерұйық іздеген Асан қайғы бабамыздың әр өңірдің қадір-қасиетін қапысыз айтқан: «Алты күнге ат семіртіп мінетін жер екен», «Ағар суы бал татыған, ақ шаба­ғы май татыған» сөздері - табиғатпен тіл табысудың ең  бір үлкен айғағы, қалыптас­қан­ экологиялық  мәдениеттің қағидалары.

Табиғаттың бұндай жұмбақ көріністерімен қазақ балалары ерте кезде-ақ ес біле таныс болған, жоғарыдағыдай тіршілік тәжірибе-шешімдерін болашақтан-болашаққа жалғастырып, тиімді қимыл-әрекеттерге барған. Мысалы, «пішенді салқында шап, қойды салқында бақ», «қой жайын көз­десең құмға көш, сиыр жайын көздесең сыр­ға көш», «жазғытұрғы жел жардай атанды жығады», «көбік қарда түлкі ойнар, көк көр­педе жылқы ойнар», «түйе – шөл кемесі», «үркер үйден көрінсе үш ай тоқсан қысың бар, үркер іңірде жанбасқа келсе жаз шықпаған несі бар», «сәуір болмай жауын болмас­, жауын болмай тәуір болмас», «бұлбұл мен гүл мінездес: екеуі де күнді аңдиды», «сулы жер - нулы жер», «шөлге құдық қазған­, өзенге көпір салған, жолға ағаш еккен­ - адамгершіліктің үш сауабы» екенін айтып, шыбын-шіркейдің дала жусаны­ өскен жерде болмайтынын, қарақұрт пен қыры­қ­аяқтың қой жүнінің иісінен сескенетінін, сондық­тан төсек салса жусанды жерге киіз төсеп шыбын-шіркей, құрт-құмырсқадан қауіптенбей  жата  берген. Осылайша қазақ атам өз жерінің табиға­тын, онда болатын құбылыстарды жақсы біліп, осыға­н орай өз әрекеттерін алдын ала болжа­п отырған.­

Атадан балаға ғасырлар бойы іс арқылы­ ұдайы қайталанып­ жеткен бұл асыл қасиетте­рді бір-бірімізге, ұрпақтарымызға үйрету – халық дәстүрі, экологиялық мәдениетіміздің ажырамас бөліктері. Айта берсек, атам қазақ тек таби­ғаттың өзі берген игіліктерімен ғана күн көріп жүрген шағында жыл мезгілдеріне орай уақыттың маусымдық, айлық межелерін: көктем шыға, жаздың басында, күз түсе, қар бір жауғанда, қыс ортасында, құралайдың салқыны кезінде, өліарада, жазғытұрымда, көк шыға, ел жайлауға көшерде, күзекке көтерілгенде, қыстауға қайтар кезде, т.б., ал қысқа уақыт өлшемдерін: таң алдында, таңсәріде, елең-алаңда, таң құланиектене, күн шыға, күн көтеріле, күн құрық бойы көтерілгенде, күн арқан бойы көтеріл­генде, түсте, сәске түс, тал түс, талма түс, түс ауа, түс қайта, кешке қарай, кешқұрым, ақшам кезінде, қас қарая, апақ-сапақта, қызыл іңірде, түнде, түн ортасы, түн ортасы ауа, - деп  белгіленген.

Тіпті кейбір шаруашылық әрекеттерінің өзін экологиялық уақытпен орайластырған: жылқы күзерде, бие байларда, күзем жүн қырқымында, қозы күземде, соғым басында, ел орынға отырарда, құс қайта, қансонарға шығарда; ал кейбір мезеттік сәттерді: ат ерттегенше, сүт пісірім, шай қайнатым, бие сауым, көз шырымын алғанша, ет асым сияқ­ты межелермен мөлшерленген. Немесе үркер көтеріле, сүмбіле туа, жұлдыз сөне, т.б. деп келетін межелерді – тек қана эколо­гиялық уақыт өлшемі емес, экожүймен байла­нысты ситуациялық уақыт өлшемдері деп те қарастыруға болады...

Немесе, көшпелі қазақтың экологиялық мәдениетінде жер қазбаларының да үлкен орын алатынын біз біле береміз бе? Егер жер астында қазына немесе байлық болса, сол жерде қар тоқтамай еріп кетеді. Жер асты байлықтарының бір нышаны-ұрығы себіл­меген жерден райхан гүлі өсіп шығады­. Тау баурайында, жұрт тұратын жерден аулақта күнжіт немесе бақлажан өссе, сортаң жердің ортасында бұқа терісіндей ғана жақсы жер немесе домбаз, кірпіш құюға жарайтын топырақ болса; жемтік, өлімтік жоқ жерде құзғындар айналып ұшып жүрсе, ол жерлерде де қазына-байлық бар болғаны. Жаңбыр жауып тұрғанда шұңқырсыз тегіс жерге судан қақ тұрса; қыстыгүні қайсыбір жерде қар тез еріп кетіп, айналасында қар қалса; тас бейне бір майланғандай жалтырап көрінсе және оған жаңбыр мен су жұқпаса; таудан бірге ойнап, құрылдасып түсіп келе жатқан қырғауыл мен кекілік көзге шалынса, немесе кенет, күтпеген жағдайда бал аралар бір жерге топтана қонса, яки қайсыбір ағаштың бірер бұтағы басқаларына қарағанда­ жуандау, қуаттырақ болып өссе, бұл жерлер­де бабалар болжамы бойынша қазына­  бар  дей  беріңіз.

Зейінді, білгір, сезімтал бабалар мен аға ұрпақтар кен-байлықты табу мақсатын­да осының бәрін назарға алып отырған.

 

ТАБИҒАТ  БАЙЛЫҒЫ – ДЕНСАУЛЫҚҚА

Басқасын былай қойғанда, атам қазақ өзін қоршаған табиғат байлығының адам денсаулығына әсерін жазбай таныған: «Жұпар ауа – дертке дауа» дей отырып, жылқы майының, саумалының шипалығын, киік мүйізінен дәрі жасауы, қымызды жетпіс түрлі ауруға ем деуі (скифтер заман­ынан бері ашытылып келген қасиет­ті тарихи экологиялық таза асымызды Европа­ның арағына алмастырып ажырай бастағанымыз өкінішті-ақ), шұбатпен өкпе, асқазан, ішек ауруларын емдеуі, түйенің шудасын бел ауруына пайдаланып, тұзды суға қайнатып «сорботқа» жасау арқылы­ ісік қайтаруы, түйенің қотырын күкірт түтінімен булап, қойдың құйрық майымен жел-құзды, жөтелді емдеуі, кейде­ керім толғақ боп босана алмай жатқ­ан әйелге ірімшіктің сүтін езіп ішкізуі, сексеуілмен (шөл далада, ауызсуға тапшы­ жерден, суы салқын табиғи температурада) шегендеп құдық қазуы.

Осы негізде күнделікті өмір тіршілігіне қажетті экологиялық таза өнім, тағам түр­лері­н де дайындаған: қазы-қарта, жал-жаясы, бір білем бағылан қозының шикі құйрық, не аздаған сүрі қазы тастап дайын­даған қымызы, сары ірімшік, қаймақ, сары май, айран, сүзбе қатығы, таза қой жүнінен дайындаған, бүгінде қолға түсе бермейтін сәнді киімдері, композитор­ларымыз бен сал-серілердің ешкінің ащы ішегінен домбыраларына ішек, сәмбі талдан өрген бесік жасауы, аңның терісін киім, етін тамақ, тарамы­сын жіп, сүйегін ине ету  қай мәдениетіңнің  қойын  бағады?

Я болмаса, қазақи әдіспен сақар алудың өзі үлкен өнер: сексеуілдің басындағы көк гүлі түспей тұрған кезде, тамыз айында жинап алынып, алдын ала су себі­ліп, тапталып, сыпырылған тегіс әрі тақыр жерге мол етіп үйіліп, өртеледі. Содан соң қазанға су құйып, осы гүлді қосып, сақырлатып күні бойы қайнатып, түн асырып, тұндырып қояды. Тұнбаны сілті деп атайды. Тіліміздегі «сілтідей тынды» деген тұрақты сөз тіркесі де осыдан қалып­тасқан.  Әрі  қарай сақар алу үшін түн асқан­ сілтіні ертесіне отты баяу жағып, был­ғауышпен  араластырып, әбден  қою­ланып, құрғап ұнтаққа айналғанша қайнатады. Оған өсімдік майын, малдың немесе­ балықт­ың майын қосып, ұнтаққа айналған­  сілтіге (сақарға) қосып аралас­тырып,  әбден  қоюланған кезде шүберекке орап немесе  қалыпқа  құйып, белгілі бір кейіп­ке ­келтірсе,  сақар, яғни қара сабын­ дайын­  болады. Қара сабын  берік болуы үшін оған кейде  қойдың жүнін, ешкінің  түбітін, түйе­нің  шудасын  қосады.­ Қара сабын дайын­ болған соң одан үзіп алып,  қолмен  сығымдап, көршілерге, абысын-ажынға үлестіреді. Оны «бұзаушық» деп атайды.

Кезінде  күнделікті  тұрмыста кеңінен қолданылып, бұл күндері  ұмыт бола бастаған қазақтың  қара сабыны – сақардың емдік, шипалық  қасиеттері де көп болған:­ малдың сүйегін қайнатып, оған сәл сілті қосып, майын қалқып алып, іш ауырғанда, тұмау тигенде аздап ішкізген; басы ауырған адамды қара сабынмен басын жуып, жылы бүркеп жатқызып қойса, басы ауруы қояды; бөртіп, қызарып шыққан денедегі жараны, теміреткіні сақармен жуып, емде­ге­н; көз, құлақ іріңдеп ауырғанда қара сабынмен жуады; жас нәрестені бір күн қара сабынмен, бір күн тұзды суға алма-кезек шомылдырады; денеге шық­қан­ шиқанны­ң аузына қара сабын тартады.­

(Жалғасы бар)

 

Пікір қалдыру


Қорғаныш коды
Жаңарту

Күнтізбе

< Маусым 2015 >
1 2 3 5 6 7
8 9 10 11 12 13 14
15 16 17 18 19 20 21
22 23 24 25 26 27 28
29 30          

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары