Өзекті мәселелер

  • 19.12.19

    Кешегі даласында абақ­тысы жоқ, бес қаруы белінде жүрсе де жауынан өзгеге қару жұмсамаған заманда елдің бір-біріне өкпесі, кеткен есесі болмады дейсің бе? Болды ғой. Бірақ, сол заманның өзінде қойнындағы қаруға тұра ұмтылмай, әділдікті, ақ пен қараны шешетін әулеттің үлкені не ауылдың ажасы, оған көнбей жатса, елдің қожасына жүгінді емес пе? Дау бұған да бөгет бермеген кезде биге барып соңғы ше...

    Толығырақ...
  • 19.12.19

    Ақыл  жетпес

    Адамның ақылы өлшеусіз мол. Алайда сол ұлан-ғайыр, шексіз ақылыңның кейде кішкентай, уақ-түйек мәсе­лелерді шеше алмай, тұйыққа тіреліп, жол таба алмай, адасып­  жүретініміз  қалай?!

    ...
    Толығырақ...
  • 19.12.19

    «Кувад синдромы» туралы бұрын-соңды естіп пе едіңіз? Мүлдем естімеген болуыңыз да мүмкін. Бұл – ер адамның жүкті әйел секілді күй кешуі. Мұндай да болады. «Кувад» сөзі француздың «couver» деген етістігінен шыққан, яғни қазақшалағанда «жұмыртқа басу» дегенді білдіреді. Бұл синдром екіқабат әйелдің күйеуінде жүктіліктің үшінші айында басталып, сәби дүниеге келгенге дейін жалғасуы ықтимал....

    Толығырақ...
  • 19.12.19

    Шырылдаған бала дауысынан селк ете қалған олар өздері секілді тағы бір күнә­сіз­дің жетім қалғанын сезді. Сәбиді түннің бір уағында тауып­ алған тәрбиеші дереу төсекке жатқызып, жұбата бас­тады. Әбден жылай-жылай көзінен жасы сарқылған баланың демі бітіп, әрең тыныс алады. Көздері жәудіреген бір топ баланың естісі аузындағы емізікті жұлып алып, апайына ұстатты. Жанаршылықпен қараған оның ересек...

    Толығырақ...
  • 19.12.19

    Поэзия

     

    Ботадай боздап аспан жылайды,

    Алдайды бәрін түлкі үміт.

    Жапырақтардан жас тамшылайды,

    Жапырақ жүрек бұлқынып. ...

    Толығырақ...
КӨШЕРБАЕВТЫҢ КОМАНДАСЫНДА КІМДЕР ҚАЛАДЫ?
31.01.2013 11:49

Әдетте «Бәрін де кадрлар шешеді» деген қанатты сөзді ең алғаш Сталин айтқан деседі. Оны кім біліпті, дәл осы сияқты ұлағатты Ежелгі Мысырдың перғауындары, бәлкім, Рим империясының цезарьлары, болмаса­, Византияның  билеушілері де айтқан шығар. Гәп онда емес, әңгіме білікті мамандарды, яғни саф алтынның сынығындай нағыз кадрларды қапысыз тани білу және бағалай алуда жатыр. Осы «кадр таңдау» дегеннен шығады­, аяқ астынан ат үстінен ауып түскен Қызыл­орданың «бес жылдық» экс-әкімі Болатбек Қуандықовты да осы кадр таңдау мәселесінде бірсыпыра қателіктерге бой алдырды деп жүр жұрт. Бұл тұрғыда тізімді өзінің кейбір орынбасарларынан бастауға да болады.  Алматы мен Шығыс өңірден алдырылған қос бірдей орынбасар Т.Ұранхаев пен А.Алпамысовтың аты да, заты да былайғы жұртқа беймағлұм, барынша «жабық», көптің көзіне түсе бермейді, нақты қандай шаруа тындырып жүргені тағы «жұмбақ».

Той-томалақта шапан жауып, қазалы жерде азалы сөз айтып, «төтенше жағдай»­ миссиясын орындайтын “орынбасардың” бары да біртүрлі. Көптеген сала басшыларының қызмет деңгей­іне сай еместігі, кей кадр­дың беделі төмен, іскерлік қыры әлсіз болғаны анық-тын. Нәтижесінде бір жерден екінші жерге ауысу тенденциясы кең етек алды. Қай салаға салсаң да, «таста­й батып, судай сіңіп» кететіндері де бар, ол орын өзіне қолайлы ма, жоқ па, қарай бермейді. Құрылыс не көлік, болмаса, кәсіпкерлік не энергетика саласы, бір жылда осы аралықтарды «жол қылып» жүргендер де бар. Олардың қатарына С.Нәметша, Б.Қаракөзов, Ө.Шәменов, Ә.Жылқайдаровтарды жатқызуға болады.

Ал былайғы жұрттың пайымдауынша, салалардың ішінде отырған орынтағына, яғни өз ісіне сай емес басшылар да бар. Мәселен, облыстық ден­саулық сақтау басқармасының бастығы Серік Игембаевт­ы осы саланың иін қандырып отыр деп айта алмайсың­. Қағаз жүзінде бәрі құнталып тұр, бірақ іс жүзінде сала «салдыр-салақ», аурухана, емханалар­дағы дәрігерлік қызмет көңілден шықпайд­ы, мамандар біліктілігі жетіспейді, есесіне­ дәрігерден бастап еден жуушыға дейін «ымдасаң», «ісіңді» бітіріп беруге бейім. Облыстың бас дәрігерінің бұл қызметке емхананың бас дәрігер­лігінен келгенін де ескерген жөн, екеуінің айыр­масы «жер мен көктей», содан болар, ұйымдас­тырушылық жағы да кемшін, салад­а арыз-шағым да көп. Мұндай жағдай облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына да тән, Т.Дүйсебаев­тың да атын­а жылы сөз айтыла бермейді, оның үстіне ұжымның ішкі ахуалы да ала-құла, айтыс-тартыстың соңы арыз-шағымға ұласып, дүркін-дүркін жоғарғы жаққа жөнелтіліп жатты.

Айтпақшы, Қызылордада кәсіпкерлік кең қанат жайып келеді деп жүрміз, бірақ осы саланың басына келгендердің көп тұрақтамайтыны таңғалдырады. Соңғы бір-екі жылдың ішінде төрт-бес бастық ауысқан­ мекеме ретінде «рекордтар» кітабына енгізсе де артықтық етпейді. Мұнда екі айдай бастық болғандар да бар. Бір қызығы, бұл құрылым біреулер үшін «қону алаңы» сияқты, осы жерден ауданның әкімдігіне көтеріліп кеткендер де кездеседі. Басшы құтаймай-ақ қойған­ соң белгілі емес пе, кәсіпкерлікке кең өріс ашылды дейміз, бірақ кәсіпкерлік өңірде өркендемей тұр, Қызылорда әзірге көптеген облыстан қалыс қалып келеді. Бірақ бізде ел экономикасының локомотивін алға жетелеуге қажетті ресурстар жеткілікті. Сондықтан қолда барды ұқсата білу, халықтың кәдесіне жарата­ білу керек. Бұл мәселе апта басында аймақ басшысы Қ.Көшербаевтың төрағалығымен өткен жиында да талқыланды.

Әкім дегеннен шығады-ау, бізде кейбір аудан әкімдерінің әрекеті ел ішінің ауызбіршілігіне іріткі сала бастағаны да жасырын емес. Соның ішінде теңіз тұрғындарын тоғыз жылдан бері «жатқызып-өргізіп» келе жатқан Арал ауданының әкімі Нәжмадин Мұсабаев­тың іс-әрекетіне аралдықтардың төзімі таусылды­. «Өзін би, өзі қожа» санайтын сөзшең әкімнің «сайланғандығын» алға тартып, сылдыр сөзбен «сарай салдырып», іс жүзінде кереғар тірліктер жасайтыны, менменшілдігі елдің еңсесін түсіріп болды. Аудандық салалық бөлім басшыларының бойын енжар­лық, бойкүйездік билей бастаған. Бір жылдың ішінде бір ғана білім бөлімінде бірнеше басшының ауысуы да ойландырса керек-ті. Оны айтасыз, осындағы бөлім басшылары бар, сала мамандары бар, мектеп директорлары бар, бір сөзбен айтқанда, аралдық мемлекеттік қызметкерлер заң бұзушылықты екінші кәсіп еткені айқын. Зейнет жасына жетіп тұрса да, биік лауазымға «тас кенеше жабысып» айрыл­ғысы келмейтін Мұсабаевтың халық пен биліктің арасынд­а баррикада құрып алғанына да аттай тоғыз жыл болып қалыпты, енді оның өз сүйкімін кетіріп алмаған несі қалды? Сондай-ақ, биік креслода отырған Қазалы ауданының әкімі Мұрат Иман­досов, Сырдария ауданының әкімі Ғизат Әбілтай, Жаңақорған ауданының әкімі Сұлтанбек Тәуіпбаевтардың да икемділігі, кадр таңдау кемшілігі, іскерлігі төмен екені жиі айтылады.

Әкім – халық қызметшісі. Әрине, мұндай қасиетке ел тізгінін ұстау «бақыты» бұйыр­ған басшылардың бәрі бірдей ие емес. Бұрын­ғыны былай қойғанда, соңғы жеті-сегіз жылда әкімдік қызметке келгендердің бірі «босбелбеу» болып шықса, енді бірі «жылтыр сөзбен саясат соғып», санаңды сан-саққа жүгіртті. Бір нәрсе анық, аз уақыттың ішінде бейнелі ісімен жұрттың жадында жатталып, нағыз халық қызметшісіне айнала білу де қиын. Содан да болар, кезінде аймақ биілігін қолына алған кей басшының жақсы аты мен заты да ел ішінде көп айтыла бермейді. Ал, айдың басында Қызылорданың тізгінін Қырымбек Көшербаев қолына алғанда, іскер, білікті, елжанды азамат билік басына келді деп, сырбойылықтар қуанып қалды. Жасыратыны жоқ, облыста түйіні тарқат­ылмаған тұс, қара ормандай елдің мұң-мұқтажы жетерлік. Жұртшылық жаңа әкім көкейдегі көп мәселенің көбесін сөгеді деген үмітте. Ең бастысы, Көшербаевтың командасында кімдер қалады? Біз жоғарыда айтқандай, тұлғалығы, көрегендігі, адамгершілігі, азаматтығы басты роль атқаратын Қ.Елеуұлы кадр жасақтауда жаңылыспайды, білікті, білімді, принципшіл, өз ісінің шынай­ы майталманы, тәжірибелі, өзіне жүктелген міндеттерді жан-тәнімен атқару­ға қабілетті мамандар назардан тыс қалмайды деп ойлайміз. Айта кетер жайт, бүгінде жаңа басшы келгелі бері аудан, қала әкімдері мен сала басшылары өз еріктерімен орындарынан босатылған, бір сөзбен айтқанда, «тағдырлары» «қыл үстінде тұр». Осы күні бәрі де демін ішіне тартып отыр, әкімдер де, бастықтар да. «Үлкен өзгеріс болады» деген әңгімеден құлақ сарсиды. Несі бар, егер жергілікті халыққа қызмет етемін деп, облыстың әлеуметтік-экономикалық ахуалын­  көтеріп, қаланың бітпейтін коммуналдық проблемасын шешуде аянбаса, ол халықтан тек бата алады. Бүгінгі шенеуніктің ақшасы да, жағдайы да бар. Жетпей тұрғаны тек қана халықтың шынайы риза­шы­лығы.

Нұржан   ӘБЖАНҰЛЫ

 

Пікір қалдыру


Қорғаныш коды
Жаңарту

Күнтізбе

< Қаңтар 2013 >
  1 2 3 4 5 6
7 8 9 10 11 12 13
14 15 16 17 18 19 20
21 22 23 24 25 26 27
28 29 30      

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары