Өзекті мәселелер

  • 19.12.19

    Кешегі даласында абақ­тысы жоқ, бес қаруы белінде жүрсе де жауынан өзгеге қару жұмсамаған заманда елдің бір-біріне өкпесі, кеткен есесі болмады дейсің бе? Болды ғой. Бірақ, сол заманның өзінде қойнындағы қаруға тұра ұмтылмай, әділдікті, ақ пен қараны шешетін әулеттің үлкені не ауылдың ажасы, оған көнбей жатса, елдің қожасына жүгінді емес пе? Дау бұған да бөгет бермеген кезде биге барып соңғы ше...

    Толығырақ...
  • 19.12.19

    Ақыл  жетпес

    Адамның ақылы өлшеусіз мол. Алайда сол ұлан-ғайыр, шексіз ақылыңның кейде кішкентай, уақ-түйек мәсе­лелерді шеше алмай, тұйыққа тіреліп, жол таба алмай, адасып­  жүретініміз  қалай?!

    ...
    Толығырақ...
  • 19.12.19

    «Кувад синдромы» туралы бұрын-соңды естіп пе едіңіз? Мүлдем естімеген болуыңыз да мүмкін. Бұл – ер адамның жүкті әйел секілді күй кешуі. Мұндай да болады. «Кувад» сөзі француздың «couver» деген етістігінен шыққан, яғни қазақшалағанда «жұмыртқа басу» дегенді білдіреді. Бұл синдром екіқабат әйелдің күйеуінде жүктіліктің үшінші айында басталып, сәби дүниеге келгенге дейін жалғасуы ықтимал....

    Толығырақ...
  • 19.12.19

    Шырылдаған бала дауысынан селк ете қалған олар өздері секілді тағы бір күнә­сіз­дің жетім қалғанын сезді. Сәбиді түннің бір уағында тауып­ алған тәрбиеші дереу төсекке жатқызып, жұбата бас­тады. Әбден жылай-жылай көзінен жасы сарқылған баланың демі бітіп, әрең тыныс алады. Көздері жәудіреген бір топ баланың естісі аузындағы емізікті жұлып алып, апайына ұстатты. Жанаршылықпен қараған оның ересек...

    Толығырақ...
  • 19.12.19

    Поэзия

     

    Ботадай боздап аспан жылайды,

    Алдайды бәрін түлкі үміт.

    Жапырақтардан жас тамшылайды,

    Жапырақ жүрек бұлқынып. ...

    Толығырақ...
Сәрсенбі, 29 Қараша 2017

ҚАЛАНЫҢ ШЫҒЫС БЕТІ ШЫРАЙЛАНСА... PDF Print Email
Жаңалықтар - Мәселенің мәнісі
30.11.2017 11:55

...Вагон іші абыр-сабыр. Жолсерік жолаушыларды жағала­п, төсек-орындарды жинау­ қажеттігін ескертуде. Көрші купеде заттарын реттес­тірген ерлі-зайыпты екеудің өзара әңгімесі мені елең еткізді.

- Арал да көрінді-ау, - деді жүзі  бал-бұл жайнаған  орта жастағы әйел жанындағы жолда­сынан  сүйінші  сұрап.

- Мынау, баяғы әскери қалашықтың орны. Адам айтса сенгісіз. Біздер бала кезімізде солдаттардың саппен жүргенін қызықтау үшін әдейілеп осында келетінбіз. Қазір қирандыға айналып­ты, - деген күйеуі терезе­ден көзін алмаған күйі терең ойға шомды. Сосын:

- «Балапан басына, тұрымтай тұсына кеткен» уақытта осындай сәулеті жарасқан мөлтек ауданды ұстап тұру оңайға соқпады-ау білем, «не істесеңдер, оны істеңдер» деген орыстар қаншама дүние­ні сол күйі қалдырды. Ал, біздің қазақ аз уақыттың ішінде еңселі ғимараттарды түк көр­мегендей бұзып, қолдан-қолға тасып­ әкетті, - деп ашына сөзін жалғады.

...Дереу  мен де терезеден тысқ­а көз салдым. Жаңағы туған жерлеріне келе жатқан қос жұп­тың әңгімесі ойландырып тас­тағандай. Ол уақытта баламын. Көргенім жоқ, бірақ үлкендерден еститінмін. Әсіресе, көнекөздер бұл туралы жиі айтатын. Бұрын онша зер сала бермейтінбіз. Расын­да да, солай екен. Сүреңсіз көрініс  кәдімгідей-ақ көзге ұрып тұр.  «Сырт көз сыншы» дегендей, әлгі кісінің сөзінде жан бар екенін ұқтым.

Президент назарындағы аудан өткен-кеткеннің көз алдында. Күн санап көкжиегі кеңейген қаланың тәуелсіздік алғаннан кейінгі жолы айшықты. Облыс әкімінің қолдауымен жүзеге асқан «Жол картасы» да өңірдің екінші тынысын ашып, кезең-кезеңімен тың жобалар қолға алына бастады. Аудан әкімі де аянып қалмады. Қайткенде, атағы әлемге мәшһүр Аралдың дәулетіне сәулетін сай етемін деп серпінді істерді жүйе­лі жалғастырды. Жарыса бой көтерген тұрғын үйлер соңғы үлгіде тұрғызылып, көптің өтініштері бойынша қаншама инфрақұрылымдар тартылды. Қазіргі таңда аталған аумақтарға халық шоғырланды. Жер теліміне деген­  тұрғындар  сұранысы  артты.

Иә, туып-өскен қала ажарының айшықтала түскені кім-кімнің де көңілін марқайтатыны сөзсіз. Бүгін­де аудан орталығының үш мөлтек ауданынан  жер  телімі  берілуде. Атап айтсақ, Бақтыбай батыр, Суворов, Әбубәкіров көшелерінде жекеленген тұрғындар күшімен салынған үйлер шоғыры әжептәуір қарайып қалған. Жарыса бой көтерген жаңа баспа­налардың іргесі заманауи үлгіде қаланға­ны әлеуметтің әлеуеті­нің арта түскенін айқындап тұрғандай. Ауызсу жүйесі жүргізіліп, жарық бағанд­ары орнатылған мөлтек аудандардың көркімізге көрік қосқанын жақсылықтың нышаны деп білген аралдықтар ендігі жерде бұрынғы әскери қалашықтың орнына қаланың шығысына шырай кіргізетін жұмыстардың жасалғанын күтеді.

Көптің көкейінде жүрген сауалға жауап іздеу мақсатында қала әкім­дігіне хабарластық. Ондағы ойымыз, жоғарыда тілге тиек еткеніміздей, тарихи­ шаһарымыздағы сұрықсыз көріністі жойып, орнына үйлер салу жолдары қарастырылса деген тілек тұғын.

Біздің сұрағымызға қаныққан қала әкімдігіндегі жауапты мамандар, мұның бәрі кезең-кезеңімен атқарылатын шаруа екендігін, қазіргі таңда аталмыш маңға тек кәсіпкерлік мақсаттағы нысандар тұрғызуға ғана жер бөліне бастағанына тоқталды. Яғни, алдағы уақытта оңтүстіктен кіреберіс жақты ажарландыратын құрылыстар қарқын алатынын сеніммен мәлім­деді.

Құт-береке қонған киелі мекен қазіргі күнде адам танымастай кейіп­ке енген. Оны былайғы жұртшылық жақсы біледі. Ендігі жерде, жоғарыда туған жерге сағына жеткен ерлі-зайып­тылардың көңілін жабырқат­қан қиранды орын да сәулеті жарас­қан тамаша мөлтек ауданға айналса ғой, шіркін! Қала ішінен қала салып, Арқа төсіндегі ару Астанаға қарап бой түзеген Қызылорданы көргенде, жүректі мақтаныш сезімі кернейді. Олай  болса, бізге де шығыс бетке ерекше назар аударатын күн туған сияқты.

Сөздің реті келгенде айта кетейік, Суворов көшесі жақтағы қалаға кіреберіс жерге де көңіл аударған ләзім. Бұл бетте «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» тасжолы арқылы ағылған көлік нөпірі тоқтаусыз жүріп жатады. Олардың арасында саяхаттаған қаншама шетелдіктер кездесетіні де жасыр­ын емес. Сондықтан, аталған жерге сәнді нысандар, еңселі үйлер салынса,  құба-құп.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ағымдағы жылғы кемел келешегімізді айқындаған «Болашаққа бағдар: рухани­  жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында «...Біздің мақсатымыз айқын, бағытымыз белгілі, ол – әлемдегі ең дамыған 30 елдің қата­рына қосылу. Аталған екі жаңғыру процесі­нің де нақты мақсат-міндеттері, басымдықтары мен оған жеткізе­тін жолдары бар. Мен көздеген жұмыстарымыздың бәрі дер уақы­тында және барынша тиімді жүзеге асарына  сенімдімін»  деген болатын.

Рас, баянды болашаққа даңғыл жол салған стратегиялық құжат қо­ғамның өзгеше сипатта қозғалуына­ септігін тигізді. Ендеше, келер жылдың жоспарлы жұмыстарына біз әңгіме еткен жайт та назарға алынса, нұр үстіне нұр болмақ. Өйткені, өркениет көшінде сүреңсіз көрініс көзге шалынбауы қажет.

Абай   ЕЛЕШ,

Суретті  түсірген

Айдар   Есенжолов.

Арал   қаласы

 


ДИЗЕЛЬ ДАҒДАРЫСЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
30.11.2017 11:35

Көмір тапшы. Азық-түлік қымбат.  Жанар-жағармай  жоқ. Бұл – жылдағы күзде қайталанатын жаттанды мәселе. Егін науқаны жанар-жағармай жырымен басталып, осы өзекті күйінде аяқталады. Оған қоса елдегі көлік жүргізушілерінің бас ауруы да, балтыр сыздауы да осы қымбатшылықтан «құтырып» кетеді. Естеріңізде болса, күздегі кезекті Үкімет отырыстарының бірінде Үкі­метбасыдан «сөгіс» алған бас энергетик Бозымбаевтың өңі бозарып, орынбасары  орнынан  жылыстаған  еді.

- Өңiрлерде жанар-жағармай тапшылығы орын алып отыр. Бензин лимитпен, кей жерлерде талонмен сатылып жатыр. Осының салдарынан жанар-жағармай бағасы қымбаттады. Дегенмен, Қанат Алдабергенұлы, сiз өткен Үкiмет отырысында барлық проблемаларды шешуге уәде берген болатынсыз. Жанар-жағармай бойынша жағдай өзгерiссiз қалды, яғни тұрақталған жоқ. Бұл жағдай қай уақытқа дейiн жалғаспақ?, - деп ҚР Премьер-министрі Сағынтаев энерге­тика саласын сын тезіне алған болатын.

Ал маусымдық қымбат­таудың салдарын тұтынудың жоғар­ы кезеңінен деп ақтал­ған Энергетика министрі Қ.Бозымбаев «бензин тапшылығы жоқ» деген жауаптан ары бармады. Жыл басында 135 теңгеден сатылымға шығарылған бензиннің бағасы араға екі мезгіл салып, 11 пайызға шарықтап шыға келді. Қымбат «құдағидың» азық-түлік, кө­мір, коммуналдық төлем, бензин бағасын шарықтатып, өзі­нің қоластына өткізіп алғалы біраз болды. Оның қайтып арзан бағаға қайрылуы мүмкін емес. Өйткені оған бағаның шарықтауы мен халықты қос бүйірден қысып, қолындағы бардан үзіп, аузындағы несібесінен тістеп  жеген  ұнайды.

Апта басында «сөгістен» кейінгі нәтижелермен бөлісу үшін еліміздің бас энергетигі Қ.Алдабергенұлы баспасөз мәслихатын  өткізді.

Жиын барысында Энер­гетика министрі отынның бағас­ы мен мұнай өндіру зауы­ты­н жаңғырту жайын сөз етті. «Бензин жоқ» деп қалай дау­ры­ғып отырғанымызды қайдам, қараша айының басында  Қазақстанға Ресейден 89 мың тонна  АИ-92  маркалы  бензин әкелінген.  Жыл  со­ңына  де­йін ресей­лік МӨЗ-ден  тағы  100 мың тонна­ АИ-92/93 маркалы бензин әкелу  жоспарда  бар. Ал әзірге бензиннің аса сұранысқа ие маркасының отандық мұнай базала­рын­дағы қоры 193,8 мың тоннаны құрап отыр. Бүгінде Павлодардағы МӨЗ-дің жоспарлы жөндеу жұмысы аяқ­талған. Шымкент пен Атыраудағы зауы­тты қайта құрылымдау жұмысы әлі жал­ғасуда. Шымкенттегі зауытты жаңғырту аяқталғаннан кейін келесі жылдың алғашқы жартыжылдығында зауыттың өңдеу қуаты жылына алты миллион тоннаға дейін артып, мұнай өнімдері­нің сапасы «Еуро-4», «Еуро-5» деңгейіне дейін жетеді деген үмітті үкілеп қойды бас энергетик. Осы жылдың желтоқсанында Атыраудағы МӨЗ-ді жаң­ғырту аяқ­талады, жүргі­зіл­ген жұмыстардың қорытындысы бойынша К4, К5 класты мотор­лы отын шығаруды қамтамасыз ету және зауыттың қуатын жылына­ 5,5 млн тоннаға дейін арттыру көзделіп отыр. Министрдің айтуынша, отын жеткізудегі іркілісті ЕАЭО-да мұнай өнімдері нарығы­н біріктіру және то­сыннан болатын жағдайлар үшін отынның мемлекеттік қорын жасау  арқылы ғана  шешу­ге   болады   екен.

- Кез келген мұнай өндіру зауыты жөнделеді немесе кез келген жабдық істен шығуы мүмкін. Біздің нарықта мұның орны бірден білініп қалады. Ал Еуразиялық одақта болатын мұнай және мұнай өнімдерін үлкен бір нарыққа біріктіру осындай мәселенің шешімін табуға тиіс. Сонымен бірге қазір үкіметте зауыт бұзылып немесе тоқтап қалған жағдайда қолдану үшін дизель отыны, бензин және авиакеросин бо­йынша қандай да бір қорды құру туралы мәселені қарас­тырып жатырмыз, - деді Қанат Бозымбаев.

Қараша қиығымен қарап болған соң желтоқсанның жаңғ­ырығы басталады. Ал бізде әлден қысқы дизель отыны­ тапшы. Кімге не істемек керек? Немесе баға шарық­тауын  қалай  тоқтатуға болады? Министрдің мәліметінше, отандық МӨЗ-дер қысқы дизель­ отынын өндірмейді. Отынның бұл түрі Ресейден импортталады. Қысқы дизель отынының бағасын реттей алма­йтындығы да сондықтан. Бүгінде теріскейдегі көршіден 80 мың тонна жаз­ғы және маусымаралық отын әкелінген. «ҚазМұнайГаз» әзірге жазғы отын­ға қатысты ғана уәдесіне берік. Соңғы мәліметтерге сү­йенсек, елімізге тағы да 30 мың тоннаға жуық отынның осы түрі әке­лінді. Айтпақшы, бағаның шарықтауына за­уыт­тардағы апатты жағдай немес­е жөндеу жұмыстары еш әсер етпейді.

- Елбасы Жолдауында мұнай-газ саласы үшін қойылған басты міндет – еліміздің тұрақты экономикалық өсімі­нің стратегиялық маңыздылығын сақтау. Бұл геологиялық барлауға инвестиция тарту есе­бін­ен шешілетін болады. Сондықтан да, бүгінгі күні 14 бастама жүзеге асырылып, 2025 жылға қарай мұнай өндіру көлемін 107,3 млн тоннаға, газ өндіру көлемін 77,3 млрд текше метрге дейін арттыру жоспарлануда, – деді ҚР Энергетика министрі Қ.Бозымбаев жыл басынан бері атқарған жұмыстарына есеп берген жиынд­а.

Шыны керек, елімізді қоршап тұрған және біздің елмен сауда-саттық жасап отырған мемлекеттерде мұнай өнімдері түрлі бағада нарыққа шығарылып отыр. Біздегі баға оларға қарағанда арзан көрінеді. Бірақ, мәселе өнімнің арзандығында емес, елдердің ішкі жалпы өнім көлемінде. Шекарадан кейінгі елдерде бұл мәселе­ бір ретке келтірілген. Ал бізде? Бізде бұл жағдайды ыңғайластыруға мойнымыз жар бермейді. Одан қалды жарты­ жолдан уысын толтырып жүргендер де бір илеу құмырсқадай көп.

- Мұнай құбырларын тесіп, өнім ұрлап жүрген қылмыстық топтың шетелге заңсыз жіберген фактілері де анықталды. Осыған орай министрлік тарапынан құрылған жүйелік топ қатаң жұмыс жүргізуде, - дейді сала министрі.

Мұнайдың негізгі көлемі Атырау, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарында өндіріледі. Өндірістік көрсеткіштерді жақсартуына салық және әкімшілік жүктемелерді азайту үшін қабылданған шарал­ар да ықпал етті. Нәтижесінде бұл компаниялар мұнай өндіруден 2,5 млн тоннаға дейін жоспардан жоғары орындауға мүмкіндік бермек­ші. Жылдың басында өткен жылды қорытындылаған елі­міздің бас энергетигі Қазақстандағы мұнай өңдейтін за­уыттар іске қосылса, 2018 жылы елімізде бензин тапшылығы жойылып, шетелден тасымалдауды да тоқтатамыз деген болат­ын. Ал 2019 жылы мұнай өңдеу көлемі қазіргі 14,5 млн тоннадан 17,5 млн тоннаға дейін артады деген үміт бар.

А.НҰРТАС

 


АРАМ АҚШАДА ЕШКІМНІҢ КӨЗ ЖАСЫ ЖОҚ ПА? PDF Print Email
Жаңалықтар - Құқық құрығы
30.11.2017 11:25

Атақты француз фило­софы Шарль Луи Монтескье: «Көптеген ғасырлар тәжірибесі көрсеткендей, қолында билігі бар адам қылмыс жасау­ға бейім тұрады және де тиісті шекке  жетпейінше, сол бағытта әрекет жасай береді», - деген­ екен.

Бұл «үрдіс» біздің елді де айналып өтпеді. Қазіргі қазақ қоғамындағы өршіген қыл­мыстардың қатарынан сыбайлас жемқорлықты оп-оңай байқауға болады. Неге? Себе­бі, аталмыш қылмыстық іс өзінің бар екенін жиі-жиі білдіріп отырады. Бүгінде ел арасында «Пәлен деген об­лыстың түген деген ауданының бөлім басшысы пара алыпты» деген ақпарат таңсық емес. Өйт­кені, Елордамызда жоғары лауаз­ымды  қызметте отыр­ған азаматтардың өзі пара алып ұсталып жатады. Алыстан іздемей-ақ өткен 1-2 айдың көлеміне көңіл аударайық. Ауылшаруа­шылық министр­лігі су ресурс­тары комитетінің экономика, бюджеттік жоспарлау және бухгалтерлік есеп басқармасының басшысы М.Мырзатаев 4,3 миллион теңге пара алу кезінде құрықталған. Бұл туралы Астана қалалық  жемқорлыққа  қарсы күрес  жөніндегі ұлттық бюро департаментінің баспасөз қызметі хабарлады. Тағы бір дерек. ОҚО әкімдігі Ішкі сая­сат  басқармасының  басшысы Б.Төлеген жүргізу­шісі арқылы 2,1 миллион теңге пара алып жатқан жерінде қолға түскен. Жоғары лауазым иелерінің жемқорлық дертіне шалдыққанына аталмыш дерек­тер дәлел. Мұнан өзге «Атырау  бөлімшелік көліктегі қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы» РМБ басшысы Игорь Шин пара алды деген күдікпен қамауға алынған. Бұл жөнінде Атырау көліктік прокуратурасы «Тергеу органы Шинді бақы­лауындағы ұйымдарда жұмыс істейтін тұлғалардан бірнеше рет ақшалай пара алды деген күдікпен қамауға алды» деп мәлімдеген болатын. Осылайша халық мүддесі үшін қызмет етуі тиіс лауазымды тұлғалар өзінің бас қамынан аса алмай­, ақырында құрықталып жатыр. Заңсыз жолмен келген миллиондарды қалтасына басып, әрі қарай жұмысын жалғастыра беремін деп ойлау... Жалпы­, сыбайлас  жемқорлық жолымен берілген қаржы қайдан, қалай келеді? Арам жолға  жұмсалған ақшада  ешкімнің  көз жасы  жоқ  па?

Жемқорлықты Елбасы да назардан тыс  қалдырған емес. ҚР 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жем­қорлыққа қарсы стратегиясы, ҚР Сыбай­лас жемқор­лыққа қарсы заңнамасы, сондай-ақ, «Ұлт жоспары – бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадамда» елдікті сақтау үшін сыбайлас жемқорлықтан ада болуға шақырып ғана қоймай, оның салдарына үңіліп, терең талқылаған. Ел Президенті айрықша назар­ аударып отырған мәселеге біздің облыс та бейжай қараған жоқ. Жүйелі жұмыс атқарылып жатыр. ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Қызылорда облысы бойынша мемлекеттік қызмет істері департаменті өңір­дегі жемқорлық әрекеттерін әшкере­леуге белсенді атсалысуда. Аталмыш депар­таментте биыл­ғы 9 айда облыс көлемінде сыбайлас жемқорлық сипатындағы 110 қылмыс тіркелген. Бір қуа­нарлығы, бұл көр­сеткіш өткен жылмен салыстырғанда 14,7 пайызға азайып отыр. Аймақтағы қылмыстық ахуалдың аталмыш түрі бойынша жүргізілген еңбектің жемісті нәтижесі десек қателеспеспіз. Қылмыстардың ішінде сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иеленіп алу 69,4 пайызға, қызметтік жалған­дық жасау 83,3 пайызған кеміген. Алайда пара алу 17,9 ,  пара беру 13,3, парақорлыққа делдал­ болу 66,7 пайызға көбейген. Сыбайлас жемқорлық қылмыстарының басым көпшілігі Қызылорда қаласында жасал­ған. Одан кейінгі орынға Қазалы ауданы, Сырдария ауданы, Шиелі ауданы жайғасыпты. Ал жемқорлық көп жайла­ған салалардың көш басын мемлекеттік сатып алу саласы бастап тұр. Мұнан кейін білім беру, сосын құрылыс, құқық қорғау органдары, денсаулық сақтау, тұрғын үй шаруашылығы және ауыл шаруа­шылығы салалары. Жемқорлық көрсеткіштерін жіпке тізгендей сарап­таудың нәтижесі – осы. Ендігі мақсат – оның алдын алып, болдырмаудың амалын­ жасау. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияда біз сөз еткен қоғам дертінің пайда болуының өзекті алты факторын көрсетіп, жоғары көрсеткішке жетуге басымдық берген. Айта кету керек, «Transparency International» сыбай­лас жемқорлықты қабылдау индекс­індегі Қазақстанның көрсет­кі­шін жақсарту – сыбайлас жемқорлық саласына серпін беретін мақсат. Сыбайлас жемқорлық жайлаған елдердің әлем бойынша қабылдау индексін шығарған халықаралық ұйымның есебі бойынша Қазақстан былтыр 123-орында болса, биыл ол көрсеткіш 131-орынға түскен. Демек, бұл – біздің мемлекетімізде сыбай­лас жемқорлыққа байланысты жүргізілген іс-қимыл мен оған қарсы қалыптастырған мәдениеттің көрінісі.

Ж.ҚОЙШЫБЕКОВА

 


АНАНЫ АРДАҚТАҒАН ЕЛ АЗБАЙДЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
30.11.2017 11:01

Иә, адамның анасы болудың өзі – бір бақыт. Жұдырықтай ғана жүрегін елжіретіп, жаны мен тәнін құрса­ғындағы  балаға арнаған аналардың қадірі қашанда асқақ, рухы өр, бітімі бөлек. Жарық дүниеге әкелген «жаңа адамың» болашақта қандай тәрбиемен  өседі,  кім  болады, елінің қақпасын  күзетер  еңселі ер бола ма, әлде... Айтуға  ауыз  бармайды. Асылы, адам біткеннің  бәрі  жақсы, ана біткеннің бәрінің  жүрегі елжіреп тұратындығы іспеттес. Ананың адамдық сипаты, қасиеті, ана құрсағының құттылығы сол, тау тұлғалы, нар тұлғалы, еңсесі биік арда азаматтардың, жүрегі жапырақтай болғанымен, кеудесіндегі жақұт байлығы сыр сандықтың түбін­дегі саф алтыннан да қымбат жан­дарды  дүниеге  әкелген.

Әйел – әр адамға апа, қарындас, сіңлі, жеңге, жар, ана бола білетін абзал­ жан. Біз сол ардақты аналардың қадір-қасиетін ұғынып жүрміз бе? Бұл сұраққа Алаштың анасы атанғ­ан Сыр елі қашанда оңынан жауа­п береді. Соның бір айғағы – «Аналар аллеясы»  мен  «Ана бақыты»­ ескерткішінің  ашылуы.

Әйелдің  бақыты – отбасы, ананың  бақыты  – бауыр  еті  баласы  екенін айқын­дап  тұрған ескерткіш­тің ашылу­ салтанатына облыс әкімі Қ.Көшербаевтың  өзі  қатысты.

- Біздің  қазақта ең  қасиетті  ұғым­ның барлығы анаға қатысты. Төл тілімізді ана  тілі, Отанымызды  Отан-ана, туған жерімізді Жер-ана дейміз. Рухани дамуға септігін тигізетін, өскелең ұрпақты да тәлімді етіп тәрбиелеу үшін өте қажетті бастама. «Сыр – Алаштың анасы», «Сыр – Алаштың панасы» дейтін өлкеде аналар­ға арналған аллеяның ашылуы қандай жарасымды! Әбіш Кекілбаев ағамыздың «Білегі – ерінікі, тілегі – елінікі» деген керемет сөзі бар. Аналар жасасын! Аналарды қорғайық, қолдайық! Аналардың сағын сын­дырмайық! Ренжітпейік! Батасын алайық! Аналарды қастерлейік! Анадан­ артық қасиетті ұғым жоқ. Бүгінгі  қуанышты  сәт  құтты болсын! - деді облыс  әкімі  алғысөзінде.

Биіктігі 5,5 метрді құрайтын ескерткіштің авторы – мүсінші А.Наза­ров. Жалпы, Сыр өңірінде көпбалалы­ аналардың қатары 34700-ге көбейген. Оның 17742-сі – «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иегері. Ескерткіш шымылдығын аймақ басшысы салтанатты түрде ашқан сәтте ана қасиетін сезінбеген жан қалмады. Жиылған жұрттың барлығы баласына демеу жасап отырған ана жүрегін ұғынғандай. Бегім ана көшесінің бойында орнал­асқан ескерткіш пен аллеяның салынуына «Абзал и К» компаниясы 44  млн  теңге  қарастырған.

Шара соңында Сыр елінің жас өнерпаздары анаға, әкеге арналған әндерден шашу шашып, жиылған жұртқа  көңілді  күй  сыйлады.

Халық-хабар

 


БАҒЫ БАР БАЛА PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
30.11.2017 10:55

Өткенде ғана Елбасы Қызылорда облысы­на жасаған сапары аясында Сыр жастар­ымен кездескен еді. Жиылған жастар­дың арасынан аралдық Нұрсұлтан есімді балғын атасының алдынан шығып:

– Нұрсұлтан ата, мен Сіз сияқты Прези­дент немесе ғарышкер болғым келеді. Өйткені Президенттің өзінің ұшағы бар. Ал мен әжемді, бірге оқитын достарымды және көрші балаларды ұшаққа мінгізгім келеді. Әсіресе, Сіз салған Астананы көргім келеді. Өйткені бәрі сол қаланы мақтайды,- деп асқақ арманын жеткізді.

Мемлекет басшысы да аттасының сөзін мұқият тыңдап, тілегінің жерде қалмайтындығын айтқан-ды.

– Президент алдыңда тұр! Космодромың міне тұр! Сенде бәрі бар! Бақытты бол!- деді Елбасы.

«Жерде бір бала қуанса, көкте мың перішт­е шаттанады» деген бар. Елбасының аймаққа сапары тамамдалған соң бала Нұрсұлтан да ізінше облыс әкімінің қолдауымен арман қаласына аттанды. Отбасымен бірге өзі сырттай сүйсінген бас қаладағы «Бәйтеректі», биікте қалықтаған алтын­ қыранды, тарихи-мәдени орын­дарды көзбен көріп, тамашалап қайтты. Қазір  қуанышында  шек  жоқ.

Біз 1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күні қарсаңында аралдық балақаймен кездесі­п, алған әсерін тыңдадық.

– Атам мені Астанаға шақырды. Біз онда қыдырдық. «Бәйтерекке» бардық. Мен «Бата» композициясына қолымды қойдым. Астана маған қатты ұнады. Болашақта Президе­нт болғым келеді,- дейді арманы орындалған Нұрсұлтан Жақсыкелдиев.

Әжесі Айнагүл Бейсенбаеваның айтуынш­а, немересінің есімін ырымдап өзі қойған. Балақай өте зерек, білімге құштар, көпшіл. Оқу үлгерімі өте жақсы. Бос уақы­тында сурет салғанды ұнатады. Немересінің жеткен жетістігіне әжесі дән риза. Келешекте құлынынан көп үміт күтетінін жасыр­мады. Қазір Нұрсұлтан Арал қаласындағы  №260  мектептің  2-сынып  оқу­шысы.  Анасы  мектепте қызмет етеді. Ал әкесі  қарапайым еңбек адамы. Ізінен ерген­ қарындасы  бар.

Жеткіншектің  алға  қойған  мақсаттары айқын. Атасының ақ батасын алған Нұр­сұлтан «сабақты жақсы оқитын боламын» деп бізге уәдесін берді.

Қозы  Көрпеш   ЖАСАРАЛҰЛЫ,

Н.Нұржаубай  (сурет)

Арал  қаласы

 


ТАРИХИ ДАТАҒА ДАЙЫНДЫҚ ҚАНДАЙ? PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
30.11.2017 10:52

Биылғы желтоқсан қы­зыл­ордалықтар үшін де ерекше­ болғалы тұр. Себебі бұл ай – ел мерейі еселене түсетін мерекелер айы. Желтоқсанның алғашқы күні – Тұңғыш Президент күні. Мұнан  соң  барша  қазақ үшін қадірлі күн – 16 желтоқсан. Аңсарлы Азаттығымыз бен тәу етер Тәуелсіздігімізді ұлықтайтын ұлы дата. Келер жылы Ақмешіт шаһарының 200 жылдық мерейтойы күтіп тұр. Айтулы күн, айрықша мереке ауқымды түрде той­ланатындықтан, жергілікті билік бұл міндеттің жауапкершілігін жете түсініп отыр. Өткен аптада қала әкімі Нұрлыбек  Нәлібаев аппарат мәжілісінде  осы мәселені күн тәртібіне қойды. Сондай-ақ Қызылорда қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуы барысында атқарылған жұмыстардың жайы да алқалы жиында кеңінен талқыланды.

Алдымен қала әкімінің орынбасары Ш.Байманов мереке күндеріне жоспар­ланған мәдени шараның тиегі­н  ағытты.

- Бұл мерекелерді атап өтудегі биылғы ерекшелік – «Рухани жаңғыру» қоғамдық сананы жаңғырту бағарла­масында  көзделген  міндеттер мен  бағыттардың өзекті­лі­гін, іске асырылуын көрсету маңызд­ылығында, - деп атап өтті ол.

Ш.Баймановтың сөзін­ше, қазіргі  күні  қаламызда 1, 16 желтоқсан және жаңа жыл мерекелерін ұйымдастыру бағытында бірқатар жұмыстар атқарылып жатыр. Безендіру – кез келген мерейлі мерек­енің сәнін келті­ре­тін дүние. Осы мерекеге орай қала көшелеріне іліне­тін билборд, кермелердің және шағын архитектуралық форма­лардың эскиздік жо­балар­ы әзірленуде. Мұнан бөлек қаладағы мекемелер мен  кәсіпкерлік  нысандарға әр мерекеге сай сыртқы безенд­іру  жұмыстарын  жүр­гізуге  арнайы  ұсыныстар жаса­латын болады. Ал мереке­лік іс-шаралар тізбегі 1 желтоқсаннан бастау алмақ. Тұңғыш Президент күні қарсаңында оқу орындарында, мектептерде, кітапханаларда, мәдениет ошақтарында, кент және ауылдық округ­терде идеологиялық жиын, ашық сабақ, спорттық шара, кітап көрмелерін өткізу басталып та кетіпті. Аталмыш күн қарсаңында қала бойынша 36 мәдени шаралар ұйымдастырылғалы отыр. Тарқата айтқанда, оның 3-еуі – байқау, 3-еуі – спорт түр­лерінен қалалық ашық бірін­шілік, 16-сы – мерекелік концер­ттер, 7-еуі – тақы­рыптық және патриоттық кеш, 1-еуі – қалалық шығарма­ жазу сайысы, 4-еуі – қала мектептерінің ашық есік күндері, қалған 2-еуі – салта­натты мерекелік шара. Жоспарға сәйкес, құрсағына құт қонған 120 көпбалалы анаға алтын және күміс алқа табыс­тау рәсімі де 1 желтоқсанға орайластырылған. Осындай игі шаралар мерекенің кең көлемде насихатталуына, халық арасында салтанатты түрде аталып өтуіне зор сеп­тігін тигізетіні айқын.

Ал Тәуелсіздік күнінде қаладағы барлық білім беру мекемелерінде танымдық сабақ­тар, ашық есік күндері, салтанатты жиындар өткі­зіледі. Сондай-ақ Қ.Мұңайт­пасұлы атындағы спорт клубында тоғызқұмалақтан қа­лалық біріншілік болады. Азаттық алған күнге орай қала тұрғындарына тарту ретін­де көпқабатты тұрғын үйлер мен ірі кәсіпкерлік нысандарын пайдалануға беру рәсімін жасау көзделуде.­ Айта кету керек, аталмыш мерекелер қарсаңында «Сыр жомарты» қайырымдылық айлығы  жарияланып  отыр.

«Жаңажылдық  мерекелік шаралар топтамасы 20 желтоқсаннан басталатын болады» деді қала әкімінің орынбасары. 23 желтоқсан күні А.Тоқмағанбетов атындағы мәдениет үйінде қала әкімі­нің жылды қорытындылау, сала үздіктерін марапаттау салтанатты шарасы өтеді. Одан әрі қарай қала әкімінің балаларға арналған шыр­ша­сы, Орталық алаңның бас шыршасын  жағу  рәсімі, ал 31  желтоқсанда  негізгі  шара – Орталық алаңда мерекелік бағдарламаға негізделген концерт, отшашу ұйымдастырылады. «Барлық бекі­тілген шаралар құзырлы мүдделі органдарға  алдын ала хабар­ланып, халықтың қауіп­сіздігі қамтамасыз етілетін­  болады» деп түйді сөзін  Ш.Байманов.

Қызылорданың 200 жылдық мерейтойы кең көлемде аталып өтілгелі отыр. Қазіргі күні 41 негізгі шара жоспарының жобасы дайындалып, облыстық басқармалардан келісім алу жұмысы жүргі­зілуде. Атап айтқанда, 4 халықаралық, 14 республикалық, 4 облыстық, 19 қалалық деңгейде іс-шаралар жос­парланған.

- Шахмардан Асқарұлы, өзіңіз  тағы  да  пысықтап,  200 жылдықтың аясында тағы да қандай нысандар ашылатынын назарыңызға алыңыз. Кәсіпкерлер тарапынан қандай нысандар ашылмақ?  Соның  бәрін  ұсыныңыздар. Барлығын араластырып, атсалыстыруымыз  керек. Оны сіздер жүргізулеріңіз керек­,  идеологиялық жағынан. Халыққа жеткізіп, тү­сіндіріп. Тек осыны ұйымдастыруымызға байланысты бәрі. Келесі жыл тарихи жыл болайы­н  деп  тұр. Астанамыздың  20  жылдығы, қаламыздың 200 жылдығы, облысы­мыз­дың 80 жылдығы. Бұдан артық қандай тарихи жыл керек? Сондықтан ертең тарих­та қалатын  шараға  барлығымыз атсалысуымыз  қажет. Шахмардан Асқар­ұлы, ол сізге және сіздің жаны­ңыздағы әріптестеріңізге байла­нысты. Мерекелік шаралардың жоғары дәрежеде ұйымдастырылуын қамта­ма­сыз етіңіз, - деп  нақты  тапсырма жүктеді қала әкімі Н.Нәлі­баев.

Өткен тарихымызды ұлықтай отыра қазіргі тарихта есімі, еңбегі қалатынын түсінген жауап­тылар барша жұрт бас иетін мейрамға да­йын­дық шарасын осылайша пысықтады. Қала көлемінде ұйымдастырылуы жоспарланып  отырған  жүйелі  істердің бір тізбегі осы.

Мұнан соң күн тәрті­бін­дегі  екінші  мәселе – қаланың әлеуметтік экономикалық даму серпіні бойынша атқарылып  жатқан  жұмыстар  бағамдалды.

Қалалық  экономика және бюджеттік жоспарлау бөлі­мінің  басшысы Г.Баймаханова  биылғы қаңтар-қазан айларында өнеркәсіп өнім­дерінің өндіріс көлемі 499 789,6 миллион теңгені құрағанын мәлімдеді. Тар­қатып айтар болсақ, кен өндіру өнеркәсібінде өнім көлемі 448 020,2 миллион теңгені құрап, есепті мерзім­де 5709,8 мың тонна мұнай өндірілген. Ал өңдеуші өнер­кәсіп саласында 30 362,5 миллион теңгенің өнімі өндіріліп, өткен жылмен салыс­тырғанда 16,4 пайызға артқан. Оның ішінде жеңіл өнеркәсіп 4,5 есеге, машина жасау саласы 27,8 пайызға көбейгені – өңіріміз үшін үлкен жетістік.

Тұрғындар үшін үй мәселесі бүгінгі күннің түйінді түйткілдерінің қатарында. Тұрақты тұрақ таппай қинал­ғандар баспана бабы жақсаратынынан үмітті. Осы ретте айта кету керек, биыл пайдалануға берілген тұрғын үй­лердің жалпы ауданы 364 054 шаршы метрді құрап, өткен жылмен  салыстырғанда  48,5  пайызға  көбейіп  отыр.

Ал қала бюджетіне келер болсақ, 2017 жылдың 1 қарашасына кірістер болжамы (трансферттер мен займдарды қоса есептегенде) 33 000,1 миллион теңгені құрап, 32 742,1 миллион теңге неме­се 99,2 пайызы орындалды. Оның ішінде өз кірістері болжанға­н 13 231,0 миллион теңгенің орнына 12 961,6 миллион  теңгеге  немесе 98,0 пайызға орындалды. Қала бюджетінің шығыстар жоспары 33 706,9 миллион теңге болса, ол 32 757,6 миллион  теңгеге немесе 97,2 па­йызға  орындалды.

Экономиканы дамытудың басты тетігі ретінде кәсіпкерлікке иек артып отырғанымыз белгілі. Бүгін­де Қызылорда қаласында шағын және орта кәсіпкерлік өркен жайып келеді. Демек, халық кәсіпкерлік табыстың дәмін сезінді. Енді бизнес әлемінде өзіндік орнын қалыптастырады. Бұл өз кезегінде жергілікті бюджеттің дамуына серпін береді. Облыстық статистика департаментінің мәліметіне сүйенсек, бүгінде қалада 25 539 шағын  және орта кәсіпкер­лік субъектілері тіркелген. Оның ішінде жұмыс істеп жатқанының саны – 18 742.

Қала әкімінің төрағалығымен өткен аппарат мәжі­лісі барысында жаңа қызметке тағайындалған Қызылжарма ауылдық округінің әкімі Нұрболат Ибраев, «Қызылордажылуэлектрорталығы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының директоры Руслан Нұрмаған­бетов қала активіне таныс­тырылды.

Жазира  БАҒЛАН

 


ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ – ҚАЙЫРЛЫ ІС PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
30.11.2017 10:43

Алла тағала! Маған тағы бір күн бергеніңе рақмет,

Менің тағы бір жақсылық іс жасауға мүмкіндігім бар...

Жарық дүниеге келген әрбір пенде тағдыр  таразысымен тіршілік етеді. Бірі байлық пен бақытқа белшесінен батып туса, енді бірі сіңірі шыққан  кедейшілікпен күн кешеді, ақыр соңында Тәңірдің тарту еткен тұрмы­сынан  ешкім  де асып кете алмайды. Тіршілігі тоқтағанда пендеге де, періштеге­ де абырой керек. Бірақ табиғат абыройға  тым сараң. Ол тек адам атаулы ұсақталып кетпесін, жұрт жақсы мен жаманын, арам мен адалын ажырата алмай қалмасын дегендей, туған халқына жан-тәнімен беріле қызмет етуге құлшынған бірегей тұлғаларға береді. Мұндай қасиет өзінің жүрек тазалығы мен ой таза­лығын егіз ұстап, ел қамы үшін игілікті істер атқаратын арда азаматтарға бітеді.

Олар бірік­се, қоғамдық ой-сана мен дүние-танымдық өреге де, азаматтық деңгейде ықпал етеді. Жиған малды ғана ойламай, иманды да ойлап, өз мүддесін ұлт мүддесі жолына бағыштағандықтан, дәулетін де жұртқа пайдалы іске жұмсайды, есімдері де ел есінде мәңгі сақталады. Расында, мұқтаждың қажетін өтеп, жетім-жесірге қамқор болу, жағдайы төмен жандарға көмек қолын созу қайырлы іс екені көпке белгілі. Демек, жоқ-жітікті қаржылай қолдап, дем беріп отырған дәулетті азаматтарды ендігі жерде «бай-манап» емес, «Атымтай Жомарт», ақ жүрек деп атасақ, артық айтқандық емес. Басындағы байлығымен бұқараға болы­сып, қарашаның қамын ойлаған қалталы азаматтар қазір де жетерлік. Жомарттықты жолдас, мәрттікті жанына серік ете білген азаматтар көз алдымызда жүр. Ал ықылым заманнан «оң қолың бергенді сол қолың білмесін» дейтін қағиданы қатаң ұстанған халық жасаған жақсылығын жасырып қалуға тырысқан. Мұндай азаматтардың атын атап, ел-халыққа таныстырсақ ғана қайырымдылықтың дамуына жаңа серпін, жаңа екпін береріміз анық. Осы мақсатта өткен апта­да «Достық» үйінде облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының ұйымдастыруымен  «Нұр­лы жүрек» атты I облыстық қайырымдылық жасаушылар мен меценаттардың форумы өтті. Маңызы жоғары шараға облыстағы меценаттар мен қолы ашық кәсіпкерлер, об­лыстық КХА құрылымдары, жас кәсіпкерлер қатысты. Шараны ашқан облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов аталмыш форумның Сыр өңірінде алғаш рет ұйымдас­тырылып отырғандығын тілге тиек етті.

– Еліміз сонау 1991 жылы өз тәуелсіздігін алып, дамудың даңғыл жолына түскен сәтте Елбасы алдымызға төрт бірдей қасиетті де қастерлі міндетті қойды. Ең бірінші, тәуелсіз мемлекеттің іргесін қалау, екінші, әлеуметтік бағдарланған қоғам құру, үшінші, нарықтық экономикаға ену және қоғамдық ой-сананы қайта жаңғы­рту. Міне, ширек ғасырдан астам уақытта еліміз де, халқ­ымыз да осынау төрт міндеттен айныған емес. Ел­басы алдымызға қойған мін­деттер еліміздегі иірімі терең идеологияның қатпар-қатпар қазықтарын қағып, шешімдерін шегелеп беруге үлкен жол көрсетіп берді. Бүгінде біздің облыста 85-ке жуық әлеуметтік жоба жүзеге асырылып келеді. Елбасымыз бір сөзінде «Исі Алашты құрметтеу өзіңнің туған­ тарихыңды танудан, азаматтарды ардақтаудан баста­лады» деген болатын. Сондықтан ұлтжанды, өресі биік азаматтар қалыптастырамыз десек­, бүгінгі буынның өзінің туған­ жеріне, ұлтына деген махаб­батын қалыптастыруымыз керек. Осы мақсатта об­лыста бірінші рет қайырымдылық жасаушылар мен меценаттардың форумын ұйымдастырып отырмыз. Халқымызда мынадай керемет сөз бар: «Он адам жүрген жерде із қалады, жүз адам жүрген жерде соқ­пақ қалады, ал мың адам жүр­ген жерде жол қалады» деген. Демек, осындай ел мен халыққа игілікті  жолды қалыптастыру­ға қолынан келгенше аянбай жүрген ақ жүрек азаматтарға айтар алғысымыз шексіз, - деді.

Расында, адамгершілік пен жомарттық сынды адами қасиет­тері бар қоғам қашан да алға жылжиды. Ал қайырымдылық – халқымыздың ізгі қасиеттерінің бірі. Ұлы далада ежелден орныққан, халық санасында сақталған мұндай ізгі қасиеттер біздің рухани мәдениетімізді биіктетіп, ұрпақтан ұрпаққа мұра етіп қалдырудың жарқын жолына айналған. Осы ретте бүгінгі күнге дейін об­лыста 732 қайырымдылық шара­сы  ұйымдастырылса, одан түскен 227,2 млн теңгедей қаражат әлеуметтік бағдар­ланған жобаларға бағытталып, талай­ істің ұйытқысы болғанын да айта кеткен жөн.

Атақты орыс жазушысы Лев Толстойдың «мейірімділік әлемді құтқарады» деген сөзі бар. Бұл сөз бүгінгі таңда да өз өзектілігін бір сәтке жойған емес. Себебі қай қоғамда болмасын, мейірімге мұқтаж тобы болатыны ақиқат. Сол секілді кісіге көмегін аямайтын һәм қолындағысын қарашаға беруден аянбайтын жандар да болад­ы. Мақсатты шараның басты міндеті де – осындай жаны жомарт, қолы ашық қалталы азаматтарға ел алдында алғыс айтып, алдағы уақытта та адамдығы мен биік мүдделі азаматтығын танытып жүруге шақы­ру. Салтанатты форум аясында қазынасына жиі қол салып, халық қамын ойлайтын, тайқазаным түгесіледі демей, жоқ-жітікке болысып жүрген облыстағы бірқатар кәсіпкерлер мен меценаттар мара­патталды. Олардың қатарында 20 жыл бойы қайырымдылықпен айналысып, білім саласына өз қалтасынан 1 млрд теңге қаржы құйған «Нұрай» жауапкершілігі шектеулі серіктес­тігінің директоры С.Алшын­баев, бірнеше жылдан бері облыстық соқырлар қоғамына қаржылай қолдау білдіріп жүрген «Техосностка-Ремсервис» ЖШС директоры Ли Гукхенович, «Сыр мейірімі» ак­ция­сы және төтенше жағдайлардан зардап шеккен отбасыларға көмек берген (әр көрсеткен көмегінің көлемі - 6 млн теңге) «Сыбаға» ЖШС директоры Л.Ризванова, тұрмыс жағдай­ы төмен, мүмкіндігі шектеулі отбасыларға қаржылай көмектесіп, азық-түлікпен қамтамасыз етіп жүрген Арал ауданының кәсіпкері М.Жұ­машов және т.б. кәсіпкерлер бар.

– Меценат сөзінің тереңірек  ұғымын зерттейтін болсақ, Октавиан Август императорлық еткен тұста оның сенімді өкілі, граф Гай Цильний Мецен­ат деген кісі болған. Сол кісінің бастамасымен алғаш рет өнер, білім саласына қайтарымсыз қаржы құйылған. Міне, бүгінде дәстүрге айнал­ған мұндай игі шараларға мұ­рындық болып жүрген кәсіп­керлерді меценат деп жүрміз. Шындығында, кез келген азамат, әрбір қоғам мүшесі өзінің істеп жатқан жұмысының ертеңг­і қайтымын күтіп, есеппен жасамайтыны белгілі. Біздің мақсат, яғни аға буынның көксегені – артымызда қаумалап өсіп келе жатқан жас­тарға дұрыс бағыт беру, осындай идеологияны санасына сіңдіру. Мен осы кезге дейін бір ғана киелі есіммен дос боп келемін. Ол – еңбек. Еңбек етсек,­ елге де таныласың, елге де абыройлы боласың, келешек ұрпаққа да ұялмай жол көрсетесің. Мен білім саласының жанашырымын. Оған өзім мақтанамын. Осы салмақты салада­ бүгінге дейін 5 жобаны жүзеге асырдық. 4 балабақша бар, онда 1040 бала, 400-ге жуық тұрақты жұмыс бар. Өздеріңіз біле­сіздер, Досан ауылындағы мектеп апатты жағдайда еді, сол мектепке қайтарымсыз қаражат құйып, қазір қандай керемет мектепте балаларымыз білім алуда. Мен осы жұмыстарды жастарға көрсеткім келе­ді. Себебі келешек үміт – жастарда, елдің тұтқасын ұстайтын да –  солар. Ал мұндай жағдайда  тек еңбекпен ғана дос болыңыздар дегім келеді, - деп «Нұрай» ЖШС директоры Сейітқали Бегманұлы өз ізгі лебізін білдірді.

Қазақ қоғамында біз сөз етке­н жаны жомарт жампоздар жетерлік. Олар байлығын бақай­ есеппен емес, дүйім жұрттың бағы үшін деп бұқараға бөліп беруден тайсалмайды. Себебі адамдық мақсат та азаматтық ұстаным мен ар-абыройға тікелей тәуелді. Шәкәрім айтқан «адамдық борышың, халқыңа еңбек қыл» тәмсілі біз сөз еткен кәсіпкерлерлердің темірқазығы іспеттес. Олар жақсылық жасап жарыс­ады. Жарнама үшін емес, мұны ұлт алдындағы борыш­ы деп санайды олар. Осындай қолы ашық жандардың қайырымын бірнеше рет көрген «Алтын алқа» иегері, көпбалалы батыр ана Назерке Қадырова қайырымды жан­дарға шексіз алғысын білдірді.

– Біз жолдасымыз екеуміз жеті  бала тәрбиелеп отырмыз. Үш баламның денсаулығы үздіксіз ем алуды қажет етеді. Алайда  біздің  отбасымыздағы ауыртпалықты бізбен бірге бөлісіп, балаларымның еміне қажетті қаражатты тауып беріп, қолдау білдірген жүрегі кең, мейірімді азаматтардың арқасында  8 жастағы баламның кезекті отасы да сәтті өтті. Менің отбасыма жасалған жақсылықтар мұнымен біткен жоқ. Осы жылдың мамыр айында Қазақ радиосының «Жан жылуы» бағдар­ламасына отбасы жағдайымды айтып едім, «СПМ-Қызылорда» ЖШС басшысы Темірхан  Әлімқұлов  ағамыз 3 бөлмелі пәтер кілтін тарту етті. Мен аналардың, қамқорлыққа мұқтаж жандардың атынан облыстағы меценаттар мен жаны жомарт ел ағаларына рия­сыз ризашылығымды білдіре­мін. Кәсіптеріңіз кемелдене берсін. Аман болыңыздар, - деп өз  алғысын  білдірді.

Шара соңында «Жомарт» мейірімділік үйінің жетекшісі, республикалық қайырымдылық жасаушылар форумының номинанты Мая Наримова форум қатысушылары атынан Үндеу оқыды.

Елге қызмет – баршаға міндет дейді дана халқымыз. Қолында бар қазынасын халықпен бөлісіп, бес күндік тір­шілікте тек сауап жинаған жаны жомарт жандарға қашанда елдің айтар алғысы шексіз. Олар тағдыр тауқыметін тартқан жандарға қарайлайды, қолынан келгенін аямайды. Демек, олар небір құрметке де лайық. Олар бақ үшін де, тақ үшін де таласпады. Көксегендері кіндік қамы тамған жерде ел-жұртына адал қызмет етіп, құрмет көрсету ғана. Сондықтан, ел аман болсын, ел бағына туған Атымтай Жомарттай ерлер­  аман  болсын дейміз.

Құралай   ЖАҚСЫЛЫҚ

 


АНАСЫ АЙТҚАН «АҚЫЛ» PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
30.11.2017 10:25

Өздері араласатын жастар арасында беделі биік жұп болатын. Бір-біріне деген сенімі мен сезімінде шек жоқ. Бағдат пен Раушанның қол ұстасып кез­дескеніне осымен үш жыл сыр­ғып өтті. Жастары 25-ке таяп қалған соң барлығы үйлену тойларының шақыру билетін күтіп жүрген. Көптен күткен қуанышты сәт болды да. Бағдат бақытын тапты. Бірақ қондырған құсы Рауш­ан  емес-тін...

Махаббатынан айырылған Раушанға обал болды десті жұрт. Алайда бұдан да қиыны Раушанды ендігі жігіт ақ адал жарым деп бағаламайтындығында еді. Бағдат екеуі сезімге ерік беріп, бақыт­тан басы айналып жүрген шағында ардың ауылынан әлдеқашан аттап қойған. Сезімнің сергелдең күйіне түскен Раушан қатты күйзеліске ұшырады. Себе­бі, ол Бағдатына ессіз ғашық. Ал сыңарым дегені опасыз­дың өзі болып шықты. Өзгемен отау құрған ол алғашында қызықты отбасылық өмір кешті. Біреуден ілгері, біреуден кейін жүріп, күнін көріп жатты. Алайда Бағдаттың ойынан бұ­рынғы сүйіктісі кетпеді. Сұлу қыз десе дүниенің бәрін ұмытатын көрсеқызарлығы үшін күйінді сол сәт. Алайда бәрі кеш еді. Енді ол жақында ғана әулет үлкендерінің батасын алып, өз қолымен құрған шаңырағын ойранд­ауға дәті жетпеді. Раушан­ға деген сағыныш дертін жаңа ғашығы жаза алмады. Он ойланып, мың толғанған ол (үйленер алдында бұлай ойланбаған) ақыры бір шешімге келді. Онысы жүрегін жаулаған ару Раушанмен кездесу, телефон шалу да емес, хабарлама жіберу еді.

Өмірдегі бағалыларынан айыр­ылған Раушан бұл күні үйден шығуды доғарған. Жақын достары да түрлі кештерге шақырып шаршады. Бұның барғысы келмейтін. Түнде ұйқыдан, күн­діз ас ішуден қалды. Бар ойы – Бағдат. Күні бойы тірі жанмен тілдеспей отыра беретін. Отбасы­ болса соңғы бір айда қызға не бол­ғанын түсінер емес. Тек анасы ғана жан сырын білетін. Бір-екі рет дәрігердің қабылдауына барып тексерілгенде жүйке жүйе­сі әлсірегенін айтқан болатын. Қажетті дәрі-дәрмекті алғанымен, оны уақытылы ішіп жүрген Раушан жоқ. Терезені ашып лақтыра салады. Тап сол терезенің алдынан баяғы ғашығын көре­тіндей зарыға күтіп жүр. Сондай күндердің бірінде терезеден далағ­а, көшеде жүрген кісілерге қарап ұзақ ойланып отырған ол кенет селк етті. Ұялы телефонының дауысы екен. Бөтен  нөмірден хабарлама келіп тұр. «Раушан, мені кешірмейтініңді білемін. Бір рет кездесе­йікші, өтінем. Бағдат» делінген хабарламада. Жүрегі  атқақтаған  ол өңі мен түсін айыра алмай дал болды. Үйленгенін елден естіген соң сүйіп тұрса  да өзі хабар­ла­суына­ намысы тұсау болғ­ан. Енді көкейде жүрген көп сұрағын қою­дың уақыты жетті деп ой­лады ол. Сөйтті де асығыс сол нөмірге өзі қоңырау шалып, Бағдатпен кездесер жердің мекенжайын белгіледі. Бүгіннен қалдыратын шаруа емес деді. Өз­де­рінің үш  жылдан бері үйрен­шікті жеріне айналған жастар саяба­ғында жолықты бұл жолы да. Амандық-саулық сұрасқан соң Бағдат өкінішін, Раушанды әлі сүйетінін жасыра алмады. Қыз  болса, тағдырына ызаланып өкіріп жылады. Өкпесін тағдыр мен Жаратқанға артты. Алайда таңдау еркі бар емес пе? Алғашқы таңдауды  Бағдат жасағанын білсе де, сүйіктісін кінәлағысы жоқ. Оны өзгеге қиып, өмір сүре алмасын, өзінің басқа біреуге тұрмысқа шықпайтынын да кесіп айтты. Сөз соңында Раушан Бағдатқа анасы айтқан кеңес­-ұсынысын  жеткізді. Онсыз  да  сағыныштан күйіп-жанып тұрған Бағдат бұл ұсыныстан бас тарту жайлы ойламады. Қайта қуанбаса, ренжіген жоқ...

Арада 5 жыл өтті. Бұл кезде Бағдат кеңседегі тәуір жұмысынан шығып қалған. Ішімдік ішіп алып жақсы жұмыс істеймін деген­ге жұмыстастары да, бас­шысы­ да сенген жоқ. Күн сайын масаң күйде Раушанын ойлап отыратын оған барлық дүние жат, өгей көрінеді. Үйіне барса, өзінің асығыс шешімінің құр­баны – әйелін көргісі де келмейді. Әйелі ата-енесінің бабын тауып зыр жүгіріп жүргенімен, күйеуі­нің бақытты жүзін көрмеген. Үнемі ештеңесін ұнатпайды. Жақсы көретін күйеуінен нендей қателік жібергенін сұраса, мардымды  жауап та ала алмай­ды.­ Ақыры қас-қабағын аңдып, ас-суы­н қамдаумен-ақ бес жыл зу ете қалыпты. Ең ауыр тиетіні, көршілері мен туыстарының бедеу­ келін деген сөздері еді. Бағдат­тың мұнда көңілі бол­мағанын айтып кімге ақталсын?! Өзі сүйетін болған соң жарын таста­п кетуге қимай бір күні жақсы­  көріп кетер деген сезімнің жетегімен  өмір сүруде.

Раушан өзге қалаға көшкен. Сонда кәсіпкерлікпен айналысып жүр. Өзінің тұрмысына керек­ дүниенің бірін қалдырмай жиған. Алайда жар құшағын сезіне­ алған емес, бар ойы – бизнес­ін  дамыта  түсу. Ол ақшаға бұрыннан-ақ құмарт­пайтын. Бар ойын кәсібіне арнаса, мәселелер мен баяғы күңгірт көңіл күй мен сағынышы сап тыйылады. Сол үшін  жұмысын  өлердей жақсы  көреді.

Зәулім сарайдай үйдің ауласында кішкентай ғана ер бала құммен ойнап отыр. Жалғыз. Бұл Рау­шанға анасы айтқан «ақылдың» жемісі болатын.

(Кейіпкерлердің  есімдері өзгертілген.)

ТОЛҚЫН

 


ҚҰПИЯ ХАТТЫҢ ҚАСІРЕТІ PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
30.11.2017 10:17

Жаздың жайма-шуақ күн­дерінің бірі. Қаладағы оқушылар сарай­ының демал­ыс пар­кіндегі тарбиып өскен тораңғыл ағашының түбін­дегі орындықта дамыл­дап отырғанмын. Жасы отыздар шамасынан асқан орта бойлы, атжақты келген қара­торы жігіт сыпайы сәлемдесіп, жаныма жайғасты. Сәл үнсіздіктен кейін:

- Аға, менің атым Сағым болады. Сізді сыртыңыздан жақсы білемін. Сатираңызды да, басқа жазғандарыңызды да газет-журналдарда­н жібермей оқып жүрмін. Сізбен кездесіп сұхбаттассам, өзегімді өртеп, жанымды жегідей жеп жүрген жайтты алдыңызға жайып салсам деп едім. Мүмкін, сіз менің жан дүниемді түсініп, ағалық ақыл-кеңес  берерсіз. Санамды билеп алған сол сезімнің шырмауынан әлі күнге дейін шыға алмай, шерменде болып жүрген сорлымын. Әлі үйленгенім жоқ, үйленбеймін де, - деп ауыр күрсінді ол.

Сағымның жан дүниесін жүдетіп, сергелдеңге салып қойған не жайт екенін іштей сезсем де, сыр білдірмедім. Әңгімесінің түп-төркініне терең үңілсем, бір кездегі албырт сезімнен әлі арыла­ алмай жүрген сияқты.

- Інім, “үйленбеймін” деген сөзді айтпа. Сен әлі жассың. Бола­шағың алдыңда, өмірге ұрпақ әкеліп, артыңда із қал­дыруың керек. Бас қосу – бұл Жара­тқанның және жараты­лыстың заңы. Ол не жайт, айта ғой. Мүмкіндігінше, ақыл-кеңес беруге  тырысайын, - дедім.

Сағым сәл ойланып отырды да әңгімесін бастады.

- Ол кезде мектепте жоғары сыныпта  оқитынмын. Сыныптас  құрбым Сымбат тым сыпа­йы, салмақты, сезімтал болатын. Оған сырттай сұқтана қарап жүрген жігіттер де аз болмады. Жазғы үш ай демалыс кезі еді. Біздің сыныптың оқушыларын кеңшарда егілген жүгерінің сабағын жинау жұмыстарына жібер­ді. Менен екі сынып жоғары оқитын әрі көрші тұратын Оңдас деген жігіт бір күні бүктеулі қағазды маған  ұсынып, «мынау хатты Сым­батқа берші. Сосын, бола ма, болмай ма деп сұра. Жауабын айтарсың», - деді. Хатты  аларын алсам да, ойланып қалдым. Көңілімде қызғаныш сезімі қылаң бергендей болды. Бірақ, хатты ашып оқуға арым бармады. Сол күні жұмысқа бара жатқан жолда әлгі хатты Сым­батқа қысыла-қысыла бердім. Көрші жігіттің сұрағына жауап та сұрадым. Сымбат сәл езу тарт­ты да, жауап қайтармай, әңгімені басқа жаққа бұрып жіберді. Егіс басына келген соң жүгері сабақтарын аршуды Сымбатпен бірге жасап, оған көмектесумен болдым. Сонан­ бастап менің Сымбатқа деген сезімім санамда шоқ болып, жүрегімде от болып, шырмауықтай шырмала түсті. Бірақ  оған өз сезімімді білдіруге  баты­лым  бармады.

Қаңтар айы. Қысқы онкүндік демалыс күндердің бірінде Оңдаспен көрші Қосан деген жігіттің үйінде кездесіп қалдық.

- Сен баяғы хаттың жауабын айтқан жоқсың. Мынау хатты Сымбатқа бер! Сосын жауабын сұра! Бүгін апарып бер! - деп бұйырып айтты.

- Жоқ! Бара алмаймын да, бере алмаймын да! - дедім мен өктем  сөйлеп.

Сол-ақ екен, ол маған тұра ұмтылды. Қосан араға түсіп, оның ашуын әрең басты. Екеу­міздің арамыздағы осы жағдайды Сымбаттың сырлас қыздары қайдан естігендерін білмедім, олар менен: «екеуіңнің араларыңда не болды?» деп сұрады. Мен  оларға  ешнәрсе  болған  жоқ  деп, айтпадым.

Оныншы сыныпқа өткен соң қаладағы техникумға оқуға кет­тім. Сымбатқа хат жазып жүрдім. Біреулер біліп қоймасын деген оймен конверттің сыртына «от меня» немесе бөтен бір қыздың аты-жөнін жазатынмын. Сол жаз­ған хаттар Сымбаттың қо­лына тиді ме, жоқ па, онан бейхабар болдым. Ауылға келіп  жүргенде Сымбатпен кездесіп сөйлесуге жігерім жетпей-ақ қойды. Оқу бітіргеннен кейін Сымбат ауылда жұмысқа орналасты. Мен азаматтық борышымды өтеуге әскер қатарына алындым. Сымбат қызметтес жігітке тұрмысқа шығыпты. Бүгінде ол ұл-қыз өсіріп отырған бақытты ана. Лайым бақытты болсын деп тілеймін. Аға, мен осылай ал­ғаш­қы албырт сезімнің шыр­мауынан шыға алмай қалдым. Енді өмірден жалғыз осылай өтетін шығармын. Басқа мені ешнәрсе қызықтырмайды,-деп Сағым  мұңайып  төмен  қарады.

- Өткенді ұмытып, албырт сезімнің шырмауынан шығып, айналаңа қара, қатарыңа қара. Бір көрген кісіге бұндай сырды ағыңнан жарылып айтуыңда бір сыр  бар-ау, - дедім.

- Аға, сізге бар сырымды ақ­тарып, бір жеңілдеп қалған сияқты­мын. Егер осы жайлы жазат­ын болсаңыз, аты-жөнімді анық көрсетпей-ақ қойсаңыз, кешіріңіз, - деп Сағым орнынан тұрды.

Ол кетіп бара жатқанда ар­ты­нан ұзақ қарап, ойланып қалдым. Албырт сезім деп айта салу оңай-ау. Шын мәнінде шынайы сезім шығар бұл. Арада біраз уақыт өтсе де, мойныма қарыз болмасын  деген ниетпен қолыма қалам алдым. Кейіпкерлердің есімдері өтініші бойынша өз­гертіліп  жазыл­ды.

Қазыбек   ӘШІРБЕКҰЛЫ

 


СЫР ФУТБОЛЫНДАҒЫ СТАТИСТИКА PDF Print Email
Жаңалықтар - Сергек
30.11.2017 10:14

Кез келген спорт сурет пен статистикадан   тұрады. Өйткені, екеуі де бірнеше жылдан­  соң, сол уақытты көз алдыңызға елестетеді, тіпті сөйлетуі де мүмкін. Ал, ойындағы кейбір жағдайлар уақыт өте келе ұмытыла бастайды. Сақталатыны –тағы сол статистика. Сондықтан, біз де газет оқырмандары үшін Сыр футболындағы статис­тикалық  мәліметтердің  басын  біріктіріп  көрген   едік.

Футболдан 2017 жылғы ҚР Премьер-лигасында жергілікті “Қайсар” футбол клубының қақпасына гол соға алмаған бір ғана команда бар екен. Ол – Қостанайдың “Тобыл” футбол клубы. Естеріңізге салайық, V турда сырбойылық аяқдопшылар қостанайлықтармен кездесіп, 0:0 есебімен тең тарқасқан  болатын. Қос команданың XV турда да жолдары­ түйісіп, тағы да таразы басы тең түсті, есеп: 0:0. Ал, XXIII турда “Қайсар” ойыншылары “Тобылды” тобықтан  шалды. Ғ.Мұратбаев атындағы стадионның қосалқы алаңында өткен ойында 1:0 есебі тіркелді.

* * *

Ал, біздің команда маусым бойына тек “Ақ­жайық” ФК-ның қақпасын дәл көздей алмаған. Батыстық  ұжыммен  болған  үш ойында да бірде-бір гол  соқпады.

* * *

Биылғы маусымда Сыр елінің бас командасы қарсыластар қақпасына 30 гол соққаны белгілі. Соның 12-сін қазақстандық аяқдопшылар енгізсе, 18-ін  легионерлер   салыпты.

* * *

Чемпионат барысында “Қайсар” қақпасына ең көп гол соққан команда – “Астана” футбол клубы. Елордалық ұжым маусым бойына “қасқырлар” қақпасынан  9  рет  саңылау  тапқан.

* * *

Қызылордалық төреші Данияр Сахи биыл премьер­-лига ойындарында 13 рет бас төреші қызметін  атқарған.

* * *

Командадағы ойын кезіндегі ең дөрекі ойыншы – Валерий  Коробкин. Ол осы маусымда 1 қызыл қағаз  және  9  сары қағаз алған. Төрешілер биыл жалпы команда ойыншыларына 83 сары қағаз және 4 қызыл қағаз көтеріпті. Сондай-ақ, ең көп ереже бұзған да “Қайсар” командасы болып отыр.

 



<< Бірінші < Алдыңғы 1 2 Келесі > Соңы >>

Күнтізбе

< Қараша 2017 >
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 30      

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары