Өзекті мәселелер

  • 19.12.19

    Кешегі даласында абақ­тысы жоқ, бес қаруы белінде жүрсе де жауынан өзгеге қару жұмсамаған заманда елдің бір-біріне өкпесі, кеткен есесі болмады дейсің бе? Болды ғой. Бірақ, сол заманның өзінде қойнындағы қаруға тұра ұмтылмай, әділдікті, ақ пен қараны шешетін әулеттің үлкені не ауылдың ажасы, оған көнбей жатса, елдің қожасына жүгінді емес пе? Дау бұған да бөгет бермеген кезде биге барып соңғы ше...

    Толығырақ...
  • 19.12.19

    Ақыл  жетпес

    Адамның ақылы өлшеусіз мол. Алайда сол ұлан-ғайыр, шексіз ақылыңның кейде кішкентай, уақ-түйек мәсе­лелерді шеше алмай, тұйыққа тіреліп, жол таба алмай, адасып­  жүретініміз  қалай?!

    ...
    Толығырақ...
  • 19.12.19

    «Кувад синдромы» туралы бұрын-соңды естіп пе едіңіз? Мүлдем естімеген болуыңыз да мүмкін. Бұл – ер адамның жүкті әйел секілді күй кешуі. Мұндай да болады. «Кувад» сөзі француздың «couver» деген етістігінен шыққан, яғни қазақшалағанда «жұмыртқа басу» дегенді білдіреді. Бұл синдром екіқабат әйелдің күйеуінде жүктіліктің үшінші айында басталып, сәби дүниеге келгенге дейін жалғасуы ықтимал....

    Толығырақ...
  • 19.12.19

    Шырылдаған бала дауысынан селк ете қалған олар өздері секілді тағы бір күнә­сіз­дің жетім қалғанын сезді. Сәбиді түннің бір уағында тауып­ алған тәрбиеші дереу төсекке жатқызып, жұбата бас­тады. Әбден жылай-жылай көзінен жасы сарқылған баланың демі бітіп, әрең тыныс алады. Көздері жәудіреген бір топ баланың естісі аузындағы емізікті жұлып алып, апайына ұстатты. Жанаршылықпен қараған оның ересек...

    Толығырақ...
  • 19.12.19

    Поэзия

     

    Ботадай боздап аспан жылайды,

    Алдайды бәрін түлкі үміт.

    Жапырақтардан жас тамшылайды,

    Жапырақ жүрек бұлқынып. ...

    Толығырақ...
Сәрсенбі, 22 Қараша 2017

БАРДЫ ҰҚСАТА АЛМАУ – ҚЫЛМЫС PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
23.11.2017 11:40

Қырымбек  КӨШЕРБАЕВ:

Жақында облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен өткен актив­ отырысында өңірдегі кәсіпкерлікті дамыту турасында айтылған-ды. Сонда аймақ басшысы барлық аудан әкімдеріне шағын­ және орта бизнесті жетілдіруге қатаң тапсыр­ма берген болатын. Оның орындалау барысы­н тікелей қадағалауға алатындығын жеткізді. Ал сыннан сабақ алмаған жауаптылар қызметімен қоштаса­тындығын ескерткен еді. Оған дәлел ретінде Арал ауданы Қосаман ауылдық округінің әкімін және аудандық кәсіп­керлік бөлімінің басшысын облыс әкімінің өзі жұмыстан босат­ты. Сондай-ақ, бірнеше өңірдегі лауазым иелеріне қатаң сөгіс жария­лады. Енді міне, жыл соңына да жеттік. Нәтиже сұрала­тын сәт. Ел сенімін ақтай алмағандарға енді кешірім жоқ.

Аймақ басшысы елді мекендерде шағын және орта кәсіп­керлікті дамытуға байланысты Сырдария ауданы активімен жиын өткізді. Түйгеніміз, Қызыл­ордаға қоңсы қонған өңірде кәсіппен шұғылданатындар шамалы­. Жергілікті биліктегілер «халық құлықсыз» деп азарда-безер­. Өз кезегінде жаппай кәсіп­керлікті өркендетуге мемлекет тарапынан  қолдау  бар. Қаржы да құйылуда. Бірақ қарекет  аз. Тіпті, ниеті бар азаматтарға түсіндірме  жұмыстарын  жүр­гізуге  ақпараттық топ та құрыл­ған. Не керек, бұқараға бизнес баста­уға мүмкіндік мол. Алдымен жыл ішінде өңірде атқарылған шаруалар барысы тыңдалды.

– 2017 жылдың 1 қарашасына 2091 шағын және орта кәсіп­кер­лік субъектілері тіркеліп, онда жұмыспен  қамтылғандар саны – 5784 адам. Жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлік субъектілерінің саны – 1526. Жыл басында кіріс басқармасына нөлдік есеп тап­сырған 339 кәсіпкерлік субъек­тілерінің табысын анық­тау­ жөнінде жұмыстар жүргі­зіліп, 145 кәсіпкерлік субъектілері қосымша есептерін тапсырды. Кәсіпкерлікті қолдауға бағыт­талған үкіметтік  және өңірлік бағдарламалар арқылы 716 млн теңгенің 65 жобасы іске қосылып, 290 жұмыс орындары ашылды­. Биыл 802 жаңа жұмыс орны ашылуға тиіс болса, оның 705-і  ашылды, жыл аяғына дейін 97 жаңа жұмыс орындары қосымша ашылып­, жұмыссыздық деңгей­і 4,9 пайызға түсетін бола­ды,- деді аудан әкімі Ғанибек Қазантаев.

Ал Тереңөзек кентінде де кәсіп бастауға бел буғандар некен­-саяқ. Елді мекендерде де осындай жайт. Тек Н.Ілиясов ауылдық округінің әкімі Сағадат Нұрмағанбетов ғана жақсы баға алды.

– Құрметті әріптестер! Кәсіпкерлікті жетілдіру  арқылы  тұрақты жұмыс орын­дары ашылады, салықтық база артады, қоғамдық-саяси тұрақтылық орнайды. Елдің еңсесін осылай көтереміз. Егер мәселе­ шешілмесе, кінәлі адамдар кетуі қажет. Біз насихат жұмыстарын осы кезге дейін жүргізіп келдік. Енді нәтиже болуы тиіс. Кейбір ауыл әкімдерінің өздері мемлекетт­ік бағдарламаларды білмейді. Олар халыққа қалай қызмет етеді? Неліктен кәсіпкерлік кенжелеп тұр? Қаржы бар, бірақ жұмыс жоқ. Әрбір ауыл әкімі биз­несмен болуы керек. Бар нәрсені ұқсата алмау – қылмыс,- деді облыс әкімі Қырымбек  Елеуұлы.

Сырдариялық  жауаптылар  жыл басынан бері кәсіпкерлікке байланысты ешқандай жоба өткізбеген. Мұны осы салаға жетек­шілік ететін облыс әкімінің орын­басары Евгений Ким жеткізді. Мұның себебі­н  аймақ  басшысы  сұраған  еді. Алайда­ аудан әкімінің орынбасары Ерлан Ахетов пен кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм­  бөлімінің басшысы Ләззат Қозыбаева жауап бере алмады. Әлі күнге нау­бай­хана, шаштараз, монша сынды әлеуметтік маңызы  бар  нысандар  атымен  жоқ  ауылдар кездеседі. Егер осы кемшіліктер қалыпқа­  келмесе, тиісті  сала  өкілдері  жылы орнын  суытады.

Облыс  әкімі  сапары  аясында Сырдария­ ауданы  Ақжарма  ауылындағы  «Толғанай» кешенінің  ашылу  салтанатында  болды. Бұл жобаны қолға алған кәсіпкер – Нұрсұлу Дүйсенбаева. Бүгінде  ол 10  адамды  тұрақты­ жұмыспен  қамтамасыз  етіп  отыр.

Ал кент орталығында «Құрметті азаматтар» аллеясы мен «Еңбек даңқы» музейі ашылды. Нысанды қайта жаңартуға жер­гілікті бюджет есебінен 5264,0 млн теңге бөлінген. Музейде ауданнан шыққан қоғам қайраткерлері, Сырдария ауданының тәуелсі­здік жылдарында жеткен жетіс­тіктері мен түрлі салада қызмет атқарған үздік қызметкерлер жайлы ақпараттар қамтыл­ған. Сонымен қатар саябақтағы аллея­да аудан бойынша  99  құрметті  азамат­тың­  тізімі жазылып, «Сырдария ауданы­ның  құрметті  азаматы төсбелгі­сі­нің»  ескерткіші  қойылған.

Айта кетейік, алдағы уақытта облыс әкімінің барлық аудандарға баруы жос­парланған.

Қозы  Көрпеш   ЖАСАРАЛҰЛЫ,

Б.Есжанов  (сурет)

 


ҚЫТАЙҒА НЕГЕ МҰНАЙ КЕНІШТЕРІН БЕРДІК? PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
23.11.2017 11:35

Байқасаңыз, соңғы кезде «Синойл» жанар-жағармай станци­ялары  көбейіп  кетті иә? Одан қалды, қытайлық мұнай компаниялары да көп-көрім. Сонда қалай? Біздің билік айдаһа­р  қаупі дегенді естен шығард­ы ма? Жоқ, әрине. Ешкім естен­ шығарған жоқ. Қытайға мұнай кеніште­рінің активтер­ін амалдың жоқты­ғынан беріп отырмыз. Ол  қалай?   Түсіндірейік.

 

ШЫҒЫС  ТҮРКІСТАНДЫ  ИГЕРУ

Әңгімені бастамас бұрын, «Google Еarth»-ден «China» деп жазыңыз. Назарың­ызға Қытайдың территориясы тап келді ме? Енді спутник түсірген картада­н Ертіс өзенін тауып алыңыз. Жа­қынд­атыңыз. Қанша плотинаны санады­ңыз? Бір ғана Ертіске қоңсы­ларымыз құжынатып 15-тен астам суқоймасын салған. Орталық компартия әлі он шақт­ы СЭС саламыз деп отыр. Мұншама­  көп  станса  неге  қажет  дейсіз бе? Шы­ғыс Түркістан деген өлкені игеру­  үшін.

Негізі бұл аймақта ұйғыр қалың отыр. Қазақтың да қарасы көп. Ұйғыр-қазақ көптігіне сеніп, 2-3 рет көтеріліс жасап, егемен ел боп көрген. Иә, Шығыс­ Түркістанда Қытайдың билігі әлсіз болатын. Одан қалды, бұл жерге орыстар да әлсін-әлсін жұтына бір қарап қоятын. Саяси карта бойынша бұл аймақ  Бейжің  иелігі саналғанымен, орталық  бұл жерден  күдерін  үзгендей еді. Әйтеуір бір күні, Моңғолия секілді бұл  аймақты  да  КСРО тартып алады деп жүрген. Сол себепті де, қытайлар  батыс  облыстарға ешқандай зауыт салмай, жолын да тартпаған еді.

КСРО-ның құлауымен, қауіптің беті қайтты. Қытай енді Шыңжаңды игеруге кірісті. Сол үшін ішкі про­винциялардан соңғы жиырма жылда 10 миллион қытайды көшіріп әкелді. Жаңа қалалар бой көтерді. Жолдар салынды. Зауыт-фабрикалар жұмыс істей бастады. Шыңжаңдағы қытайлықтардың үлесі көбейе бастады. Соны­мен бірге проблемасы да ұлғайды. Миллиондаған адамға азық-түлік керек. Ауызсу керек болды. Ішкі қытайдағыдай мұнда күріш еге алмайсың. Шығыс Түркістан – шөлейтті аймақ. Су тапшы. Қытай билігі проб­леманың шешімі деп Ертісті есептеді. Өзеннің белін бірнеше жерінен буып, суқойма салды. Миллион гектарлап жер жыртылды. Түрлі дақыл егілді. Ертіс суының көп бөлігі егіс даласын суаруға жұмсала бастады. Одан қалды, Қарамай деген мұнай кеніші табылып, ол жерде қала салынды. Мұнай шаруа­шылығы суды көп қажет етеді. Қытай Қарамайға қарай Ертістің суын бұрып алатын канал қазды. Өзеннің жоғарғы ағысында осындай шаруалар жүріп жатты. Етегіндегі біздің елде ше?

 

ЕРТІС   ТАРТЫЛЫП   ЖАТЫР...

2013 жыл, қыс. Семей, Павлодар облысындағы малшылардың мыңдап жылқылары өлді. Трансшекаралық өзен мен мал жұтының не байланысы бар дейсіз бе? Жыл сайын көктемде Ертіс ернеуінен асып, 15 шақырым жағалауды су басатын. Жаз келісімен қызыл су кебеді де, сай-cала белуардан келетін көгорай шалғынға айналады. Ал 2012 жылы Ертіс тасыған жоқ. Себебі көршілеріміз Ертістің көп суын Қарамай каналы арқылы бұрып алды. Су аз келді. Шөп қалың болып өскен жоқ. Қыста қысқа бойлы шөпті жылқы тұяғымен аршып жей алмады. Қырылды.

Бұл қалай деп Қытайға қарадық. Олар: біздер бар-жоғы судың 7%-ын алдық деп ақпар берді. Ертіс жеті па­йызға тартылып еді, қандай мәселеге ұрындық. Енді елестетіңізші. 15 суқойма бар қуатымен іске кіріссе не болады?

1. Ең әуелі Қазақстан энергетикалық коллапсқа ұрынады. Ертістің суы ең көп дегенде 30%-ға кемісе, Күршім электр станциясы  жұмысын  тоқтатады.

2. Электр өндіруді тоқтатпас үшін, Күршім плотинасын тас етіп бекітіп, су жинай бастасақ, қойма суға толам дегенше, Ертістің жағасындағы Қатон-Қарағай орман алқабы қурай бастайды. Экологиялық апат.

3. Ертістің тартылуы - Өскемен, Семей, Павлодар қалаларындағы өндіріс ошақтарына соққы. Себебі бұл шаһарлардағы кәсіпорындар негізінен ауыр металлургия, химия, машина жасау саласы­на маманданған. Ал өндірістің бұл түріне мыңдаған тонна су қажет.

4. Өскемен, Семей, Павлодар қалаларынан адамдар көше бастайды. Себебі өндіріс орындары тоқтаған. Жұмыс жоқ. Демографиялық ахуал ушығады.

5. Астана, Теміртау, Қарағанды қалаларын ауызсумен қамту күрделенеді. Себебі бұл қалалар ауызсуды Ертіс өзе­нінен темір құбыр арқылы алатын.­

Ал Іле тартылса, салдары бұдан да сұмдық. Мэлс Елеусізовке ұқсап кетсек те айтайық, Қапшағай тартылады. Су қойманың түбіндегі тұз ұшып, Алматы тауларының мәңгілік мұздықтарын ерітед­і. Тау қап-қара болып жалаңаштанады. Физикадан оқығанымыз бар. Қара түс күн сәулесін көбірек жұтады дегенді. Содан Алматы қаласы «Ғаламдық жылынудың» ең алғашқы құрбаны болады. Қапшағайдан соң, Балқаш көлі тартылады. Орталық Қазақстан сахараға айналады.

 

НЕ  ІСТЕУ  КЕРЕК?

Бірден айтайық. Қытайға әсер ететін ешқандай қолымызда құрал жоқ. Иә, халықаралық трансшекаралық өзендер­ туралы конвенция бар. Бұл құжат – қандай да бір өзен екі елдің де территориясын кесіп өтетін болса, әлгі екеу суды теңдей етіп пайдалану керек дейді. Бірақ Қытай бұл конвенцияға қол қойған емес. Тиісінше, ешкімнің алдынд­а ешқандай міндеттемесі жоқ. Ертіс пен Іле суының қанша пайызын пайдаланам десе де, еркі өзінде.

Етекте  отырған қазақ енді не істейді? Соңғы жиырма жылымыз Бейжіңнің көңілін бағумен өтіп келеді. Бірнеше ұсыныс  жасадық. Ертіс  суының 25%-ын қажетіңізге жаратыңыз. Қалғаны өзеннің  табиғи  қажетіне  жұмсалсын,- дедік. Көнбеді. Тек соңғы үш-төрт жылда­ ғана көршілеріміз тоң мойнын бұрып, біздер жаққа қарады. Сөйтті де, талап қойды. Мұнай кеніштерінің жартысын­а инвестор біз бо­ламыз, - деп.

Мақұл дедік. Әйтпесе, Қытай Ертісті бұлдаса, мұнайымызды тегін де алар еді ғой. Не керек, Қытай Ертістің суының ары кетсе 30%-ын ғана алам деп уәде берді. Қол қойды. Біз міндеттеме алдық, мұнай саламызға ханзулық компанияларды кіргіздік.

Майдан қыл суырғандай сыртқы саясатт­ың кәдуілгі жұртқа көріне бермей­тін  бір  қыры  осы.

Нұрбек  БЕКБАУ,

журналист

 


ҚАЙДАСЫҢ, ШАЙТАНАРБА? PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
23.11.2017 11:27

Британдық «The Open University» компания­сының 2011 жылы түсірген «60 Second Adventures in Thought» деп аталатын мультипликациялық топтам­асын көріп пе едіңіз? Көрмесеңіз, көруге кеңес­ береміз. Дегенмен сіз көремін дегенше анимациялық топтаманың негізгі мақсатын айта кетейік,­ ол – экономиканың негізгі алты қағидасын­ халыққа түсінікті түрде жеткізу. Қоғамдағы адамдардың экономиканың қырына жасырылған көлеңкелі тұстарын түсінбеуі салдарынан қаржылық қиындыққа тап болғандығын аңғаруға болады. «Мүмкін емес үштік» бөліміндегі жайт тіпті қызық.

Экономикасының сапын алыс-беріс сауда-саттық­  арқылы түзеп отырған елдер нарықтың ырқын­ өздеріне көндіре алмай әлек. Сауда жасаған ұнайды, пайда тапқан тіпті жақсы, бірақ капиталдардың еркін қозғалысы мен ақша бағамын тұрақтандыра алмаған олар тәуелсіз ақша саясатын қалыпты деңгейде орната алмайды. Капиталдың бақылаусыз шығынға ұшырауы салдарынан еңбек еш кетіп, түскен қаржының барлығын ашуға булыққан шаңсорғыш сорып алады. Ал оны тоқтату үшін ең  алдымен  капиталды  реттеп, нарықтық сауданы қалыпқа  келтіру  қажет. Қайдасың, шайтанарба?!

Экономика  нарығындағы  импорт, экспорт мөрі басылған  тауарлар «мүйізі қатаймаған» елге қандай  табыс  әкеліп  жатыр? «Жердің жайын жортқан біледі, малдың жайын баққан біледі» деген мақал бар емес пе? Біздің елдің қазынасы құдды ешкі секілді. Семіргенін сыртқа білдірмей, майын ішке жинайды. Бір жағынан, бөрі деуге болады. Өйткені, «бөрі аштығын білдіртпес, сыртқы жүнін қампайтар». Білесіздер, ешкі де жем жейді, су ішеді, қорытады, құмалақ тастайды. Енді осы бюджет - «ешкіні» асырап көрелік. Импорт – жем, жалпы ішкі өнім – ас қорыту жүйесі, ал экспорт – құмалағы.

Бүгінде еліміз тауар экспорттаушы ірі елдердің арасында 52-орынға ие. Жаһанның 113 еліне өңдеу сек­торының 800-ден астам тауары экспортталады. Демек, бізде осыншама түрлі «құмалақ» шығаратын «төл» бар. Жыл басынан бергі тоғыз айдың ішінде өңделген тауарлар экспорты 22 пайызға өсіп, 11,1 млрд АҚШ доллар пайда түсірген. Уран, мыс, титан, ферроқорытпа, сары фосфор, ұн, мақта­ майы, бидай, зығыр тұқымы, мұнай өнімдері, мыс, металл прокаты, пропан және бутан, мырыш жеткі­зу жағынан да ұятты емеспіз. Шүкір, «төлдің» басы көбеюде. Өңделген тауар­лар үлесі экспорттың жалпы көлемінде 32%-ды құрап, төбемізді көкке жеткізді. Сондай-ақ, ЕАЭО елдері­мен  өзара сауда көлемі   12 373,7 млн АҚШ долларын еңсерген. Оның 3718 млн доллары экспорт, 8655,7 млн доллары импорттық түсім есебінен. Еліміздің қазаны ортақ елдер­мен сауда айналымының 92 пайызы Ресейге, 4,4 пайызы Қырғызстанға, 3,6 пайызы Беларусь еліне тиесілі. Ал «ас қорыту жүйесінің» қаншалықты жұмыс жасап тұрғанын есептеп көрсек, жылдың екінші тоқ­саны­нда Еуроодақ елдерінің жалпы ішкі өнімі 2,2 пайызға артқан.

Жұмбақта «сақалы бар, санасы жоқ» деп жасырылатын ешкінің ішкені мен құмалақ тастағаны белгілі болғанымен, қаншасын ішіне жасырып қалғанын білу қиынға соғып тұр. Дегенмен, ҚР ҰЭМ Статистика комите­тінің деректеріне сүйенсек, ІЖӨ көлемі алғашқы жартыжылдықта 20,9 трлн теңгені құраған. Демек, баққан «төліміз» сауынға да жарап тұр деген сөз. Асылы, олай деуге де кібір­тіктеп қаламыз. Өйткені, жеген жемін аңдып отырған «сауыншылардың» шелегі де әзір тұрады емес пе? Жеуге тұрарлық ет, ішуге тұрарлық сүт көр­сек, несібемізді толтырып алуға қашанда  дайынбыз. Бірақ енді ондай­ қулықтың жолы бола қоймайды-ау деген ниет бар. Оған себеп, алдағы уақытта экспортты ілгерілету жөнін­дегі функциялар «бір терезе» қағидаты бойынша жүзеге асырылады. Шаруашылық тілімен айтқанда, әр төлге бір шопаннан емес, барлық төлге бір ғана шопан қызмет ететін болады.

- Бүгінгі күні негізгі экспортқа әлемдік бағалардың құбылмалылығына тәуелділікті төмендету мақсатында экспортты әртараптандыру міндеті тұр. Осы мақсаттарға жету үшін ауылшаруашылық тауар өндірушілердің экспортын ынталандыруға қосымша механизмдер енгізіледі. Бұл отандық өнімдердің сыртқы нарық­тардағы бәсекеге қабілеттілігін арттырады. Бұдан басқа, экспортқа сервистік және қаржылық қолдау көрсетуді қаржыландыру бағдарла­масын ұлғайту ұсынылады. Жалпы алған­да, Қазақстанның Ұлттық экспорттық стратегиясын табысты іске асыру және 2015-2019 жылдарға арнал­ған Қазақстан Республикасының индустриалды-инновациялық дамуының мемлекеттік бағдарламасының мақсаттарына қол жеткізу мемлекет басшысының шикізаттық емес экспортты 2025 жылға қарай екі есеге арттыру міндетін табысты жүзеге асырады, - деді ҚР Инвестициялар­ және даму министрі Жеңіс Қасымбек­ Үкіметтің сейсенбілік сағатында.

Несін айтайық, экономикалық ахуал нарықтың сатылық жоспар­ларынан бағдарламалық бағыттар арқыл­ы сытылып шығып жатыр. Елдің ішкі, сыртқы сауда-саттығы, ішкі жалпы өнімі турасында жаман сөз айта алмаймыз. Құдды, құмырсқаның илеуіне жасырылған қыстық азық секілді біздегі тауарлар да қолдан емес, қордан көрініп жүр. Шикізаттық сектордағы басты жұмбақ та осы өнімдердің қайда кетіп, қай жақтан  қандай тауар келіп жатқандығында. Ешкінің құмалағы да жайлаудың қай тұсына түскенін білу қиын секілді, экономиканың тиімді тұсын қайдан табу да оңайға түсіп тұрған жоқ. Майда құмалақты төсек астындағы төрт күлше – түйенің төрт та­ба­ны жасырып қалғандай.

А.НҰРТАС

 


ҚАЛЫПҚА СЫЙМАЙТЫН ҚАЛАМГЕР PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
23.11.2017 11:23

Сыр өңірінде дарыны даңқын асырған ақын Иран-Ғайыптың (Иранбек Оразбаев) 70 жылдық мерейтойына орай сал­танатты жыр кеші өтті.

Талант пен шабытты ұштастырып, елді әсем­дік әлеміне жетелеу – ақынның қолынан келер әдемі дүние. Сұлу сөзді сүйетін, санасы сара, ойы терең адам мұны өлеңнің құдіретімен жасайды. Қай  әдебиетті  алып қарасақ та, поэзияны ардақ­тап, оған айрықша орын беретіні белгілі. Бүгінгі қазақ  әдебие­тінде де шоқтығы биік ақындар­дың санатында осы Иран-Ғайып тұр. Себебі­, ол – төл туындылары халық  жүрегінен орын ала  білген бақытты ақын.

«Бұ дүние ғайыбы» деп аталған кешке облыс әкімі Қырымбек Көшербаев, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейілбек Шаухаманов, «Айқын» газетінің бас редакт­оры Нұртөре Жүсіп  арнайы  келді.

- Бүгін біз Сырдың төлтумасы, ақын-драматург, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қызылорда облысының құрметті азаматы Иранбек Оразбаевтың шығармашылық кешіне жиналып отырмыз. Соғыстан соң жеңістің жемісі саналатын өткен ғасырдың екінші жартысындағы ұрпақ қазақ әдебиетіне жаңа серпіліс әкелді. Жас толқын тегеурінді талантымен  танылды. Сол кезде қазақ поэзиясының өрісін кеңейтіп, өресін биіктеткен, абыройын асқақ­татқан Кеңшілік, Жарасқан, Жұматай, Серік Ақсұңқарұлы, Серік Тұрғынбекұлы секілді саңлақ­  ақындардың  қатарында от ауызды, орақ тілді  ақын, жыр  жам­позы Иран-Ғайып өзінше жарқырай көрінді емес пе? - деп ақын туралы ақтарыла айтты облыс әкімі  Қ.Көшербаев.

Шайырдың шығармашылық кешінде Ербол Есендосов жырдан шашу шашса, белгілі термешілер Әділхан Қуанбаев пен Жарасхан Төлебай термені төгілтті. Иран-Ғайыптың сөзіне жазылған, Алтын Бөкенбае­ваның «Мәңгі жұмбақ» әнінің тұсауы осы кеште кесілді.

Бұ дүниеге ғайыптан келгендей ақын Иран-Ғайып өзі туралы, өмір туралы  былайша бір ауыз сөзбен толғады.

Ал, Дүние…

Ойнадым,

Күлдім:

Мәнін жоғын білдім.

Жыладым –

Сықтадым:

Жалғандығың –  ұққаным.

Іштім,

Тыштым:

Құйрығымды қыстым…

Театр ішінде шалқар шабыттың, жасын жырлардың әсерінен жағымды күй орнады. Бұл – қалыпқа сыймайтын, болмысы  бөлек, адуынды ақын өнерінің, өле­ңінің  лебі.

 

Жазира  БАҒЛАН

 


«ӨЗІҢНІҢ ҮЙРЕНГЕНІҢДІ ХАЛҚЫҢА ҮЙРЕТ» PDF Print Email
Жаңалықтар - Бүгінгінің болмысы
23.11.2017 11:15

Ғалым  ӘМІРЕЕВ,

Жаңақорған  ауданының  әкімі:

Бүгінде Жаңақорған ауданында сүйінші сұрайтын жаңалықтар жетерлік. Оңтүстіктегі өңірде ілкімді істер, жүйелі жұмыстар, жарқын жобалар жүзеге асырылуда. Бірде облыс басшысы Қырымбек Көшербаев «әкім деген сөз «әкем» деген мағынаны білдіреді» деп еді. Ендеше 85 мыңға жуық тұрғыны бар Жаңақорғанға «әкелік» қамқорлық танытып отырған аудан әкімі Ғалым Әміреевпен сұхбаттасудың сәті түсті. Кездесуде кеткен кемшіліктер мен жеткен жетістіктер қатар айтылды.

– Ғалым Махмұтбайұлы, Жаңақорған ауданына әкім боп келгеніңізге бір жылдан асты. Басшылық қызметке  тағайындалғаннан кейін, өңірдегі ең өзекті мәселелер қандай еді? Әңгімемізді  осыдан  бастасақ...

– Экономикалық тұрғыдан алып қарасақ, ауданда негізгі бағыт – кәсіпкерлік пен ауылшаруашылық саласы. Міне, осы  салаларда  біраз қиыншылықтар туындағаны рас. Мұны шешудің жолын іздестірдік. Ақылдастық, ойластық.

– Жаңақорғанның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері қандай? Аталған түйткілдердің түйіні қалай тарқады? Ауданда асыраушы сала қалай  тез  аяққа  тұрды? Мұның басты  формуласы  неде?

– Жаңадан ашылған 6 сервистік қызмет көрсету орталығының 5-еуі қарқынды жұмыс істеп тұр. Сондай-ақ, биыл  тек қана  Жайылмадан  6 мың тонна қарбыз Ресейге экспортталды. Ал негізгі капиталға  тартылған инвестицияның жалпы көлемі – 124,7 млн теңге. Былтырғы жылмен салыстырғанда 2,1 есеге өскен. Жыл басында мемлекет тара­пынан көрсетілетін қолдаулардың көпшілігіне ие болдық. Бюджет есебінен 260 млн теңгеге заманауи ауыл­шаруашылық техникаларын сатып алдық. Күріштікке жаңадан 2 мың гектар­  жер аштық. Оған арықтар қаздырдық. Өңірге осы салаға инвестиция тарттық, кооперативтердің санын арттыр­дық. Агроиндустриялық аймақ құрдық. Жалпы, еңбек етуге ниеті бар азаматтарға барынша қолайлы орта қалыптастырдық. Шыны керек, кооперативтер қозғалысы ауданның экономикалық көрсеткішін әлдеқайда жо­ғары деңгейге көтерді. Бүгінде құрыл­ған  9  кооперативтің 5-еуі белсенді түрде  жұмыс істеуде. Айталық, бізде мал  бар, бірақ мал бордақылайтын алаңдар жоқ. Қазір біз шаруаларға ұсыныс­  тастадық. Шағын мал бордақылау  алаңдарын салып, жылдық табыс­ты көбейтуге мүмкіндігі мол екендігін кеңінен түсіндіріп жатырмыз. Ал  мал басы көп кооперативтерге инвес­торлар келді. Алдағы уақытта ауданда 3000  басқа арналған  мал  бордақылау  алаңы  салынбақ. Өз кезегінде бұл  өңірдегі  бизнесті  одан әрі өркендетуге  септігін тигізеді. Ең қуаныш­тысы, аудан  әкімдігі  жасаған нақты әрекеттер­ден соң тұрғындарың ынтасы күшейді. Тіпті, күріштің жаңа сорттарын шаруалардың өздері әкеліп екті. Осындай жұмыстардың арқасында Жаңа­қорған облыста ауыл шаруашылығы  саласын бойынша «Ең үздік» аудан  атанды.

– Биыл ең бірінші болып агроин­дустриялық  аймақ  жобасын  қолға ал­дыңызд­ар.  Нәтижесі  қандай? Алқапты  одан  әрі  кеңейту  жоспарда   бар  ма?

– Шындығында, осы жобаны бас­тағанда қарсылық білдіргендер болды. Сөйтіп, тәуекелге бел будық. Қазір жұмыс істеуге талаптанған тұрғындар қатары көбейді. Биыл шаруалар жақсы нәтижеге қол жеткізді. Бұл жобаның ерекшелігі әкімдік шаруаларға бар жағдай­ды жасап берген. Аяқсу келіп тұр, егін алқабы қоршалған. Тек тынбай тер төгуі қажет. Сондай-ақ, бұған кез келген сала өкілі қатыса алады. Алғашқы жылы ешқандай қағазбастылық бол­майды. Келесі жылдан бастап кәсіпкер ретін­де тіркеліп, салық төлейді. Мейлі ол мұғалім болсын, мейлі ол дәрігер болсын. өзге облыс­тың  кәсіпкерлері   агроаймаққа келіп, жұмыс істеуге ұсыныс­ тастады. Біз қарсы болдық. Өйткені өз өңіріміздің тұрғындары еңбек етуі тиіс. Есесіне, жұмыссыздық деңгейі төмендейді. Дегенмен, бұл – маусымдық шаруа­. Алайда аз-маз ақша шығындап, мол табысқа ие болу кімге болса да тиімді. Бұған тұрғындардың көзі анық жетті.  Бүгінде  агроаймақта жұмыс істеу­ге  ниетті  азаматтарды тіркеудеміз. Соған­  сәйкес  жер  бөліп береміз. Өзіңіз де білесіз, тұрғындар көктемде ғана қамдан­а бастайды. Біз қыста қоршап үлгеруіміз  қажет. Сондықтан әлеумет­тік  желілерде де, баспасөз беттерінде де, аудан әкімдігі сайтында да насихат жұмыстарын жүргізудеміз. Алдағы уақытта агроаймақтағы жер көлемін ұлғайтамыз.

Жақында  облыс  орталығында  БАҚ өкілдеріне арнап баспасөз брифингін өткіздіңіз.  Жиын  барысында «Жаңа­қорғанда  үлкен  базар  ашуды   жоспарлап отырмы­з» деген едіңіз. Оңтүстікте Түр­кістан, оған қоса іргелес Шиелі  ауда­нында  да  сауда-саттық қарқынды дамы­ған.­ Бұл  жоба  өз  жемісін  береді  деп  ойлайсыз  ба?

– Жоспар дайын. Табандылық қажет. Жоба туралы қысқаша айтайын. Біз ауданға қажетті тауарлар мен азық-түліктерді үлкен көлемде сырттан ал­дыруды ойластырып отырмыз. Тауарларды осындағы саудагерлерге әкеліп таратамыз. Бірақ, саудагерлер оны әкімдік белгілеп берген аумақта сатуы тиіс. Кез келген жерде сауда жасауға тыйым салынады. Саудагерлер тек әкімдік белгілеп берген шекті бағада ғана тауарын саудалай алады. Егер бұған көнбесе, басқа кәсіпкерді әкелеміз. Жоба  бойынша  базарлардағы баға арзан­ болады. Менің  ойымша, сол кезде­ тұрғындар Түркістанға ағылуын доғаратын  шығар. Бұйырса, оны  алда­ғы көктемде  қолға  аламыз.

Ғалым Махмұтбайұлы, осындай жобаларды жасауға идеяларды қайдан аласыз? Биографияңызды қарасақ, минис­трлікте, облыс әкімінің орынбасары сынды лауазымды қызметтерді атқарыпсыз. Әлде бұл тәжірибенің жемісі ме?

– Қызылорда облысы әкімінің орынбасары қызметінде кәсіпкерлік саласына жетекшілік еттім. Сонда жас кәсіпкерлермен жиі кездесіп, идея­ларын тыңдайтынмын. Әрқайсысы әр салада тың бастамаларымен бөлісетін. Олар өте білімді, өте талантты. Облыстағы жас кәсіпкерлерді ауданға шақырдық. Келмеді. Сөйтіп, өзіміз кірістік. Аталмыш жобаларға бұған дейін жинаған  бар тәжірибемді салдым. Мір­жақып Дулатовтың «өзіңнің үйренгеніңді халқың­а  үйрет» дегені бар. Шындығында, мен Жаңақорғанға өзім көздеген ірі инвесторлар әлі келген жоқ. Егер келі­сім берген жағдайда, бұдан да жоғары нәтиже көрсетуге, жақсы жобаларды жүзеге асыруға болады. Бүгінде инвесторлардың қызығушылығын арттыруға бар  күшімізді салудамыз.

– Шалқия кеніші былтырдан бері қайта игеріле бастады. Жергілікті тұр­ғындар  жұмысқа  тартылған ба? Сонымен­ қатар инвесторлардың көмегімен өңірде әлеуметтік  нысандар  тұрғызыла ма?

– Кеніште 500-ге тарта адам еңбек етеді. Оның 400-ге жуығы – жергілікті тұрғындар. Инвесторлармен әлеуметтік келісімшарт деген бар. Меморандум аясында міндетті түрде балабақша салады­, спорттық алаңдар дайындап береді­, т.б. Жақында «Самұрық-Қазына»­ әл-ауқат қорының басқарма төрағасы Өмірзақ Шөкеев келді. Сол сапарында біз осы мәселені көтеріп, келісімге келдік. Бүгінде Шалқия кентінің  әкімі  арнайы «Жол картасын» әзірлеп жатыр. Соның ішінде барлығ­ы қамтылады. Алдағы уақытта ол жобаны облыс әкімінің назарына ұсынаты­н  боламыз.­

– Ауданда емхана құрылысы тамамдалған. Алайда әлі күнге дейін пайдалануға берілмеген. Неліктен? Және тұрғындардан өңірдегі ақ халаттылардың білік­тілігіне байланысты сынды жиі естиміз. Осы мәселелер жөнінде айта кетсеңіз...

– Мердігер тарапынан кейбір мәселел­ер туындағаны шындық. Емха­на­ 250 адамға лайықталған. Қажетті құрал-жабдықтармен толықтай қамтамасыз етілген. Жыл соңына дейін пайдалануға беретін боламыз. Екінші сауал­ға келсек, аудандағы бас дәрігер білікті. Алайда ол әкімдіктің құрылымына  жатпаған  соң, біз  араласа  алмай­мыз. Бірақ бас дәрігермен кездесіп, жоспар құрамыз. Бір сөзбен айтқанда, осы мәселені назарға алып, толық айналы­самыз.

– Кентте аялдамалар бар да, оған аялдап­  жатқан қоғамдық көліктер жоқ. Такси­  бағасы – 100 теңге. Тұрғындарға қиындық тудырып  тұр... Қоғамдық көлік­тер  қашан  қатынай  бастайды?

– Тасымалдаумен екі мердігер компания  айналысады. Оның біреуі дұрыс қызмет көрсетпей отыр. Өткенде біз осы мәселе бойынша жиын өткіздік. Тапсырма бердім. Егер орындалмаса, күрделі шешімдер шығарамыз. Жылдың  аяғына дейін шешілуі керек. Менің түсінгенім, тасымалмен айналысуға кәсіпкерлер аса ынталы емес. Десе де, тиісті субсидияны төледік. Бұйырса, жыл соңына дейін қайта қалпына кел­тіруге тырысамыз. Болмаса, келесі жылдың­  бюджеті есебінен басқаша шешім  қабылдаймыз.

Өңірдегі білім саласына тоқталсаңыз. Биыл ҰБТ-да жақсы нәтиже көрсете  алмадыңыздар...  Бұған  не  себеп?

– ҰБТ-да түлектер неліктен төмен балл жинағанын өзіміз де түсінбей қалдық. Кейбір мектеп директорлары немқұрайлы қараған. Біз оларды ор­нынан босаттық. Келесі ҰБТ-ға дейін жақсы нәтиже көрсетуге күш саламыз.

Аудандағы кадр мәселесіне тоқталсаңыз. Сіздің ойыңызша, Жаңақорғанда қай сала ақсап тұр? Әрине барлығы «5» деген бағаға ие болуы мүмкін емес ғой...

– Бүгінгі таңда ауданда қызметте жүргендердің көпшілігі – жергілікті жердің азаматтары. Әзірше ауыс-түйіс аудан  аппаратының ішінде жүріп жатыр­. Біздегі  мамандарды төмен деп айта  алмаймын. Көпшілігі өзіне тиесілі міндетті толықтай атқарып отыр.

– Болашақта  өзіңіз  басқарып  отыр­ған­  өңірді  қалай  елестетесіз?

– Жаңақорған қала болуы керек. Оған толық негіз бар. Және инвестиция­ жағынан тартымды болуы қажет. Жаңақорғанда өмір сүру міндетті түрде жақсарады. Халық та соны сезінсе екен. Біз ауданда үлгілі көше жасайын деп жатырмыз. Сол үлгіде барлық көшелерде дайын­даймыз. Сол жобаны жүзеге асыруды­  қолға  алдық.

Атқарылған   жұмыстар   туралы  біраз ақпаратқа  қанықтық.  Дегенмен «сандар өтірік  сөйлейді,  егер адамдар санаса» депті  ағылшын ойшылы. Шамасы, жыл соңын­да жасалатын көрсеткіштерге қарат­а айтылса керек. Бұл пікірмен келісуге­  бола  ма?

– Жалпы, адамның пиғылы әртүрлі ғой. Мәселен, кейбіреулер таза көрсеткіштер үшін жұмыс істейді. Ол кезде солай болады. Ал біз жұмысымыз негізгі көрсеткішке сәйкес болуы үшін еңбек етеміз. Кейде көрсеткіштерді айтпағанды жақсы көремін.

– Әкімге  пиар  қажет  пе?

– Дұрыс ақпарат және насихат  керек­. Негізі  қажет.

– Сіз  үшін  өмірдің  басты  құндылығы не?

– Адам адал өмір сүруі тиіс. Не нәр­сені де жанашырлықпен істеуі керек.  Жауапкершілік. Әділдік.

– Әңгімеңізге  рақмет!

Әңгімелескен

Қозы  Көрпеш   ЖАСАРАЛҰЛЫ

 


ЖАҢА ҒАСЫРДЫҢ МҰНАЙЫ – АҚПАРАТ пен ТЕХНОЛОГИЯ PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
23.11.2017 11:03

Мемлекет басшысының жыл басында «Болашаққа бағдар­: Рухани жағыру» атты бағдарламалық мақаласы жа­рық көргені мәлім. Онда ұлт­тық сананы жетілдіру, жастарды келешекке кемел етіп да­йындау сынды біраз дүниелер қамтылған. Демек, болашақ бүгіннен басталады. Осыған сәйкес облыстық жастар сая­саты мәселелері басқармасы және «Руханиятты қолдау» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен 18-19 қарашада «QYZYLORDA: Білім. Болашақ.  Жаңғыру»   атты  ХІІI жас­тар  форумы  өтті.

Алғашқы күні форумға қатысушылар республикаға таным­ал тұлғалармен жүздесті. Олардың қатарында белгілі сая­саттанушы Айдос Сарым, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Геннадий Шиповских, «Қа­зақстан КВН одағы» РЖҚБ президенті Есен Елеукен және ІТ саласының мамандары бар. Форум «ХХІ ғасырдың жаңа шақыр­тулары» және «Рухани жаңғыру» атты екі секциядан тұрды. Кездесу ба­рысында Елбасы мақа­ласы кеңінен талқыланып, барынша ашық ой-пікір­лер айтылды. Шындығында, еш­қандай қоғам сананы жаңғырту үшін нақты әрекеттерге бармайды. Бірақ, әр азаматтың танымын өзгерту – өте қиын мәселе. Ендеше, ұлт көшбасшысы нелік­тен мұндай қадамға барды? Айдос Сарымның сөзін­ше, біздің саяси-экономикалық және ұлттық санамыз әлі де қалыптаспаған. Өйткені кеше­гі кеңес өкіметінен қалған­ кереғар түсініктерден арыла алмадық. Бұл қазіргі қазақ қоғамын жаңа белестер мен жетіст­іктерге жетелемейді. Сондықтан да жаһандану дәуірінде біздің әдеп-ғұрпымызды сақтай отырып, жаңа техно­логиялардың тілін меңгеру қажет. Алайда қоғам үшін аса маңызды мақаланы науқаншылыққа айналдырмауымыз тиіс. Бағдарлама ең алдымен ел үшін жасалған. Яғни, қоғамның ілгерілеуіне, сананы жаңғыртуға негізделген. Сондай-ақ, ол жоба шеңберінде ірі сөйлеп, терең ойлануымыз керек. Саясат­танушының айтуынша, бүгінде мұнай дәуірі тамам­далған. Осы ретте жастар жағы жұмыла жұмыс істеп, технологиялардың тілін тапқаны жөн. Заман соны талап етеді. Ал­қалы жиын барысында аудандық жастар ресурстық орталығының жетекшілері алдағы жоспар­ларымен бөлісіп, пікір алмасты. Сонымен қатар делегаттар қаладағы жастар орта­лығына бас сұғып, жұмысымен таны­сты. Мұнда жыл басынан бері  мемлекеттік  шығынсыз 12 бағыт бойынша жобалар жүзеге  асуда.

Келесі күні жастар фору­мына аймақ басшысы Қ.Кө­шербаев  және  «Инновациялық технология Паркі» автономды-кластер қорының бас­қарушы дирек­торы Әлжан Бірәлиев, т.б. қо­нақтар қатысып, өз  пікірлерін  білдірді.

– Құрметті, жас достар! Қазір білектілік емес, білік­тілік көрсетуіміз қажет. Жаңа ғасырдың мұнайы – ақпарат пен жаңа технология. Білімге күш  салуымыз  тиіс.  Ағымдағы жылы  облыстағы  6000  мектеп түлегінің 97%-ы жоғары және орта арнаулы оқу орындарына түсті. Біз үшін 97% – бұл білім саласының жетістігі, балаларымыздың жарқын болашағы ғана емес, олардың маргинал жастар қатарын толықтыр­майтынына, өмірде өз орнын табатынына  деген сенімділік. Алға,  жастар!  Алға, Қызыл­орда! - деді  облыс әкімі Қы­рымбек  Елеуұлы

Қызылорда облысы білім саласына мол қаржы құйып отыр. Әсіресе, аймақ жастарының шетелде білім алуына мүмкіндік жасалған. Атап айтқанда, облыстың 452 мектеп түлегі Ресейдің маңдайалды оқу орындарында грант негі­зінде білім алуда. Бұйырса, келер­ жылы 76 жас маман оқуын аяқтайды. Оларды жұ­мысқа орналастыру мәселесі әлдеқашан шешіліп қойған. Ал 2013 жылдан бері аймақтың дары­нды жастар мен әлеумет­тік аз қамтылған, көпбалалы отбасыларының балаларына облыс әкімінің арнайы білім гранттары берілуде. Бүгінде оны 694 түлек иеленді. Тағы бір айта кетерлік жайт, «Серпін» бағдарламасы аясында 4 мың қызылордалық жас білім алуда. Жиын барысында облыс әкімі Қырымбек Елеуұлы: «Мектеп бітірген түлектердің басым бөлігі ЖОО-на түскен. Мен сонымен­ мақтанамын», - деп ағынан жарылды. Сонымен қатар Қызылорда облысы жаста­р саясатын дамытуға елі­міз­де ең көп қаражат жұм­сап отыр. 60-тан астам әлеуметтік жобалар  жүзеге  асырылуда.

Форумның аясында облыстық Н.Бекежанов атындағы драма театрында Қазақстанның 7 өңірінен келген командалардың қатысуымен облыс әкімінің Кубогына арналған республикалық «Жайдарман» ойыны өтті. Нәтижесінде «Қы­зылорда» командасы ІІІ орын, ақтөбелік “Фемида” ІІ орын және батысқазақстандық «Грант» І орынды иеленді.

Халық-хабар

 


МАҚСАТ – СӨЗДІҢ ІСКЕ АЙНАЛУЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
23.11.2017 10:56

Тәуелсіздіктің даңқын арттыра­тын беделді белгіге салғырттық таныту – ең алдымен азаматтығымызға сын. Ал бұл туралы заң қуалап, тәртіп тәп­тіш­теуге  дейін  жеткізу...

Өткен аптада қала әкімі Н.Нәлібаевтың төрағалығымен кезекті аппарат мәжілісінде ҚР рәміздерінің Қызылорда қаласындағы жай-күйі сөз болды. Рәміздерді қастерлеп, құрмет көрсету баршаға парыз екені белгілі. Осы мерейлі міндетті мемлекеттік мекеме қызметкерлері қалай орындап жүр? Бұл турал­ы қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Қ.Жанұзақов  жиын барысында мәлімдеді.

- Қала әкімдігі жанынан қалалық жергілікті полиция қызметкері, ішкі саясат бөлімі мамандарынан жұмысшы топ құрылған болатын. Басқару нысанына қарамастан қала көлемінде орналасқан барлық мемлекеттік меке­мелердегі рәміздердің стандарт­қа сай қолданылуы мен пайдаланылуының жай-күйіне зерделеу жұмыстары жүргізілді. Зерделеу жұмыстары қала көлемінде ор­наласқан барлығы 238 мекемені қамтыды. Нәтижесінде қала әкімдігіне қарасты барлық бөлім­дерде, кент және ауылдық округ әкімдері аппаратында елтаңбалар толық стандартқа сай екені анықталды. Бұл тұрғыдан қа­ла­лық құрылыс бөлімін үлгілі бөлім ретінде атауға болады, - деді қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы.

Оның айтуынша, 3 мекемеге әкімшілік құқықбұзушылық туралы­ хаттама толтырылған. Бірі - «Облыстық наркологиялық орталық» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіп­орны. Жұмысшы топтың ба­ғамдауынша, аталмыш ғимараттың сыртында ілінген ту жыр­тылған. Келесі құқықбұзушылық дерегі  Арай  мөлтек  ауданы  №4 үй, 32-пәтердің тұрғыны Сұлтан Тумашиновқа қатысты. Ол туды орналастыру тәртібін сақтамай, мемлекеттік туды жатын­ бөлмесінің терезесіне перде ретінде таққан. С.Тумашинов қазіргі таңда салынған айыппұл мен хаттаманың негізсіздігін дәлелдеу мақсатында құзырлы органдарға шағымда­нуда. Мемлекеттік ту жыртылып, ескі Елтаңба тұр­ғаны үшін ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Су ресурс­тары комитеті «Қазсушар» шаруа­шылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының «Арал» салыны­п  жатқан кәсіпорын­дарының бірлескен дирекциясы» филиалына әкімшілік жаза көрілген. «Әкімшілік құқық­бұзушылық туралы» Кодексінің 458-бабына сәйкес аталмыш мекеме­ге   453 800  теңге айып­пұл  салынған.

Сондай-ақ, қаладағы 6 білім беру  мекемесіне ҚР Елтаңбасының  ескі стандартының қолданылуы мен тудың ластануына немесе  жыртылуы, ақпараттық стендтердің қате жазылуы бо­йынша «ескертпе» жасалып, кемшіліктер 1 тәулік ішінде қалпын­а  келтірілген.

Мемлекетіміздің мәйегі, дербестігіміздің дәйегі – рәміз­дерге  құрмет қашаннан биік. Бұл – әрбір қазақ елінде тұратын­ азаматтың абыройлы парызы. Енді осы үдеден шықпаған аталмыш тұлға  мен  мекемелер  заң  бо­йынша  жауапқа  тартылуда.

Күн тәртібіндегі екінші өзекті мәселе – азық-түлік бағасының тұрақтылығы. Бұл туралы қалалық ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Ж.Әжі­беков  баяндады. 14 қарашада бөлім тарапынан қала аумағындағы 19 әлеуметтік маңызы бар дүкендердегі азық-түлік өнімдері­нің бағаларына мониторинг жүргізілген. Нәтижесінде 1 айдың ішінде 7 өнімнің бағасы қым­баттағаны расталды. Атап айт­қанда, жұмыртқа 14 теңгеге, картоп­ 10 теңгеге, пастерленген 2,5 па­йыздық сүт 2,9 теңгеге, 1-сортты ұннан  жасалған нан  3   теңгеге, 5-9 пайыздық майлылығы бар сүзбе 5 тең­геге, өсімдік  майы 7 теңгеге, тұз 2 теңгеге  көтерілген. Мәжіліс барысында аталмыш азық-түлік бағаларының көтерілу себептерін бөлім басшысының міндетін атқарушы Ж.Әжібеков саралады. Ол облыста­ құс фабрикасы болмағандықтан, жұмыртқа өнімі қалаға «Бегімбаев» ЖК арқы­лы Қостанай облысынан тасымалданады. Осылайша қазір жұмыртқаның нарықтағы бағасы 24-25 теңгеге жеткен. Бағаның көтерілуі оны тасымалдайтын көліктерге қажетті жанар-жағармай баға­сының өсуінен, қыс мез­гілінде жұмыртқа өнімінің аз өндірілуінен және солтүстік об­лыстардағы өндірілетін жұмыртқа өнімінің Ауғанстан, Тәжікстан, Қырғызстан және Ресей елдеріне көп мөлшерде экспортталуынан екенін  алға  тартып  отыр.

Бүгінде қаладағы жұмыртқа баға­сын  тұрақтандыру мақсатында  бөлім тарапынан бірқатар шара­лар атқарылып жатыр. Мәселен, «Қы­зылорда қаржы компа­ниясы» ЖШС мен Шиелі ауданындағы «Мөлдір и К» ШҚ-ның құс фермасы  екеуара келісімшарт  жасасып, 1 әлеуметтік дүкен жалға берілуде. Сондай-ақ, аталмыш  бөлім басшысының міндетін атқа­рушы Ж.Әжібековтің сөзінше, алдағы уақытта қалаға қарасты Ақсуат­ ауылдық округіндегі 10 гектар жерге асыл тұқымды құс және балапандар өсіру мақсатында фаб­рик­а салынбақ. Құны - 530,0 млн теңге. Барлығы 120 000 бас құс сия­ты­н фабрика құрылысының жұ­мыс­тарын «Самұрық құс фабрикасы» ауыл шаруашылық кооперативі өз қаржысынан осы жылдың мамыр айынан бастап жүргізіп жатыр.­

- Картоп бағасының өсу себебі республика аймақтарында картоп өнімінің өткен жылмен салыстыр­ғанда 13 пайызға төмендеуінен және көтерме жеткізушілердің ақпарат алмасу барысында биылғы картоп өнімін, қазіргі күні ауыл шаруа­шылығы тауар өндірушіле­рінің 1 келі картопты 85-90 теңге аралығында сатып, қалаға келгенше­ 110-115 теңгеге дейін жоғарыла­уында, - деді  Ж.Әжібеков.

Картоп   бағасын   жұртшылық­қа қолжетімді  ету  мақсатында бүгінде «Қызылорда  қаржы компаниясы» ЖШС-нің  айналым қаражатынан Қостанай облысынан 200 тонна, басқа  өңірлерден 120 тонна картоп өнімі алынып, «Мирас» сауда үйінің қоймасы мен әлеуметтік дүкендерде 110 теңгеден  сатылуда.

Сондай-ақ, 2,5 пайыздық пастерленген сүттің қымбаттауының себебі өнімнің өзге өңірлерден тасымалдануымен байланысты. Тұз бағасының шарықтауына өнді­ріске қажетті заттар, яғни қаптамалар,  калий  йоды, пленка  секілді материалдардың өзге елдер­ден қымбат бағада тасымалдануы ықпал еткен. 1-сортты­ ұннан жасалған нан бағасының өсуіне келсек, қала аумағындағы наубайхана иелері коммуналдық қызметтердің тарифтері мен басқа­ да шығындардың қым­баттауына байланысты нан бағасы­н ұстап тұру мүмкін болма­й қалғандығын айтуда. Мәселен, бензин 25 пайызға, автогаз 21 пайызға, электр қуаты 25 пайызға (түнгі арзан тарифтің алынып тасталуынан), газ 5 па­йыз­ға қымбаттаған. Осы себептерден нан бағасын төмендету мүмкіндігі болмай отыр.

30 қазан күні қала наубайханаларының иелерімен кездесу барысында олар «Қызылорда қаржы компаниясы» ЖШС тарапы­нан наубайханаларға 1-сорт­ты арзан бағада босатылатын ұнды вагон басынан алған жағдайда 1 келісін 75 теңгеден, егер жеткізіп беру қызметі қажет болған жағдайда 78 теңгеден, сәйкесінше, наубайхана бөлке нанды 50 теңгеден, бөлшек сауда­да  55 теңгеден асырмай сату  жөнінде  келісім  жасасқан.

Қызылөзек ауылдық округін­дегі бұрынғы ет өңдейтін зауыт қазір «Акмар және К» ЖШС-нің есебіне алынып, күрделі жөн­деуден өтіп, жұмысқа кіріскен. Аталмыш мекемеге тұрақтан­дыру қорынан 60 миллион теңге­ қаржының 24 миллион теңгесі беріліп, осы қаржыға мүйізді ірі қара сатып алып, малдарды бордақылаумен айналысқан. Осы айдан бастап өздеріне бекітілген Титов қыстағы мен С.Торайғыров көшелеріндегі 2 әлеуметтік дүкен арқылы еттің 1 келісі 1300 теңгеден сатылып жатыр.

Қалалық ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Ж.Әжібеков мәлім­деген ақпараттан соң шаһар басшы­сы оған сауда орындарына жүргізілетін мониторингті нақты­лау қажеттігін қатаң тап­сыр­ды. Осылайша азық-түлік бағасын бұқараның қалтасына қонымды ету мақсатында жүр­гізілетін жұмыстарды сарала­ғанда, анық, нақты мәліметті айту­ын  сұрады  қала  әкімі.

Жиын барысында тілге тиек етілген тағы бір түйткіл – шаһарды таза ұстау, қаладағы Тәуел­сіздік даңғылының бойындағы орындықтар мен қоқыс салатын жәшіктердің ұрлануы. Бұл туралы  жауапты  орган  басшыларына  қала  әкімі:

- Ұрлықты қашан тоқтатасыңдар? Жұмыс жүргізу қажет. Болмаса соның басына барып, қоныңдар! Тәртіп бұзғандарды ұстап, бүлінген мемлекет мүлкін қалпына келтірмесеңіздер, өз айлықтарыңыздан жоғалған орындықтарды орнына қоясыздар. Алдағ­ы он күннің ішінде нәтиже болмайтын болса, ұрлықты, күл-қоқыс шығаруды тоқтатпасаңыздар, ренжімеңіздер! - деп қадап  айтты.

Мемлекеттік рәміздер, азық-түлік бағасының тұрақтылығы, мемлекет мүлкін ұрлау жөнінде айтылған аппарат мәжілісінде әдеттегідей жауаптыларға нақты тапсырма жүктелді, «жұмыс жасаймыз­» деген жауапты есті­дік. Ендігі кезек – сөздің іске айна­луында.

Ж.БАҒЛАН

 


СӘУЛЕТ ӨНЕРІНІҢ АЙРЫҚША ҮЛГІСІ PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
23.11.2017 10:48

Ұлттық аспаптардың ішіндегі қасиетті, киелі қобыздың үні сарнап тұратын тарихи орынды білмейтін адам кемде-кем. Ол – Қармақшы  ауданының  орталығы  Жосалы кентінің солтүс­тік-батысынд­ағы 18  шақырым жердегі Қорқыт станция­сына жақын орналасқан Қорқыт ата мемориалдық кешені. Компартияның төбесі көкке жетіп тұрған тұста аудан басшысы қызметін атқарған Елеу Көшер­баев кешеннің тұрғызылуына ерекше ықпал еткен.

Архитектор Б.Ибраев­ пен физик-акустик С.Исатаевтың жобасымен кешен құрылысы 1980 жыл­дары­  басталған. Бала күнімізде үлкендердің аузынан «Қармақшыдағы Қорқыт­тың  кесенесінде  жел  тұрғанда  қобыздың  үні  шығып  тұрады» дегенді жиі  еститінбіз. Балаң көңіл түркі әлеміне ортақ абыз тұлғаның кесенесі­ндегі құдіретті  үнді  естуге құмартып-ақ жүретінбіз. Байыпты ойдың тұжырымын қорыта  келе сарнаған үннің адамның рухани жаңғыруына, шырмалып­ жүрген ой  құрсауынан шығуға, жан дүниеңді байытуға үндеп тұратынын  сезіндік. Осындай  қасиетке ие  кешен еліміздің киелі жерлері­нің тізіміне  енді. Кешен  туралы  айтпас  бұрын  Қорқыт  атаның  кім  екеніне  көз жүгірткенімізді   жөн  деп  санадық.­

 

ҚОРҚЫТ   АТА   КІМ?

Қорқыт ата – түркі халықтарына ортақ ұлы ойшыл, жырау­, қобызшы. Қорқыт ата өмірде ізі, артында әдеби-музы­калық мұрасы қалған тарих­и тұлға ретінде белгілі. Қорқыт атаның өмір сүрген кезеңі туралы ғылымда әр­түрлі болжамдар қалыптас­қан. Алайда зерттеулердің көпшілігі Қорқыт ата Сырдария бойында өмір сүрген оғыз-қыпшақ тайпалық бірлестігінде 10-ғасырдың басын­да дүниеге келген деген тұжырымға саяды. Рашид әд-Дин «Жамиғ Ат-Тауарих» атты тарихи шежіресінде Қорқыт атаны қайы тайпа­сынан шыққан десе, Әбіл­ғазының «Түрік  шежіресінде» оның тегі баят екендігі, оғыздардың елбегі болып, 95 жас­қа келіп қайтыс болғандығы айтылады. Сыр жағасына жақын­ жерде Қорқыт атаның зираты болғанын Ә.Диваев секілді ғалымдар өз еңбектерінде атап өтеді. Ә.Қоңыратбаевтың зерттеулерін­де Қорқыт ата 11-ғасырдың басында дүниеден өткен делінсе, Ә.Марғұланның еңбектерінде ол 7-8-ғасыр ара­лы­ғында өмір сүрді деген пікір айтылады. Қазақ  философиясы  тарихында  Қор­қыт ата – ел бірлігін нығайтқан кемеңгер  қайраткер, түркі дүниетанымының негізін жасаған ғұлама ойшыл, әлемдік ақыл-ой мәдениетінде өзіндік орны бар философ-гуманист ретінде көрінеді. Баба жайындағы аңыздардан оның бо­йындағы үш түрлі өнер ерекше айқындалады. Біріншіден, ол оғыз-қыпшақ ұлысынан шыққан айтулы абыз. Екіншіден, күйші, қобыз сарынын алғаш туынд­атушы өнерпаз. Үшіншіден, әйгілі жырау, оның жырлары оғыз-қыпшақ өмірін бейнелеген әдеби-тарихи­  мұра. Түркі халықтарының фольклорындағы Қорқыт ата туралы аңыз әңгімелердің бірі оның туылуына байланысты. Қорқыт түркілердің оғыз ұлысынан  шыққан асқан сәуегей, бақ­сы,­ күйшілік, жыршылық өнерлерінің атасы  болып  табылады.

ҚОБЫЗДЫҢ    ҮНІ   ЕСЕДІ...

Сәулет өнерінің айрықша үлгісі санала­тын Қорқыт ата ескерткіші темір бетоннан жасалған биіктігі 8 метр, 4 тік стелладан тұрады. Әрбір стелла әр тарап­қа қаратып тұрғызылған құлпы­тастарға ұқсайды. Жоғары жағы кеңейе келіп, шөміш пішінінде түйісетін стелла­лар қобыз  бейнесін  де  меңзейді. Түйісер  түбіндегі  орталық  тесігінде  40 металл түтік бар. Олар жел соққан кезде қобыз сарынымен үндес дыбыс шығарады. Аңыздарда айтылғандай, Қорқыт ата мазарында соққан желге үн қосатын қобыз қойылған. Ескерткіштің ішкі жағы мәңгілік өмір сырын іздеген Қорқыт атаның киелі желмаясының шартарапқа жол тартқан ізін ишара­лайтын «Түйе табан» өрнегімен безендірілген. Әрбір стелланың үшкілдене біткен  төбесі  күмбезге  ұқсатылып, ерекше сәулеткерлік композиция шешім тапқан. 1997 жылы ескерткішті қалпына келтіру, жөндеу жұмыстары жүргізілді. Амфитеатр, қонақүй, т.б. нысандардан тұратын тұтас архитектуралық ансамбль жасалып, мемориалдық кешенге айналды. 2000 жылы кешен жанынан Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің филиалы ретінде Қорқыт ата музейі ашылды. Оның қорында 700-ге жуық экспонат сақталуда. Мұражай экспозициясында Қор­қыт ата өмір сүрген дәуірдің тарихы мен мәдениеті жайлы мәліметтер беретін материалдар қамтылған. Бұл ескерткіш-кешен күллі түркі халықтарына ортақ қасиетті зиярат орындарының бірі бо­лып­ саналады. Сол себептен 2014 жылы мемлекет басшысының тапсырмасымен Қорқыт ата мемориалды кешеніне көркемдік деңгейі жоғары, тарихи-мифоло­гиялық мән-мазмұны терең, архит­ектуралық шешімі заманауи талап­тарға сай соңғы үлгіде жасалған берік  құрылыс  материалдарынан  қайта жаңғырту  жұмыстары (реконструкция) жүргізілді. Кешеннің аумағы ұлғайтылып, көгалдандыру, абаттандыру жұ­мыстары істелген. Мұндағы ғимараттар қазіргі заман талабына сай үлкейтілген. Кешендегі басты ескерткіш – қобыз 8 метрден 12,1 метрге биіктеді. Кешенде жаңадан әкімшілік ғимараты салынып, қызметкерлер қатары да артқан. Бұл  Қорқыт ата кешенінің бүгінгі архите­ктуралық кесенесін әлемге таныту­, оны дүниежүзілік туристік орталы­ққа айналдыра отырып, әлемнің әр түкпірінен Сыр еліне келген қонақтарға Түркі өркениетін кеңінен насихаттау үшін жасалған өзгерістер болатын.

Айдос  Сұлтанмұратұлы, «Қорқыт ата музейі» МКҚК басшысының міндетін уақытша  атқарушы:

- 2016  жылдың 28 маусымындағы облыс­ әкімінің №505 қаулысына сәйкес Қызылорда  облысының  мәдениет, архив­тер және құжаттама басқармасы «Қорқыт­ ата» мемориалды музейі» мемлек­еттік  коммуналдық  қазыныналық кәсіпорны болып құрылды. Оның қорында 2500-ге жуық экспонат сақ­талған. Қорқыт ата мемориалды кешені Қазақстан Республикасының тарихи және мәдени баға жетпес құнды орны ғана емес, ол барлық түркі әлемі үшін халықаралық мәні бар орын екендігін білдіреді. Қорқыт ата кешенінің бүгінгі архитектуралық кесенесін әлемге таныту­, оны дүниежүзілік туристік орта­лыққа айналдыру – басты мақсат. 2016 жылдың желтоқсан айында өткізілген Аддис-Абеба қаласындағы (Эфиопия) ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұрасын қорғау жөніндегі Үкіметаралық комитетінің 11-сессиясында Қазақстан Республикасының ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөнін­дегі Ұлттық Комиссия ЮНЕСКО-ның ұлттық тізбесіне «Қорқыт ата мұра­лары»  номинациясын  енгізуді  ұсынды. Бұл ұсыныс Әзірбайжан, Түрікменстан, Түр­кия елдерінің халықаралық және ұлттық сарапшылары тарапынан қолдау тапты.

Сонымен қатар, 2017 жылы Қорқыт ата мемориалды кешені «ЭКСПО-2017» Халықаралық мамандандырыл­ған көр­месінің туристік маршрутына енгі­зілді. Көрме қарсаңында кешен жанынан  2017 жылдың 20 маусым күні этноауыл ашылып, Швейцария, Жапония, Голландия, Ресей, Түркия, Германия  елдерінен делегациялар келіп, кешенмен  және  этно­ауылмен  танысты.

Сондай-ақ, үстіміздегі жылдың 29 қыркүйегінде  «Қорқыт  және  Ұлы  Дала сазы» атты Түркі Халықтарының фестивал­і өтті. Жалпы, Қорқыттың бүгінгі архитектуралық кесенесін әлемге­ таныту,­ оны дүниежүзілік туристік орта­лыққа  айналдыру – бүгінгі  күннің  талабы­. Сыр еліне әлемнің әр тарапынан келген­ қонақтарға Түркі өркениеті кеңі­нен насихатталуда, кешенге келушілер саны да жыл сайын артып келеді.

 

«ЖЕРҰЙЫҚ»  МЕКЕН

Биылғы жыл еліміз үшін табысты жыл болды десек, қате пікір емес. Өйткені биыл бізде «ЕХРО-2017» халық­аралық көрмесі өтті. Әлемнің әр қиырынан келген қонақтар энергетикалық көрме барысында жаңғырудың жаңа сипатын көріп, болашақтың жарқын екеніне көз жеткізіп кетті. Сондай-ақ, рухани жаңғыру аясындағы елімізд­егі киелі орындарды аралап, қызығушылық кейіптерін жасырған жоқ. Шетел азаматтарының да келіп, та­маша­лаған киелі орындарының бірі – осы мемо­риалдық кешен. Түркі әлемі­нің абызы атанған Қорқыт атаның мемо­риалды кешені тек қазақстандықтардың ғана емес, туристердің де қызы­ғу­шылы­ғын туғызған қасиетті орын. Кешен­ге «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халық­аралық дәлізі ашыл­ған­нан кейін көлікпен келушілер едәуір­ артқан. Мұнда күніне шамамен 20-30 көлік аялдай­ды. Сонымен қатар, Қорқыт  ата кешені «ЕХРО-2017» халық­аралық көрмесіне келген меймандар аялдайтын нысандардың қатарында болды. Қорқыт ата «жерұйық» деп танып­, мәңгілік тыныс тапқан мекен жер шарын­ың әр аймағынан келетін қонақтарды лайықты қарсы алды. «ЕХРО-2017» халықаралық мамандырылған көрмесіне орай облыстың қолөнер шеберлерімен бірлесе отырып, арнайы кәдесыйлар дайындалды. Ұлттық құндылықтарымызды наси­хаттау мақсатында музей қорында сақ­талған этнографиялық экспонаттардан көрме ұйымдастырылды. Әсіресе, қайта жаңғырту жұмыстарынан соң тарихи-мәдени мұраны көруге шетел азамат­тары толассыз  ағылған. Оған қоса кешен­  жанынан  этноауыл ұйымдастырылып, қазақ халқының ежелгі тұрмыс-тірші­лігін, әдет-ғұрпын насихаттайтын шаңы­рақтан шетелдік қонақтар дәм татып­, халықаралық көрме аясында киелі мекеннен қуат алып қайтқан еді.

Тарихтың көзіне айналып отырған Қорқыт ата мемориалды кешені – сұл­басы алыстан мен мұндалаған көрікті де киелі орын ғана емес, ол зиярат етіп келуш­ілерге рухани күш беріп, жігерлендіре түсетін орталық. Кешен тарихы­ның бастал­ғанына небары қырық жыл­ға жуық ғана уақыт болғанымен, әр адам­ға қырық жылдық азық боларлық тәлім беріп, тәрбие сіңіре алатын рухани орын.

Н.ҚАЗИҚЫЗЫ

 


ОТБАСЫН ОЙРАНДАҒАН «ОЙЫН» Болған оқиға ізімен PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
23.11.2017 10:44

Әзілмен  әңгімеміз  жарасып  отырған бізді Жұлдыздың шыр ете қалған телефонының  үні  бұзып жіберді. Ол бір минут деп үнсіз орнынан көтерілді де, тысқа шығып кетті. Сүтпісірім уақыттан  соң бұлқан-талқан болып, жер  жаһанды  жанарымен  жарып  жіберердей   ашуланып   келді.  Мен  еш­теңеге­ түсінбей аңтарылып отырмын. «Тыныш­тық па?» деп сұрауға аузым әрең  барды. Жұлдыз біраз уақыт үн­демей­  отырды  да:

- Қайдан  болсын  тыныштық!? Бұрынғы   енем  мазамды  алып қоймайды. Біресе маған, біресе үйдегілерге­ хабар­ласып: «Баламды сендер бұздыңдар» дейді. Жаңа да сол кісі қоңырау шалған. Бауыржан үйінен кетіп қалыпты. Соны  менен  сұрап жатыр. «Біле­мін, балам  сенің  қасыңда» дейді. Шаршатып бітті бұлар мені! - деп соңғы сөзін  тістеніп  тұрып  айтты.

- Тоқта,  тоқта, бұрынғы енем деге­нің  қалай?

- Иә,  бұрынғы. Енді баласымен ажырас­ып  кетсем  не  деп айтуым керек? Осы уақытқа дейін «Мама» деп асты-үстіне  түспейтін  шығармын.

- Жұлдыз, тұра тұршы. Мен сенен оны сұрап тұрғаным жоқ. Ажырасып кеткені  қалай? Сен,  сен  Бауыржанмен айырылысып  кеттің  бе?

- Иә.

- Қашан? Сендердің отау құрған­дарына 1 жыл да болмады ғой. Не болды?­  Не  жағдай?

- Түуһ,  Ақмарал. Сұрайтыны бар ма? Осы  сұраққа  жауапты  айтып, айтып мен  де  шаршадым. Біресе  анау  сұрайды, біресе  мынау  сұрайды. Осы мен маңдайыма «Бауыржанмен  ажырасып  кеттім» деп  жазып  қоямын-ау!

- Жұлдыз, мен саған олай жазып қой демеймін. Бірақ мән-жайды ұғындырып айтсаңшы. Бәсе, қалада қайдан адасып жүр десем сені? - деп мен бұр­тиып­  отырдым да қалдым.

Кеше ғана оң босағадан ұзатылып, сүйген жарын тауып, дүркіретіп той жасаған  сыныптасымның  отау  құрғанына бір жыл болмай ажырасып кетуі көңілімді түсіріп жіберді. Сол жерде сыныққа­ сылтау таппай, жыларман күйде  әзер  отырмын.

- Мақұл, айтайын. Бірақ, Ақмарал, сен де Бауыржанды ақтап алып шығамын  деп  ойлаушы  болма.

- Айтшы  енді?

- Мәселе  былай, Бауыржан екеуміз үйленбей тұрғанда мен оның автомат, яғни ойын машинасын ойнайтынын біліп қойдым. Тіпті бір-екі рет ұстап алдым.­ Бірақ, ол қоямын, енді ойнамаймын деп уәде берді. Мен де сол сер­тін­е сендім. Кейін ойнап жүргенін бай­қама­ған соң қойған екен ғой деп топшыладым. Ал, тойдан кейін бұл тұжырымның қате екеніне көзім жетті. Екі күн өтпей-ақ ол таңның атысы, күннің батысы құмар ойынынан шықпайтын болды. Бір күні кеш келсе, ал бірде мүлдем жоқ болады. Тапқан-таянғанын сол «бәлеге» құртады. Ал енем болса маған келіп: «Баламның маңдай терімен тапқан ақшасын сен құртып отырсың» деп жекіп кетеді. Өйткені, олар білмейді ғой баласының құмар ойнайтынын. Менің де айтқым келмеді. Ана мен баланың арасына от салғандай болмай­ын  дедім. Тұрмысқа шыққан күннен бастап күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылдым. Апта сайын төркініме келіп тұрдым. Онда да мені Бауыржан жіберетін. «Әкеңнің ақшасы көп қой, бар да алып келші» дейді ғой маған ұятсыз. Ақмарал, мен таңғаламын, адамды тану деген мүмкін емес екен. Қазақ: «Астыңдағы атыңа, қойныңдағы қатыныңа сенбе» деп бекер айтпаған ғой. Мынау өмірде ешкімге сенудің қажеті жоқ па деп қалдым. Кім ойлаған иә, бірге жүріп, бір шаңырақта тұрып  жатқан адамың сені сатып, опатқа­ ұшырататынын? Қойшы, тегі. Менің Бауыржаннан әбден көңілім қалды. Енді оның түрін көру былай тұрсын,  атын  да  естігім  келмейді.

- Жұлдыз, сен не айтып отырсың? Сен кәдімгі Бауыржанды айтып отырсың ғой, иә? Ол сырт көзге сүттен ақ, судан таза болып көрінеді екен онда.

- Бұл түк емес қой. Одан кейін не болғанын сен сұрама, мен айтпайын. Қысқасы былай, мен жүкті екенімді білгеннен  кейін төбем көкке жеткендей болып, Бауыржанға айтуға асықтым.  Ал, ол қарағым не дейді дейсің ғой. «Оны асырайтын шама жоқ, алдырып  таста» деді. Бұндай безбүйректігіне не дерсің? Бірақ, мен алдырмайтынымдығымды айттым. Дегенмен тағдыр маңдайымызға бала сүюді жазбапты. Құрсақтағы шақалақтың уақыты екі ай болса да, әлі жетілмепті. Содан кейін ота үстеліне жатып, баланы алдырып тастад­ым. Осыдан кейін ата-анам мұнымен тұрмайсың деп алып кетті. Міне, бір айдың жүзі болды үйдемін. Қалаға нағашыларым шақырған соң келген едім. Бір жағынан бойың сергісін деген, екінші жағынан елдің әңгімесі басылсын деген ой болды. Міне, құрбым жиырмаға енді жеткен сыныптасың тағдыр­  тауқыметін  тартып  үлгерді, - деп үніндегі өкініш пен қайғыны көмейіне  жасырып,  алдындағы  кесесін қолына  алды.

Мен не дерімді білмей үнсіз ғана отырдым. Мұндай сәтте бір нәрсе деудің өзі қателікке ұрындыратын сияқты­. Тек «Ішімдегінің бәрі тілімде, тілімдегінің бәрі түрімде» деген сыңай танытып, Жұлдызға бажырайып қарап отырдым. Ол болса бетінің ұшы ғана қызарып, көзі сәл-пәл жасаурап кетті. Бірақ  демде  есін  жинап алды. «Иә, мен  білетін Жұлдыз болса, қинал­ғанын, көз жасын жұртқа жария етпейді. Тек  ішінен  ғана  тынады, ал сырт көзге  әркез  күліп  жүреді» деп ойладым іштей. Бұдан да бөлек ой оралымдарыма талай дүниелер­ келіп, біресе Бауыр­жанды, біресе  Жұлдызды кінә­лаумен  болдым.

Деректерге сүйенсек, адамның діңгегі берік отбасы болып қалыптасып кетуі 5 жыл бойы сына­лады  екен. Ал, бұлардың отасқандарына бес-ақ ай болды. Екеуі қол ұстасып жүргенде  неке  қиғанша асығып еді, енді міне, айырылысып тынды. Тіпті бір-бірін көргісі жоқ. Сонда құдіретті сезім  саналатын  махаббаттың  көк тиын құны  болмағаны ма? Ал, бір-біріне деген­ сыйластық ше? «Жанұя боламын десең, жаныңдағы жарыңды сыйлап, құрметте» деген сөздерін анам тұрмыс құрған тәтеме талай рет айтқаның құлағым­ шалған еді. Ал, Жұлдыз бен Бауыржа­нның ата-анасы не істеді? Ұлдың анасы келініне күн бермесе, қыздың анасы алып кетемінге басты. Қазіргі қоғамда ажырасу саны онсыз да еселеніп тұрған жоқ па? Сол сандардың біріне менің сыныптасымның да үлес қосқаны  қандай өкінішті? Тәр­тіпке көнбейтін адам болмайтын еді ғой, Абай атамыз: «Егер маған би­лікті берсе, ең бірінші мінезді өзгертуге болмайды деген адамның тілін кесер едім» демеп пе еді? Ал қазақта «Аюға нама­з үйреткен таяқ» деген­ тәмсіл бар. Осы сөздерге қарап, мінезді де, әдетті де қалыпқа келтіруге болатынын ұғынамыз. Ал Жұлдыз бен Бауыржанның бұл сөз­дердің төркінін түсіне алмай кеткені өкінішті. Ол екеуі «Үп» деген тағдырдың кішкене ғана сынына­ төтеп бере алмай, екіге бөлінді. Бұл екеуі де үйленудің оңай екенін, үй болудың қиын екенін түсіне алмады. Ең өкініштісі, түсіндіретін жан баласы табылма­ды.

Жұлдыздың телефоны тағы да шырыл­дады. Ол енді сыртқа шығып, жасырынб­ай, үстел басында емін-еркін сөйлесіп отыр. «Мама, мен айттым ғой Бауыржанды ажырасқалы көрмедім, маған ол бұдан былай керек емес!» - деп тұтқаны  қоя  салды.

Осынша оқиға, ашу, реніш, өкініш толы құрбымның өмірі көз алдымнан көлбеңдеп өте шықты. Үнсіз отырмын. Ойымда бір ғана сұрақ тұр. Екеуі бір-бірін шын сүйді ме екен?...

 

(Кейіпкерлердің   есімдері  өзгертілген.)

Маржан  ҚҰРМАНҒАЛИЕВА,

Қорқыт  ата  атындағы

ҚМУ-дың  студенті

 


БІРЛІГІ БАҚЫТҚА ЖЕТЕЛЕГЕН PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
23.11.2017 10:42

Қазалы ауданында биыл 100 жылдығы тойланған батыр Ү.Түктібаев ауылында қарапайым ғана ауыз­бір­шілігі жарасқан, елге сыйлы отбасы бар. Ол – Әлменовтер әулеті. Асқар тау әкем Әли мен анам Айжан дүние­ге 9 бала әкеліп, оларды азамат­ етіп ел қатарына қосқан асыл жандар. Бар білген-түйгенін балаларына­ үйрететін әкеміз – текті адам. Жастайынан еңбекке ерте араласқан ол қалтарыс-бұлтарысы көп өмірдің қиындығын көп көрген. Кейбір сүреңсіз күндер мен сәтсіздіктерден оны тек қажырлы еңбегі, қайраттылығы алып шықты деп пайымдаймын. Тоғыз баланы дүниеге әкеліп, шаңырақты шайқалтпай, ошақтың отын сөндірмей, осы кезеңге дейін келгені  ұрпақтарының  алдында  үлгі-өнеге.

Әкем анаммен 1965 жылы күз айын­да отбасын құрған. Сол кездегі колхоз құрамына жұмысқа тұрып еңбек етеді. Еңбек жолын күріш егіп, звеновод болудан бастаған әкем егіншіліктің  түрлі қыр-сырын мең­ге­реді. Жыл сайын мол өнім алғаны үшін еңбегі еленіп, мақтау грамоталарымен  марапатталды.  Ал  анам сол  тұстарда колхоз  құрамында  аспаз­  қызметін атқарып, қыс мез­гілінде ауыл құрылысында сылақшы болған. Тәуелсіздік алып колхоз тараға­ннан кейін әкем егін шаруашылығымен айналысып, анам мен бауырларым әкеме қолғанат болатын. Көктем басталғаннан балала­рының несібесі үшін тыным таппайтын әкем кетпенін алып көкөніс­тер­дің, дәнді-дақылдардың барлығын өсіретін. Кішкентайынан еңбекке бейім оның шаршағанын көрмедік. Күздің күні егістік піскеннен кейін отбасымен бірге жинап алып, өз қажеттіліктеріне жаратып, ауысқанын ақша қылып, заманының қиын тұсында күндерін адал еңбек жолымен көрген. Әкем еккен бақша жыл сайын жайқалып өсетін. Анам да үйде құрқол отырмайтын. Құрт-майы­н жасап, дастарқанынан дәм үзілдірмейтін. Алыс-жақын туыс­тарымен етене араласып, қолдау білдіру – олардың сүйікті ісі. Бір-біріне деген сыйластықтары еш ортайғ­ан  емес.

Биылғы жыл отбасымыз үшін ерекше есте қалмақ. Себебі, әкем мен  анамның  отау құрғанына  52 жыл толды. Сондай-ақ, әкем – 76 жасқа, анам – 69 жасқа келіп отыр. Алланың қалауымен жарық дүниеге әкелген 1 ұл, 8 қызының ішінен 1 қыз шеті­неп кеткен. Бүгінде 20 немере, 7 шөбере сүйіп отырған бақытты ата-әже. Шөбересінің қолынан су ішкеніне шүкір­лік етуден танға­н емес. Балалары­на  тура жол  көр­се­тіп, адалдыққа  тәрбиелеген еңбегі­нің жемісі деген осы болар.

Әкемнің  тағы  бір қасиеті – ата­дан­ балаға жалғасып келе жатқан емші­лігі. Оның емшілігін дарияның арғы бетіндегі халық жақсы біледі. Талай жанның жанына араша түсіп, ауырып ем іздеп келгендердің алғысына бөленді. Ешкімді бөліп-жармай барлығына тең қарайтын ол емделуге келген адамдардың бетін қайтармай, күліп қарсы алатын. Тәңірден сыйға берілген қасиетті халық игілігіне жаратқаны үшін риза. Ал көпшілік дертін­е  дауа  тапқаны үшін әкеме алғысы  зор.

Ата-ана үшін балалардың саны көп  болғанынан  бұрын  оған  өмірі­не қажетті  рухани  бағыт-бағдар, тәр­бие бере алуы зор мақтаныш. Балаға ең  жақсы тәрбие алдымен ата-анасы екенін ескерсек, олардың сөзінен бұрын ісіне қарап-ақ тағылым алдық. Себебі, жақсы мінез, жақсы іс – өнеге. Қазір біз алдымыздан қандай келеңсіздік кезіксе де, сабырмен қарсы алып, мойымауды үйрендік. Бұның барлығы ата-анамыздың арқасы­.

Әке-шешені құрметтеу – барлық перзенттің міндеті. Ал біз сол мін­деттің маңдайымызға бұйырғаны үшін  бақыттымыз!

Айгерім   ӘЛИ

 



<< Бірінші < Алдыңғы 1 2 3 Келесі > Соңы >>

Күнтізбе

< Қараша 2017 >
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 23 24 25 26
27 28 29 30      

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары