Өзекті мәселелер

  • 19.12.19

    Кешегі даласында абақ­тысы жоқ, бес қаруы белінде жүрсе де жауынан өзгеге қару жұмсамаған заманда елдің бір-біріне өкпесі, кеткен есесі болмады дейсің бе? Болды ғой. Бірақ, сол заманның өзінде қойнындағы қаруға тұра ұмтылмай, әділдікті, ақ пен қараны шешетін әулеттің үлкені не ауылдың ажасы, оған көнбей жатса, елдің қожасына жүгінді емес пе? Дау бұған да бөгет бермеген кезде биге барып соңғы ше...

    Толығырақ...
  • 19.12.19

    Ақыл  жетпес

    Адамның ақылы өлшеусіз мол. Алайда сол ұлан-ғайыр, шексіз ақылыңның кейде кішкентай, уақ-түйек мәсе­лелерді шеше алмай, тұйыққа тіреліп, жол таба алмай, адасып­  жүретініміз  қалай?!

    ...
    Толығырақ...
  • 19.12.19

    «Кувад синдромы» туралы бұрын-соңды естіп пе едіңіз? Мүлдем естімеген болуыңыз да мүмкін. Бұл – ер адамның жүкті әйел секілді күй кешуі. Мұндай да болады. «Кувад» сөзі француздың «couver» деген етістігінен шыққан, яғни қазақшалағанда «жұмыртқа басу» дегенді білдіреді. Бұл синдром екіқабат әйелдің күйеуінде жүктіліктің үшінші айында басталып, сәби дүниеге келгенге дейін жалғасуы ықтимал....

    Толығырақ...
  • 19.12.19

    Шырылдаған бала дауысынан селк ете қалған олар өздері секілді тағы бір күнә­сіз­дің жетім қалғанын сезді. Сәбиді түннің бір уағында тауып­ алған тәрбиеші дереу төсекке жатқызып, жұбата бас­тады. Әбден жылай-жылай көзінен жасы сарқылған баланың демі бітіп, әрең тыныс алады. Көздері жәудіреген бір топ баланың естісі аузындағы емізікті жұлып алып, апайына ұстатты. Жанаршылықпен қараған оның ересек...

    Толығырақ...
  • 19.12.19

    Поэзия

     

    Ботадай боздап аспан жылайды,

    Алдайды бәрін түлкі үміт.

    Жапырақтардан жас тамшылайды,

    Жапырақ жүрек бұлқынып. ...

    Толығырақ...
Дүйсенбі, 20 Қараша 2017

Кәсіпкерлерге дүниежүзінде онлайн сауда жасау мүмкіндігі туды PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
20.11.2017 17:18

Егер сіз сауда компаниясы, дилер, тауар өндіруші, жеке кәсіпкер болсаңыз, онда дүниежүзі бойынша онлайн сауда жасау мүмкіндігіңіз туып тұр.

Бұл туралы Кәсіпкерлер палатасының алаңында өткен «Онлайнға шығып, дүниежүзінде сауда жаса» атты бизнес-семинарда «Zoodel» компаниясының сату жөніндегі директоры Азамат Мұхаммед айтты.

Оның айтуынша, 2017 жылдың соңына дейін Қазақстанда жаңа ZoodMall.kz В2С сауда алаңы іске қосылып, өндіруші компанияларға, дилерлерге, белгілі қазақстандық және дүниежүзілік сауда маркаларының өкілдеріне тауарларын тікелей ұсынуға мүмкіндік береді. Бұл - қазақстандық тұтынушылар мен бөлшек сауда нарығындағы шағын және орта бизнес үшін жаңа мүмкіндіктер.

Биылғы жылдың 13 қарашасы мен 22 желтоқсаны аралығында «Атамекен» ҚР ҰКП-ның қолдауымен Zoodel мен «Қазпошта» Қазақстанның он сегіз қаласында «Онлайнға шығып, дүниежүзінде сауда жаса» атты бірқатар білім беру бизнес-семинарларын өткізуде. Білім беру науқанының мақсаты - қазақстандық компанияларға өнімдерін ZoodMall.kz арқылы бүкіл әлемге сатуға көмектесу.

Семинарда ұйымдастырушылар ZoodMall.kz интернет-алаңдары арқылы заманауи сату құралдарымен таныстырды. Компанияның өкілдері «ол жерде жұмыс істеу өте оңай: алдымен тіркеліп, ZoodMall командасының растауын алу қажет. Одан кейін тауарларыңызды барлық ақпаратты (сипаттамасын, жеткізілім көлемін, бағасын, суретін, т.б.) көрсетіп, оны бүкіл дүниежүзінде және ел ішінде тұтынушыларға сата аласыз», - дейді.

ZoodMall.kz – сатушылар мен өндірушілерге ел ішінде сатуға және тауарларды ең ыңғайлы жолмен экспорттауға мүмкіндік беретін Zoodel мен «Қазпоштаның» бірлескен кешенді шешімі.

Бұл сауда құралының ішіне:

– оқыту және электронды коммерция үшін арнайы шешім беру;

– ШОБ-ты Қазақстанның және одан тыс жердің сату тәсілдеріне үйрету;

– тауарларды ZoodMall.kz сайтына мобильді жасақтама арқылы салу;

– дүниежүзілік халықаралық В2С сауда алаңдары (eBay, Amazon, Lazada, Cdiscount, т.б.) арқылы ZoodMall сайтына салынған барлық тауарларды таныту.

Бұл күнделікті жүздеген миллион сатып алушыларға қазақстандық өндірушілердің тауарларына қол жеткізуге мүмкіндік береді.

Толығырақ ақпарат алу үшін е-mail: Бұл e-mail спам-боттардан қорғалған, оны көру үшін сізде Javascript қосулы болу керек kz поштасына немесе 8 778 817 63 64 байланыс телефонына хабарласуға болады.

Қызылорда облысы

кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі

 


Жоба қолдау тапты PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
20.11.2017 17:02

Жақында Қызылордада «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы аясында тағы бір жоба қолдау тапты. Нақты айтқанда, жаңадан кәсіп бастаған Ұлмекен Құрмантаева Қызылорда қаласының тұрғындары мен қонақтарына сапалы қызмет көрсететін шағын әрі жайлы қонақүй ашуды армандап келді. Жоспарының жүзеге асырылу жолдары туралы ақпарат алу мақсатында кәсіпкер «Даму» қорының Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығына келіп, аталмыш бағдарламаның шарттары туралы естіді. Орталық кеңесшісі Гүлжан Ақатаева бағдарламаның шарттарымен таныстырып қана қоймай, кәсіпкердің жобасын қаржыландыруға дейін екінші деңгейлі банкке сүйемелдеу қызметін көрсетті. Нәтижесінде облыс орталығындағы «АТФ Банк» АҚ филиалы жеке кәсіпкер Ұлмекен Құрмантаеваның жобасын мақұлдап, «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы аясында 6% сыйақымен 18 млн теңге несие қаражатын бөлді.

- Мен жаңа бағдарламамен жеңілдетілген несие алғаныма қуаныштымын. Несие қаражатына 20 орындық шағын қонақүйді ашып, қонақтарға таңғы ас, тегін Wi-Fi қызметі мен автотұрақ қарастырылған қызметтерді ұсынуды көздеп отырмын. Жобамның сәтті жүзеге асуы нәтижесінде жаңа жұмыс орындары ашылады. Қазіргі таңда мемлекетіміз тарапынан бастауыш кәсіпкерлердің стартап жобаларына көрсетіп жатқан қолдауына ризашылығымды білдіремін, - дейді жеке кәсіпкер.

Айта кетейік, «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы аясында бизнесті бастау немесе оны дамыту мақсатында Қызылорда облысы бойынша «Сбербанк» АҚ, «Қазақстан Халық Банкі» АҚ және «АТФ Банк» АҚ сынды екінші деңгейлі банктерден несие рәсімдеуге болады. Бағдарламаға жұмыссыз, бастауыш және әрекет етуші кәсіпкерлер қатыса алады. Қаржыландыру бағыты сауда саласының айналым қаражатын толтырудан басқа кез келген бизнес түріне беріледі. Несие бойынша сыйақы мөлшері 6 пайыз ғана.

Аталған бағдарлама бойынша толық ақпарат алу үшін немесе өзге де кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған бағдарламалар қатысты «Даму» Қорының Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығына келіп немесе 55-11-18 телефоны арқылы кеңес алуға болады.

Гүлзат  КӨЛДЕЕВА,

«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Қызылорда облысы бойынша аймақтық филиалының менеджері

 


Аралда титан өндірілетін болады PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
20.11.2017 14:55

Бұл ауданды Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі жұртшылық жақсы біледі. Одан арысы әлемдік деңгейде де танымалдығы бар. Олай деуімізге себеп, бұл жерде төрткүл дүниеге аты мәшһүр Арал теңізі бар. Бір кездері жер бетіндегі жақын-жуық елдерді бір “сілкіп”, алаңдатып қойғанын айтпағанда, әйгілі теңіз төскейі талай дарынның түлеуіне себеп болды. Теңізден тыныс алған, кіндігін Аралмен байланыстырған халық бар мұнда. Әңгімемізге арқау болған Арал ауданының басшысы Мұхтар Оразбаев өткен аптада облыс орталығына арнайы ат басын бұрып, алыстағы ағайынның хал-ахуалынан, тұрмыс-тіршілігінен хабардар еткен еді.

Үйің болмаса, күйің болмайтыны бесенеден белгілі жайт емес пе? Сондықтан, баспанасыз жүрген қазақтың ең болмағанда біреуі күйлі болып жатса, әр қазақ үшін бөрікті аспанға ататындай жаңалық деп білеміз. Биыл 12 272 шаршы метрді құрайтын 111 тұрғын үйдің пайдалануға берілуі аудан тұрғындарын қуанышқа бөлегені рас. Сондай-ақ, “Қолжетімді баспана-2020” бағдарламасы аясында Арал қаласында 2 бір пәтерлі коммуналдық-арендалық тұрғын үй салынып, “2020 жылға дейінгі Өңірлерді дамыту” бағдарламасы бойынша 11 кондоминимум нысаны күрделі жөндеуден өткізіліпті. 14 нысанның құрылысына 3,3 млрд теңге қаржы бөлінген. Жалпы, аудандағы жүргізіліп жатқан құрылыстың қарқыны қатты. Жыл басынан бері Көктем, Үкілісай, Ақбұлақ, Ерімбетжаға және Ескіұра апатты жағдайдағы негізгі мектептерінің ғимараттары пайдалануға берілсе, Құланды орта мектебі жыл соңына дейін жаңаланады деп күтілуде. Одан бөлек, 150 орындық орталық аурухананың, Сексеуіл кентіндегі дене шынықтыру-сауықтыру спорт кешені мен полиция бөлімшесінің және 3 спорт алаңының бой көтеруі аудан халқы үшін елеулі жаңалық болып отыр.

- Арал ауданында негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі қаңтар-қыркүйек айларында 5774,0 млн теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 2,6 есеге артты. Есепті мерзімде 529,9 млн теңгенің, жалпы алаңы 12,3 мың шаршы метрді құрайтын 120 жеке тұрғын үй пайдалануға берілді. Негізі, жыл басынан бері ауданда 7172,0 млн теңгенің құрылыс жұмыстары жүргізілді, - деді Арал ауданының әкімі Мұхтар Оразбаев брифинг барысында.

Өңірде өнеркәсіп саласының өркендеуі де байқалады. 2017 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында өнеркәсіп өндірісінің көлемі 6682,4 млн теңге болған. Негізінен өнеркәсіп өнімдері “Аралтұз” АҚ-на және “Қамқор локомотив” ЖШС-нің үлесіне тиесілі. Тау-кен өндірісінде 861,1 млн теңгенің өнімі өндіріліп, 137,6 пайызды құраған. Және биылғы есепті мерзімде 83,9 мың текше метр топырақ өндіріліп отыр.

Шағын және орта бизнес саласында 3975 субъекті тіркелсе, оның 270-і заңды тұлғалар, 3252-сі жеке кәсіпкерлер және 453-і шаруа қожалықтары болып табылады. Осы күні аталмыш субъектінің 81,9 пайызы жұмыс істеп тұр. Индустрияландыру шаралары аясында ауданда “Жаңа Арал” ЖШС 131,5 млн теңгенің “Қаптама кірпіш өндіру” жобасы мен “Аралқұрылыс” ЖШС “Асфалть-бетон зауыты” жобасы іске асырылуда. Сонымен қатар, қаржы институттары арқылы қаржыландыру жұмыстарының нәтижесінде бүгінгі күні аудан кәсіпкерлері 706,3 млн теңге көлемінде несие алып, кәсібін дөңгелетіп отыр.

Басты жаңалықтардың бірі ауданда келер жылы титан өндіретін кен байыту комбинаты салынбақ. Өңір үшін ерекше жоба республикалық индустрияландыру картасына енгізілген. Құны 3,4 млрд теңгені құрайтын құрылысты “ЖакНұр” ЖШС жүргізеді. “Қазақстан Даму Банкі” мен жергілікті инвестор бірігіп қаржыландыратын комбинат жылына шамамен 250-300 тонна өнім шығарады деп күтілуде. Титанның негізгі бөлігі зымыран-ғарыш өндірісінде және химиялық, биомедициналық, зергерлік өнеркәсіпте кеңінен қолданылады.

- Шикізат негізінен жергілікті жерден қаралып жатыр. Арал өңірінде ашылмаған әлі де элементтер көп. Жалпы айтқанда, Менделеевтің барлық элементтері осы бір ғана Арал өңірінен табылуы мүмкін. Қазір жер қыртыстарына зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Осы күні аудандағы Ақеспе елді мекенінде жерасты ыстық суы ағып тұр. Міне, осының да құрамын зерттеу жұмыстары басталды, - дейді аудан әкімі.

Солтүстіктегі ең шеткі аудан саналатын Арал өңіріндегі ауыл шаруашылығының хал-ахуалы әмбеге аян. Мұндағы жұртшылық соқасын күн астында тұралатпай қам қылуға әзір. Десе де, табиғи жағдай бұған әжептәуір қиындық тудыруда. Сондықтан аралдықтар мал шаруашылығын мықтап қолға алғалы қашан? Өткен айдағы мәлімет бойынша ауданда қой мен ешкі саны – 103417, жылқы – 27451, мүйізді ірі қара – 47242 және түйе 25629 басты құраған. Жалпы, ауыл шаруашылығы саласында 2 толық серіктестік, 8 жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, 1 мемлекеттік мекеме жұмыс істесе, 449 шаруа қожалығы тіркелген. Биылдың өзінде ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 3527,0 млн теңгені құрады. 2017 жылдың 9 айында 2597,2 тонна ет, 6201,6 тонна сүт, 78,4 мың дана жұмыртқа дайындалыпты. Жыл басынан бері 3370 тонна су маржаны ауланып, 2286 тонна балық өңделген. Балық шаруашылығының дамығанын алыс-жақынды шетелдермен қатар, Еуропа елдеріне де экспортталғаныннан байқауға болады.

Биыл ауданда жол мәселесіне байланысты 18 жобаны іске асыруға 1,4 млрд теңге қаржы бөлінді. Ол қаражатқа аудандық маңызы бар Сазды, Райым-Водокачка елді мекендеріне кіреберіс автокөлік жолдарын салу, “Арал-Әуежай-Жалаңаш” автокөлік жолын қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Бұдан бөлек, Қызылжар елді мекені тұсындағы Сырдария өзенінің үстінен қалқымалы көпір құрылысы басталды. Өңірдегі қылмыстық ахуалға келсек, аудан бойынша бүгінге дейін 256 қылмыс тіркеліпті. Өкінішке қарай, өткен жылмен салыстырғанда көрсеткіш 6,6 пайызға өскен.

Еліміздің болашағы – сауатты һәм салауатты жандардың қолында. Білім саласында аралдықтар өткен жылы облыста үздік үштіктен көрініп, 39 “Алтын белгі”, 9 үздік атестат иегері шықты. Сондай-ақ, денсаулық саласындағы жаңалықтар мен сандар да көңіл қуантарлық деңгейде. Биылғы жылдың алғашқы он айында ауданда 1415 сәби дүние есігін ашқан. Өткен жылмен салыстырғанда демографиялық өсім байқалады. Сонымен қатар, қан айналымы жүйесі аурулары бойынша алғаш рет тіркелген аурулар саны 3446-дан 2477-ге дейін азайған.

Аудандық мәдениет үйі мен мәдениет мекемелері арқылы жыл басынан бері республикалық, облыстық деңгейдегі 865 мәдени іс-шара және қоғамдық-саяси шара өткен. Әлімсақтан өнер мен дәулет қонған жер ұлыларын ұмытпай, тиісінше ұлықтауды дәстүрге айналдырып келеді.

Аралдықтар үшін тағы бір жыл жаңалығы Жастар ресурстық орталығының жұмысын бастауы еді. Жастарды қолдау шараларына 2,4 млн теңге бөлінген. Мұндағы жұртшылықтың 20 мыңынан астамы, яғни 26,2 пайызы 14 пен 29 жас аралығындағы жандарды құрайды. Сондықтан мұны жастарға деген көмектің, жастарға деген қолдаудың бастамасы деп түсінген жөн.

Брифинг барысында аудан әкімі Мұхтар Әуесұлының санасында ауданға қатысты сандық мәліметтердің сайрап тұрғанын байқадық. Шыны керек, таңырқай да қарадық. Өйткені, баяндамадан бас алмай оқып шығатын басшылардың әрекеті біздің көз алдымызда жатталып қалған-ды.

Рыскелді  СӘРСЕНҰЛЫ

 


ҚЫЗЫЛОРДАДА ЖАСТАР ФОРУМЫ ӨТТІ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
20.11.2017 13:46

18-19 қарашада Қызылордада "QYZYLORDA: БІЛІМ. БОЛАШАҚ. ЖАҢҒЫРУ" атты ХІІI жастар форумы өтті. Форумға жастар көшбасшылары және еліміздің өзге өңірлерінің белсенділері қатысты.

Форумның пленарлық отырысында облыс әкімі Қырымбек Көшербаев жастарды қолдауға байланысты атқарылып жатқан жұмыстар жайында айтты.

«Өңірде мемлекеттік жастар саясатын дамытуға бағытталған «Жол картасы» мен кешенді жоспарлар қабылданып, 60-тан астам әлеуметтік жобалар іске асырылуда. Қызылорда облысы - республика бойынша жастар саясатына қаржы бөлуден бірінші орында.

«Ағымдағы жылы облыстағы 6000 мектеп түлегінің 97%-ы жоғары және орта арнаулы оқу орындарына түсті. Біз үшін 97% - бұл білім саласының жетістігі, балаларымыздың жарқын болашағы ғана емес, олардың маргинал жастар қатарын толықтырмайтынына, өмірде өз орнын табатынына деген сенімділік", - деді аймақ басшысы Қырымбек Көшербаев.

Сонымен қатар, пленарлық отырыста саясаткер Айдос Сарым, Халықаралық ақпараттық технология университетінің проректоры Раис Өскенбаева және "Инновациялық технология Паркі" автономды-кластер қорының басқарушы директоры Әлжан Бірәлиев қатысып, өз пікірлерін айтты.

Форум аясында "ХХІ жаңа шақыртулары" және "Қоғамдық ой-сананы жаңғырту" секция отырыстарына спикер ретінде облыстағы жаңа технология және әлеуметтік саланың сарапшылары қатысты. Сондай-ақ, форум делегаттары аймақтың Жастар ресурстық орталығын көріп, жұмысымен танысты.

Атап өту керек, облыстық Жастар ресурстық орталығы жобалық басқару жүйесімен жұмыс істейді. Жыл басынан бері мемлекеттік шығынсыз 12 бағыт бойынша жобалар жүзеге асуда.

Жастар орталығының ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген, онда коворкинг-орталық, психолог кабинеті, түрлі спорт секциялары ашылған. Сонымен қатар, орталықта ағылшын тілі, компьютер және құқықтық сауаттылық, бейнетаспагер курстары бар. Бүгінде 300-ден астам жас қосымша даярлық курсын бітірді.

Келер жылы Сырдарияның сол жағалауынан "Жастарға қызмет көрсету орталығы" пайдалануға беріледі.

Форум аясында Н.Бекежанов атындағы облыстық драма театрында Қазақстанның 7 өңірінен келген командалардың қатысуымен облыс әкімінің Кубогына арналған республикалық "Жайдарман" ойыны өтті. Қызылорда ойыншылары алғашқы үштікке енді ("Қызылорда" командасы, 3-орын), Ақтөбе ("Фемида", 2-орын) және Батыс Қазақстан ("Грант", Орал қаласы, 1-орын).

Айта кету керек, 2013 жылы облыста дарынды жастар мен тұрмысы төмен, көпбалалы отбасыларының балаларына аймақ басшысының арнайы білім гранттары беріліп келеді. Бүгінде оны 694 түлек иеленді. Сонымен қатар, "Серпін" бағдарламасы бойынша 4 мың қызылордалық жас білім алуда.

Ерекше атап өтетіндігі, облыстың 452 мектеп түлегі Ресей Үкіметінің жетекші техникалық оқу орындарының гранттарына қол жеткізді. Келер жылы 76 жас оқуын бітіреді. Олардың жұмысқа орналастыру бойынша мәселе туындамайды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

 


Судың тамыршысы, еңбектің әміршісі PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
20.11.2017 12:25

Біз – ер еңбегін ұмытпаған, есімін ұлықтаған халықпыз. Сондай мақтан етуге лайық тұлғалардың бірі – Сабыр Арыстанбаев. 1932 жылы Шиелі ауданында дүниеге келіп, 1953 жылы Алматы қаласындағы ауыл шаруашылық институтын инженер-гидротехник мамандығы бойынша бітірген тұлғаның өмір жолы қалың көпшілікке үлгі-өнеге. Еңбек жолын шәкірттерді шыңдау жолында тер төгумен бастап, одан кейін көптеген лауазымды қызметтерді атқарған. Атап айтсақ, 1962-1965 жылдары Қызылорда су құрылысы мекемесінде бөлім бастығы, 1965-1966 жылдары КСРО Су шаруашылығы министрлігінің жобалау-ізденіс экспедициясының бас инженері, 1967-1991 жылдар аралығында Қызылорда облысы су шаруашылығы мекемесінің бас инженері, бастығы болды. “Еңбек Қызыл ту”, “Халықтар достығы” орден-медальдарымен, 2012 жылы ҚР Су шаруашылығы саласын дамытуға қосқан елеулі үлесі мен қажырлы еңбегі үшін ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің Құрмет грамотасымен марапатталған. Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген гидротехнигі Сабыр Шәймерденұлы 38 жылын облыстың су шаруашылығын дамытуға арнапты. Сондай-ақ, су жүйесін автоматтандыру мен механикаландыруды іске қосып, мелиорация жүйесін пайдалану тиімділігін арттыру арқылы облыстағы ауыл шаруашылығы жұмыстарының алға жылжуына, оның ішінде егін шаруашылығының дамуына зор үлесін қосты.

Өткен аптада Тасбөгет кентінде орналасқан “Қызылорда су торабы” өндірістік учаскесінің алдынан судың тамыршысы, еңбектің әміршісі атанған Сабыр Шәймерденұлының ескерткіш-бюсті ашылды. Еңселі ескерткіштің ашылу салтанатына замандастары, шәкірттері, ағайын-туыстарымен қатар аймақ басшысы Қырымбек Елеуұлы арнайы келіп, естелігімен бөлісті.

- Ықылым заманнан бері қазақ халқында, салтында бір жақсы дәстүр бар. Әрқашанда бір-біріне “Еліңде кімің бар?” деп сұрақ қояды. Сол арқылы елдің келбетін келтіреді, беделін бағамдайды. Жау бетке білектімізді, дау бетке біліктімізді қойсақ, жарастыққа жақсымызды жұмсағанбыз. Біз де туған елі үшін тер төккен тұлғалардан кенде емеспіз. Сол сияқты, Сыр өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуына ерекше үлес қосқан Сабыр Шәймерденұлы ағамыздың есімін ел есінде қалдыру мақсатында еңселі ескерткішін ашып отырмыз. Өскелең ұрпақты халқымыздың асыл арманы мен үмітін жалғасын десек, оны іске асырудың бірден-бір жолы аға буынның еңбегін бағалау болып табылады, - деді облыс әкімі.

Одан кейін сөз алған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Халық қаһарманы Бақытжан Ертайұлы Сабыр Арыстанбаевтың мейірім-шапағатын көп көргендігін, ол кісінің өз ісінің маманы екендігін тебірене толғады.

- Мен үшін бұл кісі әрі ағам, әрі әкем, әрі құрдасым да болды. Оның ізі әрбір күріш алқабында бар. Біз қай кезде болмасын, халық үшін қызмет еткен тұлғаларымызды ұмытпаймыз. Атпал азаматты ардақтап жатқан халқына, басшылыққа рақмет айтамыз, - деді мәжіліс депутаты.

Аймақ басшысы сөз арасында Сабыр Шаймерденұлының кісілік келбеті туралы да айта кеткен еді. “Арыстанбаев біледі, Арыстанбаев қолдайды” деген қатаң қағида іспетті сөз оның жұмысына деген жауапкершілігін, біліктілігін көрсетсе керек-ті. Осындай игі істерді атқару, қалың жұрттың қамын жеу арқылы ел жадында қалуға болады. Өйткені, игі істер өшпейді...

Рыскелді  ЖАХМАН

 


Күнтізбе

< Қараша 2017 >
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
21 22 23 24 25 26
27 28 29 30      

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары