Өзекті мәселелер

  • 19.12.19

    Кешегі даласында абақ­тысы жоқ, бес қаруы белінде жүрсе де жауынан өзгеге қару жұмсамаған заманда елдің бір-біріне өкпесі, кеткен есесі болмады дейсің бе? Болды ғой. Бірақ, сол заманның өзінде қойнындағы қаруға тұра ұмтылмай, әділдікті, ақ пен қараны шешетін әулеттің үлкені не ауылдың ажасы, оған көнбей жатса, елдің қожасына жүгінді емес пе? Дау бұған да бөгет бермеген кезде биге барып соңғы ше...

    Толығырақ...
  • 19.12.19

    Ақыл  жетпес

    Адамның ақылы өлшеусіз мол. Алайда сол ұлан-ғайыр, шексіз ақылыңның кейде кішкентай, уақ-түйек мәсе­лелерді шеше алмай, тұйыққа тіреліп, жол таба алмай, адасып­  жүретініміз  қалай?!

    ...
    Толығырақ...
  • 19.12.19

    «Кувад синдромы» туралы бұрын-соңды естіп пе едіңіз? Мүлдем естімеген болуыңыз да мүмкін. Бұл – ер адамның жүкті әйел секілді күй кешуі. Мұндай да болады. «Кувад» сөзі француздың «couver» деген етістігінен шыққан, яғни қазақшалағанда «жұмыртқа басу» дегенді білдіреді. Бұл синдром екіқабат әйелдің күйеуінде жүктіліктің үшінші айында басталып, сәби дүниеге келгенге дейін жалғасуы ықтимал....

    Толығырақ...
  • 19.12.19

    Шырылдаған бала дауысынан селк ете қалған олар өздері секілді тағы бір күнә­сіз­дің жетім қалғанын сезді. Сәбиді түннің бір уағында тауып­ алған тәрбиеші дереу төсекке жатқызып, жұбата бас­тады. Әбден жылай-жылай көзінен жасы сарқылған баланың демі бітіп, әрең тыныс алады. Көздері жәудіреген бір топ баланың естісі аузындағы емізікті жұлып алып, апайына ұстатты. Жанаршылықпен қараған оның ересек...

    Толығырақ...
  • 19.12.19

    Поэзия

     

    Ботадай боздап аспан жылайды,

    Алдайды бәрін түлкі үміт.

    Жапырақтардан жас тамшылайды,

    Жапырақ жүрек бұлқынып. ...

    Толығырақ...
Бейсенбі, 16 Қараша 2017

МЕМЛЕКЕТ ТҰЗ САЛЫНҒАН ҚАЛБЫР ЕМЕС PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
16.11.2017 14:57

«Осы айда төлейтін несием бар», «Әріп­тесімнен қарыз алып едім, оны қайтару керек», «Көршіме де аздап береше­гім бар», «Өткенде ақша жетпей жатқанда құрбым  қалтасынан қаржы беріп еді, оның да сұрауы бар» деген секілді сылтау араласқан қарызда­р  сіздерде  де бар шығар. Ай сайын төлем жасауды ескертіп тұратын бір бан­кіңіздің бары анық. Бұдан шығатын қорытынды қандай? «Әр итке бір сүйек қарыз»  деген  мәтелге  тоқталасыз. Қа­рызыңыз көп, оны қашан төлеп біті­ре­тініңіз белгісіз.

Қарыз алған жақсы, жұмысың бітеді, алмаған­ тіпті керемет, ешкімге берешегің болмайды. Иә, сіз бен бізде бұдан өзге де қарыздар бар. Ол – мемлекеттің сыртқы борышы. Мемлекет те жоспарлы жұмыстар­ын аяқтау үшін жан-жақтан қарызға ақша ала берген, ала берген, нәтижесін­де  апанында  ұйықтап жатқан «аюлар» да ұйқысынан оянып, еліміздің сыртқы  берешегіне   алаңдап  отырған  көрінеді.

Уақыт санап дамып жатқанымызды табанымыз жерге, төбеміз көкке тимей, жағымыз талғанша айтып­ мақтанатынымыз өтірік емес. Бірақ елді көркейтіп, халықты ақшамен қамтамасыз етіп отырған қаржының­ көктен жауып жатпағанын білсек те, қайдан келіп түсіп жатқанынан хабарымыз шамалы. Біз секілді ел де ынтымағы жарасқан елдерден қарыз ақша алып отыр. Соның салдарынан экономикада бюджет тапшылығы орын алуда. Биылғы жылдың бюджетін қайта нақтылаған қаржыгерлер бюджет тапшылығы 1,5 триллион теңгеге жеткенін айтып отыр. Бұл да сырттан, соның ішінде халықаралық қаржы институттарынан белгілі бір шамада қарыз алып, жабуды көздейді. Айта кетейік, өткен жылы бюджет тапшылығының көлемі жалпы ішкі өнімге шаққанда жоспардағы 2 пайыздан 0,3 пайызға кем болған. Ал биыл кірпінің тікеніндей көбейіп  отыр. Десек те бұған бас қатырып, жақ талды­рып  отырған  бас қаржыгер көрінбейді. Оның ойынша,­ борыштық  жүктеме  қауіпсіз  деңгейде.

- Былтырғы  жылы 10 автожол жобаларын сырт­қы қарыздар есебінен қаржыландырудан бас тарттық. Оларға қаражат тікелей бюджеттен бөлінетін болады. Орта мерзімдегі жоспарда бюджет тапшылығын тек ішкі ресурстардың есебінен қаржыландыруды және оның мөлшерін келешекте жалпы ішкі өнімге шаққанда 1%-ға дейін төмендетуді жоспарлаудамыз. Квазимемлекеттік сектордың сыртқы борышы 2,6 млрд долларға азайып, 16,2 млрд долларды құрады. Холдингтер мен ұлттық компаниялардың сырттан қарыз алу операциялары үкімет тарапынан ерекше бақылау­да болады, - деген болатын өткен аптада кезекті мә­лімдеме жасаған еліміздің бас қаржыгері Б.Сұлтанов.

Бюджетті адамның ағзасы деп алсақ, ол ағзаға белгілі бір дәрумен жетіспеушілігі байқалса, ағзаның ауруы да күшейіп, тезірек соны емдеуді талап етіп тұрады­. Ал бұл жерде тұтастай бір елдің мемлекеттік борышының өсуіне бюджет тапшылығы кері әсерін тигізіп отыр. Қазіргі кездің өзінде сыртқы борыш елдің жалпы ішкі өніміне шаққанда 25 пайыздан төмен. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы талабы бойынша біздің мемлекеттік қарызымыздың жалпы көлемі ЖІӨ деңгейінің 50 пайызынан аспауы тиіс.

Ағымдағы жылдың бірінші жартыжыл­дығындағы мәліметтерге сүйенсек, берешек алудан Нидерланд мемлекеті көш бастап тұр. Бұл елге 48609,9 млн АҚШ доллар қарыздармыз. Одан кейін Ұлыбританияға 22659,01 млн, АҚШ-қа 13353,2 млн, Қытайға 12175,62 млн АҚШ доллар сыртқы борышымыз бар. Бұл тек ауқымды қарыз берген елдер ғана. «Есік сыртында» қаншамас­ы  аузын ашып қарап отыр. Ал Қаржы министрлігінің қазынашылық комитетін­ің жедел дерегіне сүйенсек, Қазақ­станны­ң мемлекеттік борышы 12 триллион 928 миллиард 334 миллион 811 мың теңгені құраған. Оның 10 триллион 102 миллиард 616,9 миллион теңгесі ел үкіметі алған қарыздардың қатарында. Оның ішінде сыртқ­ы  борыш 4 триллионнан асып жы­ғылса, ішкі борыш бұдан 1 триллион теңге шамасында  көп.

Қарыздан  қоғам  болып  қорқудың себебі де, салдары да жоқ емес. Өйткені мемлекет­ – бос құмыра немесе тұз салынған қалбыр емес. Оның ішінде құнды капитал бар. Елдің әрбір қимылы осы капиталмен тығыз байланысты екені мемлекеттік борыш­ты ортақ бөліске салғанда айқын көрінеді. Әншейінде үнсіз отыратын Үкіметтің бұл жолы неге бас көтеріп, қол сермегені  белгісіз, әйтеуір мемлекеттің сырт­қы борышының артып бара жатқаны шымбайларына батып отырған көрінеді. Кейде осы дағдарыстың дендеуіне де қарызды­ң шамадан тыс көбеюі әсер етіп отырған  сияқты көрінеді. Қалай болғанда да  «Қарыз  күліп келіп, жылап қайтады» деген­  тәмсілге  сүйенер  болсақ, елдегі  бір  қуанышты  жаңалық­тың  ізінде  «ақшаның  көз  жасы» жатыр деп түйетін болдық. Мемлекет­тің  165 501 млн  АҚШ долларына татитын қарызды  қашан  қайтаратыны  белгісіз, ал сіз  ше?

О.МӨҢКЕ

 


ӘЛЕУМЕТ ТАҢДАҒАН ӘКІМДЕР PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
16.11.2017 14:38

Бүгінде көпшілік жиі айтатын «балапанды күзде санайды» деген­ сөз бар. Расында, шаруаны шашау шығармай ұйымдастыру, күзгі жиын-теріннің нәтижесі, әлеуметтің әлеуеті күзде, яғни жыл соңына таман белгілі болады. Мұндайда ай­мақ басшыларына артылар жүк ауырлайды. Әсіресе, бюджет, қар­жы мәселесінде әкім­дердің әр қадамын аңдып отырамыз. Әлемді экономикалық дағдарыс құрсап тұрған шақта бүтін елдің бір-бір бөлшегін басқар­ғандардың байыпты бастам­аларын бағалауға тыры­самыз. Себебі түсі­нік­ті. Басшылықты ба­ғалау, әкімдер арасындағы бақталастық пен бәсекелестік, абырой мен аманат. Әңгіменің әлқиссасын әкімдерден бас­тадық.

Ел басқарған азамат­тардың атқарған шару­асына шүйлігіп, сыртынан тон пішіп отыру­ мақсат емес. Тек арқандаулы ат сияқты ауыздықтан әрі аспайтын, іс тындыруға келгенде шорқақ басшыны, керісінше кемел ойлап, кемеңгер атанған, білімі мен біліктілігінің ар­қасында біраз биікті бағын­дырған басшыны бағалау һәм анықтау. Ойымызды орағытпай, тақырыпты төтесінен айтайық. Жақында ғана  әлеуметтік  желіде әкімдер рейтингісі жарияланды. «Саясат Мониторинг» баға­лаушы тобы 1-7 қараша аралығында саясаткерлер, қоғам қайраткерлері, блогерлер, саяси технологтар мен журналистерден құралған 25 мүшелік бақылау комис­сиясынан сауалнама алды. Нәтижесі тө­мендегідей.

Иә, мемлекет жолында, халық игілігі үшін еңбек етіп жүрген бірлі-жарым азаматтар бар. Оларды саусақпен санап алуға болады. Сондай санаулы азаматтардың  бірі  һәм  бірегейі  – Ақтөбе облысының әкімі, жер­ле­сіміз  Бердібек Сапар­баев. Өзі басқарған өңірдің әлеуме­т­тік-экономикалық даму­ына айтар­лықтай күш сал­ға­н басшы өзгелерге қарағанда талапшыл, іскер, тәжірибелі әрі кемеңгер екенін көрсетіп келеді. Оның жұрт көзінен тасаланып бизнес ашып, мемлекет қаржысына көз алартқанын көрген де, естіген де емеспіз. Содан болар шаруасы шатқаяқтаған жерге Сапарбаев барса, тіршілігі тірі­леді. Сол себеп­ті әлеуметтік сала, ұлт мүддесі мен идеология майданындағы олқылықтың орнын­ толтырып, жұрттың жайын­  жақсар­тып, бұқараның бірлігін арттыруда жұмысын жүйелеген басшыны мемлекетшіл тұлға деп танығанымыз жөн. Дағдарыс алқымнан алған шақта нағыз іскер басшы ре­тінде  рейтинг көшін бастаған Берді­бек Сапарбаевқа  сәттілік тілейміз.

Міне, осы ретте біздің облыс әкімінің рейтингтің қай тұсында екенін білгілеріңіз келетін болар? Ауылдасының асқақ арманы­н, жерлесінің жеті қаттағы  жалынды  үмітін арқалаған Қырымбек Елеуұлының бізге келгелі бетегелі шаруаға бел шеше кірісіп кеткенін көзі­міз көріп жүр. Күрмеулі түйт­кілді, шимайлы шаруаны шешіп, нарықтың қатал тала­бына қаймықпай қарсы тұрған басшы аз уақытта қараша ха­лықты разы етті. Қалай? Сырдан  шыққан сырбаз да сыншыл басшы өндіріс көлемін ұлғайтуға, облыста  өңдеу  өнеркәсібі­нің дамуына, шикізаттық тәуелділіктен құтылуға қарекет қылды. Талай ілкімді істің иінін тапқ­ан  басшы Сырдың бас қа­ласын қарқынды құрылыс алаңы­на  айналдырды. Индус­триялық-инновациялық мүм­кіндіктерді мейлінше мол пайдаланып, келешекте қуаты артып­, тынысы кеңейе түсетін талай жобаның жайын жүйеледі. Турасын айтсақ, турашыл басшы  мұндай  жетістіктерімен тізімнің екінші орнына жай­ғасты. Әрине, көрсеткіш бөтен емес. Өңірге  басшылық  қызмет атқарғалы талай сындарлы сәттердің сан алуан сүзгісінен сүрінбей өтіп, бүгінде облыс дамуын­да тың  серпіліс  жасаған басшының бұл ісі қашанда мақтауға­  лайық.

Үздік үштікті қорытынды­лаған Алматы қаласының әкімі  Бауыржан Байбек болды. Жас болса да, білдей мегаполисті басқарған басшының да іскерлік қабілеті мақтауға тұрарлық. «Менмін», «мықтымын» деген талайын  шаң  қаптырып, үздік­тер  қатарына енді. Бәлкім, бұл пікірімізге таласатындар бар шығар, бірақ  бұл сөзіміз – өзге әкімдерді  қаралау  емес, қайрау. Қажырлы  еңбегімен олар да хал-қадірлерінше аймақтарын экономикалық қыспақ пен қаржылық  дағдарыстан  алып шықсын. Демек, бағамдық баға­на­сындағы бұл тізім әр әкімнің көшін көрсетіп отырғаны анық.

Айтқандай, келесі  орындар­ға  Астана  қаласының әкімі  Әсет Исекешов пен Алматы облыс­ының әкімі Амандық Баталовт­ар  жайғасқан. Ал соңғы орынды әзірге Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов місе тұтып тұр. Жалпы, басшының нәтижелі  жұмысы – болашаққа жасалған  нық  қадам.

Құралай   ЖАҚСЫЛЫҚ

 


ҚҰЙЫСҚАНҒА ҚАТҚАН ҚҰМАЛАҚ немесе құбылмалы қоғамның “қайраткерлері” PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
16.11.2017 14:36

Советқазы  НҰРСИЛА,

қоғам  қайраткері

Қай заманда да сарай ақындары, патшаны не ханды мадақтайтын жағым­паздар болған екен. Олар сол арқылы өз тамыр-таныстарының, туған­-туыстарының қажет “шаруасын” шешіп отырғанын тарихта­н білеміз... Бүгінгі  таңда  да  билікке  кене­дей­  жабысқан, құйысқанға қыстыр­ылған құма­лақтай, қыстырылмайтын жерге қыстырылатын “қайраткерлер” көбейіп-ақ кетті. Бұл қоғам үшін үлкен  дерт  екенін биліктегілер де біледі.

Бірақ, мақтау­ға  еті  үйреніп  қалған  билік, мақтау естімесе­ “ауырып” қалады. Сондықтан, осы технологияны жақсы  меңгерген  жағымпаздар  мен  сарай  ақын­дары­ ауық-ауық билікке керек “дәрі­сін” беріп қоятынын көптеген адамдар байқап қалған екен. Мақтау  арқы­лы­ күнін көріп жүргендер, құл­қын­ның құлы екенін ішіміз сезеді. Бірақ... - Өлген кезде­  еститін сөзді, көзі тірі  кезінде естуге дәттері қалай шыдайды, - дегенді, өткенде бір ақса­қал­  айтып­ та қалған еді. Біздің етіміз өліп кеткендігі соншама, күн­делікті мақтау мен мадақты естімесе­к “ауы­рып” қалатын болдық... Бізге осы қажет пе? - деген заңды сұрақ туындайды. Жастарымыз  да  алдын­а  кісі  салмайды,  тіпті  ана “корифей­лер­ден”­ де  асып  түсетін  түрлері бар...

P.S. Егер осы “дәстүр” жалғаса берсе, болашақ қоғам “қайраткерлері” жағымпаздар мен сарай ақындарынан  тұратын  шығар  деген  сұрақ Сізді  мазалай   ма,  Достым?!

 


«ТӨРТІНШІ БИЛІК» ТӨҢІРЕГІНДЕГІ ТАЛҚЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Ой-талқы
16.11.2017 14:30

Жақында Алматыда «МедиаАльянс» қоғамдық бірлестігінің бастамасымен жоғары оқу орындарында журналист мамандарын даярлау мәселесі талқыланған еді. Жиында бірлестіктің тең құрылтайшысы Арман Шораев «ҚазҰУ-дан басқа университеттерде журналистика факультеттерін жабу керек. Басқалары талабы, дарыны жоқ мамандарды шығарып жатыр. Тек ҚазҰУ-дан шыққан санаулы азаматтарды ғана мықты журналист деп айтуға болады, қалғаны мұғалім, оқытушы бола алады», - деген еді. Бұл ұсыныстан кейін қоғам қақ айырылды. Бір қолдады, екіншісі қарсылық білдірді. Біз де осы салада тер төгіп жүрген мамандар мен жастардың пайымын білген едік.

 

Аманқос  МЕКТЕП,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика факультетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты:

– Журналистикаға топырлатып студенттер қабылдауға мен қарсымын. Шындығында, журналист маман-дығын дайындауда саннан гөрі сапа керек. Тәжірибеге сүйенсек, осы уақытқа дейін журналист маманд-ығын қалаған шәкірттердің 25-30 пайызы өз мақсаттарына жетіп, шығармашылық тұлға ретінде елге таныла бастайды. Ал қалғандары да елдің кәдесіне жарап, өз орындарын табады. Ең үлкен мәселе оқу орындарында журналистика кафедрасын ашуға материалдық база бар ма? Журналистиканың қыр-сырынан теориялық және тәжірибелік дәріс беретін оқу құралдары мен маман оқытушы бар ма? Ең маңыздысы, ұлттық журналистикаға тән оқу бағдарламасы түзілуі тиіс. Журналистика факультеті шығармашылық факультет болғандықтан, аудиториялық сабақ пен тәжірибелік сабақтың 70-те 30-дай тепе-теңдігі, пропорциясы сақталса және оны жүзеге асыруға оқу орнында мүмкіндік берсе, құба-құп болар еді. Әлбетте, журналистика факультетінде қазақ тілі мен әдебиеті, тарихы мен этнографиясы, қазақ тілінің стилистикасы мен төлтума руна жазуы, қолөнер тарихы мен қазақ журналистика тарихын тереңдетіп, жүйелі түрде оқытылуы шарт.

 

Қуандық ШАМАХАЙҰЛЫ,

халықаралық журналист,

«Астана мәдениеті» журналының бас редакторы:

– Арман Шораев ашып айтпай қысқа қайырғаны болмаса, “журфак жабуының” түпкілікті ойы басқаша ма деп қалдым. Өзі журфак екі-ақ жерде бар: ҚазҰУ мен ЕҰУ ғана. Ол “ҚазҰУ қалсын” деді. Ендеше, ЕҰУ-дегі журфакты жабылсын дегені болса керек. Шораев кешегі “1-студияда” «ЕҰУ-дің қызыл дипломын алып келеді де, бір сөйлем құрап жаза алмайды» дегендей әңгіменің шетін шығарып алып, тағы да қысқа қайырып арыға бармады. Дәл осы айтқан сөзінің жаны бар. Расында, ЕҰУ журналистика факультеті жайында санқилы сынды жиі естиміз. Бітірген түлектерінің де, сол ұжымда сабақ беретін ғалымдардың да өткір сын айтып қалатын кездері болады. Өзім де бұрын орталарында болдым. Талай “сырлары” маған да мәлім. Олай болса, «Qazaqstan» арнасы кешегі бағдарламасына аталмыш факультет түлектерінің арасынан соңғы 5 жылда қанша танымал журналистер шықты, олар қазір қайда қызмет етіп жүр деген сауал тастап, жауап алулары керек еді. Сондағы білім сапасы жайында сауалнама жүргізіп, нәтижесін жарияласа, ток-шоудың салмағы арта түспей ме? Ондай дерек-дәйек болмады. Әркім өз субъективтік пікірін айтты да тарқасты. Бір адам пікір айтты екен деп журфак жабылмайды.

 

 

Гүлмира ӘШІРБЕКОВА,

ҚМУ-дың қазақ тілі мен әдебиеті және журналистика кафедрасының аға оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты:

– Аймақтардағы жоғары оқу орындарындағы журналистика бөлімдерін жабу мәселесі осыдан он шақты жыл бұрын да көтерілген. Одан кейін біраз талқыланды да, тоқтап қалды. Өйткені әр аймаққа қажетті журналист мамандарды сондағы ЖОО әзірлеп беріп отыр. Мәселен, біздің облыста жарық көретін интернет-басылымдар мен газеттерде, телеарналарда қызмет істейтін мамандардың 75-80 пайызы – Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің түлектері. Айталық, Астана мен Алматыда білім алған студенттің оқуды тамамдаған соң анау Аралдағы «Толқын» газетіне баруы да екіталай. ҚР Білім және ғылым министрлігі бекіткен типтік оқу жоспары бізде де бар. Соған сәйкес студенттерді оқытамыз. Жылда 70-тен аса талапкер журналистикаға түсуге үміттенеді. Оның ішінде іріктеліп 20-25-і ғана қалады. Бәсекелестік өте жоғары. Тек оқ бойы озық шыққандары мемлекеттік грант игері атана алады. Ал ҚазҰУ мен ЕҰУ бітіріп шыққан 50 түлектің барлығы мықты журналист болды десек қателесеміз. Менің ұсынысым, тілшілікке тек осы саланы таңдаған балаларды қабылдауымыз қажет. Біз соған ақырындап келе жатырмыз. Сондай-ақ, аймақтарда екі тілде де ақпарат тарата алатын журналистерді де даярлауымыз керек. Қорыта айтқанда, өңірлердегі журналистика бөлімдерін жабуға толықтай қарсымын.

 

Гүлмира СҰЛТАНБАЕВА, саяси ғылымының докторы, профессор,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика факультеті баспасөз және электронды БАҚ кафедрасының меңгерушісі:

– Меніңше, басты мәселе өңірлердегі журналистика кафедраларын жабу емес. Алдымен сол жоғары оқу орындары сапалы маман даярлауда ма? Осыған мониторинг жүргізілуі керек. Сәйкес келмегендері қысқартылуы қажет. ҚазҰУ жыл сайын халықаралық аккредитациялардан өтіп тұрады. Ал аймақтарда журналистика кафедраларына мұндай талап қойылмайды. Облыстарда журналистика кафедраларын ашуды ең әуелі қолға алған ҚР БЖҒМ бұған жауап беруі тиіс. Маман даярлау бар да, оны әрі қарай нарыққа, яғни жұмысқа орналастыру бар. Ал журналистикаға жолдан қосылғандар ойын-күлкіге айналдырады.

 

 

Мөлдір ҚҰЛМЫРЗАЕВА,

«Qyzylorda» телеарнасының

шеф-редакторы:

– БАҚ-қа БАРМАҚТАЙ БАҚ КЕРЕК! Рас, журналистика саласы үлкен депрессияны бастан кешіруде. Оның бірнеше себебі бар. Айталық, әлеуметтік желіде битше өріп жүрген сайттардан пәтуасыз әңгімелерді оқыған жұртшылық жорналшыны қаралайды. «Make Up» құдіретімен сұлуланған жасанды қылықты «жұлдыздар» телеарнаға адасып келіп қалса да, тізгінді беріп қойған сол баяғы жорналшы кінәлі. Экраннан жылт етсе, баз біреулер кәсіби маманның алдын орап кеткендей күй кешеді. Осы «болдым-толдымдар» БАҚ-ты күйелеш-күйелеш қып бітті. Аға журналистердің шеберлігі өз алдына, өз басым жергілікті жас тілшілердің әбжілдігіне, табандылығына, төзімділігіне тәнтімін. Біле білсеңіз, олардың көбі – өзіміздің Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін бітіргендер. Туған топырақтың перзенті ретінде өңменінен өтетін ащы шындықты шырқырап жазып жүрген де, жаңалық атаулыны жаһанға жариялап, экологиялық аймақтың бар ауыртпалығын халықпен бірге өткеріп жүрген де – осы шынайы еңбекте шыңдалған жергілікті мамандар. Сондықтан жергілікті жерде журналистика факультеттерін жабу керек деген пікірмен мүлдем келіспеймін. Ал, енді дана да, данышпан да, әртіс те, бала да дәл сондай журналист бола аламын деп ойласа, демек, бұл – ең керек мамандық! Ұғынғанға, кәсіби журналист – ұлттық идеологияны қалыптастырушы. Бойда қызығушылық болу аз, журналист болу үшін икем мен қарым-қабілет керек. Кешелі бері әлеуметтік желіде ең көп қаралым жинаған бейнежазбаны бақылап отырмын. Ол Ерлан Кариннің парақшасындағы «Жер жиһан» бағдарламасына қатысты. Еліміздегі емес, әлемдегі оқиғаларға сараптама жасалатын хабар несімен қызықтырды дейсіз ғой? Бар гәп – оның жүргізушісінде. Сөз саптауы керемет, құнарлы әңгіменің тиегін ағытып, құлақ құрышын қандыратын Ғалым Боқаштың тұздықты сараптамасына ең әуелі біздер, әріптестері сусап қалғанымыз жасырын емес. Себебі ол – кәсіби маман. Иә, МАМАН! Шын мәнісінде, халықты алдай алмайсың! Халық та өткір тілді, орақ ауызды, ұлттық рухы басым «жантақ жегіштерді» жақсы көреді. Соларды оқиды, тапжылмастан теледидарды көреді. Бәлкім, БАҚ-қа топырақ шашпас бұрын, олардың әлеуметтік тұрғыдан қорғалу жағын реттеп алған жөн болар. Әлі күнге елімізде төмен бағамен, түрлі бағдарламамен үй алуға үміткерлер қатарында «төртінші биліктің» өкілдері неге жоқ?! Соған қарамастан, журналистер елдік, ұлттық мәселелерді көтеруде басқа кез келген сала мамандарынан артық жұмыс істеп отырғанын көпшілік біледі. Ендеше көпке топырақ шашуға хақыңыз жоқ!

 

 

Маржан ҚҰРМАНҒАЛИЕВА,

ҚМУ-дың студенті:

– Мен мектепті тамамдағаннан кейін ҚМУ-дың қазақ тілі мен әдебиеті және журналистика кафедрасына оқуға түстім. Мәселен, кейбір «журналист боламын» деп талпынған жастардың әлеуметтік жағдайы көтермейді. Ол Алматыға бара алмауы мүмкін. Сондықтан өңірдегі ЖОО-да білім алады. Егер өңірлердегі журналистика кафедраларын жауып тастайтын болса, көптеген жастар үшін қиынға соқпақ.

 

 

Әділет МӘДЕНИЕТ,

ҚазҰУ-нің студенті:

– Арман Шораев айтқан пікірді екіжақты қарауымыз керек. Ол кісінің “журналистика жолбикелерге толып кетті” деген сөзінің жаны бар. Басқа сала арқылы ел алдында имидж қалыптастырған тұлғалардың бірқатары абыройын телеарнада өсіргісі келеді. Ал бұл ұмтылыс кәсіби журналистердің, ашығын айтқанда, «нанына» ортақтасады. Енді жорналшы қауымның өзіне келсек, жылына басқаны қойғанда ҚазҰУ-дың өзінен жүздеген маман өсіп шығады. Бірақ солардың қалам тербеп, камера алдында сөйлеп, кәсіби қызметіне орналасатындар саны бітірушілердің жартысының жартысына да жетпейді. Демек, журналистиканы ішінара “жолбикелерден” де тазарту керек. Ол дегеніміз – “ҰБТ-дан аз балл жинаған талап-кердің соңғы үміті - журналистика” деген стероетипті жою. Екі пән ғана есептейтін мамандыққа жыл сайын

сүйіп келетіндер де, сынақтан “күйіп” келетіндер де жетерлік. Сол “күйіп” келгендер таза жорналшылар бәсекесін қалыптастыруда айтарлықтай кедергі болады. Егер Арман Шораев “жабу керекті” тура мағынасында айтса, өз пікіріне қарсы шыққаны болар еді. Олай дейтінім, журналистика факультеттерін жапсақ, әлгі тазартылуға тиіс “жолбикелерге” кедергісіз даңғыл жол ашып бергеніміз болмай ма?

Пікірлерді топтастырған Қозы Көрпеш ЖАСАРАЛҰЛЫ

 


ТҰҒЫРЛЫ ТҰЛҒА ТУРАЛЫ ТУЫНДЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
16.11.2017 14:27

ХХ ғасыр басында Әлихан Бөкейхан бастаған үркердей жарқырай шыққан талантты алыптардың арасында Мұстафа Шоқайдың орны бөлек, тағдыры ерекше, ал оның мұрасы айрықша қызығушылық танытады. Ол өмірінің соңғы 20 жылдан астамын жат жерде өткізді және 1941 жылдың аяғында көзі жұмыл-ғанша сонау Түркістан аймағының, бүкіл түркі жұртының тәуелсіздігі жолындағы күресті бір сәт толастатпады, осы мақсат жолына бойындағы бар ақыл парасатын, күрескерлік қажыр-қайратын сарқа жұмсады.

Болашақ саяси күрескердің тағдырында оның ғасыр басындағы Ташкенттегі ерлер гимназиясында оқуы, Санкт-Петербург университетіндегі кезіндегі Ресей империясы орталығындағы күрделі саяси оқиғалар, Әлихан Бөкейханның көмегімен Мемлекеттік думаның Мұсылмандар Фракциясы хатшылығына орналасуы ерекше рөл атқарды. Бұл жылдар туасы зерек, саяси сергектігі ерте оянған Мұстафаның саяси жолын айқындай, толықтыра түскен болатын. Ол сонау гимназияда оқып жүрген кезде-ақ жақсы таныған жадитшілдіктің прогресшіл мәдени реформасынан гөрі саяси күрес тәсілдеріне басымдық беріп, бірақ азаттыққа жетуді Ресейдің демократиялық ұйымдары мен Уақытша үкіметтің саяси қолдауымен байла-ныстырған болатын. Бұл заңды еді. Ресей сияқты алып империяның бұғауынан босау оңай емес болса, берісі Түркістан аймағы, арысы Ұлы даланың бұқара халқы Еуропа өркениетінен кенже қалғандықтан, халықты күреске бастайтын тиісті дайындықтары бар жетекші саяси топтар да аз еді.

Мұстафа Шоқайдың азаттық үшін күрес жолында Түркістан Мұқарияты ерекше орын алады. 1917 жылдың қыркүйек айына қарай Түркістанның қоғамдық дамуында екі үрдіс, бірі – ұлттық күштердің Түркістан автономиясын жариялауға дайындығы, екіншісі – большевиктердің өкімет билігін басып алуға тырысушылығы байқалады. Алайда 25 қазандағы Петроградтағы қарулы көтеріліс Ақпан революциясы нәтижесінде саяси сахнаға келген демократиялық реформаларға деген Алаш қозғалысының үмітіне ауыр соққы болды. Дегенмен, осы жылдың 27 қарашасында Қоқан қаласында төтенше жалпыөлкелік мұсылман құрылтайы Түркістанды мекендеуші халықтың еркін білдіре отырып, Ресей Федеративтік демократиялық республикасымен біртұтас аумақтық Түркістан автономиясын жарияланғаны белгілі. Бірақ Мұстафа Шоқай автономияны жүзеге асырудың аса қиын екендігін, кадрдың жоқтығын, жалпы мүмкіндіктің жетімсіздігін, әскердің құрылмағанын және тағы басқа толып жатқан жетіспеушіліктердің барлығын ескере отырып, автономияны өзінше түсінген болатын. Ол Түркістанның дербес ел басқарған мекемелері мен атқару органдары, яғни заң шығаратын парламенті мен іс жүргізуді, оқу-ағарту ісі, жергілікті мекемелер, заң және жер мәселесінің бәрін автономиялы үкіметке қаратып, ал сыртқы саясат, қаражат, жол, әскери істер Бүкілресейлік Федерациясы үкіметінің ісі деп есептелді. Бұл Алаш партиясының мемлекеттік құрылыс жөніндегі ұстанымыммен үндес еді.

Түркістан Мұхтарияты (автономия) бар-жоғы екі айдан сәл артық өмір сүрді. Оны Кеңес өкіметі қанды қырғынға ұшыратты. Мұстафа Шоқай 1930 жылы жазылған «Автономиядан – тәуелсіздікке» атты мақаласында Түркістан (Қоқан) автономиясы туралы өзінің ойларын былай қорытындылаған болатын: «Автономия – біздің басымыздан кешкен бір тарихи құбылыс. Бүгін біз оны еске түсіруменен ғана шектелеміз. Қайталамаймыз! Ересек адамдар өздерінің балалық дәуірін еске алатыны табиғи. Бірақ ол сол дәуірге қайта ораламын деп ойламайды». Дегенмен, Қоқан (Түркістан) автономиясының өмірге келуі жергілікті халықтың саяси, экономикалық және рухани дербестікке ұмтылысының, өзін-өзі билеуге бағытталған нақты қадам жасауының айқын көрінісі болды.

Елде берік қалыптасуға бет алған тоталитарлық жүйенің табиғатын таныған, оның нақты дәлелі болған Түркістан автономиясының тағдыры, бостандыққа деген үміттің үзілуі М.Шоқайды мұғажырлық өмірге мәжбүр етті. Бұл жүйенің ешқандай демократиялық іс-әрекетке жол бермейтінін сергек саясаткер көреген-дікпен білді. Сөйтіп ол өмірінің соңғы 20 жылдайын Францияда өткізді.

Мұстафа Шоқай Еуропада саяси қызметті жемісті жүргізу үшін ең бірінші Батыс елдерінің кеңестік кезеңдегі Түркістан мәселесін қандай дәрежеде білетіндігі мен түсінігін тануға ұмтылды. Ол мұны Батыс елдерін орыс отаршылдығына қарсы күрестің стратегиясының құрамды бөлігі деп санады. Шынына келгенде, сол елдердің моральдық және материалдық көмегінен басқа Түркістанның тәуелсіздігі үшін күресте сүйенер күш те жоқ болатын. Осындай мақсатпен Мұстафа Парижде, Лондонда, Женевада және басқа Батыс елдерінде түрлі ортада бола жүріп, мынандай жағдайларды анықтайды: Еуропада Кеңес өкіметіне қарсы бағытталған ешқандай жоспарлы күштің де, олардың Ресейдегі бодан халықтардың тұрмыс-тіршілігі мен азаттық күресі туралы толық түсініктің жоқтығы.

Өзінің қажырлы саясаткерлік қызметімен, айрықша публицистикалық қуатымен Еуропада «мұсылман эмигранттарының сөзсiз көшбасшысы» бола алған Мұстафа Шоқай Түркістандағы отаршыл саясат туралы Батыста әділ, объективті көзқарас қалыптастыруды ойлап, Ұлыбритания, Франция, Польша, т.б. мемлекеттердің өкілдерімен кездесулер өткізді. Стамбұл, Париж, Берлин және т.б. қалаларда өткен әртүрлі дәрежедегі жиындарға қатысып, Еуропада Кеңес өкіметіне қарсы бағытталған ешқандай жоспарлы күштің де, олардың Ресейдегі бодан халықтардың тұрмыс-тіршілігі мен азаттық күресі туралы толық түсініктің жоқтығын білді. Сонымен қатар Кеңес Одағындағы түркі халықтары көріп жатқан большевиктік саясатты әшкерелеп, оның жалпы адамзат дамуын тежейтін кеселдерінен жан-жақты мәліметтер келтіріп баяндамалар жасады. Мысалы, 1924 жылдан 1933 жыл аралығында Лондонда бірнеше рет болады. Осы сапарларында ол ағылшын қайраткері, саяхатшы және шығыстанушы Уильям Д. Алленмен танысады. Бұл кезде ол Ұлыбритания парламенті Қауымдар палатасының депутаты болатын. Ал 1933 жылғы наурыз айында Лондонда болып, 27 және 29-ыншы күндері баяндамалар оқылған конференция, жиындарға әйгілі ғалым, шығыстанушы, Ұлыбританияның Персия мен Қашқарияда ұзақ қызмет еткен Бас консулы П.Сайкс басшылық етеді. Француз тіліндегі баяндамаларға жиналғандар тарапынан аса қызығушылық туғанын, тіпті бірнеше қайта қол соғылғанын айта кеткен артық болмас. Бұл оқиғалар Мұстафаның ірі қайраткер және халықаралық өмірдің сұңғыла сарапшысы ретінде танылғанының көрінісі болатын. Сөйтіп Кеңес одағындағы ұлттық озбырлық пен өктемдіктің зардаптарын әлем сахнасына шығарып, азаттық қозға-лысының эмиграциялық идеологиясын қалыптастырып, бұл бағытты жаңа интеллектуалдық көкжиекке көтерді.

Тәуелсіздік үшін күресудің қажеттілігін әлемдік деңгейде жариялап ғана қоймай, Мұстафа Шоқай оған жетудің жолдары мен тетіктерін, күрестің қозғаушы күштерін саралады. Әсіресе, түркістандықтардың ішкі бірлігін нығайтуға ерекше көңіл бөліп, оны аса маңызды деп санады. Мұстафа Шоқай сонау 1917 жылдардан бастап халықты жалпытүркістандық бірегейлік төңірегінде топтастыру тұжырымдамасын тарихи, этностық, мәдени және саяси-экономикалық тұрғыдан негіздей бастаған болса, бұл бағыттың тәуелсіздік үшін күресте алатын орны мен маңыздылығын ол шетелде жүрген кезінде тереңірек сезінді. Осындай сан түрлі тарапты қызметтер саяси ұйымның қажеттігіне жетеледі. Тұрақты ізденістер нәтижесінде «Түркістан Ұлттық Бірлігі» құрылды. Оның тұтастығын сақтау, бір орталыққа бағынған ынтымақтастығын нығайту, егеменді ел ретінде өмір сүруі осы өңірдің жергілікті тұрғындарының іс-қимылының, ой мен пікірінің бірлігіне байланысты болатын. Мұстафа Шоқай «Түркістан» ұғымына қазақ, өзбек, түрікмен, қырғыз, тәжік халықтары мекендерін жатқызуы да, олардың «Ұлы Түркістан ұраны астына жиналуы», «біртұтас ұлттық бірлікте және ол сол тұрғыдан көрініп те отыр. Түркістанның рухани, саяси болашағы Түркістан түріктерінің бірлігінде жатыр» деуі де осы ұлы ұғымнан туған еді.

Ұлттық қозғалыстың мақсат-мұраты үшін күрес, бүкіл езілген түркістандықтарды осы мақсат маңайына топтастыру баспасөзді қажет етті. Көп ізденістің арқасында ТҰБ-ның 1929 жылдың желтоқсан айында Берлинде «Яш Түркістан» журналының алғашқы саны жарық көреді. Оны Польша президенті, маршал Ю.Пильсудскийдің бастамасымен құрылған «Прометей» қоры қаржыландырады. 1939 жылдың қыркүйек айына дейін шыққан «Яш Түркістан» журналының алғашқы сандарынан бастап басылатын материалдардың шындыққа толық сәйкестігіне, мазмұны мен идеялық ұстанымдарына, терең мағыналы болуына, сан салалы тақырыптарды қамтуына ерекше көңіл бөлінеді. Бұған Мұстафа Шоқайдың білімдарлығы, бірнеше тілді жетік білетіндігі айрықша көмектеседі.

Осылай әлем таныған тұлға туралы қысқаша болса да айтып, ұлттық тәуелсіздіктің бірден-бір жалынды жаршысы және тамаша ұлттық идеялардың иесі, туған еліне деген сарғайған шексіз сағынышын бір сәт баса алмай, жат жерді мәңгілік мекен еткен қайсар тұлғаны тұғырлы ете түскен Қазақстан тарихының шетелдік тарихнамасының негізін қалаушы Көшім Есмағамбетов жөнінде айтпау ретсіз сияқты. Көшім Лекерұлы – 2008 жылы шыққан М.Шоқайдың дүниетанымы және қайраткерлік һәм шығармашылық болмысын кеңінен әңгіме еткен, 30 баспа табақтан астам «Әлем таныған тұлға» атты монография мен он екі томдық шығармалар жинағының авторы. Бұл туындыларда берісі Түркістан аймағының, арысы бүкіл түркі жұртының

тәуелсіздігін ту еткен Мұстафа Шоқайдың дүниетанымы, оның тынымсыз азаттық жолындағы күресі, эмиграциядағы ұлттық қозғалыстың стратегиясы мен тактикасының негізін айқындауы жоғары деңгейде жан-жақты талданып, ғылыми мәні зор тұжырымдар мен қорытындылар жасалды. Сөйтіп бірнеше жылғы тынымсыз және жүйелі талдау негізінде бұрын әр қырынан зерттеліп жүрген қайсар саясаткердің шынайы адами, күрескерлік һәм шығармашылық болмысы барынша ашылды. Кімді болса да таңғалдыратын Көшім Есмағамбетовтың осы шығармашылық ерекше қажыр-қайраты атақты ақын Әбілда Тәжібаевтың әдебиет зерттеушісі Мардан Байділдаев жөнінде «бір өзі бір институттың жұмысын атқарды» дегенін еріксіз еске түсіреді.

Осындай тамаша тарихшы, жақында қайтқанына жыл толатын Көшім Лекерұлы зерттеу нысанына кеңінен қарайтын еді. 2015 жылы Мұстафа Шоқайдың туғанына 125 жылдығы кезінде шешілген Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетіндегі Шоқай Мұстафа атындағы ғылыми-зерттеу орталығы туралы идеяның авторы да осы Көшекең болатын. Ол бірде Сұлутөбеден 10-12 шақырым қашықтықтағы Мұстафа Шоқайдың дүниеге келген орнынан қайтып келе жатып, қасындағы «Мұстафа Шоқай» қорының төрағасы Б.Атабаевқа: «Базеке, осындай әлем таныған тұлғаға туған топырағында бір белгі де қойылмағаны ұят екен» деп Наршоқыда мәрмәр тастың қойылуына түрткі болған еді.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында-ақ Мұстафа Шоқай Отан есігін қаққан болатын. Атақты жазушы Әнуар Әлімжанов 1991 жылғы мамыр айының 24 және 31-і күндергі «Қазақ әдебиеті» газетінде «Мұстафа Шоқай... Ол кім?» деген Түркістан халықтарының теңдігі мен тәуелсіздігі үшін аса зор жауапкершілікті арқалаған заңғар тұлға туралы ерекше толғаныстарға толы мақаласында: «Оның абзал да адал есімі еліне мәңгіге оралса екен, елім деп елжіреген жүрегі мен жаны лайым туған халқымен бірге болса екен!» деп ағынан жарылған болатын. Биылғы жылы облыс орталығында бүкіл түркі тектес халықтардың мүддесі үшін күрескен Мұстафа Шоқайға зәулім ескерткіш орнатылды. Енді тамаша саясаттанушы, жалынды публицист, тұңғыш халықаралық деңгейдегі саяси сарапшы, отандық кеңестану ғылымының негізін салушылардың бірі ғана емес, бірегейі, ғұлама ғалым Сыр сахнасында жас ұрпақты ұлттық, тәуелсіздік, патриоттық рухта тәрбиелеуге шақырып тұрған сияқты.

Әбдіжәлел БӘКІР,

саяси ғылымдарының докторы,

профессор

 


«ӨРЛЕУ» АРҚЫЛЫ ӨРКЕНДЕУГЕ БОЛАДЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
16.11.2017 14:22

Бүгінде халықтың әл-ауқатын арттыру мақсатында мемлекет тарапынан жасалған бағдарламалардың көш басында «Өрлеу» пилоттық жобасы тұр. Жұртшылыққа әлеуметтік көмек берудің жаңа үлгісі саналатын бұл байыпты бастама Сыр өңірінен де жиі көрініс табуда. Аталмыш жоба табысы аз отбасылардың еңбек етуге жарамды мүшелерін жұмыспен қамтуға жәрдемдесіп ғана қоймай, шартты ақшалай көмек беріп, азаматтарға жеке кәсіп ашуға да мүмкіндік жасап отыр.

Сырдария ауданына қарасты А.Тоқмағанбетов ауылының тұрғыны Әсемкүл Ажарова – жалғызбасты ана. Осыған дейін жұмыссыздар қатарында болған ол жобаға қатысқаннан кейін екі баласын асырап-бағып, тұрмысын түзеуге мүмкіндік алыпты. Алты ай бойы қоғамдық жұмыс істеген оған 167 200 теңге шартты ақшалай көмек беріліп, тауық асырауды бастаған. Бүгінде қоражайында 25 тауық бар.

Ал Шаған елді мекеніндегі Мереке Искендирова күйеуі Ербол Әблаховпен бірге «Өрлеу» пилоттық жобасы арқылы біршама жетістіктерге жеткен. Алғашқы екі айда 2 баспақ алған олар кейіннен үй құстарын өсіруді көздейді. Шартты ақшалай көмекпен 8 үйрек, 7 тауық сатып алған. Қазіргі күні құстардың жалпы саны 100 басқа жетіп жығылады.

- «Өрлеу» пилоттық жобасын тиімді іске асырып отырғаны үшін мемлекетке алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Біз осы уақытқа дейін барлығы 336 588 теңге шартты ақшалай көмек алдық. Осылайша кәсіп қылып, оның нәсібін көрсек деген ниетіміз бар. Жұмыссыздықтан да арылдық. Күйеуім совхоздағы шаруашылықта күрішші, өзім балабақшаның аула сыпырушысы болып жұмысқа орна-ластым. Ең бастысы, адал еңбек, маңдай термен келген табыс бар. Айлық та уақытылы беріліп тұрады, - деп ағынан жарылды ол.

Елбасы Н.Назарбаевтың арнайы тапсырмасына сәйкес, ҚР Үкіметінің 2016 жылғы 29 желтоқсанда №919 қаулысымен «2017-2021 жылдары нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы бекітілгені белгілі. Негізгі мақсат – өздігінен жұмыспен қамтылғандар мен жұмыссыздарды және басқа да біліктілігі жоқ тұлғаларды 3 бағыт бойынша нәтижелі жұмыспен қамту. Бастапқы бағыт талап етілген мамандықтар және кәсіпкерлік негізі бойынша жаппай оқыту және дағдыландыру болса, екіншісі – жаппай кәсіпкерлік үшін жағдай жасау, соңғысы – жұмысқа орналасуға жәрдемдесу және жұмыл-дырылған еңбекті қолдау арқылы нарықты дамыту.

Бағдарламаның бірінші бағыты Сырдария ауданында белсенді жүргізілуде. Сырдария аграрлық-техникалық колледжінде шаруашылықтарға қажетті мамандықтар бойынша қысқа курстар ұйым-дастырылған. Күні бүгінге дейін 3 айлық 4 қысқа курстан 90-ға жуық адам біліктілік алған. Қазіргі таңда бесінші курс оқытылуда. Мұнда тракторист-машинист, фермер, аспазшы, тігіншілер даярлануда.

- Аудандық жұмыспен қамту бөлімінен қандай шаруашылық мамандықтарына сұраныс түссе, сол мамандық бойынша оқытып жатырмыз. Біліктілік аламын деушілердің жас мөлшеріне шектеу жоқ. Бастысы, жұмыссыз болуы керек, - дейді колледж директоры Дархан Қожахметов.

Сырдария ауданының шалғай ауылдары мен елді мекендерінен қатынап оқитын кісілер үшін арнайы жолақы тағайындалған. Сондай-ақ шәкіртақы құны – 21 796 теңге. Осы курстарды бітіргеннен кейін білім алушыларға мамандық алғаны жөнінде куәлік тапсырылады. Содан кейін тәуекелге бел буған талапкерлердің екі қолға бір күрек табуына жарқын мүмкіндік туып тұр деген сөз.

Мұндай кәсіптік мамандықтар «Отан» республикалық қоғамдық бірлестігінің «Қызылорда облыстық кәсіби-техникалық оқу орталығы» білім беру мекемесінің Сырдария аудандық филиалында да оқытылуда. Аталмыш мекеменің директоры Айнұр Айтжанқызының айтуынша, мұнда 16 адам шаштараз, 11 адам электрдәнекерлеуші, 24 адам аспаз мамандығы бойынша оқып жатыр. Аспазшылар екінші санатта, яғни тамақтандыруды ұйымдастыру бойынша біліктілік алуда. Қысқа курстардан өткен азаматтардың арасында қазіргі таңда өзінің жеке кәсібін ашқандар да бар. Бірінші ауысымда 3 мамандық бойынша, яғни шаштараз, дәнекерлеу, аспаз мамандығы бойынша білім алған.

«Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау» қорының көмегімен Ақжарма ауылында жаңа кооперативтің жұмысы қарқын алуда. «Ақжарма-Ынтымақ» кооперативінің төрағасы Берік Қожахметов 28 кооператив мүшесі 1 айдың ішінде бағдарлама негізіндегі қаражатын алғанын айтады.

- 2017 жылдың наурыз айында «Ақжарма-Ынтымақ» копперативі құрылды. Бұл кооперативті негізінен «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау» қоры қаржыландырады. Кооператив мүшелері өздерінің жеке қоражайларында 1-3 жасар мүйізді ірі қара малын алып, бағуда. Әзірге мал сою пункті болмағандықтан, өздері базарға сатып, кәсіп жасап жатыр. Кооператив құрылғалы бері 400-дің үстінде жылқы, мүйізді ірі қара малын алды. Бір қуантарлығы, ауылдағы жұмыссыз азаматтар өз алдын-а тірлік жасап, ілкімді істің қатарын көбейтуге күш салғаны, - дейді кооператив төрағасы Б.Қожахметов.

Әлеуметтің әлеуетін арттыруда мемлекет тарапынан қабылданып, халыққа жолданып жатқан бағдарламалардың іс жүзіндегі бейнесі осы. Жұмыссыздықтың салдары бір ғана тұрмыс тауқыметі, күнкөру деңгейінің төмендігіне емес, түрлі заңбұзушылықтарға әкеліп соғатынын көзіміз көріп жүр. Осыны ескерсек, жоғарғы билік ұсынған жобалар жұртшылықтың кәдесіне жарап тұр деуге әбден болады.

Ж.ҚОЙШЫБЕКОВА,

Н.Нұржаубай (фото)

 


СЫР ФУТБОЛЫНА ҚАТЫСТЫ ДЕРЕКТЕР PDF Print Email
Жаңалықтар - Сергек
16.11.2017 14:19

Қызылорда футбол федерациясының жаңа басшысы болып Қайрат Ерназаров сайланды.

* * *

“Қайсар” футбол клубының басшылығына жергілікті маман Серік Досманбетов келді.

* * *

Қызылордалық клубта спорт директоры қызметін Талғат Сыздықов атқарады.

* * *

Сұлтан Әбілдаев “Байқоңыр” футбол клубының бас бапкері болып тағайындалды.

* * *

Қайсарлықтар бас бапкері Стойчо Младеновпен тағы бір жылға келісімшартқа отырды.

* * *

“Қайсар” футбол клубы келер жылға биылғы құрамның 70%-ын сақтап қалуды мақсат етті.

* * *

Мақсат Байжанов, Марсель Исламқұлов, Тоқтар Жаңғылышбай, Айбол Жақаев, Иван Граф, Милан Бойович, Джон Камара, Абдель Ламанж, Матиас Курьор, Ілияс Әмірсейітов, Александр Григоренко, Дмитрий Евстигнеев, Валерий Коробкин секілді ойыншылар келесі маусымда да “Қайсардың” намысын қорғайтын болады.

* * *

Қазақстан футбол федерациясының атқару комитеті облыс әкімі Қырымбек Көшербаевқа облыстағы футболдың дамуына үлес қосқаны үшін алғыс білдірді.

* * *

2018 жылдың ақпан-мамыр айлары аралығында Ғ.Мұратбаев атындағы орталық стадионға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Командаға Еврокубокте ойнайтындай жағдай жасалмақ.

* * *

“Байқоңыр” футбол клубына 2019 жылы премьер-лига ойындарына жолдама алу мақсаты қойылды.

* * *

Командадағы ойын кезіндегі ең дөрекі ойыншы – Валерий Коробкин. Ол осы маусымда 1 қызыл қағаз және 9 сары қағаз алған. Төрешілер биыл жалпы команда ойыншыларына 83 сары қағаз және 4 қызыл қағаз көтеріпті.

* * *

ҚПЛ-дегі ең көп ойында капитан болған футболшы – Мақсат Байжанов. Ол биылғы маусымда команданы 31 ойынға бастап шыққан.

 


Күнтізбе

< Қараша 2017 >
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30      

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары