Өзекті мәселелер

  • 19.12.19

    Кешегі даласында абақ­тысы жоқ, бес қаруы белінде жүрсе де жауынан өзгеге қару жұмсамаған заманда елдің бір-біріне өкпесі, кеткен есесі болмады дейсің бе? Болды ғой. Бірақ, сол заманның өзінде қойнындағы қаруға тұра ұмтылмай, әділдікті, ақ пен қараны шешетін әулеттің үлкені не ауылдың ажасы, оған көнбей жатса, елдің қожасына жүгінді емес пе? Дау бұған да бөгет бермеген кезде биге барып соңғы ше...

    Толығырақ...
  • 19.12.19

    Ақыл  жетпес

    Адамның ақылы өлшеусіз мол. Алайда сол ұлан-ғайыр, шексіз ақылыңның кейде кішкентай, уақ-түйек мәсе­лелерді шеше алмай, тұйыққа тіреліп, жол таба алмай, адасып­  жүретініміз  қалай?!

    ...
    Толығырақ...
  • 19.12.19

    «Кувад синдромы» туралы бұрын-соңды естіп пе едіңіз? Мүлдем естімеген болуыңыз да мүмкін. Бұл – ер адамның жүкті әйел секілді күй кешуі. Мұндай да болады. «Кувад» сөзі француздың «couver» деген етістігінен шыққан, яғни қазақшалағанда «жұмыртқа басу» дегенді білдіреді. Бұл синдром екіқабат әйелдің күйеуінде жүктіліктің үшінші айында басталып, сәби дүниеге келгенге дейін жалғасуы ықтимал....

    Толығырақ...
  • 19.12.19

    Шырылдаған бала дауысынан селк ете қалған олар өздері секілді тағы бір күнә­сіз­дің жетім қалғанын сезді. Сәбиді түннің бір уағында тауып­ алған тәрбиеші дереу төсекке жатқызып, жұбата бас­тады. Әбден жылай-жылай көзінен жасы сарқылған баланың демі бітіп, әрең тыныс алады. Көздері жәудіреген бір топ баланың естісі аузындағы емізікті жұлып алып, апайына ұстатты. Жанаршылықпен қараған оның ересек...

    Толығырақ...
  • 19.12.19

    Поэзия

     

    Ботадай боздап аспан жылайды,

    Алдайды бәрін түлкі үміт.

    Жапырақтардан жас тамшылайды,

    Жапырақ жүрек бұлқынып. ...

    Толығырақ...
Дүйсенбі, 13 Қараша 2017

Мемлекеттік қызмет сапасы – халық сенімі PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
14.11.2017 09:45

2017 жылдың 9 айында Қызылорда облысында жалпы 387 қызмет түрі көрсетілсе, бұл көрсеткіш былтыр 374-ті құрапты. Яғни, сәл де болса өсім бар. Қазіргі таңда электронды түрде көрсетілген қызметтердің саны былтырғы жылмен салыстырғанда 3 есеге артып, үлесі 31%-ға өскен. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Қызылорда облысы бойынша департаментінің 3 бірдей басқарма басшысының қатысуымен өткен брифингте айтылды. Мемлекеттік қызметтер басқармасының басшысы Талғат Нұртаевтың айтуынша, департамент тарапынан ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодексінің 465-бабымен 2 тұлғаға қатысты 3 әкімшілік хаттама толтырылып, мемлекетке 340 350 теңге өндірілген. Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер саласындағы заңнаманың сақталуы бойынша департаментпен барлығы 31 тексеру жүргізілген. Тексеру нәтижесінде 17 204 заңбұзушылық анықталып, мемлекеттік органдарға мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру бойынша 87 ұсыным енгізілген. Оның 19-ы орындалып жатса, орындалғаны – 68. Мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру мақсатында ағымдағы жылдың мамыр-қыркүйек айлары аралығында мемлекеттік қызмет көрсету барысындағы әкімшілік кедергілерді анықтау, жою және алдын алу мақсатында 47 мемлекеттік органда жасырын сатып алу жобасы жүргізіліп, 124 заңбұзушылық анықталған. Десе де, аталған келеңсіздіктер қазіргі таңда толықтай қалпына келтірілген.

- ҚР Президенті Жолдауында 2018 жылға дейін саяси бағытты айқындайтын басты мақсаттар мен міндеттерді айшықтап көрсетті. Сондай-ақ, мемлекет басшысы мемлекеттік қызметтер сапасын арттыруға ерекше назар аударуды ұсынған болатын. Халыққа мемлекеттік қызметті тиімді көрсетуді де ұмыт қалдырмады. 2017 жылдың 9 айында Қызылорда облысының орталық және жергілікті атқарушы органдармен 3 409 583 қызмет көрсетілген. Оның 555 407-сі несие корпорациясы арқылы, 1 042 984-і электронды түрде көрсетілсе, қалғаны тағы да басқа салаға арналған, - деді Мемлекеттік қызметтер басқармасының басшысы Талғат Нұртаев.

Сондай-ақ, Мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау басқармасының басшысы Қуаныш Әбілдаев та басқармадағы атқарылған бірқатар істерге тоқталып өтті.

2017 жылдың 9 айында облыстағы мемлекеттік органдарда 52 тексеру жұмысы жүргізіліп, қорытындысында 276 заңбұзушылық анықталған. Мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамасын сақтауда тексеру қорытындысымен бұзушылықтарды жою туралы мемлекеттік органдарға 13 ұсыныс мен ұсыным енгізілген.

Сонымен қатар, Департаментпен лауазымды тұлғаларға 14 әкімшілік іс қозғалып, соның ішінде ҚР ӘҚБтК 99-бабы негізінде қозғалған 7 әкімшілік құқықбұзушылық іс анықталып, мемлекет пайдасына 456 099 теңге өндірілген.

Қызылорда облысындағы Әдеп жөніндегі кеңесімен жыл басынан бергі 9 айда 10 отырыс өткізіліп, барлығы 34 мәселе қаралған. Оның 17-сі тәртіптік іс болса, қалғаны мемлекеттік органдар басшыларының, аудан әкімдерінің есептері, Әдеп жөніндегі уәкілдің есебі, т.б. болып табылады.

- Сыбайлас жемқорлық профилактика шаралары бойынша 2017 жылдың 9 айында облыста 414 іс-шара өткізілді. Сонымен қатар, мектеп оқушылары арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мүлдем төзбеушілікті қалыптастыру мақсатында облыстағы 284 мектепте еріктілер клубын құрып, 100 пайыз қамтып отырмыз. Жолдағы сыбайлас жемқорлықты төмендету бойынша “10 қадам” жобасы дайындалған болатын. Осы 10 бағыт бойынша қазіргі күні әртүрлі жұмыстар жүргізілуде. Оның ішінде қызметтік автокөліктердің жол ережесін өрескел бұзуы секілді жайттар да бар. 2019 жылдың 9 айында сыбайлас жемқорлық сипатындағы облыс бойынша 129 қылмыс жасалса, осы жылы бұл 110-ды құрап отыр. Сыбайлас жемқорлық сипатындағы қылмыстар көбіне Қызылорда қаласы және Қазалы, Сырдария, Шиелі аудандарында тіркелген, - деді Сыбайлас жемқорлық профилактикасы басқармасының басшысы Бағдат Ізкенов.

Брифинг соңында басқарма басшыларына БАҚ өкілдері тарапынан бірқатар сұрақтар қойылды.

Рыскелді  СӘРСЕНҰЛЫ

 


Теңіз төскейін түйемен толтырған PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
13.11.2017 18:55

Шөл даланың кемесі атанған Ойсылқара түлігі туралы ел арасында айтылатын әңгіме-әпсаналар аз емес. Мына дерекке құлақ түріп көріңіз. «Мұнан төрт-бес мың жыл бұрын айыр өркешті түйе Орта Азияда, сыңар өркешті түйе Африкада алғаш қолға үйретілген. Қазіргі таңда сыңар өркешті жабайы түйе жойылып кетсе, айыр өркешті жабайы түйе Монғолияның Гоби шөлінде ғана сақталған.  «Сахараның салтанаты» атауын иеленген түйе түлігінің қадір-қасиеті бағзы заманнан мәлім. Ежелгі кезде сауда-саттық түйелі көш керуендері арқылы жүргізілген. Бір жолы Самарқан саудагерлері Жібек жолы арқылы 30 мың түйемен сапарға шыққан деген дерек бар. Қазақ даласында да түйе өсіруге баса мән берілген. Ертеректе Ақтөбе өңіріндегі Сортаңды, Шақытты жерлерін жайлаған Қара деген кісінің 3 мың түйесі болған деседі. Қазақстанда айыр өркешті түйе жиі кездеседі. Оны кейбір аймақтарда «айыр түйе», Арал мен Каспий аралығының тұрғындары «түс түйе» десе, жабайы түрі «қаптағай» деп аталады. Айыр өркешті түйе ғылыми тілде «бактриан» делінеді. Салмағы 450-690 килоға дейін тартады. Қазіргі кезде айыр өркешті түйенің қолға үйретілген үш (қалмақ, қазақ, монғол) түрі бар. Біздің елімізде қазақтың айыр өркешті түйесі көп өсіріледі. Ол құрғақ далалы, шөл-шөлейтті жерлердің табиғи жағдайларына жақсы бейімделген. Аңызақ ыстыққа, үскірік аязға төзімді келеді. Маңғыстау, Атырау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Қызылорда, Жамбыл, Алматы, Шығыс Қазақстанның кейбір аудандарында кездеседі. Сыңар өркешті түйені ғылыми тілде «дромадер» дейді. Қазіргі кезде қолда аруана деп аталатын тұқымы бар. Жабайы түрі жойылып кеткен. Оның жалпы аты – «нар». Ұрғашысы – «мая» немесе «аруана», еркегі – «үлек». Сыңар өркешті түйе ыстыққа төзімді, бірақ қатты аязға шыдамайды. Орта Азия мен Қазақстанда ғасырлар бойы халықтық сұрыптау әдісімен өсіріліп келеді. Қазіргі таңда түйені еті, қымыраны және шудасы үшін өсіру пайдалы. Мамандардың пікірінше бір түйенің беретін өнімі 15 қойдың беретін өніміне тең» дейді ғаламтор желісінде.

Арал өңірінде бірқатар ауыл шаруашылығы құрылымы асыл тұқымды мал өсірумен айналысады. Олардың арасынла «Құланды» ЖШС-гі жылқының асыл тұқымды Мұғалжар және асыл тұқымды қазақтың айыр өркеш түйесін күтіп, бағуда. «Құланды» ЖШС-гінің есебінде асыл тұқымды 1168 бас түйе бар. Шаруашылық асыл тұқымды түйе басына жыл сайын жем-шөптік азыққа субсидия алып отыр. Статистикалық мәліметке сүйенсек, облыстағы түйенің жартысынан астамы (60 пайызы) Арал ауданында екен. Ал түйенің еті ғана емес шұбаты мен шудасы да адам ағзасына аса пайдалы екені мәлім.

Ауданда мемлекеттен қаржылай көмек алып, шаруашылығын қарқындатып отырған жандар баршылық. Солардың бірі – Манахов Рүстем есімді жігіт. Ғасыр тоғысында кәсіпкерлік жолын бастаған осынау пісентті ауыл азаматы ата кәсіп мал шаруашылығын дамытуға бет бұрды. Жолы болды. Өзіне етене саланы ұршықша үйіріп, шаруасын дөңгелетіп әкетті. Ағымдағы жылы «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы «Түйе өсіру» бағытына несие алып, шаруашылығын ұлғайтты. Екінші кейіпкеріміз Зейнет Әжіғұлов болса, Ауғанстанда әскери борышын өтеп, өмірдің ыстық-суығына төселген азамат. Еңбек жолын «слесарь» мамандығымен бастаған Зейнет Ауған соғысы ардагері. Біршама уақыттан бері мал шаруашылығымен айналысып келеді. Биыл «Арал ырысы» ЖШС НС арқылы 6 500 000 теңге қаржы иеленіп, өз ісін дамыта түсті. Нақты кезеңде қорасындағы түйелерін қыстан қысылмай шығаруға еңбек етуде. Еңбек рәтті болсын!

Жұмабек  Табынбаев,

Арал ауданы

 


Молшылық тойы PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
13.11.2017 18:51

«Берекелі күз». Аудан орталығы Әйтеке би кентінде өткізілген шара көпшіліктің көңілінен табылды. Қалыптасқан үрдіспен ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесімен басталған «Алтын дән – 2017» мерекесі шын мәнісінде молшылық мерекесіне айналды. Кенттегі іргелі көшенің бойына қаз-қатар қойылған автокөліктер мен сауда қатарларының маңында шоғырланған жұртшылықтың қарасы мол. Біреулер қой-ешкіні, келесі тұтынушы бақша дақылдарын, ал кейбіреу бауланған шөп саудаласып мәре-сәре.

Жанқожа батыр ауылындағы «Шилі» шаруа қожалығының есімі баршаға аян. Мал өсірумен айналысатын осынау ұжымның аяқ алысы бөтен емес. Олай болатын себбебі де бар. Шаруа қожалығының жетекшісі, жеке кәсіпкер Сәтбай Қоланов ауыл шаруашылығының жай-күйін бес саусағындай жақсы білетін азамат. Аталмыш ұжым бүгінгі жәрмеңкеге тоқты әкелген екен. «Түгін тартса, майы шығады» дейтіндей аса күйлі тоқтыларға сұраныс та жоғары. Жүк көлігіне толтыра тиелген Сәтбайдың иелігіндегі уақ малды әп-сәтте бір ғана тұтынушы көтере сатып алды. Арықбалық ауылдық округінің әкімі Сапарбек Қуатовпен тілдесу барысында елді мекеннен жеткізілген тоқтыға қоса бақша дақылдары, бауланған шөпке де сұраныстың мол болғанын естідік. Әкімнің сөзін дәлелдегендей арықбалықтық ағайындар өсірген бағасы көңілге қонымды, көлемді асқабақтар тұтынушылардың назарын өзіне аударып жатты. Батыр баба ауылының іскер азаматтарына сәттілік тілеп, алға жылжыдық. Жәрмеңке барысында Ақтан батыр, Өркендеу, Бірлік елді мекендері мен Қазалы қаласынан келген өнімдерге көпшілік асқан қызығушылық танытты. Майдакөлдік Әсет Дүзбаев жәрмеңкеге қауынқұрт, қауынқақ, консервленген қияр, помидор әкеліпті. Дәмі тіл үйірген бақша өнімдері қас-қағымда өтіп кетті. Әсет еккен қауын-қарбыз өнімдері елімізбен қатар Ресейге экспортқа шығып жүргенін атап кетсек. Сәл уақыт өте аудандық мәдениет үйіндегі салтанатты марапаттау сәтінде Әсеттің мерейі үстем болғанына шынымен қуандық. Осынау молшылық мерекесін паш еткен жәрмеңкені Қазалы ауданы әкімі Мұрат Ергешбаев, мәслихат хатшысы Күнтілес Назымбеков, ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Өміртай Өтеп-Әлі, өзге де ел ағалары аралап шығып, аудан өнерпаздары концерттік бағдарлама ұсынды.

Мұнан соң аудандық мәдениет орталығында «Қазалы өнімдері» атты көрме-жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Мереке соңы егін жинау жұмыстарының қорытындысымен еңбек озаттарын, көрме-жәрмеңке жеңімпаздарын марапаттау шарасына ұласты. Салтанатты рәсімде аудан әкімі Мұрат Ергешбаев құттықтау сөз сөйлеп, озаттар марапатталды. Шараға қатысушылар концерттік бағдарламаны тамашалады. «Нұр – Есет» мейрамханасында мерекелік дастарқан жайылды.

Жұмабек Табынбаев,

Қазалы ауданы

 


ОСТЕОПАТИЯНЫҢ НЕ ЕКЕНІН БІЛЕСІЗ БЕ? PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
13.11.2017 18:12

Мануальды терапия дегенді естідіңіз бе? Остеопатия дегенді ше? Ол кім, бұл не деген сауалдың туындары анық. Остеопатия – омыртқа жотасының ауруларына қолмен нақтама қойып емдеу. Ал, мануальды терапия – организмнің тірек-қимыл аппаратының патологиясын зерттейтін медицинаның жаңа саласы. Мануальды терапияның негізгі мақсаты – тірек-қимыл аппаратындағы ауытқуларды қолмен қалпына келтіру. Мануальды медицина тірек-қимыл аппаратына қатысты ауырсыну синдромдарын тудыратын құрылымдарды, яғни бұлшық ет, байланыс және буын жүйелеріндегі ауытқуларды биомеханикалық ауытқу ретінде қарастырады, сондай-ақ, емдеу барысында ішкі органдардың сырқатын да ескеріп отырады. Мануальды медицинаның әртүрлі жүйелері бұрыннан белгілі. Соның ішінде кең тарағандары – остеопатия және хиропрактика. Бүгінде біздің елімізде енді ғана жүйеге түсіп, омыртқа жотасының қисаюы, жамбас ұршығының дамымауы, балалар сал ауруы, аяқ-қол буын аурулары, қан айналымының бұзылуы, тағысын тағы күнделікті қайталана беретін ауруларға қолданылып жүрген түрі – остеопатия.

Бүгінде еліміздің бас қаласындағы «Асыл» клиникасында көптеген ауруларға мануальды терапия арқылы ем беріліп жатыр. Бұл Ресейде, Америкада арнайы лицензияланып, ендірілген. Ал біздің елімізде енді ғана дамып келе жатқандықтан, жұртшылық остеопат мамандарды жай ғана массаж жасаушы немесе дәстүрлі емші деп түсінеді. Жоқ, бұл – қате пікір. Остеопатия – дәстүрлі медицина. Массаж арқылы бүкіл ағзаға массаж жасай отырып, ем жасайды. Айта кетейік, остеопатия саласын Қызылорда облысына алғаш болып ендірген маманның кім екенін бірі білсе, бірі білмес, ол – осы өңірдің тумасы Аяжан Әлмұсаева. Осыдан бірнеше жыл бұрын Ресейден арнайы білім алып, білген-түйгенімді туған жерімнің халқына қолдансам деген ниетпен алғашқы пациенттерін аядай ғана кабинетте қабылдауды бастаған ол бүгінде жоғарыда сөз болған «Асыл» клиникасында остеопат маман қызметін атқарып жүр. Өткен аптада аталмыш клиниканың остеопаттары барлық науқастар үшін (жұқпалы аурулар мен қатерлі аурулардан бөлек) Қызылорда қаласында арнайы тегін акция ұйымдастырды.

- Тегін акцияны ұйымдастырудағы басты мақсатымыз – барлық науқастарға, үлкендер, балалар болсын, остеопатия емі арқылы бір күн болса да шипа беру. Остеопатияны халық әзірге толыққанды біле бермейді. Остеопатияда организм ешқандай дәрі-дәрмексіз өзін-өзі қалпына келтіру үшін жұмыс істейді. Ол сүйек, тамыр, жүйке болсын, немесе баланың іште жатқан кездегі өзгерістері болсын, барлығы өз-өзімен күреседі. Қазіргі әлеуметтік жағдайда психологиялық күйзеліс көптеп кездеседі. Соның барлығы ағзаға кері әсер беріп, адам психикасы өзінің тепе-теңдігін сақтай алмай қалады. Әсіресе, балалардың сал ауруы нақтамасы қойылған балалардың ата-аналары өмірден шаршап кеткен. Соларға қолдау көрсетіп, бір күн болса да ем қабылдасын деген ниетпен осы шараны ұйымдастырып отырмыз.

Елімізде қазір мануальды терапияға ғана лицензия бар да, остеопатия соның тіркесі секілді жүр. Ал дамыған шетелде бұл салаға да арнайы лицензия беріледі. Сол себептен де біздің елімізде остеопат мамандарға деген сұраныс жеткіліксіз деңгейде. Бүгінде остеопат мамандардың көмегімен аяққа тұрып кеткен науқастардың қатарында балалар сал ауруы (ДЦП), бас сүйек қысымы, аутизм, үлкендер арасында жүрек ауруымен, қан қысымы, омыртқа арасындағы жарық, бала көтеру алдындағы ем, босанар алдындағы ем секілді аурулармен емделуге келген науқастар бар. Сонымен қатар, іштегі баланың аяқпен не жамбаспен жатып қалуы да босанатын аналар үшін оңай емес. Осы ретте жамбастап жатып қалған баланы қалыпты түрге айналдырып, уақыты жеткенде сәтті босанған аналар бар. Тек жұқпалы ауруларды, онкологиялық аурудың ІІ, ІІІ, ІV сатысындағы, өкпе ауруының ашық түрін, ашық қан кету секілді ауруларды қабылдамаймыз, - дейді «Асыл» клиникасының остеопат-маманы Аяжан Әлмұсаева.

Акцияға келушілердің дені – науқас балалар. 80-90 пайызының нақтамасы – балалардың сал ауруы. Кезекте тұрған ата-аналардың көздерінде балаларына ем қонса екен деген үміттің шамы жанып-ақ тұр. Лайым солай болсын. Айтпақшы остеопат-мамандар тек Қызылорда қаласын емес, еліміздің барлық облыстарында осындай бір күндік қайырымдылық шарасын өткізуді жоспарлаған.

Н.ҚАЗИ

 


Күнтізбе

< Қараша 2017 >
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30      

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары