Өзекті мәселелер

  • 19.12.19

    Кешегі даласында абақ­тысы жоқ, бес қаруы белінде жүрсе де жауынан өзгеге қару жұмсамаған заманда елдің бір-біріне өкпесі, кеткен есесі болмады дейсің бе? Болды ғой. Бірақ, сол заманның өзінде қойнындағы қаруға тұра ұмтылмай, әділдікті, ақ пен қараны шешетін әулеттің үлкені не ауылдың ажасы, оған көнбей жатса, елдің қожасына жүгінді емес пе? Дау бұған да бөгет бермеген кезде биге барып соңғы ше...

    Толығырақ...
  • 19.12.19

    Ақыл  жетпес

    Адамның ақылы өлшеусіз мол. Алайда сол ұлан-ғайыр, шексіз ақылыңның кейде кішкентай, уақ-түйек мәсе­лелерді шеше алмай, тұйыққа тіреліп, жол таба алмай, адасып­  жүретініміз  қалай?!

    ...
    Толығырақ...
  • 19.12.19

    «Кувад синдромы» туралы бұрын-соңды естіп пе едіңіз? Мүлдем естімеген болуыңыз да мүмкін. Бұл – ер адамның жүкті әйел секілді күй кешуі. Мұндай да болады. «Кувад» сөзі француздың «couver» деген етістігінен шыққан, яғни қазақшалағанда «жұмыртқа басу» дегенді білдіреді. Бұл синдром екіқабат әйелдің күйеуінде жүктіліктің үшінші айында басталып, сәби дүниеге келгенге дейін жалғасуы ықтимал....

    Толығырақ...
  • 19.12.19

    Шырылдаған бала дауысынан селк ете қалған олар өздері секілді тағы бір күнә­сіз­дің жетім қалғанын сезді. Сәбиді түннің бір уағында тауып­ алған тәрбиеші дереу төсекке жатқызып, жұбата бас­тады. Әбден жылай-жылай көзінен жасы сарқылған баланың демі бітіп, әрең тыныс алады. Көздері жәудіреген бір топ баланың естісі аузындағы емізікті жұлып алып, апайына ұстатты. Жанаршылықпен қараған оның ересек...

    Толығырақ...
  • 19.12.19

    Поэзия

     

    Ботадай боздап аспан жылайды,

    Алдайды бәрін түлкі үміт.

    Жапырақтардан жас тамшылайды,

    Жапырақ жүрек бұлқынып. ...

    Толығырақ...
Сәрсенбі, 08 Қараша 2017

АКВАРИУМ һәм БОРСЫҒАН БАЛЫҚ PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
09.11.2017 11:21

Сыбырлап сөйлесіп тұрған екі шендіні көрсем, бір қулықтарын асырып­, жарты құпияларын жасырып тұрғандай көрінеді. Содан санамның мишығынан сенімсіздік, парақорлық, жемқорлық, сыбайластық деген сөздер бөлінеді. Өйткені осындай жайт күнде болады, қалтасының қуыс-қуысы тола­ды­, өзі бірақ бұл өмірдің қонағы, сонысын бағаламай, жемқорлығының нәтижесінде темір торға қонады. Біздегі сананы­ кейде ұғу қиын, жалпыға берілген үлесті жеп, жымқырып, қалтасына қарай қымқыруды ойлап тұрады. Қолына­ түскенді құлқынына қылғытып жіберіп, құрықталған соң асқазаны «отказ­» берген шенеуніктердің саны ауыл тұрғынынан көп, яғни шағын бір аудан халқының санына жетіп қалыпты.

Сонда қанша дейсіз ғой... Мысалы, менің ауданымда 40 мыңдай халық бар. Ал олардың саны осыдан 10 мың адамға ғана аз. Елестетіп көрдім, ауыздары күректей, құлқындары түбектей, сөздері жібектей, жұтқандары сүйектей сол шенеуніктерді бір ауданға әкеліп қойса, онда мұнда «жейтін» түк қалмайтын шығар.  Еліміздің  бас  қаржыгері  Б.Сұл­тановтың  айтуынша,  жыл  басынан  бері  мемлекеттік  мүлікті ханталапайға  салған  осынша шенеунік жаза­дан­ бо­сатылыпты. Парламент мә­жілі­сінде өткен Үкімет сағаты мемлекеттік аудит және қаржылық бақылауд­ы  жетіл­діру мәсе­лесіне арнал­ған. «Асаған-жаса­ғандардың» мәселесі де сол  жиында  айтылды.­

- Жоспарлы тексеріс­тер саны азайды, бірақ олардың нәтижелілігі жоғарылады. Осы жылдың 9 айында тексеру­лермен 1,4 триллион теңге­  қамтылды,  оның  40 пайызы бойынша бұзушылықтар анық­талған. Бұл көрсеткіш 2015 жылмен салыстыр­ғанда 30 пайызға жоғары. Жұмыс тиімділігі жо­йылған бұзушылықтардан да көрініп тұр. Егер 2015 жылы 1 тексерушіге келетін жою 285 мил­лион теңгені құраса, ағымдағы жылы 1 аудитор жарты­ миллиард теңгеге жуық бұзушылықты жойды, - деді бас қаржыгер.

Қазір кабинетте отырып, сырттағы жұмыстарды жүйелеп, тірліктерді тындырып қоюға мүм­кіндік бар. Әркімнің ал­ды­на барып «атылудың», тілмен түйреп шатылудың қажеті жоқ. Жол­ға уақыт жұмсап жүйкең де жұқармайды, орныңда отырып тапқан фактіңді көрсетсең, күдікті де бұлтармайды. Бұл тәсіл қазіргі тексерулерге де еніпті. «Ревизорлық сапар» дәуренін камералдық бақылау басып алды. Онда қаржы саласының «қақпаншылары» кабинетте отырып, ға­ламтор мен компьютер арқылы тексеріс жасайды. «Майлы шелпекке» қол соза бергенде қақ­панға түс­сеңіз, кері ше­гін­генде артыңызда Мәс­кеу тұрмағанымен, ревизорлар анық тұрады.

- Бұл тексерулер тікелей объектілерге шығу арқылы емес, жұмыс орнында ақпараттық жүйелерге сүйеніп, жүзеге асыры­лады. Бұзушылықтарды алды­н ала анықтау, олар­ға жол бермеу және мемлекеттік аудит объектілеріне әкімшілік ауыртпалықты азайту үшін ақпараттық жүйелер деректері негізінде объектіге бармай, ішкі мемлекеттік аудит комитеті және оның аумақтық бөлімшелері камералдық бақылау жүргізуде. Осы жұмыстың арқасында 2017 жылдың 9 айында 1 аудиторға шаққанда мемлекеттік сатып алудың 935 рә­сімі тексерілді. Бұған дейін осы бағытта 1 аудитор  тек 12 тексеруді жү­зеге асыра алатын. Осы орайда 2017 жылы 597 миллиард теңгені­ң, ал екі жыл ішінде 1 триллион теңгеден артық соманың заңбұзушылықтары алдын ала анықталды. Бұл заңбұзушылықтарды өз ер­кімен жойғандары үшін шамамен 30 мың лауазымды тұлға әкім­ші­лік жауапкершіліктен бо­сатылды, - деп мә­лім­деді қаржы министрі Б.Сұл­танов.

Айтпақшы, камералдық бақылаудың тиім­ділігі – заңбұзушылықтың алдын алу. Ол бақылау объектісіне бармай-ақ  табылған бұзушылықты бақылау объектісі жойса, жазадан босатылады. Яғни, кеңірдегі кеңей­іп кеткен адамға керілуге мүмкіндік қалдырмай, жегенін қайта қайырса, қазақша түсі­нікпен, кешіре салады. Көрпешенің астарына жасырылған тігіс секілді бұл жүйенің де ығында бір шикілік бар секілді. Ол да сол сыбайластық төңірегінен бір қадам алыс  емес.

Бас қаржыгердің басын қатырып, ызасын шақырып тұрған «ас­қынған» ауру бар көрі­неді.

- Шынында, коррупция мәселесі тұтастай алған­да, мемлекеттік басқ­ару жүйесінің де, сондай-ақ бақылаушы органдардың да «аса дертті тұсы» болып та­былады. Тексеруші ор­гандарда сыбайлас жем­қорлық тәуекелдері зор. Өйткені әлі күнге дейін олар бақылау объектілерімен тікелей қарым-қатынаста, байланыста. Бұл ретте ондай фактілер анықталса, дереу ден қоюға тырысамыз. Биыл­ғы 9 ай қорытындысы бойынша шаралар қа­былданып, біздің жүйедегі қызметтің абыройын төккен 6 лауазымды тұлғаға «қызметке толық сәйкес еместігі туралы ескерту» жасалды, 3 лауа­зымды тұлғаға «сөгіс» жари­яланды. Өткен жылы біз тіпті комитет төрағасының орынба­сарын да жұмыстан қудық, - деп ақталды Бақыт­  Тұрлыханұлы.

Басынан шіріген балықтан гөрі суда тұрып борсыған балықтың иісі жаман. Бұдан аңғаратынымыз, тексеруші органның өзін аквариум деп алсақ, қаржыгердің сө­зін­де келтірілген дәлелдер-ақ мөлдір судың тұнығын лайлап  тұрған  секілді.

О.МӨҢКЕ

 


ЖАҢҒЫРТУДАН ӨТКЕН ҮЙ, ӨТКІР ИІС ӨПКЕН ҮЙ PDF Print Email
Жаңалықтар - Мәселенің мәнісі
09.11.2017 11:18

Жауынсыз күні су кешіп, тынық күні тұншығып отыр. Оның үстіне балалар арасында инфекциялық аурулар жиілеген. Осылай деп дабыл қаққан қаладағы «Шұғыла» мөлтек ауданы №44 көпқабатты үйдің тұрғындары редакциямызға келіп, көмек сұрады. Бұған дейін олар талай табалдырықты тоздырған. Алайда­ емен есігі еріне ашылатын сала басшылары мардымды жауап қатпағанға ұқсайды­. Сыртқы кәріз жүйесіндегі кінәрат көпшіліктің жүйкесін жұқартқан. Тұрғындардың айтуынша, құбырлардың әбден тозығы жеткен. Соның кесірінен­  нәжіс  суы  күн  ара  көтеріліп,  ауланы  басып  қалатын  көрінеді.

– Жазда далаға шығып отыра ал­маймыз. Екі күннің бірінде сасық су жиналады да қалады. Тыныс алу мүмкін емес. Әсіресе балаларға қиын. Инфекциялық аурулар көбейіп кетті. Қалдық судан қалай құтылатынымызды біл­мейміз, - дейді №44 көпқабатты үйдің тұрғыны  Бақытжан  Жаханов.

Қолдарында бума-бума құжат. Он жылға  жуық  уақыт өтсе де, отыздан аса адам қол қойып, өтінішін айтқан жұмыст­ың  өзгерер түрі жоқ.

– «Шұғыла» мөлтек ауданы №44, №45, №24 а, №24 б көпқабатты тұрғын үйлердің орталықтандырылған кәріз жүйелері тозған. Аталмыш үйлердің орталы­қтандырылған д-160 мм, ұзындығы – 300 метр, д-200 мм, ұзындығы – 200 метр, д-250 мм, ұзындығы – 10 метр және д-600 мм, ұзындығы – 220 метр болатын кәріз жүйелері «Қызылорда қаласының ауызсу және кәрізсу жүйелерімен имараттарына қайта жаңғырту және кеңейту 2015 жылға дейінгі» бағдарл­амасын енгізуге «Қалалық құрылыс­  бөліміне» ұсыныс  берілді,- деп  2013  жылы «Қызылорда  су  жүйесі» МКК-ның оңалту басқарушысы М.Усерба­ев  жауап  берген.

Құрғақ жауап қолқаны қапқан иістен құтқармайтыны белгілі. Тұрғындар 2014 жылы «Нұр Отан» партиясы об­лыстық филиалының төрағасы Қырымбек Көшербаевқа, бұрынғы қалалық мәслихат хатшысы Ибадулла Құтты­қожа­евқа, қала әкімі Нұрлыбек Нәлі­баевқа  арыз  жазған. «Баяғы  жартас, сол жартас». Тек ақ парақ пен қаламның жебірі болдық деп ашынады жұрт. Жинал­ған көпшілік бұған жауапты мекемен­ің жұмысына көңілі толмайтындығын ашық айтты. Себібі лас суды тартатын көлік кешігеді екен. Кейде ассен­изатор көліктер келмейтін де көрі­неді. Ал оған дейін болары болып, бояуы  сіңеді. Өйткені жиналған нәжіс суы өжіреге  қарай  қайта  құйылады...

Осыдан 3 жыл бұрын №44 үй күрделі жөндеуден өткен. Сол кезде «өңешіне» дейін  толған өжіре толық тазаланған. 6-7 мың қаптай қоқыс шыққан. Егер сасық суды дер кезінде сорып алмаса, күрделі жөндеуге жұмсалған қаражат суға сіңгенмен бірдей. Келісімшарт бойынша жаңғырту жұмыстарынан соң тұрғындар шаршы метріне қарай  7 жыл бойы қаражат төлеуі тиіс.

– Бұлай жалғаса берсе, етілген еңбек зая кетеді. Кішкентай балалар нәжіс суына қолын батырып ойнап жүргенін көзіммен көрдім. Ол тұтастай  у  ғой. Қазір күн жылы. Құдық­тардағы су қатпаған. Егер күн суытып мұз қатса, жағдай одан да бетер қиындай түседі. Сондықтан сыртқы кәріз жүйесін  ауыстырып  берсе, -  дейді  №44 көпқабатты үйдің тұрғыны Қазыбек­  Әшірбеков.

Көпшіліктің көңілін күпті еткен мәселеге орай жауаптылармен бетпе-бет жүздесіп қайттық. Олардың да айтар­  уәжі  бар.

– Менің бұл бөлімге басшылыққа келгеніме көп бола қойған жоқ. Шыны керек, жоба-сметалық құжаттарын жасату­ға да қаражат қажет. Мұның барлығы ұзаққа созылады. Ал жоба дайындалмай, қаржы бөлінбейді. Осы мәселені алдағы уақытта көтеремін. Қазір толық тексеру жұмыстарын жүргізуге жауапты маман бекітемін, - деді қалалық тұрғын  үй-коммуналдық  шаруашылық және  тұрғын үй  инспекциясы бөлімі­нің  басшысы Берік Сәрменбаев.

Ал «Қызылорда су жүйелері» МКК бас инженері Нұрлан Утепов «көпқабатты үйдің алдындағы 6 құдықты толық тазартып шығамыз» деп сендір­ді бізді. Дегенмен тұрғындар жауап­тылардың бұл сөзіне күмәнмен қарайды. Және қалыптасқан ахуалдың оңалуы екіталай. Өйткені бұған дейін мұндай жұмыстар сан мәрте жүргі­зіл­ген. Шыққан нәтиже нөлге тең. Егер бұл мәселе жақын арада шешілмесе,  тұрғындары  тікелей Ақордаға хат жазамы­з  деп бекініп  отыр.

Қозы  Көрпеш   ЖАСАРАЛҰЛЫ

 


ҚЫЗЫЛОРДА «ҚАУІПТІ ҚАЛА» ДЕП ТАНЫЛДЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Құқық құрығы
09.11.2017 11:12

Қызылорда қаласында соңғы 10 жылда болмаған көрсеткіш! Биыл кісі өлтіру қылмысының саны 8-ден 19-ға көбейіп отыр. Бұл туралы қала прокуроры М.Досмаған­бетов қала әкімдігінде өткен ведомствоаралық мәжіліс барысын­да мәлімдеді. Аймақтағы ұрлық, пәтер ұрлығы, қарақшылық, есірткі бизнесі, жасөспірімдер қыл­мысы, адам өлтіру қылмысы сияқты ауыр, аса ауыр санаттағы қылмыстылық әрекеттерін жіті тал­даған жиында жауаптылар жауап бермей қалмады. Облыс прокурорының орынбасары Талғат­ Әлібаев барлық қылмыс деректерін құзырлы орган басшыларымен бірлесе талда­п, қылмыстың себебі мен салдарына  ерекше  тоқталды. Мәжілісте  белгілі болған ақпаратқа сүйенсек, Қызыл­­ордада...

 

АДАМ  ӨЛТІРУ

ҚЫЛМЫСЫ  КӨБЕЙГЕН

- Әлем  бойынша әрбір мемлекеттің  қауіпсіздік деңгейі адам өлтіру қылмыстарымен бағаланады. Біздің өңіріміздегі жалпы қылмыс саны азайғанымен, кісі өлтіру, қарақшылық, қорқытып алушылық секілді қоғамға қауіпті  және  зардаптары ауыр қылмыстар ерекше өсім алып отыр. Осылайша Қызылорда қаласы республикамыз бойынша «қауіпті қала» деп танылды. Бұл – өкінішті! Мұндай қылмыстардың белең алуы атқарылып жат­қан профилактикалық шара­лардың тиімділігінің төмен екендігін айғақтайды. Оның ішінде біздің үйлестірушілік шарала­рымыз да қылмыстардың өсуіне толықтай тосқауыл бола алмағандығын мойындауымыз керек, - деді қала прокуроры Мұрат  Досмағанбетов.

Оның айтуынша, кісі өлтіру қылмыстарының тең жартысы көшеде және түнгі мезгілде пышақ, аңшы мылтығы, шолақ мылтық, тапанша қаруын қолданып жасалған. Естігеннің төбе құйқасы шымырлайтын ақпарат. Бейбіт күні бір-біріне қару ала жүгіріп, о дүниеге аттан­дыра салатын «қылықты» кім, қайдан шығарған? Қылмыс­керлер адамды қалаған уақы­тында атып, шауып, өлтіріп кетіп жатыр­. Мұндай әрекеттің соғыс даласында емес, Қызылорда қаласында болғаны көңіл қынжылтады. Заң бар, полиция бар дейміз...

Аталмыш 19 кісі өлтіру қылмысының 7-еуі, яғни 37 пайызы Ақсай полиция бөліміне қарасты №6 учаскелік полиция пунк­тінің аумағында болса, қалған 12-сі өзге учаскелік полиция пунктерінде көрініс тапқан. Демек­, бұл қаланың қылмыс көп жасалатын және қауіпті аймақтарында патрульдік қызметтің күшіне баса назар аудару қажеттігін білдіреді. Осы ретте қала прокуроры сол аймақтардағы барлық қауіпті жерлерді аралау керек­тігін айтты. Мәселен, көпқабатты үйлердің гараждарын, жарық түспейтін аймақ­тарды, көшелердің тұйықтарын, бір сөзбен айтқанда, полиция келіп қаларын ешкім күтпеген жерлерге баруы керек.

Бұған қосымша қалалық ішкі істер бас­қар­масының басшысы Дәулет Беркінбаев қа­ладағы қылмыстылық туралы тілге тиек  етті.

- Ағымдағы жылдың 9 айында қала көлемін­де қалыптасқан криминогенді ахуал,­ жалпы қылмыстың тіркелуі 10,6 па­йызға төмендесе, ауыр, аса ауыр қылмыстың тіркелуі 4,9 пайызға азайған. Тек аса ауыр қылмыстың өсуі қасақана кісі өлтіру есебінен 100 пайызға өсіп отыр. Ашыл­маған қылмыс 30,3 пайызға, яғни өткен жылмен салыстырғанда ашылмаған қыл­мыстың саны 1000 қылмысқа төмен, - деді Д.Беркінбаев.

Басқарма басшысының баяндамасын мұқият тыңдаған облыс прокурорының орынбасары Талғат Әлібаев берілген ақпараттарға қатысты сауалын жолдады.

- Сіз жаңа айттыңыз, «қылмыс төмен­деген, тек ғана кісі өлтіру дерегі...». Сіздің баяндамаңыздан, жаңа жазып алдым. Сонда­ біздің мемлекетте адамның өмірі, адамның денсаулығы ең соңынан есептеле ме? Осы деректі ҚІІБ басшысы жария етіп отыр. Шынымды  айтайын, бізге қазір басқа аймақтардан келуге азаматтар қорқып жүр. Өйткені, соңғы талдау жүргізу бойынша, Қызылорда – ең қауіпті қала. Масқара ғой, 8-ден 20-ға дейін кісі өлтіру дерегі өсіп тұр. Сіз өз  дерегіңізде алаяқтық, қоғамдық орындарда қылмысты болдырмау жөнінде айтып отырсыз. Алаяқ­тық емес, алдымен кісі өлтіру дерегін қалай ашамыз, қалай төмендетеміз? Сол болу керек қазір ішкі істер  басқармасының  басты  мәселесі, - деді Талғат  Айтбайұлы.

- Жалпы, бізде  тіркелетін  қылмыстың басым бөлігі, яғни 60-70 пайызы – ұрлық қылмыстары. Бұл бізде  Ішкі істер министр­лігімен қылмыстылықтың  басым бағыты ретінде белгіл­енген. Мен осы есепті мер­зімдегі қылмыс­тық  ахуалды  ай­ты­п жатырмын, кісі өлтіру  есебінен өскен аса ауыр санаттағы  қылмыстарға  тоқ­талдым, - деп уәжін  айтты­  Д.Беркінбаев.

«Дұрыс, жақсы, ол жұмысты істейсіздер. Бірақ кісі өлтіру дерегі неден өсіп отыр? Қазіргі таңда қаламызда жастар арасында қару пайдалану арқылы жанжалдар орын алып отыр. Сол бойынша қандай жұмыстар атқарып жатырсыздар? Әлі күнге дейін «район-районға» бөлінеді балал­ар. Алдымен кешегі болған «Болашақтың» артындағы атыс. Қыз үшін болған­ нәрсе. Екі баланың көзіне оқ тиіп, қазіргі таңда­ өліп кетпегеніне шүкір ету керек. Жалпы, жәбірленуші болып танылғандар саны – 5 адам. Дұрыс па? Осындай деректердің алдын алу үшін қандай жұмыс жүргізіп  отырсыздар?», - деп облыс прокурорының орынбасары қайта сұрағанда, ҚІІБ бас­шысы Д.Беркінбаев «Жетеуі – қарумен, қалғаны көшеде жасалған қылмыс. «Бытовой» қылмыстар, арақ ішіп жасайды, араларында басараздық, есепте тұратындар бар. Ондай қылмыстар жергілікті учаскелік полицияның назарынан тыс қалады. Ол жерлерде «разборка» болып жатқан жоқ. Сондай қылмыстар есебінен өсіп тұр. Атыс қаруы болса, заңсыз айналымдағы атыс-қарулары тәркіленіп, жұмыстар жүргізілуде.­ Нақты бір криминогендік сипат алатындай қылмыс жоқ. Барлығы «бытовой», болмайтын нәрселердің төңірегіндегі қылмыс» деп жауап берді. Мұнан соң «болмайтын қылмыс болса, онда жарайды. Түсінікті» деп тоқтады Талғат Айтбайұлы.

 

ЕСІРТКІМЕН  ҰСТАЛҒАНДАРДЫҢ

32  ПАЙЫЗЫ –  ЖАСТАР

Жалпы қылмыстардың ішінде есірт­кі­нің заңсыз айналымы былтырмен салыстырға­нда 54,7 пайызға арт­қан. Яғни  137-ден  212-ге  көбейіп  отыр. Мұның  себебін  құзырлы орган өкілдері прокуратураның «Есірткісіз болаша­қ» жобасы аясында ішкі істер органдарымен атқарылып жатқан жұмыстарының нәтижесімен байла­ныстырып отыр. Бұл көрсеткіш – осыған дейін «Дельта-Сырдария», «Көкнәр» жедел іс-шаралары жүргізіліп, есірткіні «кәсіп­ке» айналдырып алғандарды анықтау жұмыстарының жемісі. М.Досмағанбетовтың сөзінше, есірткімен ұсталған 50 адамның 16-сы, яғни 32 пайызы – 18-29 жас аралығындағы жастар. Елдің үкілеп отырған үміті, болашағы жастарымыздың есірткі бизнесіне «елітіп» жүргені қалай?

 

ЖАСӨСПІРІМДЕР  ҚЫЛМЫСТЫ

ТҮНДЕ   ЖАСАҒАН

Кәмелетке толмағандардың қылмыс жаса­у санының өсуі Қызылорда қаласындағы кезек күттірмейтін мәселеге айнал­ғанын мұнан бұрын да жариялаған болатынбыз. Қала прокуроры жыл басталғалы бері жасөспірімдер қылмысының 4,8 па­йызға өскенін айтты. Сондай-ақ, жеткіншектер қылмысының 40 пайызы түнгі уақытта жасалған. Осындай мезгілде ата-анасының қарауында болуы тиіс олардың бұл әрекеті қоғамға қауіп тудырып отыр.

- Талғат Айтбайұлы, осы мәселе бо­йынша облыстық жергілікті полиция қызмет­і­нде  І  жартыжылдықта жиналыс та өткіздім, онда аталмыш қызмет басшылығы­ бірталай жұмыстарды атқа­ратын­дығын жеткізген болатын. Алайда­  әрекетсіздікке  бой алды­руда, - деді қала прокуроры Мұрат Досма­ғанбетов.

Қылмыс  жасаған 43 баланың 20-сы оқуда жоқ болса, 23-і – оқу орындарында  білім алушылар. Олардың ішінде 11-і – мектеп оқушылары, 12-сі – колледж студенттері. Ал басым­ көпшілігі кешкі мектеп оқушылары бол­ған. Мектептен кешке білім алатын оқушының түнгі мезгілде қылмыс жасауын қалай түсінуге  болады? Ата-ана, мектеп мұғалімдері, ювенал­ды полиция қызметкерлерінің функция­сы  көрінеді осыдан.

 

ПӘТЕР  ҰРЫЛАРЫ

НЕГЕ   ҰСТАЛМАЙДЫ?

Ұрлық қылмыстарына қарсы күрес жүйел түрде жүргізілгенімен, пәтер ұрлығы өткен жылмен салыстырғанда 7,5 пайызға өскен. Пәтер ұрлықтарының саны артуына­ олардың жазаланбауы, ұсталмауы себеп. Заң жүзінде жазаға тартылмағандықтан, жаңа ұрлық жасаудан олар да  тартын­байды­. Статистикалық  мәліметтерге  сүйенсек,  615 пәтер ұрлығының 442-сі немесе 72 пайызы әшкереленбей, тұрғындарға      82 миллион теңге мүліктік шығын келтірген.

 

ХАЛЫҚТЫҢ

ПОЛИЦИЯҒА   СЕНІМІ...

Ведомствоаралық мәжілісте белгілі болғандай, Қызылорда қаласындағы қа­рақшылық қылмысының саны 3-тен 5-ке (66,6 пайыз), қорқытып алушылық 4-тен 11-ге (175 пайыз) көбейген. Аталмыш қылмыс­тар жәбірленушілердің өмірі мен денсаулығына зор қауіп төндіретіні белгілі. Аз уақытта жеңіл жолмен пайда тапқыс­ы келгендер тұрғындардың мен­ші­гіндегі үйге баса-көктеп кіріп, зорлық-зомбылық жасап, тапқанын «олжалап» кеткен.­ Бұл жөнінде қала прокуроры М.Досмағанбетов «қылмыскерлердің атыс қаруын және өзге де құралдармен жәбір­ленушілердің тұрғын үй-жайына, оның ішінде түнгі мезгілде заңсыз кіру арқылы қылмыс жасауы халықтың полицияға деген­ сенімін жоғалтады» деп қынжылды.

Жазира  БАҒЛАН

 


«ПОТОМУ ЧТО, ПОТОМУ ЧТО...» PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
09.11.2017 11:05

«Пенсияға дейін шыдасам болды» деп жұмыс істеп жүрген әйелдердің сөзін есту – қалыпты жағдай. Әсіресе, зейнеткерлікке шығуға екі-үш жыл қалғанда уақыттың өтпейтіні тағы бар. Күн санап, апта есептеп, айдан айға әрең ілігетіні рас. Өйткені қазір жасы елуден асқан әйел адамдардың денсаулығы бірқалыпты емес, қан қысымы, жүрек жетіспеушілігі, бүйрек қызметінің сыр беруі, одан қалды түрлі қауіпті дерттер жанын­ жеп, қажытып жіберген. Екі күннің бірінде науқастанып отырған адамда қандай ой қалсын, шыдамдылықтан  басқа. Келер жылдың басында зейнетке шығамын деп үміттеніп  отырған 58 жасқа жақындаған әйелдер үшін зейнет жасының біртіндеп ұзарға­ны жаға қойған жоқ.

Адамдардың өмір жасының ұзақтығымен есептелетін бұл жас халықтың өмір сүру ұзақтығын білдіретін секілді. Зейнетке шығармай жұмысқа «жеге» тұрсақ, ол адам «мен пенсия жасына жетуім керек» деп өмірін ұзарта алмайты­ны  тағы  бар. Өткелден өткен аты қай жерге келіп тұяқтан сүріне­тінін  білу  адамзаттың  маңдайына жазылм­аған. Жаңа жылдан кейін зейнетке шығамын деп тас түйін дайын­далып отырған әйелдер енді  бастапқы  уақыттан  жарты  жыл кеш  ілігеді.

Естеріңізде болса, осыдан төрт жыл бұрын әлеуметтік жәрдемақы мен зейнет жасының ұзаратынын халық арасында кеңінен насихаттап, елдің құлағын үйретпек болған бұ­рынғы еңбек және халықты әлеумет­тік қорғау министрі Серік Әбденов­тің аты-жөнін біршама халық ұмытып қалды. Өйткені осы тақырыпқа қатысты жиындардың бірінде үстіне жұмыртқа лақтырылған тұңғыш қазақ министр «потому что, потому что» «атағын»  арқалаған  күйі  «отставкаға» кеткен еді. Алайда оның кезінде құлағы тік шыққан жіктей болған рефор­ма түк өзгерген жоқ. Қайта жыл өткен сайын жылыстаған күйі 2018 жылға да жетті. «Патамуштадан» кейін жылы жабылып қалған зейнет жасының ұзаруы мәселесіне халық көндігіп кетті ме, әлде экс-министр­дің берген жауабы «толыққанды түсінікті» болды ма, әйтеуір наразылық білдірген біреу болмады.

Сонымен, «қырқы кетіп, бірі қалды»  деген  қағида  бойынша  тағы да  жарты  жыл  еңбек етуден  өзге амал  жоқ.

2018 жылғы 1 қаңтардан бастап – 58,5  жасқа  толғанда;

2019 жылғы 1 қаңтардан бастап – 59  жасқа  толғанда;

2020 жылғы 1 қаңтардан бастап – 59,5  жасқа  толғанда;

2021 жылғы 1 қаңтардан бастап – 60  жасқа  толғанда;

2022 жылғы 1 қаңтардан бастап – 60,5  жасқа  толғанда;

2023 жылғы 1 қаңтардан бастап – 61  жасқа  толғанда;

2024 жылғы 1 қаңтардан бастап – 61,5  жасқа  толғанда;

2025 жылғы 1 қаңтардан бастап – 62  жасқа  толғанда;

2026 жылғы 1 қаңтардан бастап – 62,5  жасқа толғанда;

2027  жылғы 1 қаңтардан бастап 63 жасқа толғанда зейнеткерлікке шығуға  толықтай  құқылы.

Зейнетақы жасының өсуі 1960 жылдың 1 қаңтарынан бастап өмір есігін ашқан әйелдерді қамтиды, ал 1964 жылдың 1 қаңтарынан бастап дүниеге келген әйелдер 63 жасқа толған­да зейнеткерлікке кететін бола­ды. Сөйтіп, ерлердің жасына жетіп алатын түріміз бар. Тек цифр жөнінен. Айтпақшы бес және одан да көп баланы дүниеге әкелген немесе асырап  алған  және оларды сегіз жасқа­ дейін  тәрбиелеген  әйелдердің 53 жасқа толғанда жасына байла­нысты зейне­тақы алуға құқығы бар.

Жуырда өткен Үкіметтің селекторлық  отырысында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова 2018 жылдан  бастап  елімізде  жаңа  форматтағы атау­лы­  көмек  енгізілетінін  айтты.

- «100 нақты қадам» Жоспарында және Елбасының биылғы жылғы халық­қа Жолдауында берген тапсырмаларын орындау мақсатында 2018 жылдан бастап еңбек және қамсыздандыру саласында бірқатар бағдарламалар жүзеге асқалы отыр. Соның бірі – 2018 жылдың қаңтарынан енгізі­летін жаңа форматтағы атаулы көмек. Мұндағы ең үлкен өзгеріс аз қамтамасыз етілген азаматтарға немес­е  отбасыларға  берілетін атаулы­ әлеуметтік  көмек  кешенді болып, ол өз ішінде 3 түрлі мемлекеттік қол­дауды қамтып отыр, - деді министр.

Жаға тозып, жең жыртылғанымен, етек жамалып жатыр. Келер жылдан бастап  еліміздегі зейнетақы көлемі 8, базалық зейнетақы және басқа да жәрдемақы түрлерінің көлемі 6 па­йызға өседі. Оған қоса базалық зейнетақыны тағайындаудың да әдіс-тәсілдері өзгеріске ұшырамақ.

- Мәселен, бүгінде базалық зейнетақы төлемдері еңбек өтілі есепке алынбай барлығына біркелкі беріліп келсе, 2018 жылдың 1 шілдесінен баста­п еңбек өтіліне қарай есеп­телетін болады. Жинақтаушы зей­нетақы қорына жиналған зейнетақы жарнасын ескере отырып, 1998 жылдың 1 қаңтарына дейінгі де, 1998 жылдың 1 қаңтарынан кейінгі де еңбек  өтілі есепке алынады, - деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің вице-министрі  Светлана  Жақыпова.

Бүгінде елімізде базалық зейнет­ақы алатын 2 млн 139 мың адам бар. Ал олардың 44,1 пайызының базалық зейнетақысы екі есеге көтерілетін болады. Яғни, бұл зейнеткерлер бүгінгі күні 14466 мың теңге алатын болса, 1 шілдеден бастап олардың қолына 28274 теңге зейнетақы тиеді.

Бұл өзгеріс біреуге пайда әкеледі деп те толық айта алмаймыз, керісін­ше, зияны тиеді деу де қиын. Бірақ, зейнет жасын күтіп қартайған мамандардың санасын тұрмыс билеп кете­тіні ащы шындық. Ал әлеуметтік жәр­демақы мен зейнет жасының сипат­ы не үшін өзгеріске ұшырағаны әзірге «потому что, потому что» деген жа­уаптан әрі аса алмай тұрған түрі бар.

А.НҰРТАС

 


НАН БАҒАСЫ НЕГЕ КӨТЕРІЛДІ? PDF Print Email
Жаңалықтар - Мәселенің мәнісі
09.11.2017 10:49

«Бірдің кесірі мыңға тиеді». Осы сөз «қара алтынның» құлағын ұстағандарға қарата айтыл­ғандай. Себебі бензин бағасы­ның күрт көтерілуі азық-түлік пен тасымал құны­ның өсуіне де әкеп соқ­тырды. Жылда қайталанатын жайт жұрттың жанына батқа­ны шындық. Жанар­-жағармаймен  алысып  жүріп, нан бағасының  қалай  өскенін  де  байқамай қалдық...

«Барлығы бақылауда» деп бұқараны сендіретін жауаптылар бұл жолы қымбатшылықты  мойындап  отыр.

– Наубайхана иелерімен негізінен соңғы уақытта коммуналдық қызметтердің тарифтері мен тасымалдау және басқа да шығындардың өсу себептерінен нан бағасын бұрынғы мөлшерде ұстап тұра алмайтындығы жөнінде мәселе көтерілді. Оның ішінде бензиннің, авто­газдың, электр қуатының, табиғи газдың және нарықтағы І сортты ұн бағасының жоғары  болуы нан бағасының көтерілуіне әкеп соқты, - деді облыстық ауыл шаруаш­ылығы басқармасының бас­шысы  Бахыт  Жаханов.

Оның  айтуынша,  өңірлік тұрақтандыру қоры тарапынан вагон басынан ұнды 75 теңге­ден және наубайханаларға 78 теңгеден жеткізіп беру ұсынылған. Сәйкесінше, наубайханашылармен бөлке нанды наубайхана басынан 50 теңгеден асырмай босату және бөлшек саудад­а 55 теңгеден асырмай сату жөнін­де келісімге келген. Яғни, орташа баға 55 теңге деп бекітілген. Дегенмен бақылаудың аздығынан ба, әлде басқадай себеп­терден бе, кейбір дүкендерде  нан  60 теңгеден сатылуда. Ал  бағаны  негізсіз көтергендерге облыс­ бойынша табиғи монополияларды реттеу­  және бәсекелестікті қорғау депар­таменті тиісті шарал­ар қабыл­дамақ. Бұл жөнінде аталмыш депар­тамент басшысының орынбасары Е.Орынба­ев жергілікті телеарнаға  берген­  сұхбатында  мәлімдеді.

Осы мәселеге қатысты қандай да бір ақпарат алуға қалалық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөліміне бардық. Ондағылар нан бағасының көте­рілуіне жауап бермейтіндігін айтты. Ал қалалық ауыл шаруашылығы бөлімінің мамандарымен тілдесу мүмкін болмады.

Бүгінде облыс орталығында 40-тан аса наубайхана тіркелген. Кәсіпкерлер де ұтылғысы келмейді. Қалай болғанда да, қымбатшылықтан  қарашаның  қал­тасына  ауырлық  түсіріп  тұр.

Халық-хабар

 


ЖАУАПКЕРШІЛІК ЖҮГІ ЖЕҢІЛДЕМЕЙДІ PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
09.11.2017 10:43

Бұқарадан «тамшылап» жиыл­ған қаржының жауапкершілік жүгін кім арқалайды? Салық жинау­ға жауапты мекемелердің жүргізген жұмыстары қай деңгейде? Осы және өзге де өзекті түйткілді мәселелер қала бас­шысы Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен кезекті аппарат мәжі­лісінде  талқыланды.

Мемлекеттік  бюджетке  заңды  және жеке тұлғалардан бел­гілі бір мөлшерде салық түсетіні анық. Тайқазандағы қаражатты жинап, оны заң бойынша тиісті орынға жұмсау – биліктің құ­зырындағы дүние. Осы жылдың 1 қазанындағы көрсеткіш бо­йынша Қызылорда қаласынан мемлекеттік бюджет болжамы 44 479,4 миллион теңгеге артық түскен. Яғни, болжамның 112,2 пайызы орындалды деген сөз. Ал жергілікті бюджет болжамы 11 517,6 миллион теңге болса, түскен салықтың көлемі 11 930,1 миллион теңгені құрап, 412,4 миллион теңгеге артық орын­далған. Бұл ақпаратты жиын бары­сында Қызылорда қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Нұр­лан Нұрсейтов  мәлімдеді. Оның айтуынша, салық  төлеушілермен  жүргізілген  бақылаулардың нәтижесінде бюджетке 980,3 миллион теңге салық пен төлем қосымша есептелініп, оның 660,3 миллион теңгесі нақ­ты­ ақшамен өндірілген. Мемлекет­тік кіріс басқармасы тара­пы­нан  жүргізілген жұмыстар жүйе­лі. Олардың рейдтік, визуалдық байқау жұмыстарының нәти­жесінде 703 салық тө­леуші дара кәсіпкер ретінде тір­келген.

Басқарма басшысының мәліметінше, ағымдағы жылдың 9 айында қалалық бюджетке барлығ­ы 487 миллион теңге түсім түскен. Бұл – жеке тұлғалардан жер, мүлік және көлік құрал­дары бойынша алынған салық. Оның ішінде 2 кент пен 7 ауылдық округ­тердің үлесі – 45,2 мил­лион теңге.

- Ауылдық округтер бойынша салық салу базасының бағалау құнын қазіргі нарықтық бағаға сәйкестендіру жұмыстарын жүргізу қажет. Осыған байла­нысты, барлық кент, ауылдық округ­тердегі  жеке  тұрғын  үйлер­дің салықтық бағалау құнын нарық­тық бағаға сәйкестендіру жұмыстары жүргізілсе, салық түсімі ұлғаяр еді, - деді Н.Нұр­сейтов.

Қызылорда  қаласына қарасты кент, ауылдық округтерінен шағын кәсіпкерлікті дамыту үшін 601 кәсіпкер несие алып, тіркелгенімен, оның 460-ы салық есептілігін нөлдік көрсеткішпен тапсырған. Атап айтқанда, Қызылө­зек ауылында тіркелген 35 жеке кәсіпкердің 4-еуі ғана салық есептіліктерінде табыс мөлшерін  көрсетіп,  тиісті  салы­ғын төлеп отырса, қалған 31-і салық төлемеген. Қосшыңырау ауылдық округінде де жағдай осы. Тіркелген 39 кәсіпкердің 8-і ғана заң бойынша тиісті салығын төлеп келген. Бұл бағытта атқарылған  жұмыстарға, сөзсіз, ауылдық округ әкімдері жауапты. Олардың осы істі қадағалап, Кірістер басқармасымен бір­лесе жұмыс жасау қажеттігі өзгелер айтпаса да белгілі емес пе? Ауыл әкімдерінің салық жұмыстарына көңілі толмаған қала әкімі Н.Нәлібаев оларға қатаң  тапсырма  берді.

- Қосшыңырау ауылының әкімі, үнемі орындалмады деген жұмыстардың басында жүреді екенсіз. Осы айтылған жұмыстар неге орындалмады? Неге жұмыс жасалмай жатыр? Жылдың соңында жоспар орындалатын болсын. Ақсуат ауылының  әкімі, жаңадан бардың, сол ауылдың азаматысың. Сосын ауылыңның түнгі жарығы нашар. Соны  жөнде. Қарауыл­төбе ауылының әкімі, сіз ше? Осы жұмыстардың барлығы жыл соңы­на дейін орындалатын болсын­, - деді  қала  әкімі.

Қызылорда қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер бас­қармасының басшысы Н.Нұр­сейтов өз баяндамасында жолау­шылар тасымалдау қызметімен айналысатын салық төлеушілердің де жұмысына тоқталып  өтті.

- «Қызылорда облысының жолау­шылар  көлігі  және автомобиль жолдары басқармасы» мемлекеттік мекемесінен ҚР Салық кодексінің 645-бабының 2-тармағына  сәйкес 2015, 2016 және 2017 жылдардың  мәліметі сұратылған болатын. Алайда аталған мемлекеттік мекеме 2017 жылғы 6 айдың ғана мәліметін ұсынып отыр. Тиісті мәліметтерінің толық бол­мауына байланысты әкімшілік жұмыстарын жүргізуге кедер­гілер келтіруде, - деді ол өз баян­дамасында.

Сөз соңында ол ауыл әкім­дері өз аймақтарында жер, көлік және мүлік құралдары салықтары бойынша толық түгендеу жұмыстарын жүр­гізуді, сондай-ақ, салық базасын ұлғайту үшін жеке тұрғын үйлердің, кәсіпкерлік нысандардың  салықтық  бағалау  құны қазіргі нарықтық бағамен сәйкестендірілуіне ықпал жасау­ына, кәсіпкерлік қызметпен айналысып жатқан кәсіп­керлердің жаңадан ашылған нысандары туралы Кіріс органдарын хабардар етіп отыру­ын, «Қызылорда қалалық жер қатынастары» бөлімі жер талаптарына сай пайдаланылмай отырған жер учаскелерін анықтауға  ұсыныс  берді.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе – қаладағы коммуналдық кәсіпорындардың жылу маусымына дайындығы. Бұл тақырып турасында қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылығы  және  тұрғын үй инспекциясы бөлімінің бас­шысы Берік Сәрменбаев сөй­леді. Оның айтуынша, Қы­зыл­орда қаласы бойынша жылу беру маусымы ағымдағы жылдың 12 қазанынан  бастап  жылу желілері  салқын  сумен  цирку­ляцияға қойылып, 15 қазаннан бастап тұтынушыларға жылу энергиясы жіберілген. Жылу беру маусымының алғашқы 3 күнінде қала бойынша барлық  692  көпқабатты тұрғын үй, 196 әлеуметтік және заңды тұлғалар жылуға қосылған. Алайда 27 үй, оның ішінде 17 үй өжіредегі инженерлік жүйелердің ақауларына байланысты, 5 үй пәтерішілік жүйеге байланысты, ал 5 үй ауданаралық жылу жүйесіндегі апаттық жағдайға байланысты тоқта­тылған. Б.Сәрменбаевтың сөзінше, бұл ақаулар бо­йынша тиісті шаралар дер ке­зінде ұйымдастырылып, ағымдағы жылдың 21 қазанына тек 1 үйдің жылуы қосылмай, қалған үйлерге толықтай жылу жіберілген. Қосылмай қалған жалғыз үй – Абай даңғылындағы №33 үй. Аталған үй 1980 жылы пайдалануға берілген, жатақхана  типтес  5  қабатты 42 пәтерлік үй. Басқарушы ор­ганы – «Берекет Арай» ЖШС. Оның бүгінгі күнге жылуға­ қарызы - 1 250,0 мың теңге, ПИК-ке қарызы - 650,0 мың теңге. Алайда бұған қа­ра­мас­тан, демеушілік негізде «Қы­зылордажылуэлектрорталығы» кәсіпорны тарапынан дәнекерлеу жұмыстары ұйымдастырылып, үй бүгін толықтай жылуға қосылады деп сендірді ол.

Ақмешіт шаһары солтүс­тік және оңтүстік жылу орталықтары арқылы жылумен қамтамасыз етіледі. Бөлім басшысы Б.Сәрменбаевтың сөзіне сүйенсек, солтүстік жылу энергия көзі арқылы қалаға берілген жылудың температурасы 56°С болса, қайтуы 46°С-ты құрап отыр. Өн­дірілген жылу энергиясы –  41,9 ГКал/ сағ. Ал оңтүстік бу қазандығы бойынша берілген  жылудың температурасы да 56°С, қайтуы 46°С-ты құрап отыр. Өндірілген жылу энергиясы 25,1 ГКал/сағ құрайды. Жылудың жайын сөз еткен бөлім басшысы алдағ­ы уақытта коммуналдық кәсіпорындар тарапынан барлық мүмкіндіктерді пайдалана  отырып, жылу мау­сымының  өз  дәрежесінде өтеті­нін  нықтап  айтты.

Осылайша қала әкімінің кезекті мәжілісінде тұрғындардың хал-ахуалына байланысты өзекті мәселелердің түйіні тарқатылды. Әкім тапсырма берді, жауапты бас­шы­лар өз міндетіне алды. Сөзі – нық, өзі тиянақты басшылардың «орындаймыз» деген сенімді жауабы көңіл қуантады. Ендігі кезек – сыншыл уақытта. Бұқараның мүддесіне қызмет ететін билікт­егілер­дің сенімді сөз­дері мезетінде іс жүзінде кө­рініс тапса, халық тілегінің орындалғаны.

Ж.БАҒЛАНҚЫЗЫ

 


ЖЕҢІС БІР ҒАНА БАСПАЛДАҚТАН ТҰРМАЙДЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Сергек
09.11.2017 10:35

Еліміздің көк туы екі ғана жағдайда көкке көтерілетінінен өзіңіз де хабардар шығарсыз. Ал, әнұранымыздың әлемдік жарыста шырқалуы һәм байрағымыздың баз біреулердікінен бәсі биік көрінуі сізге әсер етер ме еді? Меніңше, ол – нағыз бақыттың көрінісі. Сондай-ақ, спорт – патриотизмнің ортасы және ордасы. Өйткені, онда жеке басының ғана емес, бүтін бір елдің намысы сарапқа салынады. Білсеңіз, спорттағы жақсы нәтиже ел имиджін көтерудің бірден-бір жолы болып табылады.

Осы орайда, өңір спортындағы елеулі жаңалықтар мен ақпараттарды жұртшылыққа жария етуге барынша талпынып-ақ келеміз.  мұнымен қоса, әр спорттың қиындығын көзімізбен көріп, кейпіне еніп, жетістік сырына үңілуді де назардан тыс қалдырмауды мақсат еттік. Яғни, 17 жыл бойы оқырманды облыстық, республикалық, тіпті әлемдік деңгейдегі спорт жаңалықтарымен хабардар етіп келген газеттегі “Сергек” спорт бетінен “Спортшы кейпіне енгенде” деген  жаңа айдар ашып, шымылдығын түріп отырмыз. Бағасын беруді өздеріңізге қалдырдық, ойлы оқырман!

“ТАРЛАННЫҢ”  ТАРТУЫ ТАУСЫЛМАЙДЫ

Алғашқы аяқалысымызды Сыр еліндегі бокс спортының жай-күйіне, тұрмыс-тіршілі­гіне, хал-ахуалына және же­тістігіне арнадық. Қазақтың оң жамбасына сай келетін спорт болғандықтан әрі оғлан ұл-қыздарымыз әлемдік жарыстардан олжалы оралып жүрген соң осы спорт түрін таңдағандаймыз. Оның үс­ті­не кішкене күнімде “боксшы болсам ғой” деген асқақ ар­маным да бар еді. Тіпті, “Бұл жолды таңдасам, тәп-тәуір жетістікке жетер ме едім?” деген өкініш те анда-санда мазалап, патшадай көңіл күйімнің парша-паршасын шығаратын. Сол арманымды бір күн, бірер сағат болса да орындау мақсатымен жұма күні кешкісін қаламызда орнал­асқан “Тарлан” бокс орталы­­ғын  бетке алдым. Оған  дейін “Тарлан” дене шынық­тыру-са­уық­тыру  спорт кешенінің  дирек­торы Бағдат Есеновтың рұқсатын алып, кешкі жаттығу жұмыстарына қатысуға тас түйін дайындалдым. Содан не керек­, спорттық киімімді киіп, екінші қабатта орнал­асқан бокс залының есігін аштым. Іште 20-ға жуық жігіт бар екен. Артынша жаттықтырушы Нұржан Бек­тұрғ­анов келді. Сол-ақ екен, жаттығуға жинал­ғандардың  қатары  қалыңдап, 36 адам­ға жетті. Әуелі 15-20 минут­қа жуық жүгіріп, дене жаттығуын жа­садық. Қимыл-қозғалыстың аздығынан болар, маңдайдан тер бұрқ ете қалды. Нағыз қиындық жүгіруден соң басталды. Түрлі-түрлі жаттығуларды қайталау оңай болмады. Алғашқы күн болғандықтан, сол жердегілер кем-кетігімді қалыпты құбылысқа балады. Бір сағатт­ай уақытты қамтыған жаттығу жұмыстары барысында шекемнен тер шелектеп ақса, аяғым сіресіп, ауы­рың­қырап та қалды. Көп кешікпей шаршы алаңға жұдырықтасу өнерін үйрену үшін көтерілдім. Медет есімді қарсыласым әрі жөн сілтеушім соққы жасаудың қыр-сырын үйретіп-ақ жатты. Мұндай сәтте оң мен солыңды да ажырата алмай қалады­ екенсің. “Қалай қорғану керек, қалай шабуылдау керек” деген секілді сұрақтардың барлығына жауап­ алғаныммен, бәрін бір күнде үйреніп алу мүмкін емес екені анық. Сондықтан, бокс залына жиі-жиі бас сұғып тұру керек­тігін ойыма алып, есік­ке қарай беттедім. Екі сағаттық  жаттығу жұмыстары лезде өте шықты. Ең бастысы, түйгенім мен үйренгенім өте  көп.

- Жаттығу  жұмыстарына  қатысып жүргеніме көп уақыт болмаса да, нәти­же­ жоқ емес. Өзімді сергек сезінемін. Жазғы демалысымды боксқа арнасам деген­ ойым бар. Мұнда барлық жағдай жасалған екен. Спортпен тұрақты айналы­самын деген жандарға шектеу жоқ, - дейді Медеу Ақпанбетов есімді жас  қатысушы.

Бірнеше күн бұрын да бокс залының есігін қаққанбыз. Ол кезде Сыр елінің белді боксшылары жаттығып, шебер­лігін шыңдап жатқан-ды. Осы орайда олардың  жеткен  жетістіктері  мен “Тарлан”­ бокс  орталығының  қызметі туралы­  жазбай кетуге  әсте  болмады.

 

БАЗАСЫ  ЖҰМЫР,

БАЛАСЫ  ШЫМЫР...

“Тарлан” бокс орталығы әуелі республикалық бокс федерациясының қаржыл­андыруымен 2015 жылы пайдалануға берілді. Орталықтың салтанатты­ ашылу шарасына Қызылорда облы­сының әкімі Қырымбек Көшербаев қаты­сып,  ел игілігі үшін салынған нысан­ның спорт­шылар­ды да­йындаудағы рөлі­не ерекше тоқталған еді. Шыны керек,­ заманауи үлгідегі ғимарат республика бойынша алдыңғы орынға ие нысан санала­ды. Спорттық кешен Қазақстан бокс федерациясының өңірдегі спорт инфрақұрылымын дамытуға арналғ­ан арнайы бағдарлама бойынша қолға алған­ үшінші жобасы болатын. Негізі, мұндай дене шынықтыру-сауық­тыру кешені бүгінде Семей, Түркістан секілді еліміздің 4 қаласында жұмыс істейді. Межесі әртүрлі болса да, мақса­ты бір. Барлығы қазақ спортының қарыштап дамуы жолында тер төгіп жатыр­. Бүгінде тарландықтар сенімге селкеу  түсірмеді  дей  аламыз.

Ал, “Тарлан батырлары” ЖШС-гі 2016 жылы 30 қарашада Афина олимпиадасының чемпионы, даңқты боксшы  Бақтияр Артаевтың бастамасымен құрылды. Десе де, мемлекеттік-жеке әріптестік аясында сервистік қызмет көрсету сапасын дамыту мақсатымен “Тарлан” дене шынықтыру-суықтыру кешені  2017  жылдың  ақпан  айының 1-інен бастап Қызылорда қаласында жүзеге асырыла бастады. Спорт кеше­нінің негізі көлемі – 2340,36 шаршы метр. Қос қабаттан тұрады. Бірінші қабатында әкімшілік бөлімі, атлет залы, дәрігер, жаттықтырушылар бөлмесі және спортшылар моншасы болса, 7 орындық жатақхана, 16 орындық асхана да жұмыс істеп тұр. Кешен­нің екінші қабатында бокс, таеквандо залы және 17 адамға арналған жатақ­ханамен қамтылған. Осы аймақтағы кіші футбол алаңы – 800 м2, үшжолақты  жүгіру алаңы – 302 м2, бокс залы  2002,91 м2 көлемді құраса, атлет, таеквандо  залы  да  бар.

Спорт кешенінде мемлекеттік-әріптестік аясында Қызылорда облыстық дене шынықтыру және спорт бас­қармасымен келісілген түрде 350 оқушы тұрақты спортпен шұғылданады, оның ішінде 196 оқушы бокстан, 140 оқушы таеквандомен, ал 14 спортшы пауэрлифтингпен жүйелі түрде айналысуда. Оқушыларды  жаттықтыруда  тәжірибелі мамандар бар білгенімен бөлісіп, шебер­ліктерін шыңдауда. Осы күні бокстан 1, таеквандодан 1 жаттықтырушы және 2 атлет залының нұсқаушысы келісімшартпен жұмыс істеуде.

 

“ТАРЛАННАН”  ТҮЛЕГЕН

ТАЛАЙ  ТАСТҮЛЕК

Облыста дене шынықтыру мен спортты дамытудың негізгі көрсеткіші тұрақты дене шынықтыру және спортпен шұғылданушылар санын ұлғайту болып табылады. Расын айтсақ, қазір жаттығамын, дайындаламын деген жанға­ барлық жағдай жасалған. Өйт­кені, спортқа бөлінген қаржының, спортқа бөлінген көңілдің қайтарымы бар. Аз ғана уақыт ішінде ел ішінде: “Тарланнан” түлеген”, “Тарланда” жаттыға­ды” деген тіркестер пайда болса­, осы жердің тәрбиесін көрген талантт­ы спортшылар қатары, мық­тылар шоғыры қалыптаса бастады. Жыл басынан бері үш бірдей халықаралық жарыстың алтынына ие болған Тұрсынбай Құлахмет, Ташкент қаласында жалауы­н желбіре­ткен Азия чемпионатында, Гамбург қаласында өткен әлем чемпио­натында күміс жүлдені еншілеген Қамшы­бек Қоңқабаев, одан өзге Ернұр Өлмесхан, Дулат Дәуітов, Сабыржан Әбілов, Бағдат Уайдаев, Баққожа Иная­тул­лаев,  Оңталап  Рахманов  сынды­ спортшылар – “Тарланның” ғана емес, облыстың, керек болса Қазақстан­ның намысын қорғап, туын жықпай жүрген сырбойылық  талантты  боксшылар.

 

ТҮЙІН. Біз өз кезегімізде спортшылардың жеткен жетістіктерін ғана тілге тиек етпей, оларға жағдай жасаған басшылықтың, жаттықтырушының да еңбегін жазуды көздедік. Бұл ретте спорт нысандарының да рөлі бар. Өйткені, жеңіс жолы бір ғана баспалдақтан тұрмайды. Жаттығу  барысында түйгенім  осы  болды.

Рыскелді  ЖАХМАН

 


ҚҰРМЕТКЕ ЛАЙЫҚ ЖАНДАР PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
09.11.2017 10:32

Қазақта «жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген керемет сөз бар. Мен де көзбен көріп, көңілге түйіп, шынайы құрметке лайық жандарға осы жазбам арқылы шексіз ризашылығымды білдіргім келеді. Алпыс­ты алқымдап, жетпістің желкенін керген тұста, жүрек қыспасына ұшырап, облыстық аурухананың кардиология бөлімінен бір-ақ шықтым. Тексеру қорытындысымен жүрек тамырларының бітелуінен қан айналымының қиындауы туындағанын анықтап, эндоваскулярлы бөлімнің меңгеру­шісі Нұрлан Тоқтағанұлы шұғыл ота жасауға кірісті. Білікті дәрі­гердің кәсіби шеберлігі мен ұзақ жылдарғы тәжірибесінің арқасында ота жеңіл әрі сәтті өтті.

Құдай бір айналдырғанды шыр айналдырады дейді ғой, ауруыма ауру жамалып, оң жақ күре тамырдың бітелгенін, миға қан барудың қиындағанын да дәрігерлер анықтап, тағы ота жасалуы керек екендігін жеткізді. Ал мұндай дертке ота жасайтын облыстық медициналық орталықтың бас директоры Сәбит Берсейтұлы екен. Өзім әлі аяғыма тұрмағанмын, алғашқы отаның күші қайтпаған. Бірақ, дәрігерге жолығып, кеңес алғанымның да маңызды екені анық. Көп уақыт өтпей, палатаға ұзын бойлы, батыр  тұлғалы, түсі қатқылдау, сары өңді жігіт келді. Адамды түріне қарап қарсы алатын біздер, жүзі суық жанның көңілінің таза, сөзінің майда, адамдығы мен азаматтығы биік тұрған дәрігер екенін аңғардым. Шынтуайтында, ел басқару, үлкен ұжымды ұйыту, істен шашау шығармау оңай шаруа­ емес, үлкен еңбек пен қажырлықты қажет етеді. Ал оған қоса, ақ халатты абзал жанға лайық міндетіңді абыроймен алып жүру, кәсіби қызметіңе адал болу үлкен адамгершілікті, қарапайымдылық пен табандылықты талап етеді. «Алдыңғы арба қайда жүрсе, соңғы арба солай қарай жүреді» деген, басшыға қарап түгел ұжым бойын тіктейді, өз қызметіне лайық болуға ұмтылады. Осы ретте білікті дәрігер, №1 кардиология бөлімінің меңгеру­шісі Гүлсім Біржаппарованың (суретте) да еңбегін айтпай кету мүмкін емес. Дәрігер дәрімен емес, жылы сөз­дерімен де науқастың еміне шипа болары хақ. Ал Гүлсім Балтабайқызы әркез біздей қариялардың еркелеген баласындай, жастардың ақылшы анасындай болып жүреді. Әрине, мұндай биязы мінез, тұла бойындағы тектілік бір өзіне жарасып-ақ тұрады. Өз ісіне тиянақты, жауапкершілігі жоғары маман расында үлкен құрметке  лайық.

Гүлсім Балтабайқызы 1974 жылы дүниеге келген. Мектепті тамамдаған соң, адам жанының арашашысы болсам деген бала арманмен 1991 жылы Қарағанды мемлекеттік медициналық академиясына Емдеу ісі мамандығы бойынша оқуға түсіп, 1997 жылы дәрігер квалификациясын алып шығады. 1997-2009 жылдар аралығында облыстық аурухананың реанимация бөлімшесінде дәрі­гер анестезиолог-реаниматолог болып жұмыс істеді. Ал 2009-2013  жылдарда кардиоорталықтың реанимация бөлімінде реаниматолог, 2013 жылы кардиология №1 бөлімінің дәрігері, ал жыл басынан бері аталмыш бөлімнің меңгерушісі міндетін абыроймен атқарып келеді. Қарап тұрсаң, табаны күректей 20 жыл бойы ауруханада, бір жерде, өзінің мамандығы бойынша жұмыс атқару оңай емес. Осы жылдар ішінде қанша науқастың өмірін сақтады, қанша жанға кө­мек қолын созды, қуанышқа бө­ленді. Бүгінде халықтың алғысын арқалаған азаматша жұбайы Ерлан екеуі 3 бала тәрбиелеп отыр.

Мен жоғарыда аталған халықтың сүйікті ұл-қыздарына шексіз ризашылығымды білдіріп, халықтың айнасына, сүйікті басылымына айналған «Халық» газеті арқы­лы шынайы алғысымды білдіріп, келешектерің келісті, еңбектерің жемісті болсын демекпін.

Сердалы  ШАЛБАЕВ,

Жаңақұрылыс  ауылдық

ардагерлер  кеңесінің төрағасы,

Арал  ауданы

 


ҚҰПИЯҒА ТОЛЫ ПӘТЕР PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
09.11.2017 10:30

Хабарландыруларды ақтарып жүріп,  қаланың орталығындағы бір пәтерге көшіп бардым. Жалға беріле­тін үй болғандықтан, алғашында күдіктенгенім рас. Біз­ден бұрын кім тұрды? Ыңғайлы, әсіресе, тыныш үй болса­  деген  ойлар көңіл түкпі­рім­нен кетпей қойды. Себебі, мұ­нан бұрынғ­ы үш бөлмелі пәтерде...

Ол үйдің іші ерекше суық болатын. Есіктен енгеннен бастап тұла бойыңды бір ауырлық басып, мең-зең күй кешесің. Қонаққа келген достарым да шаршап тұрғанын айтып, тезірек кетіп қалуға асығатын. Пәтерақысы арзан­ болған соң бірер ай амалдай тұрмаққа бекіндім. Үйдің солғын тартып, алакөлеңке болған­дығында тұрған не бар? Бастысы, көңілімізге алмай, таза жүрсек болды емес пе дейміз.

Жалдамалы пәтерде менен өзге 2 қыз тұрады. Бәріміздің жасымыз шамалас, 18-19-дарда. Оқуға түскеннен кейін жатақханада орын болмаған соң бір топта оқитын үшеуміз ақылдасып, осы шешімге келгенбіз. Енді шегінерге жол жоқ. Қыс түскенше бағымызға бұйырған осы үйді паналаймыз. Бастапқы екі күнде пәлендей ештеңе бола қоймады. Бәріміз сабаққа­  бірге  барып, бірге қайтамыз. Тек түстен кейін ғана бірі кітапхана, екіншісі компью­терлік клубқа кетеді. Кеш түскенше үйде жалғыз боламын. Бірде түстен кейін тылсым­ дүниелер туралы кітап оқып жатып ұйықтап кетіппін. Түсім әлде өңім екені белгісіз, жанымда менен өзге тағы бір кісінің тыныс алғаны естілді. Ұйықтап жатыр. Көзімді ашпастан ойланып жатырмын. Қыздардың келеті­н уақыты әлі болмады. Есік қоңырауы да шырылдаған жоқ. Бұл кім болды? Көзімді ашуға дәрмен жоқ. Осындай ойлармен арпалысып жатқанда көзім ілініп кетіпті. Ас бөлмеден қоқыс салатын пакеттердің қатты шықырлап жатқанынан ұйқым шайдай ашылды. Онымен қоймай, қазан мен шәйнектің тарсылы естіледі. Тап бір кісі келіп, кешкі ас дайындап жатыр­ ма дерсіз. Дереу қолыма ұялы теле­фонымды алып, әлеуметтік желіден үшеумізге арналған топқа хабарлама жібердім: «Есікті өз кілттеріңмен ашып алғансыңдар ма, мені неге оятпағансыңдар?». Қос қыз да әлі жолда келе жатқанын айтып, дыбысты хабарлама жіберді. Сонда ас бөлмеде кім жүр? Жүрегім аузыма тығылы­п, қорқыныштан көрпенің астына сүңгіп кеттім. Осыны  сезгендей  «Әлгі» ыдыс-аяқпен ойнауын доғарды. Жайына кеткен шығар­ деген бақытты ойым су сепкендей басылды.­ Себебі ол аяғының ұшымен басып, бері қарай, менің бөлмеме қарай аяңдаған еді. Жаныма келді де жамылғымды көтерді. Жүрегім жарылуға сәл қалды. Дыбысымды шығармай, ішімнен Құдайдан пана тілеп жатырм­ын  (Жаратқанды осындайда ғана еске түсіретініміз жаман). Қанша үрейленсем де көзімнің  еріксіз  ашылғанын байқамай қалдым. Қарсы  алдымда  аппақ  желбегей жамыл­ған­  біреу  тұр.  Лезде теріс қарады. Дыбыс беруге­ шамам жоқ. Осы сәт сыртқы есіктің қоңырауы шылдырай қалмасы бар ма? Өмірімде бұлай қуанбаған шығармын. Достарым келді. Осы мезет әлгі ақ киімді кісі аяқасты жоқ болды. Артынша тарс еткен дыбыс шықты. Терезе ме деп қарап едім. Ортаңғы бөлмеде тұрған айна екен. Өзінен-өзі шытынап кетіпті. Айнадан өз бейнемді емес, «Әлгіні» көргенде төбе шашым тік тұрды. Менің көзіме тура қарады да, үрейімді алғанына риза болғандай кейіппен күліп жіберді. Есікке қарай жүгірдім, достарым мәре-сәре болып, бүгінгі қызықтарын айтып үйдің ішіне еніп жатты. Менің құр сүлдерім қалған сиқымды көріп шошып кетті. Жедел жәрдем шақырайық дегеніне қарамастан, тоқтатуы­н  өтініп, бар болған жайды айтып бердім. Бір жақсысы, екеуі де өздері жоқта болған­ жайтқа­  сеніп, қолдау көрсетті. Ренжімесін дегені­ болар. Алайда бұл сұмдық мұнымен бітпеген екен. Үшеуміздің әңгімемізді менің ұялымның дауысы бұзды. Телефонымды ашсам­, «Мен тағы келемін...» деген хабарлама тұр екен. Бөтен нөмір. Телефон шалсақ, «Біз­дің жүйемізде тіркелмеген» дегеннен басқ­а сөз ести алмадық.

Таң атты. Барлығымыз жүгімізді жинап, пәтер иесін шақырып, кілтін қолына бердік. Қоштасарда «Сау болыңдар, қыздар» дегенінде қожайынның жүзінен кеше ғана айнадан көрген адамның құпия жымиысын байқадым...

ТОЛҚЫН

 


СЫР БОЙЫНЫҢ ХАЛИФАСЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
09.11.2017 10:20

1930 жылдары жүргізілген саясатқа байланысты, халықты еріксіз ұжымдастыру (коллективизация) және репрессия басталған кезде, елдегі ислам ағартушыларын, ишандарды, ахундарды, ірі молдаларды Совет өкіметіне қарсы үгіт жүргізеді деген жалаң «ұранмен» соттап, жер аударып жібергені белгілі. Олардың мектептерін (мешіттерін) талқандап, есімдерін, атақтарын айтуға тыйым салды. Соның бірі Халифа Алтай ишан болатын.

Ол 1856 жылы қазіргі Қызылорда облысы, Қазалы ауданы, Үрмәш Түктібаев ауылында туған.­ Балалық шағы, кейінгі өмірі бізге толық белгісіз. Оның да атын айтуға тыйым салғандықтан, біз өзіміз туған-туысқандардан, біле­тіндерден атамыз туралы сұрауға қорқатынбыз. Олар жақтарын ашпайтын.

Тәуелсіз ел болғаннан кейін ғана атамыз туралы сұрастырып, зерттей бастадық. Алтай ишанның оқу жөніндегі мәліметтерді бірінші рет қарақалпақстандық белгілі ғалым, медресе­лерді зерттеуші Мақсет Қарлыбаевтың кіта­бы­нан кездестірдім және оның өзімен сөйлесу арқылы өте керекті материалдар таптым.

Алтай ишан туралы негізгі мәліметтерді жасы  90-ға келген жақын ағайынымыз, бірге намазда тұрған, қайтыс болғанда оның жер­леуіне қатысқан Мұзат Ізбаев және атамның келіні, менің  шешем  Нұрбике Толыбайқызы, ағайындарымыз Төлеген Елемесов, Қали Мәкено­в,  т.б.  адамдар  толықтырды.

XIX ғасырдың басында Қарақалпақстанда (Хорезмде) негізі екі діни орталық - «Тас» және «Қарақұм» медреселері ашылған. Қарақұм медресес­інің іргесін Құтлы қожа ишан қалаған. Ол XIX ғасырда Қарақалпақстандағы сопыл­ық ағымның ірі танымал өкілі болған.

Мешітті  қара түсті құмды жерге салған, соған­ байланысты оның аты да Қарақұм, әрі медресе де  солай  аталған.

Құтлы қожаның бес баласы болған. Олардың  бәрі  де  ишан атанған.

Қарақұм  медресесін өркендетуге және оны ғылыми  орталыққа  айналдыру  жолында Құтлы қожа  ишанның  үлкен  ұлы  Халифа Сражаддин­ ишан  бар  күшін  жұмсаған. Оны халық өз атымен­  атамаған, тек қана «Әзірет» деп ұлықтап, құрметтеп пір тұтқан.

Алтай ишан ұзақ жылдар оқуының негізінде және Қарақұм мешіті ишанының қол астында муддаристік қызметті істегенінің нәтижесінде­, үлкен сенімге ие болып, Әзіреттен шатырхат-ишандық  диплом алған.

Онан кейін ишан Айтбай деген елді мекенде­ мешіт салады. Ол қазіргі Түктібаев ауылының батысында  орналасқан.

Алтай ишанның мешіті Сыр бойындағы атақты мешіттердің алдыңғы қатарынан орын алған. Бұрын медресені бітірген кейбір молдалар осы мешітте білімдерін жалғастырып, жетілдіріп, ишаннан ахун (ұстаз) деген атақ алып, өздерінше мешіт салып, балаларды оқытқан.­

Мешіт бірнеше жыл тұрақты жұмыс істеп, жолға қойылғаннан кейін, оны өзінің орын­басары Алғазы ахунға тапсырып, өзі қайтадан Қарақұмдағы сүйікті ұстазы Әзіретіне кетеді. Онда Әзіреттің айналасында жұмыс істеумен қатар үш жыл өз еркімен сопылықты терең зерттеу­ үшін Әзіреттің өте бай кітапханасында сопы ғылымын үздіксіз оқып, оны бойына сіңіріп, оның белсенді қолдаушысына айнал­ғанын біліп, оған Халифа деген атақ беріп, қолына­ «Халифа Алтай ибн Абдоллаһ 1324 (1906)IX», - деген жазуы бар мөр тапсырады.

Енді Халифа деген атаққа түсіндірме берейік. Зерттеген анықтамалардың ішінен қарастырып алғанымыз Халифа – «продол­житель учении учителя на тестах» деген анық­там­а  болды.

Әзіреттің төмендегі айтқанын ескере отырып,  біздіңше Халифа – ұстазының мұрағатын жалғастырушы шәкірт. Сыр бойындағы елдің  өкілеті  деп қабылдадық.

Бұрын Сырдың ишандары Қарақұмдағы Әзіретке барып, қол тапсырып тұрады екен. Осыған байланысты Әзірет оларға: «Осыдан бастап­ маған келгендеріңді тоқтатыңдар, Қазалыға шәкірт-орынбасар-өкіл ретінде Алтай ишан кетті. Енді соған барыңдар», - депті. Осыдан  бастап Сыр бойының ишандары Алтайдың  мешітіне келетін болыпты. Бұл мешіт Ислам­ ғылымын талдаудың, сопылықты уағыздаудың және шариғат заңынан туған пікір-талас­тарын шешудің орталығына айналған.

Сонымен қатар Алтай ишан Халифа ретінде ишан-ахундар мен хан арқылы да байланыс жасап отырған. Мысалы, оның Атанияз ахунға, т.б. жазған хатына бір шараны ұйымдасып бітіруді  тапсырыпты.

 

ИШАННЫҢ  КЕЙБІР

ӘУЛИЕЛІК  ҚАСИЕТТЕРІ

Бірде ишан келіні Нұрбикені шақырып алып: «Келінжан, балаларға айтшы, ертең үйге бір топ қонақтар келетін сияқты. Соған дайындал­сын”, - депті. Ертеңіне бір топ ишан сау етіп келіп, үйдің алдына аттарын байлапты. Мұндай жағдай көп орын алған. Кезекті келеті­н қонақтарды да күні бұрын біліп отырған­. Бір күні ишан таң намазын оқып, атына­  мініп, ешкіммен хабарласпай бір өзі шығыс­қа қарай кетіп қалады. Үйдегілер атам бұрын айтып­ кетуші еді ғой деп абыржып қалыпты. Бұл кезде ишанның Інаятулла деген баласы Бұхарада оқитын, соның жазғы каникулға келетін уақыты болған-ды. Ишан Қуаң­дарияға жетіп, сол жерде Інаятулланы күтеді. Өкінішке орай, Інаятұлла жоқ, оның атқосшыларын кездестіреді. Олар Інаятулланың жолда (Қарақалпақстанда) көлден су ішіп, уланып қайтыс болғанын, Тахтакөпірдегі Қожа ишан мешітінің жанына жерлегенін айтады. Сонымен қаралы топ Інаятулланың мезгілсіз қайтыс­ болғанын елге естіртеді (Нұрбикенің айтуы­ бойынша). Бұл ишанның баласының қайғылы жағдайын біліп, алдынан шыққаны еді.

Бірде Алтай ишан мешітте құптан (түнгі) намазын оқып тұрғанда, намазын тастап далаға шығып кетеді. Намазды Алғаз­ы ахун жалғастырып, біткеннен кейін, сол намазда тұрған балалардың екеуін далаға жұмсап, «оған көрінбей  іздеңдер» депті. Балалар мешіттің қа­сындағы бейіт­тің арасында құран оқып отырған ишанды көреді, бірақ оған білдіртпей арт жағында жасыры­нып жатады. Құ­ранды оқып болғаннан кейін ишан артына қарамай: «Әй, балалар, мына көрдің ашылған жерін көміп тастаңдар», - деп орнынан тұрып, мешітке қарай аяңдапты. Бұл көр жақында қайтыс болған қыр баласының жатқан жері екен. Ол көрді кім ашқаны жұмбақ күйінде қалады (Мұзаттың айтқаны).

Жоғарыда айтқандай, мешіт­тің бұзылуының алдында оның ішіндегі дүние-мүліктер талапайға түскен. Оны тонағандар сырт адамдар емес, Алтай ишанды көздері көрген, оның ақыл-кеңестерін тыңдаған «сұмырайлар» екені зығырданыңды қайнат­ады. Әулиенің мешітін тонауға кімнің батылы барды екен. Дегенмен, аттары елге жаман­ жағынан әйгілі болған, бес азғын-құзғын адам мешіттің ішінде толық сақталған мүлік заттарды, дүниелерді түгелдей алып, өзара бөліседі. Бұл хабар елге ертеңіне тарайды. Мұндай сұмдықты есіткен халық оларға неше түрлі қарғыст­арын жаудырады. Бұлардың есімде­рі халықтың есінде ұзақ уақыт залымдар ретінд­е сақталды. Сондықтан, Мұзекеңнің, шешем Нұрбикенің және тума-туыстардың айтуы  бойын­ша  бұлардың  толық  есімдерін өз кітапшамда («Халифа Алтай ишан») жаз­ғанмын. Әулиенің қаһарына, халықтың қарғы­сына­ ұшыраған бұлардың бәрі де көп ұзамай бірінен кейін бірі түрлі аурулармен ауырып, қорлықпен  өлген. Барлығынан ұрпақ қалмаған.­

Бір жақтан келген тракторшы 1970 жылдары­ Алтай ишанның мешітінің қабырғасынан кірпіш алып, трактор тіркемесіне тиеп қайтпақшы болғанда, көлігі оталмай қалады. Көп әурелейді, бірақ трактор оталмайды. Әбден діңкесі таусылған тракторшы тракторына түкіріп, аяғымен оны теуіп, үйіне қайтады.

Алтай ишан сияқты халықты білімге, мәдение­тке шақырған және елдің рухани ұйытқысы­  атанған  ишандар  Сыр  бойында  көп болған.  Халыққ­а  аянбай  қызмет еткен олар  ел жадында­  өшпеген.

Осымен Алтай ишан Сыр бойында 15-20 жылдай елдің халифасы болған, бүкіл адами болмысымен дараланған, құрметке бөленіп әулие атан­ған. Әлі де ұрпақтарының жадынан өшпей, бірге сақталып келе жатқан Хали­ф­а Алтай ишанның біз біле­тін өмір тарихы осындай.

Смағұл  ӘНИЯТОВ,

Алтай  ишанның  немересі,

Отан  соғысының  және  еңбек  ардагері,

Алматы  қаласы

 



<< Бірінші < Алдыңғы 1 2 Келесі > Соңы >>

Күнтізбе

< Қараша 2017 >
    1 2 3 4 5
6 7 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30      

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары