Өзекті мәселелер

  • 19.12.19

    Кешегі даласында абақ­тысы жоқ, бес қаруы белінде жүрсе де жауынан өзгеге қару жұмсамаған заманда елдің бір-біріне өкпесі, кеткен есесі болмады дейсің бе? Болды ғой. Бірақ, сол заманның өзінде қойнындағы қаруға тұра ұмтылмай, әділдікті, ақ пен қараны шешетін әулеттің үлкені не ауылдың ажасы, оған көнбей жатса, елдің қожасына жүгінді емес пе? Дау бұған да бөгет бермеген кезде биге барып соңғы ше...

    Толығырақ...
  • 19.12.19

    Ақыл  жетпес

    Адамның ақылы өлшеусіз мол. Алайда сол ұлан-ғайыр, шексіз ақылыңның кейде кішкентай, уақ-түйек мәсе­лелерді шеше алмай, тұйыққа тіреліп, жол таба алмай, адасып­  жүретініміз  қалай?!

    ...
    Толығырақ...
  • 19.12.19

    «Кувад синдромы» туралы бұрын-соңды естіп пе едіңіз? Мүлдем естімеген болуыңыз да мүмкін. Бұл – ер адамның жүкті әйел секілді күй кешуі. Мұндай да болады. «Кувад» сөзі француздың «couver» деген етістігінен шыққан, яғни қазақшалағанда «жұмыртқа басу» дегенді білдіреді. Бұл синдром екіқабат әйелдің күйеуінде жүктіліктің үшінші айында басталып, сәби дүниеге келгенге дейін жалғасуы ықтимал....

    Толығырақ...
  • 19.12.19

    Шырылдаған бала дауысынан селк ете қалған олар өздері секілді тағы бір күнә­сіз­дің жетім қалғанын сезді. Сәбиді түннің бір уағында тауып­ алған тәрбиеші дереу төсекке жатқызып, жұбата бас­тады. Әбден жылай-жылай көзінен жасы сарқылған баланың демі бітіп, әрең тыныс алады. Көздері жәудіреген бір топ баланың естісі аузындағы емізікті жұлып алып, апайына ұстатты. Жанаршылықпен қараған оның ересек...

    Толығырақ...
  • 19.12.19

    Поэзия

     

    Ботадай боздап аспан жылайды,

    Алдайды бәрін түлкі үміт.

    Жапырақтардан жас тамшылайды,

    Жапырақ жүрек бұлқынып. ...

    Толығырақ...
Дүйсенбі, 06 Қараша 2017

Аралда көпқабатты үйлер жаңғыртылуда PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
07.11.2017 11:20

Қоғамның тұрмыс деңгейін салынған құрылыстардан да аңғаруға болатыны жалған емес. Қайта оралған теңізбен бірге Арал өңірінің танымастай түлегені жайлы талай айтылып, жазылып жүр. Алайда «жақсылықты бөліссең көбейеді» дейді қазекең. Осы мақсатты тұтынып, оқырмандарымызға жұртшылықтың көңілін серпілтіп тастаған жағымды жаңалықты жеткізуді құп санадық.

Қазіргі таңда Арал ауданы бойынша алпыс алты көпқабатты тұрғын үй бар. Таратыңқырап айтсақ, оның қырық жетісі Арал қаласында, он сегізі Сексеуілде , бір үй Жақсықылыш кентінде орналасқан. Осы аталған көппәтерлі үйлерге 2014-2015 жылдары «Өңірлерді дамыту-2020» бағдарламасы шеңберінде республикалық бюджеттен қаржы бөлінген еді. Қаралған қаржы қайда кетті дейсіз бе? Бұл ақшаға Арал қаласындағы 10 тұрғын үйге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сүйсінерлігі игі шара аяқсыз қалмапты.

«Ағымдағы жылы сол жұмыс жалғасын тауып, жөндеуді қажет ететін 36 үйдің 10-ына аудандық бюджет есебінен бөлінген қаржыға жөндеу жұмыстары жүргізілді. Көпқабатты үйлердің шатыры, есік-терезелері жаңартылды. Подъездің іші жөндеуден өтті. Оған қоса, Судоверфь көшесіндегі №22 көппәтерлі тұрғын үйде де дәл осындай жұмыстар атқарылып, электр жарығы орнатылды» дейді өзіміз тілдескен азаматтар.

Сондай-ақ Арал қаласындағы Қарасақал Ерімбет көшесіндегі №11 үй де заман талабына сай күрделі жөндеуден өткізілді. Шатыры, есік-терезесі мен подъездері толықтай жаңартылған көпқабатты үйдің сырты да жаңаша үлгіде (профлистпен) қапталған, көзге алыстан шалынатын дәрежеге жетті. Ең кереметі, бүгінде үйге жапсарлас газ пеші ораласқан бөлме салынып, пәтерлерге су және газ жүйелері толықтай тартылды. Сонымен бірге, орталықтандырылған септик жүйесіне де қосылған. Осылайша іргетасы өткен ғасырдың 1957 жылы қаланған көне үй заман талабына сай қайта жаңғыртылды. «Біткен істің міні жоқ». Жоғарыда аталған қыруар жұмыстардың жүзеге асуына ел ағалары, аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі ұйытқы болып отырғанын айта кеткен жөн.

«Жөндеу жұмыстарына бөлінген қаржы тұрғындар тарапынан қайтарымды. «Арал қанат-100» ЖШС-гі тұрғындармен келісімшартқа отырып, пәтер иелері ай сайын төлем төлейді» дейді біздегі деректе.

Жұмабек Табынбаев,

Арал ауданы

 


ОБЛЫС ӘКІМІ «ҚАЙСАР» ФК КЕЗЕКТІ МАУСЫМЫНЫҢ ТАБЫСТЫ АЯҚТАЛУЫМЕН ҚҰТТЫҚТАДЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
07.11.2017 09:53

Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев "Қайсар" футбол клубының басшылығы және ойыншыларымен кездесіп, футбол маусымының сәтті аяқталуымен құттықтады.

- "Қайсар" ФК жанкүйерлерінің қуанышына орай, осы жылы команда жоғары нәтижеге қол жеткізе алатынын дәлелдеді. Биыл орталық стадионда 3500 орындық қосалқы алаң пайдалануға берілді, ал келер жылы орталық стадион қайта жаңғыртудан өткізілмекші. Қызылорданың 200 жылдық мерейтойы және клубтың 50 жылдығы қарсаңында ойыншыларымыз барлық Қызылорда облысының футбол сүйер қауымына сый жасап, үздік бестіктің қатарынан көрінеді деген сенімдеміз, - деп облыс әкімі "Қайсар" футбол клубының жаттықтырушы құрамы мен басшыларын Премьер-Лига чемпионатында табысты дайындықтары үшін алғыс хаттармен марапаттады.

Естеріңізге сала кетсек, қайсарлықтар 32 тур бойынша 10 жеңіске жетіп, 9 кездесуді тең аяқтап, 13 ойында қарсыластарына жол берді.

Ал, өз кезегінде "Қайсар" ФК бас жаттықтырушысы Стойчо Младенов және команда капитаны Мақсат Байжанов өздерінің "№1 жанкүйерінің" қолдауы мен сенім білдіргендеріне алғыстарын жеткізді.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

 


Қызылорда «Жаңа қала» жобасын жүзеге асыруға кәсіпкерлерді шақырады PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
06.11.2017 18:45

Бұл туралы Кәсіпкерлер палатасының алаңында өткен бизнес-қауымдастықпен кездесуде Қызылорда қаласының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев айтты.

Қала басшысы кездесуде аймақ кәсіпкерлеріне Қызылорда қаласының сол жағалауын дамыту мақсатында қолға алынған «Жаңа қала» жобасын таныстырды.

Айта кету керек, облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың бастамасымен Сырдария өзенінің сол жағалауындағы 1532 гектар аумақтың түбегейлі жоспарлау жобасы жасалып, бүгінде алғашқы құрылыстар басталып кетті.

Бұл аумақта 3 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй, 190 мың шаршы метр сауда, кеңсе ғимараттары, 16 мектеп, 12 балабақша, 4 денсаулық нысаны және басқа да көптеген кәсіпкерлік нысандар ірге көтереді деп жоспарлануда.

Сол жағалауды кешенді игерудің 1-ші кезеңі - сол жағалау алаңының және қажетті инфрақұрылымдарының құрылысы 2017-2024 жылдар аралығында жоспарланса, алғашқы қадамы ретінде былтырғы жылы Сырдария өзенінің екі жағалауын байланыстыратын жоба құны 6 млрд теңге құрайтын автомобиль көпірі пайдалануға берілді.

Биыл Сырдария өзенінің сол жағалауынан 5 қабатты 18 тұрғын үйдің және 320 орындық балабақшаның іргетасы қаланып, қазіргі таңда құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Пайдалануға тапсыру мерзімі 2018 жылдың бірінші жарты жылдығы болып белгіленді. Ең бастысы, бұл нысандар құрылыс компанияларының өз қаражаты есебінен салынуда.

Сонымен қатар, аталған аумақта «Қазақ Орталық Атқару Комитеті» мұражайы, «Жастарға қызмет көрсету» орталығы, «Болашақ» университетінің студенттер қалашығының ғимараттары бой көтеруде.

Шарада қала басшысы кәсіпкерлерді сол жағалауды игеру шараларына белсенді қатысуға шақырды. Ол үшін тиісті әкімшілік қолдау көрсетуге әзір екендігін жеткізді.

- Сол жағалауды игеруде барлық ұсыныстарыңызды қарауға әзірміз. Әкімшілік тарапынан қажетті жағдайды жасауға дайынбыз. Әзірге жерді уақытша пайдалануға беріп жатырмыз. Бір жылдың ішінде құрылыс жұмыстары жүріп, жұмыс басталып кетсе, ары қарай кәсіпкерлерге заңдастырып береміз. Біздің мақсат млрд теңгеден астам қаржыны талап ететін ірі жобаларды салуда емес. Егер шағын жобаларыңыз болса, оны қарастырайық. Келіңіздер! Белсенділік танытыңыздар, - деді қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев.

Айта кету керек, сол жағалауды игеруде Кәсіпкерлер палатасы да өз кезегінде жан-жақты қолдау көрсетуге әзір. Ол үшін бизнес-жоспарларды, өзге де құжаттарды тегін әзірлеп беруге дайын.

Қызылорда облысы

кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі

 


Тегін заңгерлік көмек керек пе? PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
06.11.2017 18:41

Нарықта заңгер қызметі қымбат.

Жұмыссыз азаматтар мен жұмыс берушілер арасында алтын көпір болып, онлайн түйіндемелердің базасын қалыптастырған «Headhunter» зерттеу компаниясының бірнеше жыл бұрын ұсынған рейтингісі бойынша заңгерлер елімізде сұранысқа ие мамандықтардың үздік үштігінде екен. Елімізде заңгерлер артығымен дайындалып жатыр десек те, жыл өткен сайын білікті заңгерлерге сұраныс аса жоғары.

Бүгінгі мақалада кәсіпкерлердің құқығын қорғаудағы заңгерлердің рөлі туралы айтпақпыз. Ұлттық палата жұмысының басым бағыттарының бірі – кәсіпкерлердің құқығын қорғау. Бір қарағанда жалпылай айтыла салғандай болып көрінуі мүмкін. Ал мәселеге үңілсе, біраз жайтқа қанық болуға болады.

Бір мысал келтірейік, 2016 жылы Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасына Жаңақорған ауданындағы «Тұртан Ата» шаруа қожалығының басшысы Тұртанов Алшынбай ағамыз өтінішпен келді.

Шаруа мал жайылымдық жерді уақытылы суландыру мақсатында Жаңақорғанда талапқа сай етіп 4 құдық қазады. Кейін мемлекет тарапынан шығындарының бір бөлігінің субсидиялау мүмкіндігінің бар екендігін естіп, Үкіметтің 2014 жылғы қаулымен бекіткен «Агроөнеркәсіптік кешен субъектісі инвестициялық салынымдар кезінде жұмсаған шығыстарының бір бөлігінің орнын толтыру бойынша субсидиялау» қағидасын басшылыққа ала отырып, облыстық комиссияға құжаттарын ұсынады. Нәтижесінде облыстық комиссия 2014 жылы шаруа қожалығына 13 193 500 теңге субсидия төлейді. Алайда мемлекеттен алған субсидияның 11 млн 848 мың теңгесін «мақсатсыз пайдаландың» деп уәкілетті органдар бюджетке қайта қайтаруды талап етіпті. Біздің заңгерлер істің мән-жайын анықтауға кірісіп, мәселені зерттесе, проблема мынада екен.

Ауыл шаруашылығы министрлігімен дайындалған нормативтік құжаттың алғашқы парағында ұңғыма, құдық үшін субсидия берілетіндігі көрсетілген. Ал құжаттың қосымшасында «құдық» деген сөз түсіп қалған. Облыстық ауыл шаруашылығын тексерген құқық қорғау органдары осыны негізгі алып, қаржыны «мақсатсыз пайдаланған» деген қорытынды шығарады. Бұл жерде мемлекеттік органды да кінәлауға болмайды.

Бұл мәселеге қатысты Кәсіпкерлер палатасының заңгерлері жан-жақты зерттеп, дәлелдемелерін келтіргенімен алғашқы сот отырысында сот шешімі облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының пайдасына шешіліп, шаруа қожалығына 11 848 700 теңге төлеуді міндеттейді.

Алайда сот шешімімен келіспеген шаруа қожалығының басшысы осы жылдың сәуір айында облыстық сотқа аппелляциялық шағым түсіреді. Аппелляциялық шағым түсірмес бұрын Кәсіпкерлер палатасының мамандары осы мәселеге қатысты нормативтік-құқықтық құжаттардың барлығын жіті зерттеп, тіпті ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінен де тиісті түсіндірме хаттарын алады.

Облыстық сот бірінші сатыдағы соттың істі қарау барысында жауапкер тарапынан ұсынылған дәлелді құжаттарды назарға алмай, біржақты қарағандығын анықтап, облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық соттың 2017 жылғы 26 қаңтардағы шешімінің күшін жою туралы шешім қабылдайды.

Нәтижесінде облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мемлекет бюджетіне кері қайтару туралы талап арызы қанағаттандырылмай, кәсіпкердің 11 848 700 теңгесі өзінде қалды.

Бұл ақпаратпен не айтқымыз келіп отыр? Қарапайым ауыл шаруасы, кәсібін жасап, тірлігін жасап жүрген адал азамат құжаттағы бір ғана қателіктің кесірінен «күйіп кете» жаздады. 11 млн теңге аз ақша емес. Оған кеткен уақытты айтыңыз. Бір жыл көлемінде осы істің ізінде жүрді ғой. Шаруасы қалды жайына.

Келесі мысал, Қызылорда қаласындағы «Сахаш» шаруа қожалығы, «А.Дәрібаев» жеке кәсіпкерлігі, «Амангелді» шаруа қожалығы мал шаруашылығымен айналысады. Кәсібін жүргізу барысында аталмыш қожалық басшылары асыл тұқымды бұқалар үшін мемлекет тарапынан субсидия алып, қажетіне жаратады. Тиісті уәкілетті органнан 3 млн 984 мың теңге мақсатсыз пайдаланылған, қайтаруға жатады деген хабарлама келгенде олардың таңданысын көрсеңіз. Әрқайсысы 1 млн теңгеден астам қаржыдан қайтаруы қажет. Бұл азаматтар да Палата заңгерлеріне жүгініп, заңгерлер сотта жеңіп шықты. Бұл іске де кәсіпкерлер 2 айдан астам уақытын жұмсады.

Былай қарағанда айтылған жайттардың барлығы есеп үшін берілген жай сан болып көрінеді. Ал артында қанша төгілген тер, уақыт, істің қалай шешілетінін білмей күйзелу, басқа да мәселе тұр.

Алда әлі осындай кедергіге ұрынған 400 кәсіпкердің ісі тұр. Бұл азаматтар да істің оң шешілгенін күтеді.

Егер жоғарыда айтылған кәсіпкерлер бұл мәселемен ақылы заңгерге жүгінгенде бір ғана талап арызды жаздырту үшін қорғаушыға (адвокат) ең азы 50 000 теңге төлеу қажет болатын. Одан арғы ақылы қорғаушының әр сот процесіне қатысуын айтыңыз... Ең төменгі есеппен есептегенде 300-400 мың теңге қаржы кетеді екен. Әр іске осынша қаржы шығара беретін болса, кәсіпкерге не болады? Кәсібі қайда қалады?

Міне, осы жерде Кәсіпкерлер палатасының бүгінгі таңда іскер азаматтарға қолдауы зор болып отыр. Палата заңгерлері кеңес беруден бастап, сотта мүддесін қорғауға дейінгі барлық процесті тегін жүргізіп келеді. Кей іс өз шешімін жедел тауып жатады, ал кей істер айлап, жылдап жүргізіледі. Бірақ нәтижелері бар. Осы жылдың 9 айының өзінде Кәсіпкерлер палатасына бизнес өкілдерінен 252 өтініш түсті. Нәтижесінде 149 өтініш оң шешіліп, 200-ден астам кәсіпкердің құқығы қорғалды. Кәсіпкерлер палатасы заңгерлерінің араласуымен 9 айының өзінде кәсіпкерлердің 223,7 млн теңгесі сақталып қалды және 10 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Егер кәсіпкер ретінде құқығыңыз бұзылса, құқықтық кеңес қажет болса, онда Кәсіпкерлер палатасының заңгерлері көмек қолын созуға әзір. Ең бастысы, көрсетілетін қызметтердің барлығы тегін.

Балдырған  Мәмен

 


Мәдени мұра – рухани құндылық PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
06.11.2017 18:20

Осы тақырыпта Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің 80 жылдық мерейтойы аясында «Археология және этнография» ғылыми-зерттеу орталығының жұмысы университет студенттері мен жергілікті БАҚ өкілдеріне таныстырылды. Орталық жетекшісі, т.ғ.к. Әзілхан Тәжікеев алдымен орталықтың негізгі атқаратын жұмыстары мен маңызын айта келіп, көне дәуірлік мұралардың құндылықтарына тоқталды.

2004 жылы мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында Арал маңының ежелгі және ортағасырлық тарихын кешенді зерттеу мақсатында Қорқыт Ата атындағы ҚМУ, Ә.Х.Марғұлан атындағы Археология институты және Н.Н.Миклухо-Маклай атындағы Этнология және антропология институты арсында үшжақты келісім жасалды. Сол келісім негізінде Орталық қызметкерлері Арал маңының ежелгі және ортағасырлық тарихын зерттеуге бағытталған ғылыми ізденістер жүргізіп келеді. 2004 жылдан бастап Орталық қызметкерлерінің қатысуымен Ә.Х.Марғұлан атындағы Археология институты және Н.Н.Миклухо-Маклай атындағы Этнология және антропология институттары ғалымдарымен бірлескен ортағасырлық Жанкент қаласында және антикалық Шірік-рабат, Баланды ескерткіштерінде археологиялық зерттеулер жүргізіліп келеді.

Ал 2005-2007 жылдары Орталық қызметкерлерінің қатысуымен Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтымен бірлескен РФ Астрахан облысындағы, Батыс Монғолияның Баян-өлке аумағындағы және Ақтөбе облысындағы этникалық қазақтардың тұрмыс-тіршілігін зерттеу мақсатында құрылған этнографиялық экспедиция жұмыстары жүргізілген болатын.

ҚМУ-дың  баспасөз  қызметі

 


Аралдың өнімдері Еуропаға экспортқа шығады PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
06.11.2017 13:50

«Іс тетігін кадр шешеді» қағидасының біздің елімізде де орны ерекше. Оған қоса мемлекеттік қызмет барысындағы сатылап өсу ұстанымы көпшіліктің көңілінен табылып жүргенін ел ішінде естіп жүрміз. Қалай десек те елдің тыныс-тіршілігін, өзі қызмет жасайтын саланың қыр-сырын жете білудің маңызы қаншалықты жоғары екені баршаға аян. Дәл осындай көрініс теңіз төскейінде де қалыптасқан. Арал ауданының әкімі Мұхтар Оразбаевтың еңбек жолына көз тастасаңыз, жетекші маман, бас маман, бөлім меңгерушісі, аппарат басшысы, аудан әкімінің орынбасары, аудан әкімі деген жазуды көресіз. Біз бүгінгі әңгімемізде біршама жылдан бері жұртшылықпен етене араласып жүрген Мұхтар Оразбаев басқаратын іргелі ауданның аяқ алысына қысқаша тоқтала кетпекшіміз.

«Жас келсе іске». Біздің аудан әкімі Мұхтар Оразбаевпен әңгімеміздің кіріспесі ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуынан басталды. Өзі туып-өскен аймақтың әрбір саласын бес саусағындай жатқа білетін әкім сауалымызға тосылған жоқ. Әлдекімдердей қағаз ақтарып, дерек те іздемеді. Қашанғыдай байсалды қалыппен сөзін жалғады.

Мұнан тура он екі жыл бұрын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Арал ауданына іссапармен келгені баршаға белгілі. Бұл туралы кезінде оқырмандарды кеңінен хабардар еткен болатынбыз. Арада өткен жылдар ішінде теңіз төскейі өсу, өркендеу кезеңін бастан кешіруде деген әкімнің сөзіне мұқият құлақ түрдік. Мұхтар Әуесұлының пікірі шындықтан жырақ еместігіне нақты деректерден көзіміз жеткендей.

Мысалы, 2005 жылы аудандағы халықтың саны 70536 адамды құраса, бұл көрсеткіш ағымдағы жылы 77916-ға жетіпті. Ал ауданға тартылған инвестиция көлемі 2,8 есеге дейін өскен. Сол 2005 жылдан бастап аудандағы экономика саласында 11577 жаңа жұмыс орындары ашылса, есепті мерзімде орташа жалақы көлемі де біршама артқан.

Сондай-ақ «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық транзиттік көлік дәлізінің, «Жезқазған-Сексеуіл» теміржолының, «Бозой-Шымкент» газ құбырының және Кеңқияқ-Атасу мұнай құбырының құрылыстары қарқынды жүріп, брендтік мега жобалардың нәтижелі іске асырылуы да көңілге қуаныш ұялатады. Олай болмағанда ше? «Қолы қимылдағанның аузы қимылдайтыны» тағы рас.

Ағымдағы жылдың қаңтарына өнеркәсіп өндірісінің көлемі 7164,4 млн теңгені құрады. Бұл – 2005 жылдың деңгейінен 4 есеге артық деген сөз. Азық-түлік тағамдары өндірісінің, балық өнеркәсібінің, бетон және пластмасса өнімдерінің, тұз және кварц топырағы өндірісінде еңбек өнімділігі еселі. Ауыл шаруашылығы саласында өндірілген өнім көлемі де ауыз толтырып айтарлықтай. Атағы елімізден асып, шартарапқа танылған ас тұзын шығару қарқын алды. «Аралтұз» АҚ-да «Ас және техникалық тұз өндірісін ұлғайту» жобасы іске асырылып, екі жарым миллиард теңгенің үстінде инвестиция салынды. Дүниежүзі бойынша тұз өндіруге арналған құрал-жабдықтың көшбасшысы Испан елінің құрал-жабдықтары алынды. «Бұған дейін зауыт өнімділігі жылына 120 мың тонна болса, жаңа зауытты іске қосу арқылы өнімділік көлемі 1,7 есеге ұлғайтылды» дейді өзіміз тілдескендер.

Әкімнің сөзінен түсінгеніміз, әлеуметтік салада да біршама шаруа тындырылған сынды. Осынау жылдар аралығында 31 мектептің құрылысы, мемлекеттік 3 балабақша ғимараты салынып, 19 жеке балабақша ашылған. Оған қоса 3 емхана мен 6 ауылдық амбулатория ел игілігіне беріліпті. Ағымдағы жылы Арал қаласынан 150 орындық аудандық орталық аурухананың құрылысы басталды. Сондай-ақ, елді мекендердегі мәдениет ошақтары қайта жанданып, екі ауылдық мәдениет үйі мен қалалық тарихи мұражайы бой көтерді. «Дені сау адам –қоғамның басты байлығы» ұстанымымен аудан орталығынан типтік жобадағы спорттық кешені, елді мекендерде 30 спорт алаңдары келушілерге есігін айқара ашып, аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі іске қосылды.

«Елдің тұрмыс деңгейін салынған құрылыстардан білуге болады» деген жазылмаған қағида бар. Бұл тұрғыда да Аралда толымды тірліктер тындырылған. Санаулы уақытта алпыс екі арендалық тұрғын үйлер, Сексеуіл кентінде әкімшілік ғимараты бой көтерсе, газдандыру жобасы аясында Арал қаласы көгілдір отын желісіне қосылғанын айта кетсек. Автомобиль жолдарын жөндеуге және қайта салуға 2005-2017 жылдар аралығында қомақты қаржы бөлініп, 228,9 шақырым жол жөндеуден өткізіліпті. Осылайша жол сапасы 43 пайызға дейін жақсарды. Аудан орталығы түгелдей орталықтандырылған ауызсу жүйесіне қосылды. Сегіз елді мекеннің тұрғындары Арал-Сарыбұлақ топтық су құбырының қызметін пайдаланса, 12 елді мекеннің ішкі су жүйелері қайта жаңғыртылды. Арал қаласы, Сексеуіл, Жақсықылыш кенті мен бірнеше ауылдық округтерде электр желілері мен қондырғылар қойылып, барлық шалғай елді мекендерге әуе желісі арқылы байланыс орнатылды. Қаратерең, Бөген, Қарақұм, Қамыстыбас, Ақирек, Аралқұм, Аманөткел және т.б. елді мекендері ұялы байланыс желісімен қамтылып, халыққа қолайлы қызмет етуде. Міне, осынау жетістіктердің баршасы Тәуелсіздігіміздің жемісі екені даусыз.

«Батыс Қытай-Батыс Еуропа» халықаралық дәлізі мен «Жезқазған-Бейнеу» теміржолының аудан халқына тигізер пайдасы туралы білмек болған едік. Сұрағымызға аудан әкімі Мұхтар Оразбаев аталмыш жол бойында бірқатар стансалар, бекеттер, ауылдарда тұрғын үйлер бой көтергенін, осынау жолдардың бойында көліктік-логистикалық инфрақұрылым, қонақүйлер, дәмхана, асханалар пайда болғанын, олардың қызметін тұрғындар көріп жатқанын, «Батыс Қытай – Батыс Европа» автожол дәлізі арқылы Аралда өңделген балық және балық өнімдері тікелей Европа мемлекеттеріне шығатынын жеткізді. Мұның өзі «Болашақта қазақ елі туризмнен мол қаржы табатын болады. Ол үшін демалыс орындарын, жағажайларды жөнге келтіріп, сонымен бірге, табиғатты да сақтап қалу керек. Осындай әсем жерімізді сақтап, ұрпаққа қалдыру – ең басты парызымыз» деген Елбасы пікірімен үндесетіні сөзсіз.

Теңізбен түлеген төскейдің келешегі де кемел.

Жұмабек Табынбаев,

Арал ауданы

 


Ерімбетжағада мектеп пен мешіт ашылды PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
06.11.2017 12:28

Аудан орталығынан шалғайда орналасқан Ерімбетжаға елді мекенінде көптен күткен қуанышты оқиға көрініс тапты. Сонау сексенінші жылдардың аяқ шенінде пайдалануға берілген бұрынғы мектеп ғимараты талапқа сай келмейтін. Енді 20 орындық балабақшасымен қоса салынған 50 орындық №18 негізгі мектеп ғимаратының құрылысы толықтай аяқталып, пайдалануға берілді. Бұл ауыл тұрғындарының көптен күткен арманы болатын.

Аталмыш шараның ашылу салтанатына «Нұр Отан» партиясының Қызылорда облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ибадулла Құттықожаев пен облыстық білім басқармасы басшысының бірінші орынбасары Бағдат Бердаулетов арнайы қатысып, ауыл халқын ортақ қуаныштарымен құттықтап, облыс әкімінің мектепке тарту еткен түрлі-түсті теледидарын табыстады. Рәсімде сөз алған Арал ауданы әкімі Мұхтар Әуесұлы киелі Қарақұм өңірінен осындай әсем ғимараттың бой көтеруімен барша жиналған қауымды құттықтай келе, заман талабына сай жабдықталған жаңа мектепте оқушылар сапалы білім алады деген сенімін білдірді. Сондай-ақ дербес зейнеткер Шәкірәт Дәрмағамбетов, ауыл тұрғыны, ардагер Аманжол Шалабаев ізгі ниеттерін білдіріп, ақ батасын берді.

Аудан бойынша апатты жағдайда деп танылған 6 мектеп құрылысы басталған болса, Көктем, Үкілісай, Ескіұра, Аққұлақ елді мекендеріндегі мектеп ғимараттары пайдалануға берілді. Құланды елді мекеніндегі мектеп құрылысы жақын арада аяқталады деп күтілуде.

Ерімбетжаға елді мекеніндегі мектепте 20 мұғалім, 83 оқушы бар. Құрылысты жүргізген мердігер – «Айдана ЖШС».

Сонымен қатар Ерімбетжаға елді мекенінде жаңа мешіт пайдалануға берілген еді. Алланың жердегі үйінің ашылу рәсіміне «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ибадулла Құттықожаев қатысып, жаңадан бой көтерген мешітке Құран кітабын табыс етті. Сонымен қатар, Қызылорда қаласындағы «Нұр» мешітінің имамы Марат Үркімбаев жиналған қауымға ізгі лебізін білдіріп, мешіттің салынуына ерекше үлес қосқан Қуандық Әлімқожаұлына арнайы «Алғыс хат» табыстап, шапан жапты. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кішкене Айбосынов «Имандылық үйінің ашылуы – ауыл жастарының имандылыққа бет бұруы үшін жасалған игі қадам. Ауданымызда осындай маңызды шаралар жалғасын таба берсін», - деген тілектестігін білдірді.

Жаңа мешіт ауыл тұрғындарының және осы ауылдан түлеп ұшқан азаматтардың ауызбіршілік танытып, асарлатып атсалысуымен салынғанын атап кеткен жөн.

Жұмабек Табынбаев,

Арал ауданы

 


Күнтізбе

< Қараша 2017 >
    1 2 3 4 5
7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30      

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары