Өзекті мәселелер

  • 19.12.19

    Кешегі даласында абақ­тысы жоқ, бес қаруы белінде жүрсе де жауынан өзгеге қару жұмсамаған заманда елдің бір-біріне өкпесі, кеткен есесі болмады дейсің бе? Болды ғой. Бірақ, сол заманның өзінде қойнындағы қаруға тұра ұмтылмай, әділдікті, ақ пен қараны шешетін әулеттің үлкені не ауылдың ажасы, оған көнбей жатса, елдің қожасына жүгінді емес пе? Дау бұған да бөгет бермеген кезде биге барып соңғы ше...

    Толығырақ...
  • 19.12.19

    Ақыл  жетпес

    Адамның ақылы өлшеусіз мол. Алайда сол ұлан-ғайыр, шексіз ақылыңның кейде кішкентай, уақ-түйек мәсе­лелерді шеше алмай, тұйыққа тіреліп, жол таба алмай, адасып­  жүретініміз  қалай?!

    ...
    Толығырақ...
  • 19.12.19

    «Кувад синдромы» туралы бұрын-соңды естіп пе едіңіз? Мүлдем естімеген болуыңыз да мүмкін. Бұл – ер адамның жүкті әйел секілді күй кешуі. Мұндай да болады. «Кувад» сөзі француздың «couver» деген етістігінен шыққан, яғни қазақшалағанда «жұмыртқа басу» дегенді білдіреді. Бұл синдром екіқабат әйелдің күйеуінде жүктіліктің үшінші айында басталып, сәби дүниеге келгенге дейін жалғасуы ықтимал....

    Толығырақ...
  • 19.12.19

    Шырылдаған бала дауысынан селк ете қалған олар өздері секілді тағы бір күнә­сіз­дің жетім қалғанын сезді. Сәбиді түннің бір уағында тауып­ алған тәрбиеші дереу төсекке жатқызып, жұбата бас­тады. Әбден жылай-жылай көзінен жасы сарқылған баланың демі бітіп, әрең тыныс алады. Көздері жәудіреген бір топ баланың естісі аузындағы емізікті жұлып алып, апайына ұстатты. Жанаршылықпен қараған оның ересек...

    Толығырақ...
  • 19.12.19

    Поэзия

     

    Ботадай боздап аспан жылайды,

    Алдайды бәрін түлкі үміт.

    Жапырақтардан жас тамшылайды,

    Жапырақ жүрек бұлқынып. ...

    Толығырақ...
Жұма, 03 Қараша 2017

«Үздік ауыл» таза әрі көрікті ауылды анықтайды PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
03.11.2017 18:23

 

Келесі жылы облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың бастамасымен аймақта «Үздік ауыл» байқауы ұйымдастырылмақ. Соның аясында ең таза, ең көрікті елді мекен анықталатын болады. Жеңімпаз ауылға берілетін жүлде қоры қомақты. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Нұрлыбек Жолдасбаев айтты.

Тоғыз айды қорытындылаған табиғат жанашырлары өңір үшін өзекті мәселелердің кезең-кезеңімен шешіліп жатқандығын жеткізді. Атап айтқанда, облыста 188 мың гектар суармалы жерлер қалпына келтірілмек. Жоба құны – 122 млрд теңге. Сонымен қатар ПУИД-2 жобасы аясында 29 мың гектар жерді қайта айналымға қосуға және тиісті құжаттарды әзірлеуге облыс қазынасынан 594 млн теңге қаржы қаралған. Сондай-ақ, «Агроөнеркәсіп кешенін дамыту» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде ауқымды шаралар қолға алынады. Мәселен, апатты 2 су қоймасын қайта қалпына келтіру, суларды жинақтау үшін жаңа 3 су қоймасын және тасқын суларды сақтайтын, тарататын 3 су қоймасын салу жоспарланған. Елді мекендерді аяқсумен қамтамасыз етуде де тындырымды тірлікті байқаймыз. Айталық, жыл басынан бері 7 арна тазаланған. Онымен қоса тіршілік нәрінен тарыққан 8 ауылға насос қондырғыларын алып беруге тиісті қаражат бөлінген.

Қазіргі таңда облыста Кіші Арал теңізі мен 196 жергілікті су айдындары бар. Онда балықтың 22 түрі мекендейді. Соңғы жылдары су маржандарын аулап, ішкі және сыртқы нарыққа шығару ұлғая түскен. Өңірде жылдық қуаттылығы 11 мың тонна болатын балық өңдейтін 8 зауыт жұмыс істейді. Европалық стандарттарға сәйкестігін растайтын «Еврокод» санын алған 3 зауыт қарқынды түрде қызмет етуде. Нұрлыбек Жолдасбаевтың сөзіне сенсек, алғашқы тоғыз айдың өзінде аймақтан 2335 тонна су маржаны сүзіліп, сыртқы нарыққа жол тартқан. Әсіресе, Ресей, Польша, Дания, Германия мемлекеттерінен сұраныс жоғары деңгейде.

Өңірдегі орман қорының жалпы көлемі – 6,5 млн гектар, оның 3 млн гектары – орманды алқаптар. Орман шаруашылығын жетілдіре түсу үшін 594 мың гектар аумаққа зерттеу жұмыстары жүргізілген. Десе де, Арал өңіріндегі бірнеше елді мекенді құм басу қаупі туындағаны рас. Басқарма басшысына осы мәселе төңірегінде сауал қойдық.

– Оңтүстік Корея мемлекетінің гранты негізінде келесі жылы 10 мың гектар аумаққа сексеуіл отырғызылмақ. Бүгінде сексеуіл егетін елді мекендердің картасын әзірлеп жатырмыз,- деді Нұрлыбек Қалжатайұлы.

Сондай-ақ, облыста көркейту және көгалдандыру жұмыстары да жүйелі жүргізілген. Нәтижесінде арнайы полигондарға 52,8 мың текше метр қоқыс қалдықтары шығарылып, 32 шақырымнан астам арықтар мен аяқсу жолдары тазаланған.

Халық-хабар

 


Асыраушы саланың ауқымды істері PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
03.11.2017 16:26

Мемлекет басшысы кезекті жолдауында «ауыл шаруашылығы ел экономикасының негізгі драйверіне айналуы тиіс» деген еді. Демек, аграрлы аймақтарға артылар жүк ауыр. Осы ретте Сыр өңірі Елбасы меңзеген міндеттерді толыққанды орындап отыр. Мәселен, биыл алғашқы тоғыз айдың өзінде Қызылордада 61,3 млрд теңгенің өнімі өндірілген. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Бахыт Жаханов айтты.

Жыл басынан бері аймаққа тартылған инвестиция көлемі – 2717,3 млн теңге. Ал тамақ өнімдерін өндіруге негізгі капиталға құйылған қаржы көлемі 110,3 млн теңгені құраған. Жалпы, Қызылорда облысы аграрлы аймаққа жататыны мәлім. Жаңақорған мен Қазалының арасында қызу тірлік бар. Түгелдей егін алқабын алып жатыр. Бұл – жері дән тастасаң, бау болатын құнарлы, табиғаты қолайлы аймақтың қатарында екендігіміздің айғағы. Сондықтан болар көктем келісімен егін даласында көк шаң көкке көтеріледі. Есесіне сол аумақ жазда жасыл желекке айналып, күзде көл-көсір өнім аламыз. Егіншілердің мол өнім алуына мемлекеттің қолдауы қажет-ақ. Биыл аймақта аграрлық секторды дамытуға үкімет тарапынан 9,3 млрд теңге бөлінген. Қолдаудың арқасында негізгі дақылдан біраз жетістікке жеттік. Жахаевтың ізбасарлары соңғы бес жылда рекорд жаңартудан алдына жан салмай келеді. Тіпті, бұған таңғалудан да қалдық. Айталық, биыл күріштің әр гектарынан 55,3 центнерден өніп алынды. Сөйтіп, былтырғымен салыстырғанда жалпы өнім көлемі 62,8 мың тоннаға артқан. Сондай-ақ, облыста 181,1 мың гектар ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылған. Атап айтқанда, дәнді дақылдар 97,5 мың гектар, майлы дақылдар 6,8 мың гектар, малазықтық дақылдар 60,1 мың гектар, картоп, көкөніс және бақша дақылдары 16,6 мың гектарға егілген. Нәтижесінде 70571 т картоп, 91258 т көкөніс, 152786 т бақша өнімдері жиналған.

Шарулар еккен егінін төкпей-шашпай теріп алу үшін заманауи техникалардың қажеттігі түсінікті. Биыл «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы аймақта ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері жалпы сомасы 4,5 млрд теңге болатын 86 дана техника әкелген. Бұл өз кезігінде өнімнің ысырапсыз жиналуына сеп болары сөзсіз.

Енді Сыр өңірі сыртқы нарыққа қандай тауарлар экспорттауда деген сауалға тоқталсақ. Бахыт Жахановтың сөзіне сенсек, қазіргі таңда Қызылордадан күріш, сиыр еті, тұз, балық шетел асуда. Әлі де жандана түспек. Осы бағытта жоспар жүйелі. Әсіресе, 1,5 млрд халқы бар Қытайға Сыр маржанын жөнелту межеленген. Бүгінде келіссөздер жүргізіліп жатқан көрінеді. Сондай-ақ, Иран мемлекетіне алғаш рет тірілей 812 бас қозы мен сорты «торем-хошеми» деп аталатын күріш экспортталған. Және Ресейде сұранысы жоғары қауын сорттары мен гибридтері егіліп, теріскейге жөнелтілген. Тағы бір ең ерекше тоқталатын жайт бар. Иран мемлекеті жылына 1 млн тонна күрішті сырттан импорттайды екен. Олар алдағы уақытта өздерінде сұранысқа ие «торем-хошеми» сортын біздің өңірде екпек. Бұл жобаны толықтай өздері қаржыландырмақ. Сонымен қатар ет экспорттауда да біраз түйткілдің түйіні тарқамақ. Аймақта Иран мемлекетімен бірлескен ет комбинаты бой көтермек. Осы мақсатта қала аумағында 15 гектар жер әзірленуде.

Ұсақ шаруашылықтар сағат сайын құбылатын нарықтың қатал заңына ілесе алмайтыны шындық. Сондықтан ауыл шаруашылығы кооперативін құру және оны жетілдіруге күш салу – мемлекеттің алдына қойып отырған басты межесі. Бүгінде облыста 2872 жеке шаруашылықтардың бірігуімен 242, ал жыл басынан бері 43 кооператив құрылған. Соның арқасында 894 адам жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, тұрақты жұмыспен қамтылған.

Соңғы жылдары өңірде қолға алынған құс етін өндіру бағытында да бірқатар жұмыстар атқарылуда. Оның дәлелі Шиелі ауданында «Мөлдір и К» ЖК қуаттылығы жылына 3,5 млн дана жұмыртқа өндіретін құс фермасын іске қосты.

Ауыл шаруашылығы басқармасының тоғыз айда атқарған жұмыстарының легі осы. Байқағанымыз, аймақта асыраушы саланың даму көрсеткіші әлдеқайда жақсарған.

Қозы  Көрпеш  Жасаралұлы

 


Түйе шаруашылығының жүгі ауыр ма? PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
03.11.2017 16:06

Түйе жануары ертедегі көшпелі халықтың ең негізгі көлік қатынасы болған. Жүк тасуға таптырмас, төзімді әрі мықты түлік – ел берекесі. Шөл мен шөлейт далада түйе бағуға қолайлы келеді. Қазіргі таңда елімізде түйе шаруашылығымен Маңғыстау, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан облыстарында айналысады. Алайда елімізде түйені өсіру, шұбаты мен етін, жүнін сатуды жолға қою, тіпті индустрияға айналдыру – күрделі шаруа.

Түйенің жүні мен түбіті жеңіл өнеркәсіп индустриясында табиғилығы мен жылу жоғары бағаланады, бірақ Қазақстанда емес, шетелде.Әсіресе, түйе жүнінен жасалған көрпелер жылуды жақсы ұстайды. Алайда отандық жеңіл өнеркәсіптің деңгейі мал терісі, жүні, түбітін жаппай өңдеуге кедергі болып отыр.Ал түйе еті сиыр, қой, жылқы етінен гөрі сұраныста жоқ. Неге?

Түйе етінің дәмі мен құнарлығы жағынан сиыр етінен еш айырмашылығы жоқ.

Алдымен еттің құрамын талдап көрелік. Түйе еті фосфор, калий, темірге бай, құрамында В1, B2, B9, PP, C, E және А дәрумендері бар. Түйе етінде майлы қатпарлар жоқ, сондықтан түйе еті диеталық тағам болып есептеледі. Түйе етінің орташа құнарлығы – 160,2 ккал, онда 18,9 г аққуыз, 9,4 г май, 0 г көмірсу бар. Жалпы алғанда, түйе еті сиыр етіне ұқсас келеді, әсіресе жас малдың еті жұмсақ әрі дәмді.

ҚР Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитеті мәліметтеріне сәйкес 2017 жылдың 1 қаңтарында түйе саны 197,5 мың басты құрап отыр. Бұл көрсеткіш былтырғы жылмен салыстырғанда 14,2 мың басқа артқан (2016 жылғы 1 қыркүйекте – 183,3 мың бас). Қазақстанда түйе өсіру бойынша Маңғыстау облысы көш бастап тұр – 58,1 мың бас, екінші орында Қызылорда облысы – 44,7 мың бас, үшінші орында Атырау облысы – 32,1 мың бас.

Шаруашылықты  мемлекеттік  қолдау

«Жалпы, Қазақстан территориясында қазақи тұқымды қосөркеш түйесі (бактриан) және бір өркешті нар (дромедар) тұқымы өсіріледі. Елімізде түйенің асыл тұқымдылары да бар. Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасында, Асыл тұқымды мал шаурашылығының жаңа ережесіне сәйкес асыл тұқымды түйенің бір басын сатып алу үшін 100 мың теңге субсидия қарастырылған. Бұл мемлекеттік қолдау асыл тұқымды түйе өсіретін шаруашылықтарға жақсы көмек», – деді Агроөнеркәсіптік кешен және тамақ өнеркәсібі департаменті сарапшысы Қуандық Чункунов.

 

Түйе еті неге сұраныста жоқ?

Елімізде экспорт әлеуеті нөлге тең десе болады. Үлкен нарықтар – Ресей мен Қытай түйе етінен гөрі сиыр еті мен қой етіне басымдық береді. Экспорттау тек жекелеген асыл тұқымды түйелер бойынша шағын көлемде ғана жүзеге асады. Көп мемлекетте түйе етін жемейді, тек шөлді жерде көлік, экзотика үшін пайдаланады. Монғолияда түйе етінен бағалы май қайнатады. Түйе жүнінен жоғары сапалы маталар, қыл қаламдар әзірленеді, ал бәдәуилер бағалы кілем тоқуды қолға алған. Бұл мемлекеттердің өз шикізаты жеткілікті.

XX ғасырдың 60-жылдары Қазақстан түйе шаруашылығы бойынша әлемдік рейтингте алдыңғы қатарда болды. Дүниежүзі бойынша түйе шаруашылығындағы механикалық түрде сауу ғылыми мақалалары алғаш Қазақстан территориясында жарыққа шыққан болатын. Осымен, өкінішке орай, саланың дамуы тоқтап қалды.

«Түйе шаруашылықтарына демеу беру үшін үлкен өткізу нарықтарын ұсыну керек. Мәселен, түйе етін әскери бөлімшелердің тамақтану рационына консервідегі бұқтырылған ет немесе жаңа сойылған ет күйінде беруді міндеттесе, ішкі нарықтың өзінде біршама сұраныс пайда болар еді. Жоғарыда айтып кеткеніміздей, түйе еті пайдалы. Сондықтан кәсіпкерлердің ет өңдеу комбинаттары жаңа технологиямен халал сертификатына сай шұжық өнімдерін даярласа деген ұсыныстары бар. Агроөнеркәсіптік кешен және тамақ өнеркәсібі департаменті бұл ұсыныстар бойынша тиісті мекемелермен келісуде», – деді Қуандық Чункунов.

«Түйе еті өте пайдалы және дәмді. Дегенмен, түйе етін жемейтін мемлекеттер бар. Сондықтан экспорт мәселесі қиындау болар. Шаруалар жаңа өткізу нарықтарын табуы керек. Маңғыстау өлкесінде түйе еті сұранысқа ие, алайда ары аспаймыз және алғаш рет түйе етінен консерві цехы ашылмақ. Шаруаларға өткізу нарықтары қажет», – дейді Маңғыстау облысы «Таушық» шаруа қожалығының иесі Самат Атабаев.

Экспорттың жайы қалай: ет емес, шұбат беріңіз

Түйе еті сұраныста болмаса да, шұбаттың әлеуеті жақсы. Түйе сүтінің пайдалы емдік қасиеттері жоғары. Дегенмен, түйе сүтінің көлемінен, сүтті өңдеу мекемелері санынан еліміз Дубай, Біріккен Араб Әмірліктері мен Солтүстік Африканың бірқатар елдерінен кейін алғашқы бестікке енеді. Елімізде түйе жайылымына климат пен жаңтақ сынды табиғи ресурстардың болуы дәл осы шаруашылықтың дамуына барлық жағдай жасап тұр. Нәтижесінде, түйе сүті тағамдарының майлылығы ерекше. Сапасы да, дәмі де жоғары деңгейдегі өнім алуға жағдай жасауда.

«Түйе сүтіне қызығушылық күннен-күнге артуда. Шаруашылықтың бұл саласы дүниежүзі бойынша 48 елде кездесетіні белгілі. Даму жағдайы елдерде әртүрлі болғанымен, еліміз бұл салада алдыңғы қатарды иеленетіні қуантады. Қазіргі таңда Қазақстанда 6 өңдеу цехтары бар. Бұл жаман көрсеткіш емес. Әлемдік масштабпен қарастыратын болсақ, болашағы зор салалардың бірі деп әбден айта аламын»,- деп сөзін бастады «Атамекен» ҚР ҰКП «Агробіліктілік орталығының» түйе шаруашылық саласының сарапшысы Гаухар Қоныспаева.

«Өнімді ашыту нәтижесінде құрамында пробиотик көп ашымалы сүт өнімін аламыз. «Актимель», «Активианы» күнделікті тағамға қосамыз, «Хилак форте», «Линекс» дәрі-дәрмектерін ішеміз. Ішекке ауадай қажет пробиотиктерді қабылдап жатырмыз деп ойлайды бұқара. Ата-бабаларымыз бізге мұраға қалдырған дәстүрлі қымыз бен шұбатымыз пайдалы микроағзаларды алудың керемет тәсілі екендігі әлі күнге дейін қажетті деңгейде түсіндірілмейтіндігі қынжылтады», – деді биотехнология кафедрасының доценті Гаухар Қоныспаева.

Түйе шаруашылығына барынша қолдау қажеттігін баса айтып, бұқараға дұрыс ақпараттың жетуін бақылауды кеңес еткен сарапшы, салыстыруды негізге ала отырып дамуды ұсынды. Итальяндық «капучино» сусыны қазақ даласын қоя бергенде күллі әлемге танымал болып кеткен мысалын бізге неге «куличино» деп атап түйе не жылқы сүтін таратпасқа? Көбігі капучинодан кем болмасын айқындап кетті маман.

Қазақстанға келген германиялық тәуелсіз сарапшы Марио Юнан мырза болса Алматы мен Қызылорданың шұбаттары сапасы былай тұрсын, тіпті дәмі мүлдем басқа екендігін байқаған екен. Тұрақты тұтынушы болсам, Қызылорданың қымызынан басқа қымыз ішпес едім дейді шетелдік серіктесіміз.

«Шетелдік азаматтардың басым көпшілігі өнімнің өзінен емес, оны дайындау барысындағы гигиеналық мәселелерден қорқады. Потенциалды тұрғыда экспортқа сұраныс бар. Өзімнің тарапымнан шетел нарығына шықпас бұрын, біріншіден, ішкі нарыққа жұмыс жасауларыңызды кеңес етер едім. Сіздерде ішкі сұраныспен-ақ тиісті нормативтер орнату арқылы өнімнің сапасын жоғарылатып, жақсы табысқа жетуге болады», – деп кәсіби көзқарасын айтты маман.

Айтарлықтай сұраныстың болмауына қарамастан Қазақстан даласында түйе төлі өсіп келеді, шаруа қожалықтарына мемлекеттік қолдау көрсетіледі. Шетелдік сарапшылар да қазақстандық түйе етінің органикалық тазалығын айтып отыр. Дегенмен, бәсекелестікке қабілеттілікті арттырып, ішкі нарықтағы маркетинг жолдары қаралуы жөн. Шөлейт және шөл даланың кемесі түйе – түлік төресі мәртебесін жоғалтпайды деген сенім бар.

Әлия Кемелбекова

 


Қызылорда облысы тұрғындарының назарына PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
03.11.2017 12:12

Жол-көлік оқиғасының алдын алу, жол қозғалысы мен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қылмыстық әрекеттерді болдырмау бағытында Қызылорда облысы арқылы өтетін республикалық маңызы бар М-32 «Самара-Шымкент», Р-33 «Қызылорда-Жалағаш», А-17 «Қызылорда-Жезқазған» автожолдарында Қызылорда ОІІД Жергілікті полиция қызметі жол-патрульдік полиция ротасы саптық бөлінісі қызмет атқарады.

Қазіргі таңда жоғарыда аталған республикалық маңызы бар автожолдарда ірі қара, жылқы, түйе жануарларының қатысуымен орын алып жатқан жол-көлік оқиғалары алаңдатып отыр.

Атап айтқанда, бейберекет жол үстінде жүрген сиыр, жылқы, түйе, т.б. уақ малдарды қуып-айдау жұмыстары қоса атқарылғанына қарамастан, ағымдағы жыл басынан бері 53 мал қағу дерегі орын алып, салдарынан 2 адам қаза болса, 7 адам әртүрлі дене жарақаттарын алды.

Айта кететін тағы бір жайт, қағылған төрт түлік малдардың барлығының сырғалары, ендері не таңбалары жоқ. Құрметті тұрғындар, адам өмірінің арашасы болып, төрт түлік малдарыңыздың амандығы үшін түнгі мезгілде жарық шағылыстыратын алқалар мен сырғалар тағуға ықпал жасауларыңызды сұраймыз.

Қызылорда ОІІД баспасөз қызметі

 


Күнтізбе

< Қараша 2017 >
    1 2 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30      

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары