Өзекті мәселелер

  • 19.12.19

    Кешегі даласында абақ­тысы жоқ, бес қаруы белінде жүрсе де жауынан өзгеге қару жұмсамаған заманда елдің бір-біріне өкпесі, кеткен есесі болмады дейсің бе? Болды ғой. Бірақ, сол заманның өзінде қойнындағы қаруға тұра ұмтылмай, әділдікті, ақ пен қараны шешетін әулеттің үлкені не ауылдың ажасы, оған көнбей жатса, елдің қожасына жүгінді емес пе? Дау бұған да бөгет бермеген кезде биге барып соңғы ше...

    Толығырақ...
  • 19.12.19

    Ақыл  жетпес

    Адамның ақылы өлшеусіз мол. Алайда сол ұлан-ғайыр, шексіз ақылыңның кейде кішкентай, уақ-түйек мәсе­лелерді шеше алмай, тұйыққа тіреліп, жол таба алмай, адасып­  жүретініміз  қалай?!

    ...
    Толығырақ...
  • 19.12.19

    «Кувад синдромы» туралы бұрын-соңды естіп пе едіңіз? Мүлдем естімеген болуыңыз да мүмкін. Бұл – ер адамның жүкті әйел секілді күй кешуі. Мұндай да болады. «Кувад» сөзі француздың «couver» деген етістігінен шыққан, яғни қазақшалағанда «жұмыртқа басу» дегенді білдіреді. Бұл синдром екіқабат әйелдің күйеуінде жүктіліктің үшінші айында басталып, сәби дүниеге келгенге дейін жалғасуы ықтимал....

    Толығырақ...
  • 19.12.19

    Шырылдаған бала дауысынан селк ете қалған олар өздері секілді тағы бір күнә­сіз­дің жетім қалғанын сезді. Сәбиді түннің бір уағында тауып­ алған тәрбиеші дереу төсекке жатқызып, жұбата бас­тады. Әбден жылай-жылай көзінен жасы сарқылған баланың демі бітіп, әрең тыныс алады. Көздері жәудіреген бір топ баланың естісі аузындағы емізікті жұлып алып, апайына ұстатты. Жанаршылықпен қараған оның ересек...

    Толығырақ...
  • 19.12.19

    Поэзия

     

    Ботадай боздап аспан жылайды,

    Алдайды бәрін түлкі үміт.

    Жапырақтардан жас тамшылайды,

    Жапырақ жүрек бұлқынып. ...

    Толығырақ...
Бейсенбі, 02 Қараша 2017

Кәсібін дөңгелеткен Әзима PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
02.11.2017 16:49

«Ана бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербетеді». Пайымдағанға осынау даналық сөздің мағынасынан-ақ мейрім-шуақ төгіліп тұрғандай сезіледі. Өзіңіз ойлап көріңізші? Сонау Тұмар ханымнан бастау алып, Сәлима, Жадыраларға ұласып, кейінгі буынға қонған аналардың қайсар қасиеті, еңбексүйгіш дағдысына қалайша қайран қалмассың? Тіпті іргелі мемлекеттің туталақайы шығып, тұтас жұрт сергелдеңге түскенде көпшілігіне ала дорба арқалап, отбасын асыраған нәзік жандылар қауымы болғанын  мойындаған жөн. Қазіргі таңда сол қиындықтар артта қалды. Кәсіпкерлік саласы айтарлықтай дамып, мемлекет тарапынан берілетін жеңілдіктердің де түрі көбейді.

Қазалыда ағымдағы жылы 222 адам «Бастау Бизнес» жобасы бойынша оқып, 135 азамат «Бизнес-кеңесші» курсы аясында біліктілігін жетілдіріпті. Оқу курсынан өткендердің 306,4 миллион теңгені құрайтын 59 жобасы қаржыландырылып, жаңадан 75 жұмыс орны ашылған. Солардың бірі – Дүрхан Әзима есімді жеке кәсіпкер, көпбалалы ана. Әзиманың кәсіпкер ретіндегі жетістігін айтпастан бұрын биік адамгершілік тұлғасына тоқталсақ. Ол отағасы Есімхан екеуі «қорғаншы әке-ана» саналады. Яғни, өмірден ерте өткен Әзиманың сіңлісінің соңында қалған тұяғы, қызын өздерінің қамқорлығына алған. Тектіліктің перзент бойына ананың сүті, әкенің қанымен даритыны ғылыми тұрғыда дәлелденген. Әзиманың әкесі марқұм Әбдір көкеміз атақты «Қуандық әулиенің» шырақшысы болған адам еді. Имандылық, адамгершілік қасиеттері қызының жүрегіне берік ұяласа, несіне таңданамыз? Міне, осындай тағылымды бойға сіңірген кейіпкерлеріміз бауырының аманатына адалдық танытты. Нәрестені тағдырдың тезінен ата-ана ретінде мейірін төге отырып, алып шықты. Өздерінің перзенттерімен қатар аялайды. «Орнында бар оңалар». Арада жылдар өтті. Кішкентай бөбек те есейді. Қазіргі таңда сол Ақтоты әсем шаһар Алматыдағы басты жоғары оқу орнында білім нәрімен сусындауда. Парасатты студент. Бұлар Ақтотысын демалысында сағына күтіп, іштей Жаратқанға шүкірлік жасайды.

Әзима Әбдірқызы Ғани Мұратбаев ауылындағы мектепті бітірген соң Алматыдан білім алуға бел байлады. Осылайша табиғатынан ісмерлікке құмар бойжеткен алып қаладағы техникалық училищеден «бас киім тігу шебері» мамандығын игерді. «Туған жерге туыңды тік» ұстанымымен елге оралды. Шаңырақ көтерді. Аудандық тұрмыстық қажетті өтеу комбинатына тігінші болып жұмысқа орналасты.Тәлімгер апаларынан қиын да күрделі кәсіптің қыр-сырына машықтанды. Жалпы, тігіншілікті тек ғана кәсіп деп қарасақ, жаңылған болар едік. Тігіншілік – нәзік ирімдерге толы ұлағатты өнер. Ал өнер биігін талмай ізденген жан бағындыратыны анық. Әзима да өзінің мамандығына шексіз берілген. Сол кәсіби адалдық мұны қашанда алға жетелеп келеді. Өзі еңбек ететін  мекемесі жабылған соң да  тігіншілікті тоқтатпады. Тапсырыстарды үйде қабылдап, тұтынушы талғамынан табылды. Бала тәрбиесімен қатар ерлер мен әйелдердің, түрлі жастағы адамдардың бас киімдерін сәнді қылып тігіп, көпшіліктің ризашылығына бөленді.

Алайда Әзиманың арманы өзінің жеке тігін цехын ашып, халыққа қызмет ету болатын. Арманы орындалды. Ағымдағы жылы «Бастау Бизнес» жобасымен оқып, кәсіптік білім алды. Жобасы мақұлданды. Мемлекеттен қаржыландырылуға қол жеткізіп, 2,5 млн теңге иеленді. Бұл қаржыға Алматыдан тігін машиналарын, ағаш қалыптарын, мата түрлерін әкеліп, үйінің жанынан «Әзима» аталатын бас киім тігу шеберханасын ашты. Қазіргі таңда өзінің тұрақты тұтынушылары бар тігін шеберханасы озық үлгідегі сәнді бас киімдерді нарықтан төмен бағада сатады.

Кәсіпкер ана сұранысты орындауға қажет шикізатты Алматыдан тікелей тасымалдайды. Бұл қадам бүгінгі кезеңде жиі қозғалып жүрген «делдалсыз байланысты» жандандыра түсері хақ. Кейде бас киім тігуге арналған терілерді Әзиманың өзі илеп, өңдей де береді. Бұл адал еңбекпен тапқан наның тәтті боларын баршаға нұсқағандай. Кәсіп берекелі болсын, асыл ана!

Жұмабек Табынбаев,

Әйтеке би кенті,

Қазалы ауданы

 


ҚАРМАҚШЫДА АВТОМАТТАНДЫРЫЛҒАН ГАЗ ТАРАТУ СТАНЦИЯСЫНЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ БАСТАЛДЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
02.11.2017 16:43

Қазіргі таңда аймағымыздағы елді мекендер тұрғындарын газбен жабдықтау үшін оларды «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистралды газ құбырына қосу, яғни облыс халқын газдандыру бағытындағы жұмыстар өз жалғасын табуда. Аудан тұрғындарына да табиғи газдың игілігін көруге аз уақыт қалды. Ол үшін республикалық бюджеттен 500 млн теңге, облыстық бюджеттен 55,6 млн теңге қаржы бөлінді. Бұл күнде мердігер мекемемен келісімшарт жасалып, 14,8 шақырым болатын жоғарғы қысымды газ құбырларының құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Құрылысты жүргізетін мердігер мекеме – «ТрансАзияКонстракшн» ЖШС. Газдандыру жұмыстарының нәтижесінде аймақтың сенімді энергетикалық базасын құрып, тұрақты экономикалық өсуіне мүмкіндік береді. Сонымен бірге, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының динамикасына оң септігін тигізетін болады.

Аудан әкімінің баспасөз қызметі

 


ДИГРАФТАН – ДӘЙЕКШЕГЕ PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
02.11.2017 16:35

«Тұр, тұрдан хабар келсе, ұйқыдан маза қашады». Бұл жолғы тыныш ұйқыны  латын қарпіне көшіру мәселесі  бұзды. Төл әліпбиімізді латын қарпіне негіздесек, «әлемдік тәжірибе алмасу­  оңай  болады», «түбі бір елдермен ортақ тілде дипломатиялық байланыс орнатамыз», «құлдық санадан құтқарады», «керек емес әріптерден құтыламыз», «орысша ойлаудан арыламы­з» деген секілді түрлі сарындағы пікірлер қалыптасқаны рас. Бірі қолдады, бірінің  қолын көтеруге құлқы болмады. Жаттанды әріп, үйреншікті сөздер, қолайлы алфа­виттен саналы түрде бас тарту қиын.

Алайда  «Латын  әліпбиіне  көшу – заман­ талабы» деген жаттанды сөз халық­тың  санасында  сақталып қалды. Президент пәрменінен кейін латын­ қарпіне негізделген қазақ әліп­биінің нұсқалары ұсыныла бастады. Алғашқы нұсқа 33 әріп, оның 8-і диграф­пен, ал соңғысы 32 әріп, оның 9-ы апострофпен ұсынылды. Өткен жұмада мемлекет басшысы қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру туралы  қаулыға   қол  қойды. Қай  нұс­қа кері қайтарылды, алдағы уақытта қолда­натын  әліпбиіміз  қайсы?

Фотонұсқау  авторы –Батыржан  Ибрагим

 

Бірінші ұсынылған нұсқадағы қазақы әріптерді толықтай латын әліппесі мен пернетақтаға тәуелді етіп, «Ә» – «ае», «Ө»-«ое», «Ү» – «ue» деген диграфпен белгіленуі біреулер үшін тосын жай болса, келесіс­і келекеге айналдырды. «Оқылуға қолайсыз», «буынға бөлу қиын», «бір сөзге бірнеше әріп қолдана­мыз» деген секілді пішіні пішілмеген сыл­та­улармен жақтыра қоймадық. Қыркүйек айының­ екінші онкүндігінде ел президенті осы диграфтарды­ қолдану туралы оң пікірін білдірді.

-  Мен бірден «компьютерге енгізу үшін ешқандай имектер болмасын» деп айтқанмын. Өзге елдерд­ің алфавитінде имектер, нүктелер, үтірлер бар. Бізде таза қазақ тіліне тән сегіз әріп бар,  солард­ы таңбалау керек. Басты мәселе осы, - деген болатын Ақордадағы баспасөз мәслихатында.

Алфавитті көргендердің ойларына ең бірінші «сәбіз» сөзінің жазылуы елестеді. Бұл сыбыс Елбасының­ да құлағына жеткен бе, «сәбізге» арнайы­  тоқталды.

-  Кеше халық арасында «сәбіз» (saebiz) сөзіндегі «ә» әрпі қалай оқылады деген сұрақтың тарағанын естідім. «Ә» дыбысы «ае» болып жазылады. Олар «саебиз­» деп оқуымыз керек дейді. Олай болса, ағылшын тілінде «boeing» сөзі қалай оқылады, еске түсіріп көрейікші. Ал «мектеп» деген сөз ше? Фран­цуз­ тілінде, мысал үшін, бір сөзді жазуға он әріп қажет. Сондықтан бұл – қате пікір, - деп диграф­ мәселесін қолдағандай көзқарас танытты президент.

Қоғам арасында да осы диграфпен жазыл­атын нұсқаның қабылдана­тынына кү­мән болған жоқ. Өйткені оған ел басшысының өзі қарсы емес.

Көп ұзамай қазақ ті­лінің латын қарпіне негіз­делген әліп­биінің екінші нұсқасы бұ­қараның на­зарына ұсынылды. Онда 42 әріптің ішіндегі ё, ф, ц, ч, щ, ъ, ь, э, ю, я әріптері алынып тасталып, 32-ге қысқарып, 9 әріп апострофпен таңбаланған. Мұны көрген халықтың көзін үтір басып кетті. «Таңдаған тазға жолығады» демек­ш­і,  диграфтан – дәйекшеге   бір-ақ  көшті.  Яғни,  Ә – А’,  Ғ – G’,  И, Й – І’,  Ң – N’,  Ө – O’,  Ш – S’,  Ч – С’, Ү – U’, У – Y’  арқылы  жазылады.

Ал енді жоғарыда айтылған Елбасының имектерг­е қатысты пікіріне оралар болсақ, бұл апостроф­тар ешқандай да диакритикалық белгіге жатпайды  екен.

-  Осы тұста басын ашып алатын және бір түйткіл бар. Ол ағылшын тілінің Word форматты компьютер клавиатураларындағы апострофқа (’) қатысты. Себебі апострофты диакритикалық белгі деуге мүлде болмайды, өйткені ол – ағылшын тіліндегі тәуелдік жалғауының немесе кейбір сөз­дердің қысқарып қалатын әріптерінің орнына қолдан­ылатын, сондай-ақ клавиатура бетінде қолжетімді жерде жеке орналасқан толыққанды таңба. Сондықтан да бұл таңбаны 1928 жылы қазақтың тұңғыш дипломаты Нәзір Төреқұлов өзі ұсынған қазақ/латын әліпбиінің нұсқасында жуан дауысты а, о, ұ дыбыстарының жіңішке сыңарлары ретінде, яғни ә, ө, ү болып дыбысталуын қамтамасыз ететін ең ыңғайлы тетік ретінде қолданған болатын, - деп пікір білдірген Ресей және Қазақстан Халықаралық жоғары мектеп ғылым академияларының академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Әділ Ахметов «Егемен Қазақстан» газетіне берген «Латын графикасы мен ағылшын тілінің әлем өркение­тіндегі  орны» мақаласында.

Әліпби мәселесі талқыға түскелі арнайы жұмыс комиссиясына 300-ге жуық ұсыныс түскен. А.Байтұр­сынов атындағы тіл білімі институты мен Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республика­лық үйлестіру-әдістемелік орталығы жанына­н құрылған жұмысшы тобындағы ғалымдар тағы да бірнеше үлгідегі графиканы тиянақты тал­қыдан өткізген. Нәтижесінде көптеген ұсыныстар ескеріліп, таңбаға жатпайтын орфографиялық белгі апострофтар арқылы жасалынған графикалық нұсқаға таңдау түсіпті. Сөйтіп, қазақ тілі әліпбиінің латын графикасына көшуде дәйекшелі әліпби қолдау­ тапты. Елбасы Қаулыда бекітілген латын әліпбиіне 2025 жылға дейін кезең-кезеңмен көшу жоспарының  орындалуын Президент Әкімшілігіне жүктеді.

Н.ҚАЗИ

 


БІЗДІҢ ШЕНЕУНІКТЕР – «БАТЫР» PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
02.11.2017 16:28

Не көп қазір?! Сатылып жатқан ар мен шатылып жатқан шенеунікте есеп жоқ. Күнделікті қанша дөкей тұтқындалып жатса да, жемқорлардың «жемсауына­» тосқауыл болмай тұр. Құдай-ау, не деген көзсіздік? Олардың жамбасына­ жастанған миллиардтарды санасақ, миларыңыз көтермеуі мүмкін. Сіз ойлағандай  мың  теңге де емес, миллион да емес, МИЛЛИАРД. Ал ондай сома түсімізге де енбейтіні рас. Қарапайым балабақша меңгерушісінен бастап, министрл­іктегілерге дейінгі аралықты алып жатқан «дерт» басты мәселеге айналды­. Біздегі  жүйенің  қателігі  қай  жерде?

Кәсіпкерлер Тәңірден емес, тендерден, Аллада­н емес, адамнан тілейтінді шығарды. Шыны керек, соңғы жылдары тұтқындаулардың басым бөлігі мемлекеттік сатып алудың айналасында жүріп жатыр. Белгілі журналист Нұртөре Жүсіп «мемлекеттік сатып алу емес», «мемлекетті сатып алу» деп күйініп еді бір кезде. Мемлекет деген не? Ол – ел, ол – халық. Ал бұқараға бөлін­ген қаражатты қымқыру мемлекетті сатып алу емей  немене? Ресми деректер де жанға дәру болмай тұр. ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл  ұлттық  бюросының мәліметіне сүйенсек­, жыл басынан бері 89 жүйелі жемқорлық фактісі, 300-ге жуық тұлғадан тұратын қылмыстық топ  анықталған. Демек, жегі құрттан құтылатын күн алыс.

Мамандардың айтуынша, ағымдағы жылы орындалған жұмыс актілеріне қол қою және тендерлерде ұтуды қамтамасыз ету үшін кәсіпкерлерден пара алудың 269 фактісінің жолы кесілген. Бұл – Ұлттық бюроның білетіні. Білмейтіні қаншама? Алғашқы тоғыз айдың өзінде 7,5 млрд теңге, ал соңғы 3 жылда 22 млрд теңге  мемлекет  қазынасына  қайтарылған. Әлгі 22 млрд теңгеге 14 мектеп, 73 балабақша, 13 аурухана тұрғызуға болады екен. Алайда  «асаудан» алдына қара түсір­мейтіндердің кесірінен әлеуметтік нысан­дар  салынбады.

Негізінде, біздің шенеуніктер «батыр»­  ғой. Тіпті, «қорқыныш», «үрей» дейтін сезімдері «өлген». Бұл – нағыз «батыл»­ адамға тән қасиет. Себебі парасын алса, баратын жерін біледі. Біле тұра қолын былғайды. Міне, жүректілік деп осыны айт!

«Түйені түгімен жұтқандар» түбі түрмеге қамалады. Әрине тар қапаста кінәсін түсінер, бәлкім, ойланар. Бірақ олардың аз уақыттың ішінде ақталып шығатыны көңілге күмән келтіретінін қайтерсіз?! Әй, осы ол жаққа барғандар өз қателігін түсініп үлгермейтін де шығар... Сот үкімімен он жыл арқалап, «он» күннен соң бостандыққа шығатындар да бар. Көпшілігі «түрмедегі түзу тәртібі үшін», «рақымшылыққа ілікті» деген желеумен темір тордан құтылады­. Кейде біздің  абақтылар  кез келген адам түнеп кететін «қонақүй» секілді көрінеді...

Түйін. Сөз соңында, мына бір әзіл еске түсіп отыр. Баяғыда біреу пара алып, түрмеге қамалса керек. Кейіннен ол да біреуге пара беріп, қапастан құтылып кетіпті. Әзіл түбі – зіл.

Қозы  Көрпеш   ЖАСАРАЛҰЛЫ

 


КҮЗГІ КӨҢІЛ КҮЙ PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
02.11.2017 16:26

«Балапанды күзде санайды». Сол сияқты кей кездері біздің билік­те де күз айында өзгерістердің орын алатыны бар. Бұл жолы апта басындағы ауыс-түйіс бір емес, үш ауданның әкімін тағайындаудан басталды. Күзгі жиын-терін аяқ­талып, ел етек-жеңін жинай бастаған шақта кадрлық өзгерістердің болғаны біреулер үшін қызық көрінгені де рас. Енді біреулер бұл ауыс-түйістерді көптен күтіп жүр­генін айтады.

Жалпы, жақында облыс­тың аудандарымен кәсіп­керлікке қатысты онлайн режимде өткен жиында облыс әкімі түйіні тарқа­тылмаған мәселелерді шешуде­ қиындықтардан жол тауып, өмір­шең идеяларымен межелі мақсат­тарға жететін күндерді алдан күту керектігін  меңзегені  бар. Сол жолы осы елдік мұрат жолындағы жетіс­тіктерге  жетуде кежегесі кері тартып отырған бірқатар лауазым иелері, тіпті аудан әкімдері де жа­қын­ күндері «жылы орнынан» жылжитыны да айтыла бастады. Дүй­сенбі күнгі тағайындаулар бұл «болжамның» ақиқатқа айнала бас­та­ған­ын  көрсетті.

Сонымен, алғашқы ауыс-түйіс Қазалы ауданының әкімінен басталды. Негізі, жергілікті жұрттың әкім Нажмадин Шамұратовты қызметінен «кетіріп жүргеніне» біраз уақыт болды­. Тіпті, көктемнің кезінде бір орынбасары «оңбай сүрінгенде», әкімді де ұзақ отырмайды дескен. Міне, соның реті де бүгін келіп, орнын­  босатып берді. Осылайша, Қазалы ауданының әкімі болып Мұрат Ергешбаев тағайындалды. Елу жасты еңсерген, «ауыл шаруашылығын жоспарлау» және «мемлекеттік басқару» мамандықтарын алған Мұрат Нәлхожаұлы үшін әкім болу таңсық емес, бұл – оның төртінші рет әкім креслосына жайғасуы. Бұған дейін ірілі-ұсақты түрлі лауазымдық қызметтерді атқарған ол кезінде облыс  орталығын да басқарды, Қармақшы мен Шиелі аудандарында да әкім болды. Ал, биылғы маусымнан бастап­ облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы қызметін атқарып  келді.

Келесі күзгі көңіл күй Жалағаш ауданының әкімдігінде орнады. Ауданды үш жылдан аса уақыт бас­қарып келген Талғат Дүйсебаевтың креслосын енді кезінде өзімен қатар Шиелі ауданына әкім болған Қай­ратбек Сәрсенбаев иеленді. Қайратбек Әубәкірұлы – 56 жаста, мамандығы – инженер-гидротехник, ауылшаруашылық кәсіпорындардың ұйымдастырушысы-экономист, экономист-бухгалтер. Еңбек жолын инжен­ерліктен бастаған ол аудандық комсомол, халықтық бақылау комитеттерінде, халық депутаттары аудандық кеңесінде түрлі лауазымдарда қызмет етті. Банкті де, қаржы бас­қармасын да басқарды, аудан әкімі­нің орынбасары да болды. 2014 жылдың мамыр айынан бастап осы кезге дейін Шиелі ауданының әкімі қызметін  атқарып келді.

Ал, Шиелі ауданының әкімі болып тың кадр келді, бірақ әкімдіктің айналасында жүрген лауазым иесі. Енді өндірісті өңірді Әшім Оразбекұлы өрге сүйрейді. Алпысты алқымдаған Ә.Оразбекұлының инженер-құрылысшы, экономист, тау-кен инженері мамандықтары бар. 1974 жылы ұжымшарда жұмысшы болып басталған еңбек жолы кейіннен түрлі қызметтерде жалғасты, партия комитетінде нұсқаушы да болды. Тәуелсіздік жылдарының елең-алаңында Шиелі ауданы әкімінің орынбасары, әкімнің кеңес­шісі, Шиелі кентінің әкімі қызметтерін атқарды. Тоғыз жылдай «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы» АҚ-ның №6 Кен бас­қармасы құрылыс бөлімінің басшысы, «Иіркөл» кенішінің бастығы болды­. Ал, жаңа қызметіне дейін бес жарым жылдан бері Шиелі аудандық мәслихатының хатшысы қызметін атқарып келді. Осылайша, өзіне дейінгі басшылар атқарған жұмыстарды одан әрі үйлестіруге Ә.Оразбекұлының біліктілігі мен ұйымдастырушылық қабілетін пайдалануға сенім артылды.

Күзгі көңіл күй әзірге осы. Бір назар аудартқаны, бұрынғыдай «қосыл­ғыштар» орын ауыстырып қоймай, тың кадрлар қатарға қосылды. Бір түсініксізі, бізде жаңа ортаға, жаңа жұмыс ыңғайына енді-енді етене араласып, қарамағындағы қызметкерлердің де жаңа басшыға ептеп-септеп бойы үйреніп келе жатқанында, жылы орнынан жылжып жататыны. Бір қызығы, креслосын босатып бергендердің қызметтен не үшін кеткендері айтылмайды. Бір белгілісі, Н.Шамұратов облыс әкімінің кеңес­шісі, ал Т.Дүйсебаев облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқар­масының басшысы болып тағайындалды. Айтпақшы, алда әлі де бір­қатар басқарма басшылары мен лауазым иелері орнын босататын көрі­неді. Ақиқаты сол, қарапайым халық үшін кімнің басшы болғаны маңызды емес, бастысы, қай лауазым иесі­нің де өзіне артылған сенімді ақтай біліп, саланы алға бастыруда аянып қалмағаны керек.

Н.ЕРТУҒАН

 


БІЛІМ БЕРУ МЕКЕМЕСІ БАСШЫЛАРЫ ТИІСТІ БАСШЫЛАРҒА ПАРА ҰСЫНҒАН PDF Print Email
Жаңалықтар - Құқық құрығы
02.11.2017 16:24

Шиелі ауданының білім бөлімі қандай былыққа жол берді? Қызыл­орда қаласы және аудан әкімдік­терінің Әдеп жөніндегі уәкілдерінің атқарған қызметі нәтижелі ме? Кеше облыстық білім басқармасының мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнамалары бұзушылықтарының профилактикасы барысында атқарған жұмыстары кезекті Әдеп кеңесінде талқыға түсті.

Биылғы наурыз айында «Орта білім беру ұйымдарында білім алушыларды тамақтандыруды ұйым­дастыру бойынша көрсетілетін қызметтерді берушіні немесе тауарларды жеткізушіні таңдау» Қағидасына­ сәйкес, Шиелі аудандық білім бөлі­мінде сатып алу өткізілген. Осы қағиданың 49-тармағында өтінім­дері бар конверттерді ашқан күннен бастап үш күн жұмыс күні ішінде конкурстық комиссия конкурсқа қатысуға рұқсат беру үшін толықты­ғы және конкурстық құжаттамаға сәйкестігі тұрғысынан өтінімді қа­райды делінген. Бірақ, аудит жүр­гізудің Қағидаға сай өткізілме­ген­дігі анықталған. Атап айтқанда, 33, 46, 56-талаптар бұзыл­ған. Бұл  заңсыздықтар тура­сында Шиелі аудандық білім бөлімінің бас маманы Г.Ералиева өз түсініктемесінде аталмыш конкурсқа қатыспағанын, сол күні іссапармен ауылдық округтерде­ болғандығын, ал конкурс жеңімпаздарын таңдау кезінде білім бөлімі мамандарының айтуымен «қол қой» деген құжаттарына қол қойып бергендігін көрсеткен. Жиын барысында оның бұл уәжіне қатыс­ты­ Кеңес мүшелері «жұмысқа жауап­кершілік қайда, әлде біреу қол қоюға мәж­бүрледі ме?» деген сынды сауал­дарын жаудырды. Алайда Г.Ералие­ва бұл іске өз ықтиярымен барғандығын, тек уақыт тығыз болғандығын алға тартты. Осылайша Әдеп кеңесінің мүшелері ақылдаса келе Шиелі аудандық білім бөлімінің бас маманына «қызметіне толық сәйкес еместігі жөнінде ескерту» берді.

Күн тәртібіндегі келесі мәселе – Әдеп жөніндегі уәкілдердің қызметі. Олардың негізгі атқаратын функцияларына мемлекеттік қызметкерлерге ҚР мемлекеттік қызмет, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы заңнамасының және Әдеп кодексінің талаптарын сақтау мәселелері бойынша консультациялық көмек көрсету, азаматтарды жеке қабылдау, мем­қызметшілердің заңда белгіленген шектеулер мен тыйымдарын сақтау­ға ықпал ету, ұжымда жалпы қабылданған моральдық-әдептілік нормаларына сәйкес келетін өзара қатынастар мәдениетін қалыптастыруға жәрдемдесу және т.б. жатады. Әдеп кеңесінің төрағасы А.Мұхимовтың айтуынша, қазіргі күні аудандардағы Әдеп кеңесі өкіл­дерінің жұмыстарына назар ау­дару қажет. Қала, аудандардан Тәртіптік кеңестің талқысынан өтетін мемқызметкерлермен бірге уәкілдердің келуі сирек. Олар ісі қаралайын деп отырған мемқызметкерге адвокаты сияқты көмек көр­сетіп, осында келуі тиіс деп қадап айтты ол. Қызық, әдеп жөніндегі уәкілдер өздеріне міндеттелген жұмысты орындауға неге құлықсыз?

Сонымен Қызылорда қаласы, Арал, Қазалы, Қармақшы, Сыр­дария­ және Жаңақорған аудандарындағы Әдеп жөніндегі уәкілдер өздеріне жүктелген функцияны мүлдем жүр­гізбеген. Бұл уәкілдер­дің лауазымды тұлғалармен атқа­рылған жұмыстарын зерделегенде белгілі болған.

Сыр еліндегі білім саласындағы былық туралы айтылып келе жатқанына көп болды. Әдеп кеңесі барысында да өзекті тақырыпқа айналған­ өңірдегі білім саласындағы жемқорлық қылмыстарының саны азаймай отыр. Жиында айтылған статис­тикалық мәліметтерге сүйенсек, 2016 жылы облыста білім саласында сыбай­лас жемқорлық сипатында 12 қылмыс жасалса, биылғы 9 айының өзінде мұндай қылмыстардың саны 17 болған. Қынжылтарлық жағдай­. Білім саласында тек пара алу фактісінен пара беру дерегі де қалыспай тұр. Жеке колледж өкіл­дері білім саласындағы қызметін жүргізу үшін лицензиясын тоқтатпау мақсатында тиісті орган басшыларына пара беріп отырған. Сондай-ақ, білім саласының мемлекеттік мекемелерінің басшылары да қызметте жалпы қолдау көрсету үшін тиісті басшыларға пара ұсынған. Аталмыш деректерді сөйлеткен кеңес­ мүшелері мәселені жан-жақты­ пайымдады. Білім саласындағы олқылықтардың орнын тол­тыру­ үшін алдымен заңбұзушылықтың алдын алу мақсатындағы жұ­мыс­тарды  жүйелеу керек деп түйді олар.

Ж.БАҒЛАНҚЫЗЫ

 


«МАТЕМАТИКАҒА ТЕК БАС пен ҚАҒАЗ КЕРЕК» PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
02.11.2017 16:08

Сіз Төртқара деген атауды білесіз бе? Иә, білуіңіз әбден мүмкін. Өйткені ол – Кіші жүздің тармағындағы атақты рулардың бірі. Тарихтың бетін парақтап, шежіренің жілігін шаққан болсаңыз, міндетті түрде «оны кім білмейді» деген нұсқаға тоқталуыңыз мүмкін. Сіздің білмеуіңіз де ықтимал. Өйткені біз Төртқара руын емес, Төртқара есебін айтып отырмыз.

Мұндай да есеп бола ма? Болады, бұл алгебралық есептің мәні неде? Неліктен олай аталды? Есепке рудың атауын берген ешқандай ақымақ емес, қазақстандық ғалым және қоғам қайраткері, физика-математика ғылымдарының докторы­, профессор, ҚР ҰҒА  академигі, ҚР  мемлекеттік  және  халықаралық Гумбольд­  сыйлықтарының  иегері  Асқар  Жұмаділдаев.

Өткен аптада қала әкімі Н.Нәлібаевтың тікелей бастамасымен ұйымдастырыл­ған А.Жұмаділдаев атындағы «Үздік жас математик» байқауы 2013 жылдан бері өткізіліп келеді. Содан бері 40 талапты да талантты жасты анықтаған байқау биыл бесінші мәрте жалауын желбіретіп, 70-ке жуық талапкердің ішінен үздік 10 математик жасты ынталандырды. Са­йыс  қорытындысында алғырлығы мен білгірлігін көрсете білген болашақ он ғалым Асқар Жұма­ділдаев атындағы жүлдемен марапатталды. Рәсім «Болашақ» университеті­нің Студенттер сара­йында өтті. Атақты математик «Төрт­қара» есебі туралы да сол  шара  барысында жастарға оқыған лекциясында кеңінен айтып  берді.

-  Алгебра – жал­ғыз. Ол ұлтқа, дінге, мәде­ниетке, елге, жерге бөлін­бей­ді. Математикаға тек бас пен қағаз керек. «Төрткен төрт­қараның» айырмашылығы неде? Тек қазақша атауында ғана. Италияда Триеста деген қала бар. Сонда Абдус Саламның атындағы әлемге әйгілі теория­лық физика орталығы бар. Абдус Салам – мұсылманнан шыққан жалғыз «Нобель» сыйлығының лауреаты. Физикадан алған. Сол жерде жүр­генде төртінші дәрежелі бір тепе-теңдік ойлап таптым. Сонда-а-а-й әдемі. Өзім қуа­нып кеттім. Сосын Төрт кем­пір бір шал дейтін Кенен Әзір­баев атамыздың қызы бар еді. Ел арасында «Төрткен» деп атап кеткен. Сол кісінің аты қала берсін дедім. Өйткені «Төрткен» дегенде маған сондай бір жақсы ойлар келеді. Бұл теңдік дифференциалдау операторы арқылы шығады. Оны интегралға ауыстырсам, құдды соның туысқаны шы­ғады  екен. Оның атын қалай қою керек? Сосын «Төртқара» деп оған да қоя салдым. Кейін естідім, Кіші жүзде Төртқара деген ру бар екен. Самарқанды 17 жыл билеген әйгілі Жалаң­төс баһадүрдің руы. Жауға шапқ­анда кедергі келтірмесін деп, сауыт-сайманын шешіп тастайтын болғандықтан солай атаған екен. Бірақ атамыз тек ғана соғыстың шебері болмаған. Сонымен қатар ғылымға, білімге, өнерге үлкен қам­қорлық жасаған кісі. Мысалы,  Самарқанның  ортасында Регистан дейтін жер бар. Сонда үш мешіт тұр. Біреуін Ұлықбек салдырған. Ал екеуін  Жалаңтөс баһадүр сал­дырған. Сосын атамыз шетте жүрді, енді математикада қала берсін деп ойладым. Осылайша, алгебраны қа­зақша «Төрткен Төртқара» деп атадым, - деді академик А.Жұмаділдаев.

Бір жарым сағатқа со­зылған лекция барысында жинал­ған студенттер мен оқушыларға түрлі есептер жасыры­п, аудиториялық байланыс орнатты. Сондай-ақ, математика саласындағы соңғы жаңалықтар, енгізілген өзгертулер мен есеп шығарудың  оңтайлы жолдары туралы  қызықты тәсілдер туралы айтты. Сонымен қатар елі­міздің қазақ тілінің латын қарпіне негізделген әліпбиі туралы да есеп шығарды. Онысы тіпті қызық әрі керемет. Математикалық үлгіде өткен дәріс соңында академик жиналған оқушылар мен студенттерге шешімін тап­па­ған есептерді «Үй тапсыр­ма­сы» ретінде қалдырды. Бірақ бұл тапсырманың жөні тым бөлек. Өйткені оған бір жыл уақыт берілді. «Төртқара мен Төрткен туысқан. Төртқара есебінің інісін тауып көрі­ңіздер! Қызылорда қаласының 200 жылдық мерейто­йына келгенде осы есептің жауабын  сұрайтын  боламын»  деді  академик.

Шара соңында туған жердің топырағынан түлеп ұшқан аңыз адам Асқар Серқұлұлымен аз-кем әңгімелесу бақыты бұйырды. Тапшы уақыттың тізгінін ұстаған аралықта қызықты сауал­дарға жауап іздеп көрдік.

Н.ҚАЗИҚЫЗЫ

 


 

Қысқа  да  нұсқа

ҰҒА-ның академигі

Асқар ЖҰМАДІЛДАЕВ:

 

«МАҒАН  «ТӨРТҚАРАНЫҢ АВТОРЫ»  ДЕСЕ  ДЕ ЖЕТКІЛІКТІ»

- Асқар Серқұлұлы, шаһарымыздағы жас математиктерді ынталан­дыру жалғасын тауып келеді. Балаларды осы ғылымға бағыттау үшін білім саласына қандай жүйе керек?

- Оған ешқандай жүйенің қажеті жоқ. Баланың талабына, қиялына, шабытына кедергі жасамаңыз, «миын ашытпаңыз», көп ұрыса бермеңіз. Ғылымға үйренетін болса, «жарайды» деп мақтап қою керек.

- Сіз  кез  келген нәрсені есепке айналдыра аласыз. Тіпті латын­  әліпбиін де есептеп  тастадыңыз. Қазақстанның шека­расын  есептеп­  көрдіңіз  бе?

- Иә, дұрыс айтасыз. Ол оңай есеп ғой. Оны Әлімхан Ермеко­в (математикадан тұңғыш қазақ профессоры)  деген математик есептеген. Қазақстанның шекарасын есептеп, сызып­  берген сол кісі. Қазір шекара белгілі. Оның қажеті жоқ. Ал қазіргі мәселе – латын әліпбиі. Сондықтан соны есепке­ айналдырдым. Еріккеннен немесе уақытымның көптігінен  емес. Басқа  амал  болмады.  Өйткені  мына алфавит­  еніп  кетсе, жұрттың бәрі зар жылайды. Сұмдық болады. Сіз  әлі  білмей отырсыз.

- Сіз сол, бір әріп – бір дыбыс деген нұсқаны қолдайсыз ғой...

- Иә, ұмтылып жатырмыз, бірақ мүмкін емес. Оған себеп, қазақтың емес, латынның алфавиті. Мысалы, «с» деген дыбысты­  алыңыз. Мұны «с» деп те, «к» деп те оқыла береді.

- Латын әліпбиінің нұсқасы қабылданды. Пікіріңіз қандай?

- Жоқ. Өте қолайсыз. Шындықты айту керек, халықтың қолдауы бар деп айта береді. Мен «Қазақ әдебиетіне» шыққан­ мақаламда қазақтың төл әріптерін қалдыруды ұсындым.

- Үштілділікті  меңгерту  секілді математиканың  да  түрлері бар  ма?

- Көп. Оны айтып тауысу мүмкін емес дәл қазір.

- Тура жүргенді ұнатасыз ба, әлде айналып өткенді...

- Лажы болса, тура жүрген дұрыс. Бірақ өмірде ондай бола бермейді. Енді ол мақсатқа байланысты.

- Есебіңізде «ГАИ» қызметкерінен «айналып» өттіңіз. Неге? Қорқасыз ба?

- (Күлді) Қазақстанның тең жартысы таниды. Тіпті 99 па­йы­зы таниды. Көшеде суретке түсуге құмар. Мені танымайтын­  бір-ақ категория бар. Олар – ГАИ қызметкерлері. Өткенде­ Алматыда көшелерді қазып тастаған. Жүру қиындап кетті. Өте алмайтын жерден өтіп қалып ем, артымнан бір «ГАИшник» жетіп келді де, «көке, штраф төлейсіз. Праваңызды аламын­» деді. Ал не істейсің? «Әттеген-ай» дедім.

Сізге  қандай  марапат  ұнайды?

-  Маған «Төртқараның авторы» десе де жеткілікті.

- Адам  егер  миын  толықтай  іске  қосса,  ұшып  жүруге  қабілеті ­ жете  ме? Адамның ұшуы мүмкін бе?

- Жо-жоқ. Оны бір қияли адам айтқан шығар. Ол тіпті Архимед пен Ньютон Заңына да қайшы келеді.

Жақсы көретін есебіңіз?

- 2+2=4.

Әңгімеңізге  рақмет.

 


Күнтізбе

< Қараша 2017 >
    1 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30      

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары