Өзекті мәселелер

  • 19.12.19

    Кешегі даласында абақ­тысы жоқ, бес қаруы белінде жүрсе де жауынан өзгеге қару жұмсамаған заманда елдің бір-біріне өкпесі, кеткен есесі болмады дейсің бе? Болды ғой. Бірақ, сол заманның өзінде қойнындағы қаруға тұра ұмтылмай, әділдікті, ақ пен қараны шешетін әулеттің үлкені не ауылдың ажасы, оған көнбей жатса, елдің қожасына жүгінді емес пе? Дау бұған да бөгет бермеген кезде биге барып соңғы ше...

    Толығырақ...
  • 19.12.19

    Ақыл  жетпес

    Адамның ақылы өлшеусіз мол. Алайда сол ұлан-ғайыр, шексіз ақылыңның кейде кішкентай, уақ-түйек мәсе­лелерді шеше алмай, тұйыққа тіреліп, жол таба алмай, адасып­  жүретініміз  қалай?!

    ...
    Толығырақ...
  • 19.12.19

    «Кувад синдромы» туралы бұрын-соңды естіп пе едіңіз? Мүлдем естімеген болуыңыз да мүмкін. Бұл – ер адамның жүкті әйел секілді күй кешуі. Мұндай да болады. «Кувад» сөзі француздың «couver» деген етістігінен шыққан, яғни қазақшалағанда «жұмыртқа басу» дегенді білдіреді. Бұл синдром екіқабат әйелдің күйеуінде жүктіліктің үшінші айында басталып, сәби дүниеге келгенге дейін жалғасуы ықтимал....

    Толығырақ...
  • 19.12.19

    Шырылдаған бала дауысынан селк ете қалған олар өздері секілді тағы бір күнә­сіз­дің жетім қалғанын сезді. Сәбиді түннің бір уағында тауып­ алған тәрбиеші дереу төсекке жатқызып, жұбата бас­тады. Әбден жылай-жылай көзінен жасы сарқылған баланың демі бітіп, әрең тыныс алады. Көздері жәудіреген бір топ баланың естісі аузындағы емізікті жұлып алып, апайына ұстатты. Жанаршылықпен қараған оның ересек...

    Толығырақ...
  • 19.12.19

    Поэзия

     

    Ботадай боздап аспан жылайды,

    Алдайды бәрін түлкі үміт.

    Жапырақтардан жас тамшылайды,

    Жапырақ жүрек бұлқынып. ...

    Толығырақ...
Сәрсенбі, 01 Қараша 2017

15 ЖАСТАҒЫ ЖЕТКІНШЕК 15 РЕТ ҚЫЛМЫС ЖАСАҒАН PDF Print Email
Жаңалықтар - Құқық құрығы
02.11.2017 10:38

Жуырда Қызылорда облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты тағы бір қылмыстық істі қарады.

Алдымен «қылмыс жасады» деп айыпталған жеткіншек жайына тоқталсақ. Кәмелетке толмаған Король Михаил Юрьевич – Қызылорда қалалық жалпы білім беретін кешкі мектептің 9-сынып оқушысы. Ол аталмыш соттың 13.04.2017 жылғы үкімімен 1 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылған. Сотты болған М.Король өз іс-әрекетінің қоғамға қауіпті екені ұғынса да, бірнеше рет өзге біреудің авто­көлігін заңсыз иеле­ніп, тағы бірнеше рет тұр­ғын үйге заңсыз кіріп, бөтеннің мүлкін жасырын жымқырып, меншікке қар­сы қылмыстық құқықбұзушылық­қа барған.

Облыстық кәмелетке толмағандардың іс­тері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының баспасөз қызметі­нің мәліметіне сүйенсек, М.Король сә­уір-тамыз айлары аралығында 15 рет қылмыс жасаған. Оның екеуі адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен тұрғын үй жайға заңсыз кіріп, бөтен­нің мүлкін жымқ­ыру фак­тісі болса, қалған 13-і – кө­лік құралын ұрлау, яғни рұқсатсыз айдап­ кету дерегі. Жеткіншек  ҚР ҚК-нің 200-бабы­ның 2-бөлі­гінің 2-тар­мағында және 188-бабының 2-бөлі­гі 1, 2, 3-тармақтарында көз­делген құқықбұзушылықты жасаған. Аталмыш соттың баспасөз қызметі жас өскін болса да, қоғамға зиян келтірер заңбұзушылыққа барғаны үшін оған ҚР ҚҚ-нің 200-бабының 2-бөлігінің 2-тармағы бойынша үш мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бec жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға, сондай-ақ, ҚР ҚК-нің 188-бабының 2-бөлігі 1, 2, 3-тармақтары бойынша мүлкі тәр­кіленіп, үш мың айлық есеп­тiк көрсеткiшке дейiнгi мөл­шерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бес жылға дейiнгі мер­зімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бос­тандығынан айыруға жаза­ланады деп отыр.

Осылайша он бес жастағы жеткіншек 5 айда 15 рет қылмыс жасаған. Бұл нені байқа­тады? Қылмыс жасап, жаза бассаңыз, заң бойынша жазаланасыз. Заң тәртіпсіздікті түзейді. Функциясы сол. Ал қызылордалық жасөспірім бір емес, 15 рет қылмысқа барған. Бұл заңға бағынбау ма әлде сол заңның солқылдақтығы ма?

Облыстық кәмелетке толмағандардың істері жөнін­де­гі мамандандырылған аудан­аралық сотының ақпаратына сүйенсек, биылғы 6 айда Қызылорда облысы бойынша кәмелетке толмаған­дардың қатысуымен  жасал­ған 25 қылмыс тіркелген. Ал 2016 жылы бұл көрсеткіш 15 болатын. Оның ішінде жас­өспі­рімдер ауыр санаттағы қылмыстық істерді көп жасаған.

Жастар, жасөспірімдер – еліміздің негізгі қозғаушы күші, келешегі. Бұл бесенеден белгілі жайт. Тұтас бір ұлттың болашағын тізгіндей­тін жас өркен қандай болуы керек? Білімді, адал, жауапкершілігі зор, тағысын тағы... Ал жасөспірімнің қылмыскер болуын қандай «қасиетке» балар едіңіз? Оны кім қалайды? Саралайық. Оларды заң бұзуға үйрететін бір­де-бір мұғалім жоқ. Ата-аналар да бауыр еті баласымен тек мақтанғысы келеді. Әр мектепте құзырлы органнан бір өкіл – мектеп инспекторлары жұмыс істейді. Мемлекет құзырлы органдар қызметіне қажетті құ­рал-жабдықтармен қамтамасыз етуден қалыс қалған емес. Биылдың өзінде қы­зылордалық полицейлерге су жаңа автокөліктің кілті табысталып, жаңадан за­манауи полиция бекетін салып қойды. Оның өзі – қыруар қаржы. Бәрі де өңірдегі қылмыс пен құ­қықбұзушылықты азайту, оның алдын алу үшін ұйымдастырылған. Кәмелетке толмағандар арасындағы заңсыздықты құрықтау үшін жүйелі жұмыстар ат­қарылып-ақ жатыр. Алайда жасөспірімдер арасындағы қылмыстың саны кеміп емес, керісінше көбейіп келеді.

Ж.ҚОЙШЫБЕКОВА

 


ЕР ТЕКЕЙДІҢ ТОРҚАЛЫ ТОЙЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
02.11.2017 10:23

Биылғы жылы Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев ұлт үшін үлкен игі істің бірі “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” атты өзекті мақаласын жариялағаны көпшілікке мәлім. Бұл мақалада ұлтымыздың алдағы болашағы, өткені мен өскелең ұрпаққа берер өнегесі екшелеп көрсетілген. Мақалада Елбасы: “Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс” деген болатын. Әрине, ел қорғаған батырларды, тұлғаларды дәріптеу, есімін ел арасында насихаттау кезек күттірмес мәселе болып отыр.

Осы мақсатта Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі биыл үш бірдей ұлы тұлғаның мерейтойын республикалық деңгейде атап өтуге шешім шығарды. Олардың қатарында әйгілі Есет батыр, Қаз дауысты Қазыбек би және Тәуке ханның бас қолбасшысы болған Текей батырдың торқалы тойы бар. Жалпы, тарихта Текей Қарпықұлы жайлы деректер көп болмаса да, там-тұмдап кездеседі. Оған Текейдің Түркістанда жерленгені туралы тарихи факті дәлел бола алады. Бұған дейін белгілі қоғам қайраткері, батырдың тікелей ұрпағы саналатын Мырқы Исаев 90-жылдары Текей Қарпықұлы туралы тың деректер тауып, кітап құрастырған-ды. Батыр бабасының ғана емес, ғасыр таразысының салмағын бағамдаған ұрпағы өткенімізге үңілуге, жоғымызды түгендеуге себеп болғандай.

БҰЛ  АЙТЫС  БҰРЫНҒЫ АЙТЫСТАН  ӨЗГЕРЕК…

Өткен аптада Жалағаш ауданында Есет батырдың 350 жылдығы тойланса, облыс орталығында Текей батырдың да сонша жылдығы жоғары деңгейде аталып өтті. Батыр тойы алдымен Н.Беке­жанов атындағы қазақ музыкалық драма театрында “Хан батыры Ер Текей” атты деректі фильмнің көрсетілімімен басталды. Санаулы минуттарды ғана қамтыса да, осы аралықта қолбасшының өрлігі, ерлігі фильмде анық көрініс тауыпты. Жиналған жұртшылықтың көз алдына XVII ғасырдағы алмағайып заман елестеп, елі, жері үшін ақ найзасымен жауға шапқан­ батыр тұлғалардың өмір дерегімен қатар тұрмыс-тірші­лігімен де таныс болды. Артынша Текей Қарпықұлының 350 жылдығына арнал­ған “Текті туған Текей батыр” республикалық ақындар айтысы басталып кетті. Сөз барымтасына “Жүрсін­нің жүйріктері” аталып кеткен республиканың түкпір-түкпірінен келген 16 ақын қатысты. Айтысты әдеттегідей ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, айтыс жанашыры, ақын Жүрсін Ерман жүргізді. Ақындардың өнеріне ғалым, филология ғылымдарының докторы Темірхан Тебегенов, әнші-ақын Елена Әбді­халықова, “Парасат” ордені­нің иегері, ақын Шаһизада Әбдікәрімов, айтыскер ақын Аманжол Әлтаев және ҚР Білім беру ісінің үздігі, ақын Дастан Нәзікбаевтар баға берді.

Айтыс ақындарына “Нұр Отан” партиясы облыстық филиалы төрағасының бірін­ші орынбасары Ибадулла Құттықожаев сәттілік тілеп, Текей батырдың өмір жолына тоқталды.

– Біздің сан ғасырлық тарихымызда ел тағдырын өз тағдырынан биік қойған, ұлтының тұтастығын, же­рінің бүтіндігін мұрат еткен қазақ батырлары, ұлы тұлғалар аз болмаған. Үш жүздің басын біріктірген қазақ ұлтының бірлігін нығайту жолында ат үстінен түспеген қазақ хандарының бірі – Әз Тәукенің үзеңгілес батыры Текей Қарпықұлының туғанына биыл 350 жыл толып отыр. Ол Тәук­е ханның тұсында қолбасшы болған және шайқастарда қол бастап жауға шапқан.­ Ел басына күн туғанда батырлығымен, парасаттылығымен елдің мұңын, халықтың сырын түсіне білген. Батыр бабамыздың ерлігін ұрпаққа ұлықтау мақсатында Сыр өңірінде тағы­лымды тарихи-мәдени шаралар жалғасын табуда, – деді ол.

Ерекше айта кететін жайт, бұл айтыс өзге айтыстардан гөрі өзгерек басталды. Олай деуімізге себеп, сөз сайы­сының суырыпсалма өнері­не бағытталғанын байқадық. Өйткені, ақындарды халықтың өзі жеребе арқылы жұп­тап, сол мезетте айтыстырды. Бір сөзбен айтқанда, бұл бас­там­а “сахналық қойылымның” тамырын кесті және көпшіліктің айтысқа деген ынтасының артуына ықпал болды. Несін жасырайық, жұрт жаттанды айтыстан жалығып, суырыпсалмалықты сағынып қалыпты.

Жеребеде есімі алғаш қолға іліккен сырбойылық ақын Оразхан Сейілхан мен тараздық Қанат Мырзахан айтыс сахнасына арқаланып шықты. Сөз бастау оңай емес, оның үстіне бір-біріне қарсылас атанатынын білмейтіні тағы бар. Сырдың ақыны осыдан тура он жыл бұрын Тұрмағамбет ақынның то­йында бас жүлдені жеңіп алғанын айтып, тағы да сол жолды жалғастыруға келгенін жырлады. Қарымта жауапта қарсыласы: “Бас жүлде бере­тін бала емес екенсің. Айтыс­ты тағы да он жыл қойып кетерсің” деп әзілмен қайтарды. Одан әрі сөзін жалғап: “Ер Текейдің ұрпағы қызтеке­ боп, Жалаңтөс баһадүрдің ұрпақтары, Жалаң етіп төсін де ашып алған” деп заманның кемшін тұстарын жырға қосса, “Төрт құбылаң енді-енді түгелденіп, Төртінші рет астана болатындай” деп Сыр елінің даму қарқынын да сөз етті.

Екінші жұптағы айтыс алматылық ақын Қазірет Бер­діхан мен шиелілік Мейірбек Сұлтанхан арасында өтті. Тақырыпқа қатты мән бер­меген қос ақын көбіне “қымбатшылық уақытында арзан ой айтпайық” деп, елдің мұңын һәм жетістігін қатар жырлады. Айтыстағы физик ақын атанған Қазірет сөз арасында “Халықтың жағдайы нашар болса, Халықаралық беделің бекер еді” деген тама­ша теңеуімен есте қалды. Үшінші жұп болып Мұхтар Ниязов пен Рүстем Қайыртай сөз қағыстырды. Екі ақын да нағыз шаппа-шап айтыстың үлгісін көрсетті. Түйдек-түй­дек ойлары да, жарасымды әзілдері де, тапқырлықтары да тартымды шығып, қазылар алқасының толық ұпайына ие болды. Одан кейін қармақшылық Сырым Әділ­беков пен Серікзат Дүйсен­ғазиннің айтысына куә болдық. Ұстаз бен шәкірт арасындағы айтыста ел жағдайы, қымбатшылық, батыр бабаның бейнесі толық жырланды. Сырым ақын “Текей батырдың тікелей ұрпағымын” десе, Серікзат: “Аждаһаның азуы былай тұрсын, Ажалдың да өзінен сескенбеген” деген теңеу арқылы батырдың өр­лігін бейнелеп берді.

Айтыстың екінші бөлімі қыз бен жігіт айтысымен басталды. Сахнаға аралдық ақын Ержеңіс Әбдиев пен алматылық Аягөз Серікқызы шықты. Математик әрі ақын Ержеңіс мұғалімдердің мұңын айтып, ел көңілін аударса, Аягөз аймақтың жетістігін, оңды істе­рін тілге тиек етті. Сөз арасында айтыстың деңгейі көңіл көншітпей жатқанын Жүкең де мойындады. Иә, рас қаншама халықтың алдында өтімді ой айту, қарсыласына ат сүрінгенше жауап беру кез келген ақынның қолынан келмейді. Айтыс бас­талғанда “Егер осы жүйе сәтті шығып жатса, алдағы айтыстардың барлығын сахнада жұптаймыз” дегендей де сөз айтылды. Бұл енді болашақтың еншісіндегі нәрсе. Мұнан соң Аруна Керімбек пен Нұрмат Мансұров, Мақсат Ақанов пен Айдос Рахметов, Аспанбек Шұғатаев пен Ержан Әміровтер өз дең­гейінде айтыс жасады. Әсіресе, Ержан мен Аспанбек ақынның айтысы көрермендердің ұйып тыңдауына себеп болды.

Бес сағатқа созылған айтыста “Алтын домбыраның” екі мәрте иегері атанған жерлесіміз Мұхтар Ниязов бабында екенін байқатып, бас жүлдені (1 млн теңге) қанжығасына байлады. Бірінші орынды (700 мың) онымен айтысқан алматылық Рүстем Қайыртайұлы, екінші орынды (500 мың) Мейірбек Сұл­танхан, үшінші орынды Ас­панб­ек Шұғатаев пен Ержан Әміров (екеуі де – 300 мың) еншіледі.

Бас жүлдені тапсырған академик Бақберген Досманбетов “Тәуелсіздікті айтыс ақындарындай дәріп­теген ешкім жоқ” деген сөз­дің ақиқаты бүгін тағы көрінді. Білуімше, бәйгені үйлестіру қазылар алқасына да оңайға түспеді. Ақындарды батыр рухы қашан да желеп­-жебеп жүрсін” деп тілегін білдірді.

 

«ЕР  ТЕКЕЙ»

ТУЫНДЫСЫНЫҢ ТҰСАУЫ  КЕСІЛДІ

Туған топырағын ардақтай отырып, сол қасиетті жерді қорғаған батырлар рухы­на тағзым етудің әдемі үлгісі Сыр өңірінде одан әрі жалғасын тапты. «Достық» үйінде атамекеннің бағы үшін, ата жұрттың қамы үшін бар ғұмырын ат үстінде өткіз­ген ұлы тұлға Текей батыр туралы «Ер Текей» тарихи-танымдық кітабы мен «Шахнаманың» парсы тіліндегі аудармасының тұсаукесер рәсімі өтті. Қазақ тарихында із қалдырған асылдарымызды елі есіне алып, адамзатқа рухани азық, өскелең ұрпақ­қа өнеге болар тағылымдық мәні зор шарада­ сөз алған облыстық мәслихаттың хатшысы Наурызбай Байқадамов кітап батыр баба­ның мерей­тойына ар­налған сый екенін айтты.

– Бүгін тұсаукесері өткелі тұрған «Ер Текей» тарихи-танымдық кітабының авторлары осында отыр, сіздермен аман-есен қауышқанымызға қуаныштымыз. Кітаптың алғы сөзін Қазақстан Ұлттық Ғылым академиясының академигі Хангелді Әбжанов ағамыз жазған екен. Бұл хикаятта сол замандағы қазақ хандығының тұрмыс-тір­ші­лі­гі, өмірі бейнеленсе, тарихи даталар мен кезеңдер дәл қамтылған. Екіншіден, қазақ халқының рухани үндестігі, дәстүрі, тұрмыс-салтын өзін­дік иірімінде жеткізуге күш салған, яғни қазақтың ұлттық болмысы жақсы суреттелген. Ең бастысы, Ұла далада қа­лып­тасқан ел басқару мәселелері кітапта жақсы көрініс тапқан. Оның ішінде қажет бол­ған жағдайда ел мүддесі үшін қара болса да ханның басын алуға дайын тұрған батыр­лардың ерлігі анық жазылад­ы. Жастардың тарихи сауаттылығын арттыруға аталмыш кітап өз үлесін қо­сарына кәміл сенімім мол, - деді Нау­рызбай Сейтқали­ұлы.

Иә, расында ұлт пен ұлыс­тың дәнекері, бар ғылымның атасы – кітап. Шараға шығыс мәдениеті мен әдебиетін парсы тілінен тікелей тәржі­малаған шығыс өркениеті шырақшыларының бірі, көр­некті ғалым Ислам Жеменей қатысып, рухани жаңғыру мәселелеріне кеңінен тоқталды.

– Бүгінгі шара маған да көп дүние берді. Текей батырдың арқасында көптеген рухани жетістіктерге жеттім деп есептеймін. Алдарыңызда тұрған Текей батыр шығармасын Сержан бауырымыз жазған. Мен таңғалдым. Осындай керемет туындылар зерттеліп, жарық көрсе де біз алыста жүріп мұнан бейхабармыз. Кітапты оқи отырып, авторын тә­жі­рибелі, жасы 60-ты ал­қымдаған, аға буын шығар деп ойлаған едім. Сөйт­сем, жап-жас жігіт екен. Рухани жаңғыру деген осы. Тә­уел­сіздігіміздің арқасында тарих қойнауында жатқ­ан бабаларымыздың ерлігі мен өрлігін қайта түлету, қайта жаңғырту – біз үшін үлкен же­тістік, - деді шығыстанушы ға­лым.

Айта кетейік, екі бір­дей жауһардың тұсаукесеріне  Кеңес Одағының батыры Т.Кө­мекбаев атындағы қоғамдық қор­дың Президенті Дүй­сен Жақсығұлов пен «Ер Текей» кітабы авторларының бірі Сержан За­кер­ұлы қатысып, өз пікір­лерімен бөлісті. Шара соңында қос кітаптың тұсауын облыстық мәс­лихаттың хатшысы Наурызбай Байқадамов пен ҚР Ұлттық ғылым ака­демиясының коррес­пондент мүшесі, экономика ғылымдарының докторы, профессор Бақберген Досманбетов ке­сіп, игі тілектерін біл­дірді.

 

БАБАНЫҢ БАТЫРЛЫҒЫ  БАЯНДАЛДЫ

Батыр бабаның азаттық үшін жасаған ерлік істері жайлы деректерді белгілі журналист-жазушы М.Исаев, жазушы-журналист Т.Дайрабай зерттеп, бүгінгі ұрпаққа қолбасшының батырлығын ғана емес, оның тұл­ғалық, қайраткерлік қа­сиетін жеткізді. Ел ау­зындағы әңгімелерде Текей­дің балуан, әнші болғандығы айтылады. Тіпті, Ер Текей Сыр сүлейлерінің де шығармаларында кездеседі. Текей­ есімі Түркістанда­ғы Қожа Ахмет Иасауи кесенесіндегі хан, би, батырлар тізімінде жазылса, Қармақшы ауданы аумағында «Текей әулие» бейіті бар. Бұл туралы облыстық ішкі саясат бас­қармасы мен «Руханиятты қолдау» қоғамдық қо­рының ұйымдасты­руы­мен Текей Қарпықұлының 350 жылдығына арналған «Текей батыр және оның заманы: тарихи-әдеби деректер жинағы» атты республикалық ғылыми-танымдық конференцияда талқыланды.

– Әлем халықтарының тарихында, мәдениетінде, дәстүрінде бекіген құн­дылықтар ұрпақ санасында мәңгіге қалған билеу­шілерін, батырларын, өнер саңлақтарын ұмытпау һәм ұлықтау заман­нан заман­дарға жалға­сып келед­і. Осы бір салт-дәс­түрден біздің қазақ халқы да ада емес. Азаттықтың тұсында біз есеміз кеткен осы бір істі жаңаша жарқы­ратып, жаңа белеске көтеруіміз керек. Кеңес заманында біздің батыр­ларымыз жайлы бірен-саран ғана айтылатын. Міне, қазір азаттықтың ширек ғасырында біз жүздеген, мыңдаған батырларымыздың атын атап, ұлықтап, ұрпақ санасы­на жаңаша сіңіруге күш салудамыз. Батыр – әлеуметтік категория, батырлық – адам бойына даритын қасиет. Ал енді батырлар институтын қалыптастыру үшін бізге үлкен метадологиялық мәдениет керек. Тарихтың ұлттық болмыс екенін ескерсек, өз тарихымызға өзіміздің көзі­мізбен, өзіміздің құнды­лығымыз деп қарауымыз керек, - деді тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі Хангелді Әбжанов.

Текей – батыр, ал оның есімінің жыр-дастандарда жиі ұшырасуы – заңдылық. Елмен бірге, халықпен бірге батырлар да, билеушілер мен байлар да өмір сүреді. Оның барлығы заман ағымына сай қағаз бетіне түседі. Жазылмағаны қазақтың ауызша тарихында сақталады. Ал кейіннен уақыт таразысында мұндай есім­дер әдебиет беттерінен ойып орын алады. Бұл мәселеге конференция барысында кеңінен тоқталған филология ғы­лымдарының докторы, ҚР Гуманитарлы ғылымдар академиясының академигі Темірхан Тебегенов болды. Сонымен қатар профессор И.Жеменей, экономика ғы­лымдарының докторы Б.Досманбетов, тарих ғылымдарының канди­даты М.Аңсатовалар Т.Қарпықұлының өмірі мен ерлік істеріне арналған баяндамалар оқыды. Шара соңында ұсыныс-пікірлер айтылып, қорытындыланды.

 

ТУҒАН  ЖЕРДІҢ ТУЫН  ЖЫҚПАҒАН...

Одан соң А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет­ үйінде “Ерлігі ұрпаққа ұран болған Текей батыр” атты батырлық дастан орындаушылардың республикалық конкурсы өтті. Жыраулар сайысында әділ қазылардың бағасы мен төрелігінің қорытындысы бойынша бас бәйге Әділхан Қуанбаев­қа, 1-орын Марат Сүгір­байға, 2-орын Күнсұлу Түрікпен мен Серік Жақсығұловқа бұйырса, жүл­делі 3-орын Шолпан Бейімбетова және жетісулық жыршы Шаттық Құмарға табысталды. Арнайы жүлдені Феруза Нарман еншіледі.

Ал, 28 қазанда қаладағы “Евразия” спорт кешенінде батырдың құр­метіне орай қазақ күресінен түйе балуандар арасындағы республикалық турнир мәресіне жетті. Білектілер бәсекесінде Алматы, Қарағанды, Оң­түстік Қазақстан, Пав­лодар, Жамбыл және Қызыл­орда облысынан 22 балу­ан өнер көрсетті. Қо­рытындысында қармақшылық Еламан Ер­ғалиев 1-орынға (1,5 млн теңге) ие болса, 2-орын (700 мың) Мақсат Исағабы­ловқа бұйырды. Үздік үштікті тағы бір қармақшылық балуан Марат Баймаханов ие­ленді.

ТҮЙІН. Осылайша, үш күнге созылған батыр баба тойы өз деңгейінде тойланды. Түйгеніміз: есіл еңбек ерте ме, кеш пе, бәрібір еленеді екен. Туған елінің қалыптасу жолында аянбай тер төгіп, ат үстінде күнелткен әрбір батыр осылай елеп-ескеруге лайық! Ұлтының намысын нанға айырбастамайтын, жағасын жауға берсе де, ұлтарақтай жерін бермейтін жандардың әр ісі келешек ұрпақтың санасында сақталуы тиіс.

Рыскелді   ЖАХМАН,

Құралай   ЖАҚСЫЛЫҚ

 


ТЫҢ ИДЕЯЛАР ТОҒЫСЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
02.11.2017 10:17

Өткен аптада «Абылай хан» колледжінің базасында «Кәсіптік білім және бизнес әріп­тестер сұхбаты» атты облы­стық  еңбек форумы өтті. Дәстүрге айнал­ған шара техникалық және кәсіптік білім беретін оқу орындарының арасында биыл бесінші рет жалауын желбіретіп отыр. Басты мақсат – техникалық және кә­сіп­тік білім беру саласында жүзеге асырылып жат­қан индустриалды - ин­нов­ациялық жобалар, шағын және орта бизнес өкілдеріне қажетті кадр даярлаудағы өзекті мә­селелерді талқылау, атқары­лған жұмыстардың нәтижесін баяндап, қол  жеткен жетістіктер­ді саралау, кәсіптік білім саласындағы мамандардың өз тәжірибелерімен бөлісіп, пікір алмасуына мүмкіндік туғызу.

Форум аясында  3 секция жұмыс істеп, техникалық және кә­сіптік білім беретін оқу орындарының 225 өкілі қатысты. Оқу орындарының  арасында  білім­ді тәжірибемен ұштастырған студенттердің туындылары көрмеде жұртшылық назарына ұсынылды.  Онда  кәсіби ерекшелігіне қарай және тыңнан түрен салған өнертапқыштардың жұмыстары бағаланды.

Көрмеге келген «Болашақ» университеті колледжінің  педагогикалық мамандығы циклының жетекшісі Құ­ралай Мырзашеваның айтуы­нша, оқу орны иелігіндегі «Балжансай» ғылыми-тәжірибелік шаруашылығында ал­мұрт, қияр, қызанақ, алма, жүзім, асқабақ сияқ­ты бақша дақыл­дары өсіріледі. Сондай-ақ бал арасы мен балық өсіру де қолға алынған. Бал  өз  кезеңімен, мамыр айында  және  жантақтан  алынады.

Көрмеге жиналғандар әртүрлі өнер туындыларын тамашалап, қанатқақты жобалардың куәсі  болды. Со­ның  бірі – кәсіпкерлерге арнал­ған құрылғы жа­саған Мағжан Шахар­бекұлы. Ол «Абылай хан» колледжінде есептеу техникасы және бағ­дарл­амаларды қам­та­ма­сыз ету мамандығының 2-курсында  оқиды.

- Қазіргідей нарықтық заманда мемлекет кәсіпкерлерге ерекше қолдау білдіруде. Кәсіп ашып, оның нәсібін көргісі келетіндер үшін ақшаның орны қашан да маңызды. Менің дайындап әкелгенім тиын іріктегіш құрылғы деп аталады. Мақсат – тиындарды тез арада іріктеу. Тиім­ді әрі тез. Мысалы, сауда орындарында қолма-қол төлем жасаған тиімсіз. Көп уақытты алады. Ал мұнда қайтарылатын ақшаны осы құрылғыға салғанда 5, 10, 20, 50, 100 саны көр­сетілген бөліктерге тиын  түседі. Бөліп отырудың қажеті жоқ. Супер­маркет, дүкен, жанар­май құю бекеттерін ашып жатқан кәсіпкерлерге ұсынуға болат­ын жоба. Тиын іріктегіштің биіктігі – 26,5 см, ұзындығы – 40 см, ені – 20 см. Одан бөлек құрылғыда  тоңазытқыш орнатылған. Сатушы­ларға  жаз  мезгілінде  0,5 литрлік сусынды осында сақтауға қолайлы.  Бұл 6, 12  Вольт  қал­та қуат­тағышымен жұ­мыс істейді. Ал қыста мұны сейф ретін­де пайдалануға  болад­ы, - дейді  өнер­тапқыш М.Ша­хар­бек­ұлы.

Іске жарамсыз болып қалған бөшкелерден әдемі демалыс орнын құрастыруға болады. Мұны М.Ықсанов атындағы Қызылорда политехникалық колледжінің №171 топ, 1-курс студенттері Ұ.Алиев пен Ж.Тойшыбек дәлелдеді. Қос білім алушы биік­тігі  900 мм, диаметрі 560 мм  болатын  6 темір бөшкені қоқыстың бір бұрышына лақтырып тас­тамай  пайдаға  асыр­ған.

Ал Арал қаласынан келген Рашид Жақсылықұлының тың идеясына таңырқамаған адам аз. Ол Арал көпсалалы колледжінің студент­терімен бірлесіп, тұр­мыста жарамсыз болып қалған 5 литрлік шәй­нектен пеш жасап шыққан. Р.Жақсылықұлының сөзінше, бұл табиғат  аясына  шыққандар­ға тиімді. Әрі қоршаған ортаға  зияны  аз.

Алқалы басқосуда мұнан бөлек тұрғын үйлерді жел, күн энер­гиясын пайдалана отырып жылытатын пештер, көшпелі көпір се­кілді өнер туындылары таныстырылды.

Көрмеден кейін форумның пленарлық отырыс­ы өткізілді. Оған жергілікті атқарушы органдар, «Атамекен» ҰКП-ның өкілдері, ұстаздар  қатысты. Білім алушыларды өндірістік мекемелерде машықтандырудан өткізу жа­йында колледждер мен әлеуметтік серіктестіктер арасында келісімге қол қойылып, техникалық және кәсіптік білім беру саласының үздік­тері марапатталды.

Пленарлық мәжіліс барысында «Абылай хан» колледжінен деректер беріліп, алдағы уа­қытта өңірдегі колледждердің оқу ғимараттары мен шеберханаларының сыйымдылығын кеңейту қажеттігі туындағаны айтылды. Бұл мәселеге облыс әкімі Қырымбек Елеуұлы да аса мән беріп отырғанын айта кету керек­. Сонымен бірге жатақхана мәселесі де қазіргі таңда өзекті. Біздің аймақта жұ­мысшы мамандарын даяр­лайтын 12 мемлекет­тік колледж­дің алтауында жатақхана жоқ. Осы мә­селені шешу бағытында жергілікті билік тара­пы­нан бірқатар жұмыс атқарылған. Со­ның бірі – Арал ауданындағы №64 мектептің ескі ғимаратын Арал индустриялық колледжінің меншігіне өт­кізіп, осы нысанды алдағы уақытта студенттердің жатақханасы ретінде пайдалану үшін жұмыс атқарылуда. Қазір оның құжаттары дайындалу үстінде. Осы және өзге де түйт­кілдер форум аясында өт­кізілген плен­арлық мәжі­лісте талқыға түсті.

Ж.БАҒЛАН

 


ШАШТЫҢ КИЕСІ PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
02.11.2017 10:14

Шашта кие бар ма? Ел аузынан бүгінгі күнге дейін жеткен­ аңыз-әңгімелер мен әпсаналар шаштың киелі екендігін растайды. Бұл – қазақтың даналығының, басыңнан түскен бір тал шаштың да сұрауы бар екендігінің көрінісі. Көнекөз қарияларымыз жас ұрпаққа «Тарақтан түскен шашыңды көрінген жерге тастама» деп жиі айтып отырады. Мұның өзіндік себебі бар. Сол ақ жаулықты әжелер­імізден себебін сұрағанда, ойланбастан:

«Бір тал түскен шашты құс іліп кетсе, бас ауруына шалдығасың», - деп  жауап  береді. Сондай-ақ, адам әрбір мүшесіне Алла­дан­ келген аманат деп ұқыптап қарау керектігін тілге тиек етеді. Ал Шерхан Мұртазаның «Ай мен Айшасынан» тарақ­тан түскен шашты отқа жағуға болмайтындығын ұғынамыз. Бұл кітапта: «Шашты өртесе, анасының отқа күйген иісін бала танып қояды екен де: «Анамыз тозақ отына түсіп кетті-ау»,-деп шыр айналып шырылдайды. Анамызды құтқарып аламыз деп, өздері де тамұқ отына түсіп кете жаздай­ды» деп шаштың киесі жайлы анық көрсеткен. Осындай өсиеттерді естіп, шашыңның бір талын тастамауға тырысасың. Бірақ күн сайын­ бір-бірлеп жинап жүру оңайға соқпайды. Оның үстіне бүгінгі заман адамдарының шашты тастамай жинап жүруіне «мұршасы» да болмай­ды. Не қоқысқа тастауға, я болмаса отқа жағып жіберуге асығады.­ Тіпті көшеде  шашын жайып еш ойланбай жүретін арулардан көз сүрінеді. Мұндай сәтте жайылған шаштың көрінген жерде қалатыны анық емес пе?  Дегенмен ана ақылынан, әже әңгімесінен аттамайтын ару­ларымыз да бар. Солардың бірі – Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың студенті Г.Пірмағанбетова. Әжесінің бір тал шашын беталды тастамай, әркез жинап жүретінін көріп өскен Гүлфайруз шаштың киесі барын ұғынған.

- Мен әжемнен шаштың киесі туралы көптеген әңгімелер естіп өстім. Тіпті, әр тал шашын тастамай, ұқыптап жинап жүретіндігін көзіммен көрдім. Әжем өзінің түскен шашын бір-біріне біріктіріп, тігіп қоятын. Сол тігілген шашты көпшілік орынға барған сәтте өз шашына қосып, түйіп алатын. Бұдан бөлек ол шашты аяқ астына тастамауды, жайып жүрмеуді жиі айтып отыратын. Оның бірнеше себептері бар. Осы орайда маған әжем адам бойындағы күш шашта болатындығын айтқан. Егер шашты жайса және көрінген жерге тастаса, күш-қуатының­  барлығы сарқылып қалады. Сонымен бірге шашты тастау бас ауруына шалдықт­ырады екен. Міне, мен әжемнің осы және басқа да тағылымды әңгімелерімен сусындап бойжеттім. Қазіргі таңда қолдан келгенше шашымды жаймауға, тастамауға тырысамын, - дейді Гүлфайруз ағынан жарылып.

Шашты ерте заманнан киелі санап, оны аяқасты етіп тастамау қазақтың ырымына жатады. Ілгері заманда қазақ қыздары бұрымдарын тастамақ түгілі қимай, арқасына білектей етіп өріп жүрген. Бар сұлулықты бойына жинаған бойжеткендерді бұрымына қарап таныған. Ол кезде шашты қию қылмыспен тең болған деседі. Ал ғалымдардың пікіріне сүйенсек, адам шашы –  ғарыш энергиясын қабылдайтын «антенна», ол өзін қоршаған  ортамен хабар алмасып тұрады екен. Тағы бір зерттеулерге сүйенсек, Шәкәрім, Төле би тәрізді ұлыларымыздың бойындағы ізгі қасиеттері әдемі етіп қойылға­н  шаш, сақал, мұртымен байланысты көрінеді.

Шашқа ер-азаматтарға қарағанда қыз-келіншектер баса назар аударады. Бұл – әйел затының өзіне тән ерекшелігі. Жоғарыда шама-шарқымыз келгенше шашты тастауға болмайтынын айтып өттік. Осыдан кейін бұрымдылар аманатқа қиянат жасамай, киелі саналатын шашқа құрметпен қарайды деп ойлаймыз.

Маржан   ҚҰРМАНҒАЛИЕВА,

Қорқыт  ата  атындағы

ҚМУ-дың  студенті

 


ҚЫЗҒА ҚЫРЫҚ ҮЙДЕН... PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
02.11.2017 10:11

Арман мен оның жары Әсем жол үстінде әңгімелесіп келеді. Екеуі бозбала мен бойжеткен болып, мектеп қабырғасында өткен қызыққа толы кезеңдері мен студенттік шақтарын айтуда. Әсем орысшалау тәрбиеленген, ойындағысын іркімей айта салатын адам. Парықсыз күліп, әңгімесін жалғастырып келе жатқа­н. Кенет Арман үнсіз ғана жарына тоқтап қарады да:

- Әсем, біздің қызымыз қандай болса деп армандайсың?, - деді.

Тосыннан қойылған  сұрағына таңғалған кейіп танытқан Әсем:

- Ең бірінші білімді, и ақылды и  бизнесмен, айта берсең көп. Неге сұрап жатырсың? - деді.

- Оның ақшасы көп болғанын қалайтын секілдісің. Ал мен тәр­биелі қыз болса деп армандаймын. Саған ол маңызды емес пе?

- Айтарлықтай маңызды емес, тек өзіне-өзі абай болса болғаны.

- Мен қызымызды саған сеніп тапсырамын ба деп жүрсем, бірінші өзіңе тәрбие беруім керек­-ау!

Арманның осы сөзді айтқаны сол екен, ашуланған Әсем «Басымд­ы қатырмашы, енді қалға­ны сен едің» деді де, такси­ді тоқтатып кете барды. Арман аң-таң күйінде қала берді.

Жуырда ғана көз алдымда бол­ған жай еді бұл. Қоғамдық орындарда  қыдырып  жүрген  жас жұбайлардың  әңгімесі  маған  ой салды. Бұл оқиғадан нені бай­қауға  болды? Дәстүріміз дә­ріптеліп, салтымыз сақталып жүр ме? Ырым мен ты­йымды құлаққа қыстыратын жастарымыз бар ма? Еске түсіріп кө­рейік.

Қызға қырық үйден ты­йым.­ Бұл тыйымның ең бас­тысы десек қателеспейміз. Ал қазіргі замандас құрбыларға осыны  айта  бастасаң, төбе шашы тік тұрады. Біреу бос далбаса әңгіме десе, енді бірі ескіліктің жұрнағы дейді. Түсі­ніп, ой  қорытатыны  бірен-саран. Оған да тәубе­ дейміз. Ұлт­тың ұлт болып қалуы сол елдің қызына байланысты екенін жадым­ыздан өшірмесек  дейміз. Бұрынғының бұрымдылары мен қазіргінің қыздары арасындағы айырмашылық жер мен көктей. Заман алмасты. Жаңа дәуір орнад­ы дейміз. Жаңашылдыққа  ұмтылған жөн-ақ. Бірақ әр нәр­сенің шеті мен шегі бар екенін ұмытпасақ игі.

Құрсағына біткен шаранасын шырылдатып, ең лас орын дәретханаға тастап кеткенді де көз көрді. Және бір рет емес, осы бір былғанышты істі жасаудан эстафет­а  болып  жатыр ма дер­сіз. Мұндайда, әрине, біржақты шешім шығару қиын. Десек те отбасындағы тәртіптің тәптіш­телмей жатқанының шынайы «жемісі» бұл. Бәлкім, қызға салын­ған қырық тыйымның орындалмай  жүргенінен болар...

Маржан   ӘШІРАПБАЙ,

Қорқыт  ата  атындағы

ҚМУ-дың  студенті

 


СОҢҒЫ ОЙЫННЫҢ ЖҮГІ АУЫР... PDF Print Email
Жаңалықтар - Сергек
02.11.2017 10:00

ЕРТЕ  ЖЕТКЕН  ФИНАЛ

Өткен аптада футболдан ҚР Премьер-лигасының  ХХХІІ тур ойындары­ аяқталды. Қызығы сол, ел чемпионатының соңғы туры қалса да, әлі біраз нәрсе шешімін таппай тұр. Айтпақшы, бұл турда көрермендер ерте жеткен финалдық ойынды та­машалады. Жанкүйерлер асыға күткен шешуші ойын­да “Қайрат” “Астананы” 2:0 есебімен ұтты. “Астана-Аренада” өткен ойында Станимир Стойлов шәкірттері тең түссе де, чемпиондық атақты иеленер еді. Ал, алматылық команда үшін тек жеңіс ауадай қажет болды.

Қос команда арасындағы ойынның бірінші бөлігінде есеп ашылмады. Ойынның 71-минутында бұрыштамадан көтерілген допқа Айбол Әбікен бірінші жетіп, қақпа торында тулатты.  21 жастағы қорғаушы премье­р-лигадағы алғашқы голын соқ­ты. Сондай-ақ, ол “Қайрат” сапындағы екінші ойынына шыққан болатын. Кездесудің 89-минутында Жерар Гоу  ойындағы  екінші голды  соғып, “Қайратқа” айқын  жеңіс  сыйлады.

 

ҚОС  ҰЖЫМ  ҚОШТАСТЫ

Көкшетаудың “Оқ­жетпес” командасы пре­мье­р-лигамен ресми түрде  қош  айтысты.  Бұған   ХХХІІ турда Павлодардың “Ертісінен” 2:1 есебімен ұтылуы себеп болды. Қонақтар сапынан Родриго Антонио­ мен Милош Стаменкович гол соқса, алаң иелері қата­рынан Тимур Досмағамбетов мерген­дігімен  көзге  түсті.

Биылғы маусым қорытындысы бойынша “Тараз” да бірінші лигаға­ түсті. Өткен турдағы “Атырау­дан” 3:2 есебімен жеңілуі көкшелік  ұжымның  артынан еруге­ мәжбүр еткендей. Ойындағы 5 гол да екінші таймда соғылды. Алаң иелері сапынан Предраг Сиким­ич, Марат Хайруллин мен Ризван Аблитаров гол соқса, “Тараз­” сапынан Бактиер  Зайнутдинов  дубль  орындады.

 

АЗУЛЫЛАРМЕН   АЙҚАСАДЫ

Оралдың “Ақжайық” коман­дасы ХХХІІ турда жергілікті “Қайсармен” тең ойнады. Бұл ойында командалар гол соға алған жоқ. Нәтижесінде 30 ұпаймен премьер-лигада қалу мүмкіндігін сақтап­ тұр. Оралдықтар “Ақтөбеден” 3 ұпайға қалып келеді. Егер оныншы орында қалса, бірінші лигадағы командамен плей-офф ойынын өткізеді. Ал, “Ақтөбе­нің” әзірге ұпайы түгел. Бұған дейін “Ақтөбе” өз алаңында “Ордабасыны” 2:0 есебімен жеңіп, мүмкіндігін молайта түскен еді.

Қос команданы да соңғы турда маңызды ойын күтіп тұр. Оралдық команда қонақта “Астанамен”, “Ақтөбе” Алматыда “Қайратпен” ойнайды.

 

“ТОБЫЛ”  ТАЛПЫНАДЫ

Премьер-лигада төртінші орын алған команда Еуропа лигасында ел намысын қорғайтын болад­ы. Бұл жолдаманы иеленуге “Ертістің” мүмкіндігі жоғары. Бірақ, мұндай мәртебе үшін “Тобыл­” да талас жүргізбек. Қостанайлық команда ХХХІІ турда “Шахтермен” тең түсті. 10-минутта Жасұлан Молдақараев “Тобыл­ды” алға шығарғанымен, 83-минутта Милан Стоянович пе­нальтиден  есепті  теңестіріп  кетті.

Еуропа лигасының үшінші жолдамасы соңғы турда шешіледі. Осыған дейін қола жүлдеге қол жеткізген “Ордабасы” бұл мүм­кіндікке әлдеқашан ие болған-ды.

 

ХХХІІІ тур ойындары

5 қараша күні өтеді.

“Астана” – “Ақжайық”

“Қайрат” – “Ақтөбе”

“Ордабасы” – “Оқжетпес”

“Ертіс” – “Шахтер”

“Тобыл” – “Атырау”

“Тараз” – “Қайсар”

 


КӨШЕ КЕҢЕЙТІЛДІ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
01.11.2017 17:18

Қала көшелері уақытша жабылып, жөндеу жұмыстары жүргізілген болатын. Солардың бірі – шаһардағы басты көшелердің бірі саналатын Сұлтан Бейбарыс көшесі. Көшенің екі­жолақты әрі көлік қозғалысының жиілігі өте жоғары болуына байлан­ысты көлік кептелісі жиі орын алып отырған. Автомобиль жолдарының негізгісі саналатын жолдың бойында осындай кемшіл­іктерді болдырмас үшін аталған көшеге қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, апта басында пайдалануға берілді.

-    Бұған дейін көше бойында көліктердің реттілікпен қозғалуын­а кедергі келтіретін кептелістің көптеп болуына байла­нысты Сұлтан Бейбарыс көшесіне жөндеу жұмыстарын жүргізу қажеттілігі туындады. Осы автомобиль жолында тұрақты көлік қатынасын қамтамасыз ету және жол-көлік оқиғаларын жою мақсатында жолды төртжолақты етіп, жолдың жүру бөлігін кеңейт­у  жөнінде  шешім  қабылданды. Нәтижесінде  жалпы  ені 14 метр, 4 жолақты, жиегі 2 метрлік жаңа жолдың құрылысы аяқталды, - деді Қызылорда облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқар­масының   басшысы  Е.Әбдіхалықов.

Көше  бойында  облыстың әлеуметтік-экономикалық, мәдени­-ағарту саласының негізгі ғимараттары орналасқан­дық­тан, жолдың  кеңдігі әрі тегістігі, инфрақұрылымдық жағдайы­  басты  назард­а. Жолды жөндеген – мердігер мекеме «УАД» ЖШС. Ал құрылыстың сапасын «Строй Сити» ЖШС қарауына алған.­ Бас жобалаушы - «Кызылордадорпроект» ЖШС. Жалпы құны 246,820 млн теңгені құраған қайта жаңғырту жұмыстары кезінде кей мәселелерге көңіл бөлмегендігі, жол мен жолдың төменгі жағына  түсу бөліктерінің жобалық сметаға енбегендігі анық­талды­. Сала басшыларының сөзіне сенсек, алдағы  уақытта  жобада­  қаралмаған  мәселелер  назарға  алынатын  болады.

Халық-хабар

 


ӘЛЕУМЕТТІК САЛАНЫҢ ӘЛЕУЕТІ АРТТЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
01.11.2017 17:17

Соңғы жылдары облысымыздың әлеуметтік-экономикалық даму үрдісінің қарқынды екенін аңғарып жүрміз. Қай салада болмасын, жетіс­тігіміз бар, мақтанышымыз екі есе. Мұның барлығы аймақта жүргізіліп жатқан мемлекеттік бағдар­ламалар мен стратегиялардың жемісі деуге болады. Мемлекет басшысының сұңғыла саясаткерлігімен жобаланған жоспарлар өзінің негізгі мақсатына жетті. Мәселен, Елбасының білім салас­ының алдына 3-6 жас аралығындағы бала­ларды мектепке дейінгі біліммен 100 пайыз қамту, үш ауысымдық білім беруді жою, апатты мек­тептердің орнына жаңа білім ғимаратын салу жөніндегі негізгі үш тапсырмасы бүгінде аймағымызда түгелдей дерлік орындалды. Бұл туралы апта басында Қызылорда облысы әкімінің орын­ба­сары Р.Рүстемов  бастаған  бірқатар сала басшы­лары  берген  брифингте  кеңінен  айтылды.

-    2013 жылы 37 апатты жағдайдағы мектеп болса,­ орта білім беру саласында ішкі резервтердің есебінен апаттық жағдайдағы мектептердің мәселесі­ биыл толығымен шешілді. Бүгінде бала­бақ­шалардың 71 пайызы мемлекеттік-жекемен­шік  әріптестік  негізінде  жұмыс істеуде. Соңғы         4 жылда мұндай балабақшалар саны екі есеге артты.­ Осылайша біз бюджетке ауыртпалықты жеңілдет­удеміз, -  деді облыс  әкімінің  орын­басары  Р.Рүстемов  облыстағы 9  айда  атқарылған жұмыстар  туралы  есеп  берген  жиында.

Әр адам – мемлекеттің басты капиталы бол­ғанды­қтан, олардың денсаулықтарының көрсет­кіштері де басты назарда тұруы тиіс. Қазір техника­ дамып, технологияны игеру заманы денсаулық саласын да медициналық техникамен қамтамасыз етуге мүмкіндік беріп тұр. Бұл көрсеткіш біздің аймағымызда 45-тен 73 пайызға артып отыр. Соңғы екі жылда медициналық ұйымдардың матери­алдық-техникалық базасы нығайтылып, ауысымына 250 келушіге арналған Жалағаш, Қармақ­шы, Сырдария, Шиелі аудандық орталық ауруханалар ғимараттары, 200 орындық облыстық балалар ауруханасы және 30 дәрігерлік амбула­тория мен фельдшерлік-акушерлік бекеттер салынып­, қолдануға берілді. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысы А.Әлназарованың айтуынш­а, ағымдағы жылы Арал аудандық ауруханасының құрылысы басталды. Мемлекеттік-жекеме­ншік әріптестік аясында 400 келушіге арналғ­ан  №2 емхана, сонымен қоса 4 дәрігерлік амбулатория жыл соңына дейін пайдалануға берілед­і. Ең басты мәселе – балалар денсаулығы. Әсіресе балалар екпесіне қатысты түрлі пікірлер тарап  жатқандығы белгілі.

-    Балалар екпесіне қатысты қарсылық білдіру­дің ең басты факторы  діни көзқарас болып отыр. Алайда  мұндай  қарама-қайшылық біздің облыста тіркелген жоқ. Ал жалған ақпараттардың шынайылығ­ын растайтын ешқандай негіз жоқ, - деді  аймақтың  бас  дәрігері.

Сыр өңірі – қашанда өнердің ордасы, қазақылықтың ортасы. Сол себептен де бізде мәдениет саласына көзқарас ерекше. Мәдени даму сатысы да жоғары деңгейде. Оған дәлел ретінде аймақ мәдениетін дамыту үшін жыл басынан бері 6 мәдениет нысанына жергілікті бюджеттен қаржы бөліп, жөндеу жұмыстарының жүргізілгенін айтуға болады­.

-    Елбасының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты жолдауы­нан туындайтын басым бағыттардың бірі «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында азамат­тардың ақпараттарға қолжетімділігін қам­тама­сыз ету мақсатында «Электронды архив», «Электронды кітапхана», «Виртуальды музей» ақпараттық жүйелері енгізілді. Облыстық музей қорындағы құнды да көне жәдігерлер мен тарихи-мәдени жазбалардың тарихын халыққа таныс­тыруды, насихаттауды көздеген «Бір жәдігер» жобасы­ облыс­тық телеарнамен бірлесіп жүзеге асуда.  Сондай-ақ, облыстағы 56 мәдениет үйі мен 116 үйірме жанынан «Қорқыт-қобыз» үйірмесі ашылады.­ Мақсат – бар қазаққа қобыздың тілін үйрету, - деді аймақ басшысының орынбасары Р.Рүстемов брифинг барысында.

Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында еліміздің басты рухан­и құндылықтары айқын көрініс тапқан. Мазмұн­ы терең, ауқымы өте кең, ұлт руханиятын ХХІ ғасыр биігіне көтеретін рухани жаңғыру бағдар­ламасын жүзеге асыру мақсатында өңірлік офис құрылып, жұмыс  істеуде. Осы  уақытқа  дейін 82 жоба аясында 331 шара, 18 форум, 6 экспе­диция,  49 қайырымдылық шарасы, 220 фото-сурет­  көрмесі, 16 тарихи-танымдық конференция, 22  тақырыптық  дөңгелек  үстел  өткізілген.

Н.ҚҰДАЙБЕРГЕН

 


Ауылын аялаған азамат PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
01.11.2017 16:00

«Аманөткелдің Дайрабайы». Бүгінгі кейіпкерімді сырт көз осылай деп те атайтынын естігенде марқайып қалдым. Неге қуанбасқа? Егер әрбір қоныстан шыққан іскер жандар өзінің елге деген жанашыр қадамымен көпшіліктің ілтипатына бөленсе, қиналғанға қол ұшын созса, ізгілік, имандылық сезімдері салтанат құрары сөзсіз. Ондайда ұрпақ зердесіне адамгершілік ұғымы терең ұяларына сенім кәміл. «Халық – Құдайдың бір аты». Аманөткел ауылының тұрғыны, жеке кәсіпкер Дайрабай Жалғасбаевтың Арал аудандық мәслихатының депутаты атануы халқының берген бағасы, игілікті ісінің жемісі десек жарасымды. Ал алғыспен ер көгеретіні тағы мәлім. Тіл-көзден сақтасын. Дәкең мен Жәмила келініміздің перзент сүйіп, келін түсіріп, балдан тәтті немерелердің қызығына кенеліп отырғаны да бәлкім, дарқан пейілдерінің қарымтасы шығар.

Дайрабай Баймұратұлы жеке кәсіпкер ретінде теңіз төскейінің Сыр беткейінде орналасқан елді мекендерді жанар-жағармай, газбен қамтамасыз етумен айналысады. Қажетті өнімдерді тікелей Атырау, Шымкенттегі зауыттардан алады. Турасын айтқанда, қазіргі таңда жиі қозғалып жүрген делдалсыз іскерлік байланысты жолға қойған. Кәсіпкердің өзі болса нақты кезеңде өнім жеткізуде сәл іркіліс барын, алайда жақын күндері бұл мәселе шешімін табатынын да жасырмайды. Іскер азамат ауылдағы мәдени-көпшілік шараларға тұрақты түрде демеуші болып жүреді екен. Тұрмысы төмен отбасыларға жәрдемдесуді де назардан қалыс қалдырмапты. Сондай-ақ ағымдағы жылы жоғары оқу орнында оқитын бір студенттің шәкіртақысын төлеп, жомарттық танытыпты. Қалай десек те, маңдай терімен тапқан жарты миллион теңгеге жуық ақшаны қалтасынан суырып беруге кез келген қалталының тәуекелі жетпесі хақ. Мұны білгенде ойыма еріксіз қазекеңнің «Сұңқар тапқанын жан-жағына шашып, құзғын астына басып жейді» деген даналық сөзі оралды.

«Аманөткелде Нұртуған шайырдың 130 жылдық мерейтойы қарсаңында ауыл тұрғындарына жаңа мешіт тарту етілді. Мешітті Астанада тұратын Дайрабайдың інісі Мақсұт өз қаржысымен салып беруге ниет білдіріп, құрылыстың басы-қасында болуды ағасына тапсырған болатын. Бұл игілікті іс уақытылы аяқталып, тұрғындар зор ықыласпен қабылдады» дейді біздегі деректе. Ауылын аялаған азаматтарға «Алланың нұры жаусын!» дейміз.

Депутат Дайрабай Жалғасбаев Қызылжар елді мекеніне қатынайтын жол мен қалқымалы көпір жайын көтеріп, оң шешілуіне ықпал етіпті. Сонымен бірге Аманөткел елді мекеніне аяқсу жүргізу мәселесін көтеріп жүр. Алдағы уақытта жеке балабақша салу да жоспарында бар. Аяқсу дегенде елең ете түстім. Олай болатыны Аманөткелдің жері – «әрбір бұтасының түбінде бір-бір қадақ ет жатады» дейтіндей топырағы құнарлы жер. Кезінде Шындалы Әбдірамановтың ұйытқы болуымен жасалған ауылдағы ауқымды бақта өсірілген саялы ағаштар да баршылық. Сол жақсы жұмыс жалғасын табуда. Ауыл азаматтары бірлесіп, ортадан қаржы шығарып, су айдайтын насосты жөндеуден өткізіпті. Аманөткелде бау-бақша егуге ниет те жоғары.Әрі олай болуы заңдылық та тәрізді. «Марқұм Тоғаев Қазақ есімді ағамыздың бағбандығы Арал өңіріне кеңінен белгілі еді» десек жарасымды. Олай болмағанда ше? Қазақ өсірген қарбыздың дәмі тіл үйіретінін көз көргендердің әлі жадында сақтаулы. Кеңес тұсында сол ағамыздың еккен қарбызы Мәскеудегі Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы көрмесінде талайды тамсандырып, жүлде иеленіпті. Ая су ретке келсе, Аманөткелдегі ағайын түгелдей ауласын жасыл желекке бөлеп, бақшасын жайқалтып қояры айдан анық.

«Ынтымақ-бірлігіміз бөтен емес. Аузы дуалы ақсақалдарымыз, ортақ істен тартынбайтын жастарымыз жеткілікті. Ауылдың ауызбіршілігін сақтауда Мақсұт Ералиев, Октябрь Досымов, Молдаш Сегізбаевтың еңбегі ерекше» дейді жеке кәсіпкер, Арал аудандық мәслихатының депутаты Дайрабай Жалғасбаев.

«Төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деп текке айтылмаса керек.

Жұмабек Табынбаев,

Арал ауданы

 


Күнтізбе

< Қараша 2017 >
    2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30      

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары