Please select a category for JA Newsflash!






Оқырманнан хат

Келіп кету есептегіші

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін502
mod_vvisit_counterКеше983
mod_vvisit_counterОсы аптада3395
mod_vvisit_counterӨткен аптада6422
mod_vvisit_counterОсы айда21127
mod_vvisit_counterӨткен айда26571
mod_vvisit_counterБәрі555737


Өзекті мәселелер

  • 23.10.14

    Бүрсігүні Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысындағы Департаменті жанын­дағы қоғамдық кеңестің кезекті отырысында үш бірдей мәселе қаралды. Күн тәртібінде алдымен денсаулық саласында кеткен ағаттықтар талқыланды. Бұл туралы Қазақстандағы Біріккен Ұлттар Ұйымының даму бағдарламасының Қызыл­орда облысы бойынша жоба менеджері Баян Егізбаева баяндады. Денсау...

    Толығырақ...
  • 23.10.14

    Шын мәнінде солай  болды. Әсіресе  күн қабағы ерекше шуақ  төгіп тұр­ды. Әдетте солтүстік аудан саналатын Қазалыда қазан айы туысымен ауа райы күрт салқындаушы еді. Бұл жолы мүлде өзгеше өрбіді. Әз баба­мыз Жанқожа Нұрмұхамедұлының мерейтойы өткізіл­ген кездегі жылылықты көктемнің жайдары, жаймашуақ күнімен теңестірсек артық бол­масы анық. Бір ға­жабы, мереке мәреге­ жетісімен аспанды бұлт торл...

    Толығырақ...
  • 23.10.14

    Қазақылықтың қамалы, еліміздің алғашқы астанасы Қызыл­орда тағы да бір мерейлі мерекесін атап өтті. Жылдағы әдетінше шаһардың туған күні қазан айында өткізіледі. Биыл да тоғыз жолдың торабында орналасқан­ қала күні сән-салтанатымен өткізілді. Қызылорда - өндірісі өркендеген, тарихы­ бай, ұлт зиялыларының қызмет еткен рухани мекені. Тарихы  тым  тереңнен  бастау алған Қызылорданың бе...

    Толығырақ...
  • 23.10.14

    Үш жүз мың қазақ қызының қытайлыққа тұрмысқа шыққаны төбе шашты тік тұрғызды. Тек қысықкөзге үш жүздің үш жүз мың қаракөзі қатын болса, мұнан өзге Атырауға мұнай қуалап келген­  арабтың,  Алматыға  ағылған түріктің, кәсіпкер кәрістің, жалаң аяқ өзбектің жетег­інде кеткені  қаншама.

    ...
    Толығырақ...
  • 23.10.14

    Адам қарасы арылмайтын аялдама. Бірі келіп, бірі кетіп жатыр. Кешқұрым жолаушылар көлігінің жиілігі саябырситындықтан тыпыршыған халық. Сол күре жолға көз тіккен көптің құлағы теле­фонға жабысқан жас келіннің әңгімесінде.

    ...
    Толығырақ...
Қаңтар 2014

БІЗГЕ ПОЙЫЗ ҚАТЫНАСЫ АЗДЫҚ ЕТІП ТҰР PDF Print Email
Жаңалықтар - Мәселенің мәнісі
16.01.2014 10:44

Қызылорда облысының әкімі Қ.Көшербаевқа

Арал ауданы, Бекбауыл станциясының

тұрғындарынан өтініш

Арал ауданы, Бекбауыл станциясының тұрғындары теміржол бойында қызмет етіп, елдің өркендеуіне үлес қосып келеді. Бекбауыл ауылдық округіне көрші Құмбазар елді мекені және күре жолмен байланысып отыр­ған Үкілісай елді мекені қарайды­. Осы елді мекендердің негізгі жол қатынасы – теміржол саласы. Шойын жол бойында қоныстанған халықтың жүрісі, жол қатына­сы, тіршілігі осы саламен тығыз байланысты. Бізді толғандырып жүрген әрі көптен бері ауырлық туғызып отырған өзекті мәселе – үстімізден өтетін жолаушылар пойызының Бекбауыл станциясына өте аз тоқтауы. Қазіргі таңда станцияға №23 «Алматы-Ақ­төбе», №24 «Ақтөбе-Алматы», №379 «Алматы-Орал», №381 «Ташкент-Уфа» жүрдек пойыз­дары ғана аялдайды. Алайда осы аталған пойыздар ел тұрғындарының алыс қалаларға қатынауына аздық етіп отыр. Себебі:

Біріншіден, автокөлік трассасы­ бізден алыс орналасқан. Қашықтығы – 30 шақырым. Арал, Қазалы­ бағытына қатынайтын автобус жоқ. Халық тек пойызбен қатынайды.

Екіншіден, автожолға шығу асфальт жол болмаған соң, жауын­-шашында жету қиын.

Үшіншіден, Бекбауыл ауылдық округінің орталығы – Бекбауыл стансасы. Аудан бойынша халқы көп ірі орталықтың бірі. Сол себепті­, жақын орналасқан Құм­базар, Үкілісай, Есқұра, Райым, Қызылжардан келген халық пойыздың тоқтап тұруына өте аз уақыт бөлінгендіктен, жолаушылардың үлгеріп түсіп, мінуіне қиындық туып отыр.

Төртіншіден, жоғарыда көр­сетілген елді мекендердің хал­қын есептегенде 4000 (төрт мың) түтіннен асады. Осыншама халық­қа аталған 4 жүрдек жолаушылар пойызы аздық етеді.

Бесіншіден, Кеңес заманынан күні кешеге дейін халыққа қызмет­ етіп келген теміржол кассасы жабы­лып, халық пойызға билет алу үшін әбігерге түсуде. Жол бойы кассасы ашылып, қызмет жасаса, халықтың үміті ақталар еді.

Аймақ басшысы ретінде сіз­ден осы аталған мәселелерден нақты жауап­ күте отырып, Бекбауыл станциясына №23 «Алматы-Ақтө­бе», №24 «Ақтөбе-Алматы», №379 «Алматы-Орал», №380 «Орал-Алматы», №381 «Ташкент-Уфа», №382 «Уфа-Ташкент», №377 «Алматы-Маңғышылақ», №378 «Маңғышылақ-Алматы», №395 «Ташкент-Харьков», №396 «Харьков-Ташкент» жолаушылар пойызының аялдауына әрі көбірек тұруына кесте дайындалғанда ықпал жасауыңызды сұраймыз.

Е.ЕРЗИЯЕВ, Ардагерлер кеңесінің төрағасы, зейнеткер, Е.АҚМАҒАНБЕТОВ, ауыл ақсақалы, еңбек ардагері, Ә.ҚОНЫСБАЕВ, ауыл азаматы, Р.ҚОСАНОВ, ауыл азаматы, медиатор, А.ӘДІЛОВ, ауыл имамы, Х.ЖАНАТОВА, Батыр ана, зейнеткер, Ш.МЫРШАЕВ, ауыл ақсақалы, еңбек ардагері, Қ.БАЕКЕШОВ, теміржол сала­сының ардагері, З.ЕСЖІГІТОВА, Батыр ана, зейнеткер, Е.НАРЕЕГЕВ, ауыл азаматы, зейнеткер.

 


ҚҰРҒАҚ УӘДЕ ШЫМБАЙЛЫҚТАРДЫҢ ШЫМБАЙЫНА БАТЫП ОТЫР PDF Print Email
Жаңалықтар - Мәселенің мәнісі
16.01.2014 10:41

Соңғы бес-алты жылдан бері қала көркейіп келеді. Тек шет аймақтағы көшелердің шұрқ тесік екен­дігін ескер­месек, әрине. «Жол азабын тартқа­н біледі» демекші, облыста бұл азапты тартпағандар аз шығар. Ойдым­-ойдымы шыққан жолдарда жүрудің азабы тілшілер қауымына да жақсы таныс. Бұл проблеманы шешуде­ басшылар да барынша жұмыс жасап келеді. Дегенмен, жұмыстардың басым көпшілігі сапасыз ба дейсің?

Жақында редакциямызға қаладағы Шымбай көшесі 54-үйдің тұрғыны, еңбек ардагері Тыныштық Абубакиров есімді ақсақалдан хат келді. Ол осы көшеде қырық жылдан бері тұратын көрінеді. Өзі тұратын көше­нің кемшілігі көптігін бұған дейін әкімдікке де жолдапты. Әділдік таппаған соң БАҚ арқылы басшылық біле жүрсін, шешім шығарсын деген ниетпен бізге хат жазыпты. Біз де осы хаттың иесімен арнайы жолықтық. Ақсақалдың бұл мәселемен бармаған жері, қақпаған есігі қалмаған. Бұған дейін әкімдікке жолдаған хаты бо­йынша қала басшысы Н.Нәлібаев қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруаш­ылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне нұсқау беріпті. Аталмыш бөлім басшысының орынбасары М.Айкупешов ардагердің өтінішін қанағаттандыратын жауап берген екен. Бірақ, «баяғы жартас - бір жартас» күйінде тұр.

Ардагердің айтуынша, «Астанадағы бір дөкейдің туысы тендерді ұтып алып, мердігер компания аталмыш көшеде кәріз су құбырларын ауыстырып, былтырғы желтоқсан айында бітіріпті...». Көшенің кәріз жүйеле­рін жөндеген «Мелиоратор» ЖШС екен. Қарашаның қытымыр суығында біткен жолдың дұрыс тапталмағанының кесірінен ауыр жүк көліктері көшеден әрлі-берлі өткен сайын үйлер дірілдейтінді шығарған. «Бұлай жалғаса берсе, бабында тұрған бас­панамыздың құламасына кім кепіл?» дейді Т.Абубакиров. Желтоқсанның бел ортасында толассыз жауға­н қар мен қара суықтан жолдың сіресіп қалған­ын ескерер болсақ, тұрғындар жанайқайы бос әурешілік болып тұр. Себебі, қалың мұзбен қапталған жолды­ң сапасын білу қайда? Жаяу жүргіншілер жолы да жергілікті бюджет қаржысының бөлінуіне қарай жасалы­натын көрінеді. Айта кетейік, көше тұрғындарын енсіз жолмен екі бағытта көліктердің зырғитыны әбігерге салған. Бір кездері бұл көшемен бір бағытта көлік жүргі­зіл­ген. Көшені жөндеу жұмыстары кезін­де екі бағытта жүруіне кешіріммен қарап келіпті.

Біздің білгеніміз, осы мәселе бо­йынша ардагерге «Жеке және заңды тұлғалар өтініштерін қарау тәртібі турал­ы» ҚР-ның 2007 жылғы 12 қаң­тардағы №221 заңына сәйкес жоғары органға шағымдануға құқығының бар екендігі ескертіліпті. Әсіресе, 2013 жылдың 19 желтоқсанында М.Айкупешовтің үмітті сөзі шымбайлықтарды шат-шадыман еткен-ді. Десек те, мұнысы «құр» уәде болып тұр. Енді тұрғындардың үміті өздері жолдаған №ЖТ-А-4611 арызына сәйкес уәде етілген жаяу жүргіншілер жолы да, көліктердің бір бағытта қатынауына рұқсат етілетін белгі де, мыңдардың мазасын алған мердігердің жүргізген жұмыстарының сапасы да тексерілсе игі дейді. Айтпақшы, қарияның өтіні­шін кезінде қала әкімі болған М.Ергешбаев орындап, жолды бір бағытта ғана көлік жүретін еткен екен.

Бүгінде қалада шамамен 765 көше бар. Жолдардың сапасы сын көтермейтіні көптің көкейінде сайрап тұр. «Асфальт деген жай аты, топырағы ғана қалған жұқа қабатты тасжол ертең-ақ ойдымы шығып, қайтадан таз қалпына түсетіні белгілі», - дейді біз әңгімелескен көше тұрғындары.

Н.ШӘКІМ

 


ОҚУЛЫҚ ОЛҚЫЛЫҒЫ ҚАШАН ОҢАЛАДЫ? PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
16.01.2014 10:38

«Ұстазым  біршама кітаптар берді. Жетпегенін (3-4 кітап) ата-анам сатып әперді»,- дейді қаладағы іргелі мектептің 2-сынып оқушысы Ақжүніс Төре. Ал қалалық білім бөлімінің бас­шысы М.Аралбаев: «2013-2014 оқу жылында жалпы білім беру ұйымдарын оқулықпен қамтамасыз ету үшін 163407 мың теңге қаражатқа 249841 дана оқулық, оқу-әдістемелік кешендер алынды. Қазіргі таңда жалпы білім беретін білім ошақтарында барлық оқулық саны – 842930. Бұл 95 пайыз оқулықпен қамтыл­ғанын көрсетеді.

Неге 95 пайыз десеңіздер, 3-5 сынып оқулықтары 2014-2015 жылдары жаңартылады. Сондықтан бір жыл мерзі­мге қаражатты шығындамайық  дедік»,- деп жауап берген­ еді жұма күні журналистермен жүздесуінде. Алайда ата-аналар оқулықтың жетіспейтіндігін әрдайым айтып-ақ жүр. Ал “көк қағаздар” қайда, кімнің қалтасына кетіп жатыр? Бұл - жұмбақ.

Иә, білім саласында шешусіз жұмбақпен қатар түйіні тарқа­маған мәселе де жетіп артылады. Аралбаевтың айтуынша, мектептердің барлығы жөндеу жұмыстарын қажет етеді екен. Демек күні кеше қолданысқа берілген «Мұрагер», ашылғанына  3-4 жыл болған №144 орта мектебі (Қызылжарма ауылы) сынды баршасына. Күлесің бе, күйіне­сің бе? Халықтың қазына қазанын ортайтқан ордалар тағы да ожаулап “сауға” сұрайды. Қабылдап алған билік, «құрыды» деп қаржы сұраудан қымсын­байды, тіпті. Расында да мемлекеттің ақшасын Елбасыдан өзге ешкім санамайтын сыңайлы.

Хош, көмескі жайды қыс­қартып, жұбаныш болар жетіс­тіктермен жалғасақ. Жылан жылы­ның жағымды жаңалығы, №3 мектеп-лицейдің мұғалімі М.Әбдіхалықова республикалық «Үздік педагог-2013» байқауының жеңімпазы атанды. 2012-2013 оқу жылында республикалық ғылыми жобалар конкур­сы­нан 1 оқушы күміс медаль иеленсе, халықаралық ғылыми жобалар бәйгесіне қатысқан 5 оқушы («Мұрагер», №3, №257, №43, №12) жүлделі орындардан көрініп, ЖОО-на арнайы бөлін­ген білім гранттарын ұтып алды. Сонымен  қатар  ағымдағы  жылы 2020 оқушының 80 пайызы  ҰБТ-ға қатыспақ. Талапкерлердің  жоғарғы көрсеткішке қол жеткізуі үшін «Талдысу» олимпиадалық резервінде дайындық жұмыстарын  жүргізу жұмыстары да жолға қойылған. №3 мектеп-лицейде  заман талабына сай технология тылсымын тізгін­дейтін «планшет» сыныптар (электронды кабинеттер) ашылды. Алдағы уақытта өзге де мектептерде заманауи аудиторияларды жасақтау жоспарланып отыр.

М.Жайылханұлының жа­риялауынша, әр елді мекенде  90 орындық балабақша салы­нады. Әйтсе де олардың ірге­тасы қашан қаланып, қашан қол­да­ныс­қа  берілетіндігін баян етпе­ді. «Жақсы сөз - жарым ырыс». Жаңа күннен күдер үзбейік.

Ж.ТҰҢҒЫШБАЙТЕГІ

 


ҚҰРДАСТАРЫМНЫҢ ҚЫЛЫҒЫ ҚАПАЛАНДЫРАДЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
16.01.2014 10:36

“Бола­шақтың кілті – жастардың қо­лында” деп жатамыз. Сол кезең бұлыңғыр болмас үшін біз жас  буынға қандай  тәрбие  беру­деміз? Қазіргі  өскелең  ұрпақтың сана-сезімі қалай дамуда? Осы сұрақ көзі ашық, көкірегі ояу адамды мазаламай қоймас.

Мейлінше, кейбір жастар бос тіршіліктің табынушылары болып  бара жатыр. Олардың көбі біркүндік уақытының көп бөлі­гін әлеуметтік желілер пен парақ­шалардың алдында өткі­зе­ді. Ешбір қозғалыссыз дене, дамуғ­а бейімделмеген сана, рухани­ қалыптаспаған ұрпақты көргенде мәңгүрттер әлеміне енбесе жарар еді деп мазасыз­данасың. Тағы бір айта кетерлік жайт, көптеген  жастардың  өз ана тілінде ойлағысы да, сөйле­гісі де келмейді. Айтсақ, өзімізге тиеді, айтпасақ, жанымыз күйе­ді. Бұған кінәлі әрине, ата-ана, мектептегі тәрбие, орта және сіз бен біз. Кейде бала тәрбиесіне селқос қарайтынымыз сонша, оны барлық керегімен қамтамасыз етуді маңызды деп санаймыз. Ал оны балаңыз не үшін, қалай пайдалануда, оған мән бермейміз. Бүгінде әжелердің ертегілерін планшеттер, ал ата-аналар ақылын электронды кеңес­тер алмастырған. Мұның барлығы алдамшы тірлік екенін өскелең ұрпақ біле ме?

Жастарымыз неге Абайды, Шәкәрімді, Мағжанды оқы­майды? Ақын-жыраулардың сүбелі  сөздерін бойына сіңіруге неге  тырыспайды?  Ата-бабадан қал­ған мол мұраға үңіліп, неге өмірлік азық алмайды? Бүгінгі күннің жастары ертеңгі күннің иесі десек, дұрыс тәрбиені бойына­  дарыта  алмаған  буын өз ұрпағын қайтіп тәрбиеге баулыма­қ?

Нәби  БОЛАТ,

№4 облыстық дарынды

балаларға арналған

мектеп-интернатының оқушысы

 


ЗАМАНАҚЫР ЖАСТАРЫ ЗАЛЫМ БА? PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
16.01.2014 10:34

Саушылықта, тыныштықта бірсәрі болса, біреуін­ің басына қауіп-қатер төнген шақта сезімталдық жүректі үркек етеді екен... «Бұл не қылған қауіп?» дейсіз ғой. Төнгені – қазақ жастарын заман­ымен беттестірген бір қатер. Қай жылдары «ақырзаман таяды» деп байбалам салып еді көпшілік. «2012 жылдың 21 желтоқсанында дүние тірлігі тоқтайды екен», «адамдар ақырзаманға дайын­далып жатыр» деген даурықпа сөздің таралғаны жасырын емес.

«Дүниенің астан-кестені шығады»­ деп дүрліктірген арандатулар әбігерге салып­ еді бір. Сонда кейбірі  ақыретке дайын­дық­ты дүкеннен сіріңке, майшам, азық-түлік сатып алумен өлшеген. Тіпті кейбірі жер қазып, тереңге тығылуға аз қалды ғой. «Құдайсыз қурайдың да сынбайтыны» аян ғой, міне, олай болмады. Өнегел­і  өмір, ғибратты ғұмыр кешу, имандылыққа ұйысып, Алла алдында қабыл болар ізгі, ұнамды амалдарды атқару, қысқасы, Құдайға құл, адамға ұл болу – ақыреттік жемісіміз.

Жұрт «Жақсы ата тәрбиесін алған нәрің бар ма?» деп тілейді. Болашақ заманға да түйір-түйір қасиет­, әлденендей игілік ұрығын, дәнін тастар қауым болмас па? Бүгінгі халықтан, осы қауымнан, осы заман адамынан сол жақсы заман қалпына таман керекке жарап барар бұйым бар ма?  Халықтан  халық­қа жетер қасиет бар ма? «Сүйенерлік  ұл» бар ма халықта? Ойлантатыны  да  осы ғой... Кезінде хакім Абай сақтандырған «заманақыр» бел­гі­сіндегі жастар бейнесін көріп, ақырзаман расында  осы  ма деп бүгінде үрей құшып жүр көбі... «Не ақыл, не мал таппай, адалдық­  қумай, ауыл кезіп, құр қылдаңмен күн өткізген берекесіздер, рас сөздің қасиетін түсінбей, жоққа сенгіш, ойы жоқ, көп айтса көнгіш надандар, іші жау боп, сырты күліп, жақынын тіріде аңдып, өлсе өкіріп жүрген сұрқиялар, терін сатпай, телміріп көзін сатып, теп-тегіс аларман болған жұрт, қызмет қылып мал таппай, құр үйінде жатқан, ел қыдырып ас ішіп, еркек арын сатқан жалқаулар, сырын емес, сыртын түзеп жүрген бозбалалар, бас-басына би болған өңшең қиқым» – бәрі де Абай сомдаған ұлттық бейнелер. Келер күнін дәл болжапты-ау данышпан.

Шынында, біз кімбіз? Не сақтап жүрміз ішімізде? Оны саралап алуға да мұршамыз жетпей қалды-ау?! Адам болам деп емес, Құдай болам деп көп жазалы болмадық па? Дүниедегі ең қатерлі кесапат – үйреншікті дағдының дегенінен аса алмай­ қалғанымыз ба, осылай?! Қазақы таным-тәрбиені неге шетке қақпайлай береміз осы? «Заманы­на қарай – адамы» дейді халық тәмсілінде. Заманға кінәні бір кісідей-ақ артамыз. Тек бәріміздің аңдай бермейтініміз – бұқаралық жалға­н мәдениеттің ұлттық болмысымызды бұзып-жаншып жатқандығы. Сондықтан болар, көбіміздің «жақсы» мен «жаманның» парқын ажырату­ға  өреміздің жетпей жатқандығы. Ал біз сансыз  сауалдың бәрін  ұлды атадан, қызды анадан,­ халықты қасиетті бабадан, атам қазақ жолынан­  адастырып  бара  жатқан азғын заманнан деп түсіндік.  Қалай десек те, Абай  сынға  алған,­ Әбубәкірдің Кердерісі: «Қыз ұяттан айрылып, Көңілін шайтан сүйреді. Абырой кетті жігіттен, Айрылды әдеп, биліктен. Әдеп, ақыл – сары алтын­. Алтынды таза сақтамай, Қалай етіп шіріткен? Кітаптың сөзін тәрк етіп, Өсекті баса тыңдады. Қарттардан  кетті  сабырлық, Төмен басты­ заманды, Біз заманға нағылдық?» деп зарлап­ жырға қосқан заманның залым мінезділері көбейме­се екен деп тілейміз!.. Біздегі тілек – осы.

Айдана  МАХАМБЕТОВА,

Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дің студенті

 


ҚЫЗДАР НЕГЕ ТӨБЕЛЕСЕДІ? PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
16.01.2014 10:30

Осыдан бес-алты жыл бұрын жастар төбелесі туралы естігенде жанымыз түршігіп, тұла бо­йымыз мұздап кетуші еді. Қазір бұзақылықтың мұндай түрі азайды­ ма, әлде мүлде тыйылды ма, құлағымыз тынышталып, үрейден арылған секілдіміз. Иә, солай ойлап жүрген мен ғанамын ба деймін. Оған себеп, жуырда аса мәдениетті, сабырлы, салиқалы, иманды адамдар баратын халал қоғамдық тамақтану орында­рының бірінде «шаш­жұлыс» жанжалының куәсі болдым. Үстіңгі қабаттан тамақ­танып болған қыздар төменгі қабатқа барып, «жеке әңгімеле­рін» бастады. Ақыр соңы қол сермеу, аяқ тебіс, шаш жұлу, бір-біріне балағат сөздер айту, тағысын тағы ерсі қылықтармен жал­ға­сын тапты.

Елдің бәрі ал­да­ры­на қойылған астарын тастап, төбедегі «көрерменге» айналған. Ал қызметкерлер оларды ажыратып әлек. Төбелескіш екі қыз­дың жанына ерте шыққан үш жігіт  те қарсы топтағы екі қызды итеріп, әлек болуда. Бір-біріне кенедей жабысып алған тырна­уықтарды ажырату мүмкін емес. Парт-пұрт, сарт-сұрт шапалақтар мен аяқ киімдердің тарсылы аядай жерден жаңғырып естілуде. Ең ұяттысы сол, әлгі қыз­дар­дың өздерінің әке-шешесі жоқтай­, әкесін әріден, анасын беріден­ боқтық сөзбен сыбап жатыр.

 

МҰНДА  АДАМДАР   НЕ  ҮШІН  КЕЛЕДІ?

Қала орталығындағы бұл орын­ға  әркім  әртүрлі мақсатпен келеді. Бірі мезгілдік ас ішуге сүйіктісін ерте келеді, бірі тыныш, таза ортада ой жетегіне шому  үшін, ал енді бірі тегін әлеу­меттік ғаламтор желісін пайда­лану үшін бас сұғады. Ал осындай салиқалы ортадағы тыныш­тықты бұзған бойжет­кендер мұнда неге келген? Иә, олар да әдеттегідей ауқаттануға бас сұғыпты-мыс. Алайда мінез­ді арулардың отырған үстелдері қатар орналасқан. Емін-еркін келіп орындарына жайғасқалы жатқан  екі қызға  көршілес үстелдегі  қыздар  жақтырмаған  көзбен қарапты. Содан тамақтанған бойы бір-бірімен салғыласып, орындық итерісіп, тіпті шынтақтары да «сыймай» кетіпті. Сірә жандарындағы жігіттерін қыз­ғанса керек, әлгі екі қызға тыныштық бермей, отырса да, тұрса да  жақтырмаған  көзқарас та­нытқан соң:

- Жай қарадың ба?

- Не шаруаң бар?

- Бағанадан бері қояр емессің ғой!..

- Кетшей әрі...

Мәселе осы жерден бастап ушыққан көрінеді. Тамақтанып болған соң еселерін қайтармақ болған олар төменгі қабаттан күтіп алып, жараспаған әңгімелерін  сол жерде жалғастыруға бел  байлаған  екен.

 

САБЫРЛЫҚ САҚТАЙ  АЛАМЫЗ  БА?

Соңғы кездері «жастар психологиясы өзгерген, тәрбиесі дұрыс емес, жастар рухани әлсіз» деген сөздерді құлағымыз жиі еститін болды. Бұлай деп бұлаң тарта беруімізге не себеп? Расында, жастардың  психологиялық   ерік-жігері әлсіреп бара жатқандай. Тіпті  орамалдың ұшына түйіл­ген сөзді де көтере алмайтын халге жеткен. Одан бөлек, сәл қиындық туындаса, жеңілдің астым­ен,  ауырдың үстімен өтетін жол іздеп, не болмаса өмірімен қош айтысуға дайын тұрады. Сабырлық сақтау, шыдам­дылық таныту секілді қасиеттерді  бойларына жа­қындатуға тырыспайды да. Қандай шешім болмасын, ат құйрығын шорт кесуге даяр тұрады. Бұған не әсер етуі мүмкін?

Ең алдымен, тізгіні тартылмаған тәрбие. Қазіргі жастар ата-анасына дейін айтқанын жасатып үйренген. Бауыр еті баласынан не аясын, алып та береді, шалып та береді. Бетінен қақ­пайды, алақанында әлдилеп баптайды. Осыған үйренген бала үйден  жыраққа  шыққанда  да осы  қылығынан танбайды. Біреу ауыр сөйлесе, өзіне ұнамаса, қайт­кенде де сонымен өштесіп, кегін қайтаруға жанын салады. Екіншіден, қазір ІТ технология дамып  келе жатыр деп бөркімізді аспанға атып қуанамыз. Рас, қуанышты  жағдай,  бірақ  қазіргі жастардың қолында жүрген “қалтаф­ондардың” барлығында түрлі ойындар бар. Құмарлыққа тартып, шыдамды тауысатын ойын  түрлерін ойнайтын жастар  ма­засызданып, «бола қоймады» деп жүйкесін жұқартады. Осыдан келіп, алдынан шыққанды тісімен тістеп, артынан келгенді аяқпен тебуге дайын тұрады. Яғни, өз-өздерін қолға алып, сабыр­лық таныту дегенді ұмытып  бара жатқандай.

 

ТӨБЕЛЕС  ҚАЛАЙ   АЯҚТАЛДЫ?

Әзер дегенде көптің көмегімен ажыратып алған қыздар бір-бірін орталық алаңға дейін қуып барды. Жағасын ұстағандар да, қызық көріп телефонға басып алғандар да кездесті. Сол жерде тағы да төбелес болды. Төбелесті бастаған қыздар мықты болды ма, әлде өз­дерінің жасаған әрекеттері дұрыс екендігін дәлелдеп берді ме, әй­теуір «шашжұлысқа» себепкер болған қыздар кешірім сұрап тынды. Дегенінен қайтпаған екі ару қарсыластарының аузы-бастарына дейін қан-жоса етті. Есесіне, енді тыныш жүре­тін болады.

Н.ТӘҢІРБЕРГЕН

 


ҚАТАЛ ҮКІМ PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
16.01.2014 10:28

Ару қызы қазақтың,

Тартқанында азап-мұң.

Жәкем ұран тастады.

Жоюға көзін кәззаптың.

Тапталмасын ар-намыс,

Жалтақтамас жолбарыс.

Кекке суыр қылышты,

Шықсын деді шын арыс.

Хабар берді Ақтанға,

«Жина сарбаз аттанда.

Кездескенде шабамыз,

Жауымыз қамсыз жатқанда».

Сайын дала ширықты,

Күтеміз деп бұйрықты.

Өңшең ерлер құралып,

Сап түзеді кіл мықты.

Жансыздары болған ба,

Жауызға депті «қол қамда».

Бабажан әскер сұратты,

Хиуадан сол таңда.

Пілте мылтық асынған,

Сыпайлар келді жасанған.

Қан жүгіріп өңіне,

Бабажан шықты тасадан.

Қамал іші берік тым,

Қабырғасы биік шың.

Қалың жасақ мылтықты,

Табылмайды сірә мін.

Қазақтың қолы жиылған,

Ашу кернеп құйылған.

Ерте жеткен Ақтанға,

Оқ борады қиырдан.

«Алға» деді Ақтаным,

Ойламады бас қамын.

Қойдай қырды қылышпен,

Күзетшісін қақпаның.

Сарттар кезеп мылтықты,

Мергенмін деп мен тіпті.

Арқаланған батырды,

Өлтіруге ынтықты.

Жарқырап күннің қабағы,

Сәулесі жерге тарады.

Пілте мылтық қолдағы.

Тұтанып жанып барады.

Ақтанның шыққан даусымен,

Қара бұлт көкті торлады.

Нөсерлеп құйды селдетіп,

Пілтелер сөнді су кетіп.

Аруағынан Ақтанның,

Сыпайлар қашты боркемік.

Сауға сұрап көп жасақ,

Қолға түсті зар жылап.

«Сөзге еріп алдамшы,

Аттадық дейді біз жаңсақ».

Бабажан сарт арамза,

Шыққанда қашып далаға.

Қасайдың мерген жігіті,

Құлатты атын аранға.

Қазақты төмен санаған,

Жақсыны итше талаған.

Кеңпейіл, дархан халықтың,

Асылын ұрлап, тонаған.

Асына тойып құнығып,

Қариясын зекіп сабаған.

Әлпештеп баққан сұлуын,

«Олжа» деп құнсыз қараған.

Адалын құшып арамдап,

Бурадай ессіз жараған.

Атаңа нәлет Бабажан,

Құтылмас енді жазадан.

Жетелеп тұтқындарды  қамшылайды,

Арқадан қызыл қаны тамшылайды.

Әкелді Бабажанды Жанқожаға,

Қорласа намысыңды кім шыдайды?

«Батырым өзің шығар кесіміңді,

Құптаймын деді Ақтан  шешіміңді.

Жауыздық түбірімен қопарылып,

Далама азаттықтың лебі енді».

Малғұнға қарап кесірлі,

Ызғармен Жәкең тесілді.

«Құдайдан соңғы халқыма,

Айтқызам деді шешімді».

Ортаға шығып кейуана,

«Дат» деді батыр мұңдана.

Қызымды жалғыз сорлатып,

Қорлады арын бұл шата.

Қолыма берші жауызды,

Кептірген мөлдір хауызды.

Жазасын тартса азғындық,

Болады үкім сол ізгі.

Білегін түріп шалы да,

Жидені алды қолына.

Өкірді жылап Бабажан,

«Туыппын деп сорыма».

Құйрыққа қақты жидені,

Шыңғырды озбыр шүйделі.

Қиылып ішек-тамыры,

Асқазан, бауыр күйреді.

Арамның қаны төгілді,

Қақырап жүрек сөгілді.

Қиналып өліп азаппен,

Тозақта тәні езілді.

Шаттанып халық тарады,

Өртенді дұшпан қамалы.

Жанқожа, Ақтан батырлар,

Тірісің бізге мәңгі әлі.

Жұмабек  ТАБЫНБАЕВ,

Қазалы ауданы

 


АШАРШЫЛЫҚ АҚЫРЕТІ PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
16.01.2014 10:22

Тәуелсіздік кезеңіне дейін халқымыздың басынан өткен талай нәубет, зобалаңның ішінде қазақ даласын түгел қамтыған 1932-1933 жылдардағы ашаршылықтың орны бөлек. Кейбір ғалымдардың пікірінше, ұлтымызды ойсыратқан ашаршылықтың демографиялық, экономикалық зардаптарынан айығуға жарты ғасырға жуық уақыт қажет болып­ты. Оның әлеуметтік, интеллектуалдық өркендеуі­мізге тигізген зиянын шамалаудың өзі қиын. Бүгінге дейін ашаршылық туралы көптеген тарихнамалық, дерекнам­алық зерттеулер жүр­гізіліп, жүздеген мақала жарық көріп, ондаған ғылыми диссертациялар қорғалды.

Осынау жасанды қасіреттің бас­тауында кеңестік биліктің байларды тап ретінде жою сая­саты тұрғаны тарихи ақиқат. Қазақ АКСР Орталық атқару­ комитеті мен Халық коми­ссарлар кеңесінің 1928 жылғы 27 тамыздағы «Бай шаруаш­ылықтарын тәркілеу тура­лы» қаулысы аталған жұмысты Қазақстанда жүзеге асыруға мұрындық іспетті еді. Бастапқыда тәркілеуге ірі байлар, кейіннен орта шаруалар, ауқаттылар ұшырағаны бел­гілі. Ұжымдастыру науқаны кезінде төрт түлік малы мемлекеттік меншікке айналуы себепті негізгі күнкөріс көзі­нен айрылған халықтың ашыға  бастауы заңды құ­былыс болатын. 1929 жылы еліміз­де қойдың саны  21 млн. 943 мың болса, 1933 жылы содан­ 1 млн. 727 мың бас қана қалғаны, айтылғанның жарқ­ын дәлеліндей. Өкі­нішке орай, ашаршылық салдарынан құрбан бол­ғандар саны туралы әлі ортақ тұжырым болмай отыр. Шетелдік зерттеу­шілер­дің есебі бойынша олардың саны 860 мың мен  2 млн. адам аралы­ғында, отандық ғалым­дардың пайымдауынша, бұл көр­сеткіш - 1,5-3 млн. адам шама­сында. Шетел ас­қан қандастарымыздың саны  600 мыңнан 1 млн. 400 мың адамға дейін ауытқиды. Қоғам және оның сапалық дамуы­ үшін әрбір адамның өмірі қымбат, адами капи­талдың  маңызы зор. Олай болса, «хал­қы­мыздың  басынан өткерген зұлматы мен морал­ьдық күй­зелісінің шынайы­ өлшемі қандай?» деген­ сауал зерделі қауымның көкейінде тұрары анық. Адам шығындарын нақтыл­ап қоя салу аталған ауқымды проб­леманы шешу­дің жалғыз жолы емес. Аштық 5 млн.-дай  адамын жалмаған Украинаның осы бағытта бірқатар жұмыстар атқар­ғанын да білеміз.

Тарихымыздың қаралы парағ­ы - ашаршылықтың тауқы­меті ешбір әулетті айналып­ өтпегені хақ. Осы тұрғыда тек өзімнің естігендерімді оқырман қауымға, әсіресе, жас өскінге ұсынуды жөн көрдім.

Өткен ғасырдың 70-80-жылдары  біздің отбасы Те­рең­өзек (қазіргі Сырдария) ау­данының «Іңкәрдария» кеңша­рында тұрды. Бірде сол өңірдің байырғы тұрғыны, еңбек ардагері Жұмабек Дабысовтың: «Ашаршылық кезеңі менің бозбала шағыммен тұспа-тұс келді. Кезінде ауыз толтырып май асаған ауыл­дастарымызбен бірге, басқа салғасын, тасбақаның етін жеу­ге мәжбүр болдық. Кейіннен, құрып бара жатқанын сезген­дей, олардың өзі Қы­зыл­құмның қиян түкпі­ріне іздеп барсақ та таптырмай кетті ғой... Қиын күндерді енді ешкімнің басына бермесін», - деп торыға айтқан әңгімесіне куә болғаным бар.

Ал анам Шәмшия Жүсіп­бекқызы (1929-2006 жж.) өз естелігінде: «Біздің отбасы 1933 жылға дейін Жалағаш ауданының жерінде тұрды. Үйде 3 қыз бала болдық. Үлкен екеуі (5 және 7 жастағы) ашаршылық салдарынан көз жұмған соң, жылы-жұмсағын менің аузыма тосқан анам Нәзтай Қызылорда қаласына көшті. Теміржол вокзалы маңайында тұрып, зұлматтан аман қалдық», - дейтін. Анам тағы бірде: «1947 жылдың аяғында Қызылорда облысының Тереңөзек ауданы «Жаңа өріс» ауылында (қазіргі Сырдария ауданының «Ақжарма» ауылының жері) тұратын әкең Әбдімен көңіліміз жарасып, отының басына келін болып түстім. Басқа ортаны тосыр­қап, үйренісе алмай жүрген кезімде орта жастағы бір көрші әйел мені өзіне жақын тартып, үнемі ақыл-кеңесін айтып жүретін. Нәтижесінде екеуміз тонның ішкі бауындай жақындаса түстік. Сол тұста ешкімге тіс жармауымды өтініп, басынан өткен қасірет­ті  сырды көз жасын төге отыра, айтып берген еді. Әңгімесінің ұзын-ырғасы: ашаршылық  жылдары  жаңа­ғы әйел күйеуі және емізулі балас­ымен Сыр өңірінен Қызылқұм ішіндегі елге қарай босады. Өзбекстанда бұларды күтіп тұрған ешкім болмауы себепті одан әрі арып-ашыққан олар кері қайтуға бел буады­. Жол бойы шөп-шаламмен жүрек жалғап, Сырдария өзеніне (қазіргі Шіркейлі жармасының бас жағы болса керек) лаждап жақындай түседі. Әлі құрып, көзі қа­рауытқан ері: «Әй, ана баланы талғажу етейік, жаратқанның екеумізге берері әлі де бар шығар, тек ел қарасына жетіп алайық» депті нәрестеге қарай қолын созып. Әйел үзілді-кесілді бас тартады. Қалбаңдап ұмтыла түскен еріне­н жанұшыра қашып, дария­ға жеткен жас ана «балан­ы сен жегенше, балықтар жесін» деп бауыр еті сәбиін суға өз қолымен атыпты. Артына бұрылып қарамаған бейбақ біресе жүгіріп, біресе­ жүріп, өлдім-талдым дегенде бір ауылға кезігеді. Сол жақтан пана тауып, іле-шала тұрмыс құрыпты. Есімін сен сұрамай-ақ қой, айт­паймын, артында ұрпақтары бар», - деп аяқтаған болатын өз естелігін.

Әкемнің әкесі Омар бай-кулак ретінде кеңестік билік­тің тәркілеуіне түскен. Қо­лында қалған бір-екі ірі қара, 20 шақты ұсақ мал көп  ұзамай-ақ таусылып, отының басы аштық зардабын әбден тартады. Бүкіл ел тағдырындағы сындарлы заманда Омар атамыз шешесінің төркініне сәлем бере барса керек. Саятшы нағашысы кеше ғана ау­қатты, ал қазіргі халі әл­жуазға айналған жиеніне (Омарға): «Мен саған мал мінгізбеймін, еті тез таусы­лады. Ит - жеті қазынаның бірі. Бала-шағаңды асырайтын тазы беремін»,- деп, ерекше күтімдегі төрт тазыс­ының екеуін байлапты. Неткен сезім­тал еді бұрын­ғылар. Бабала­рымыздың үлгі-өнегесі бізге шын мәніндегі рухани азық. Осыны ұғына, түйсіне түссек екен. «Қасиетті иттер­дің Қызылқұмнан қоян, қарақұйрық аулап, бір қора жанды аштықтан құтқарып қалғанын қалай ұмытарсың?» - деп, әкем Әбдінің (1924-1996жж.) үнемі айтып отыратыны жадымда қалыпты.

1916 жылы туылған Әбіш деген ішкі істер органдарының бұрынғы қызметкерінің әңгімесін 1970 жылы өз аузынан естідім. Әкемнің досы болғ­ан ол кісінің: «Он бестегі кезім. Аштықтан шешем, бауыр­ларым көз жұмды. Әбден  қалжыраған  әкем екеу­міз Сыр бойынан Қызылқұм арқылы Өзбекстанға бет алдық. Ашпыз. Бірде түнде алыстан от көрінді көзімізге. Қуанғанымызды сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Барсақ, оншақты адам отты айнала ет қақтап жеп отыр екен. Бізді қастарына шақырды. Жайғаса бастаған кезде мен қанша қарным аш болса да, барлығының көз жанары адам шошырлықтай бозарып кеткенін байқап қалдым. Бір­нәрсені сылтауратып қатардан дереу шығып кеткен әкем, қайтып келіп құлағыма сыбырлап: «Мыналар адамның етіне дәніккендер. Әрі­ректе боршаланған адам денес­інің мүшелері жатыр. Ендігі кезек біздікі. Тез кетейік!» – деді. Дәм-тұзымыз таусылмаған  екен, байқатпай сытылып  шығып, Өзбек­станға жеттік. Сонда 2-3 жыл тұрып, жағдайы түзеле бас­таған кезде елге қайттық», - деген естелі­к-баяны, бала кезімде естісем де, әлі сол күйін­де құлағымда жаңғырып тұр.

Өз тарихын жетік білмей­тін, одан сабақ алғысы келмейтін қай мемлекеттің де келешегі күңгірт. Демек, елімізде қолға алынып отырған төл тарихымызды түгендеу, ескірген тұжырымдарды жаңаша­ пайымдау сынды игілікті іске белсене атсалысу әрбірімізге ортақ мүдде болмақ.­

Қали  ОМАРОВ,

ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері

 


СОЧИГЕ СӘТТІ ҚАДАМ PDF Print Email
Жаңалықтар - Сергек
16.01.2014 10:20

Олимпиада. Спорт саңлақтарының бағы мен бабы қатар сынға түсер сындарлы­ сәт. Сан жылғы еңбектің өтеуі, төккен тердің шама-шарқы бағам­далар шақ. Төрт жылда бір өтетін Олимпиада ойындары - спорттың ең биік шыңы. Сондықтан сайдың тасындай серкелер ғана тұғыр төріне көтеріле алады.

7 ақпан. ХХІІ қысқы Олимпиада жалауы желбіреп, түндігін түреді. Күллі әлем Сочиге көз тігеді. Байрақты бәсекеге әлемнің 80-нен астам елінен 5 мың спортшы­ қатысады. Спорттың 15 түрінен 98 медаль сарапқа салынады.

Қазақстан Олимпиада ойын­дарына Тәуелсіздік алғаннан бері  6-шы рет атсалысуда. Есте болса, бұған дейін 1994 жылы өткен Лил­ли­хаммер Олимпиада ойындарында даңқты шаңғышымыз Владимир Смирновтың бір өзі 1 алтын, 2 күміс тағынып, жалпы командалық есепте Қазақстан 12-орынды еншілеген еді. 1998 жылы Наганода өткен Олим­пидада  қос  қоланы қоржынға салсақ, 2002 жылы Солт-Лейк-Ситиде, 2006 жылы Туринде жүлдеден қалыс қалдық. Соңғы, 2010 жылғы Ванкувер қысқы ойындарында 1 ғана күмісті қанағат тұтып, 25-орынға тұрақтаған болатынбыз. Алғашқы қарымды қарқынның тізгінін бо­сатып, жеңісті қолдан сусытып алғанбыз.­

Ал бұл жолғы жарыстың жөні бөлек болар деп жорамалдаймыз. Олимпиада ойындарынан жерлес­терімізден жігер мен жеңіс күтетіні­міз  анық. Тек тартысқа түсер тар­ландарымыз сенімді тас-талқан етпесе­ игі. Мұнысы несі деп іш тартып қалған боларсыз, бос емес, көңі­лімізге секем алған соң сөзге қостық. ҚР Спорт және дене шынықтыру агенттiгiнiң төрағасы Тастанбек Есентаев­: «Спортшыларымыздың  зор нәтижеге қол жеткізуі үшін барлық жағдай жасалған. Мәселен, күтіле­тін нәтижеге байланысты еліміздің жетекші спортшыларымен 700-ден  6 мың АҚШ долларына дейінгі көлемдегі төлемге келісімшарт жасалған. Бұдан бөлек, спорттың 8 түрінен ұлттық құрама командамызды 17 жетекші шетелдік маман жаттық­тыруда. Шаңғышыларымыз  шаңғысын майлауды да әлі күнге үйрене алмай жүр. Сондықтан, келісімшарт ар­қылы  қызметке тартылған қызметшілер арасында спорт медицинасы сала­сындағы мамандармен қатар шаңғы майлаушылар да бар»,-деді. Қызық. «Балтасының бабын білмеген бар­мағынан айрылады» деген. Хош. «Шығын шықпай кіріс кірмейді» делік. Әйтеуір, ертеңгі күні құмға сіңген судай қыруар қаржыдан да, атақ-абыройдан да ада болып жүр­месек  жарады.

Бүгінде ел еншісінде 9 спорт түрінен 43 лицензия бар. Дегенмен дүбірлі додаға жолдама алу жарыс­тары жер-жерде жалғасып жатыр. Ағымдағы айдың 19-да лицензия тартыс­ы түйінделеді. Болжам бойынша 6 спорт түрінен (шаңғы жарысынан, биатлоннан, фристайл-могулдан, конькимен жүгіруден, мәнерлеп сырғанаудан және сноуборд сайыс­тарынан) олжалы оралу ойда бар. Еліміздің Спорт және дене шынықтыру агенттігі шаңғы жарысында Алексей Полторанин, Николай Чеботь­ко және Д.Володькоға зор сенім  артады. Мәнерлеп сырғанаушы  Денис Теннің де соңғы жеңісі үміт отын үрлейді. Сондай-ақ Қазақстан тарихында конькимен жүгіруден тұңғыш әлем чемпионы атанған Денис­ Кузиннен де қазақ жұрты тек жеңіс күтеді. Жалпы, құрама кемінде 2 медаль еншілеп, командалық есепте 20-23-орыннан көрінуге мүдделі. Байрақты бәсекеде көк байрағы­мызды күллі әлемге мәлім етіп, Ердос  Ахмадиев  ұстап шығады­. Ердос  әлем чемпионаттары мен Азия  ойындарына  қатысқан. Сочиде­ шаңғышы­  бірнеше қашықтықта жарыс­қа   шығады.

БАРҒЫМ-АҚ  КЕЛЕДІ   БӘЙГЕГЕ...

22 күннен соң Ресейдің Сочи қаласында  өтетін  байрақты  бәсекеге­ спорт десе делебесі қозатын барша жанкүйердің барғысы-ақ келеді. Осындайда қазақтың «әттең тонның келтесі-айы» әлекке салады. Батпан құйрыққа белшесінен батып отыр­ғандар болмаса, ауылдағы аңсаған ағайынның арманы ақиқатқа айнала бермесі анық. Десе де үмітті жан­дардың үміті үзілмесін деп аламан алаңына атбасын бұрудың жеңіл, аса жеңіл емес, қолжетімді жолдарын ұсынамыз.

Қазақстандықтарды  олимпиадаға апарумен Complete Service компа­ниясы айналысуда. Рас, Complete Service компаниясының қызметі қымбат. Олар ұшақ, қонақүй, ашылу салтанаты немесе жабылу салтана­тының біріне билет және қосымша бес жарысқа жанкүйер болуға жол­дама алып береді. Қызмет құны 6800-8550 доллардан басталады. Теңгеге шаққанда 1 миллион 80 мыңнан бастап­ 1 миллион 300 мың теңгені құрайды. Ескеріңіз, бұл - тек он күндік сапарда қалтаңызды қағатын шығын. Бұдан өзге тамақ, суыңызды да есептен шығармаңыз. Себебі аталмыш­  компания  сізді ас-ауқатпен  қамтамасыз  етпейді.

Ал Сочи олимпиадасын ұйым­дастыру комитетінің дерегіне сүйенсек,­  егер сіз «Complete Service» компани­ясының көмегіне жүгін­бесеңіз, 2500 доллар үнемдейсіз. Яғни, сіз 4000 долларға, яғни 600 мың теңгеге Сочиде өтетін әлемдік айқасты он күн бойы өз көзіңізбен қызықтап қайта аласыз. Алматы-Мәскеу- Қазан — Мәскеу – Алматы бағытына билет құны - шамамен 150 мың теңге. Он күнге қонақ үйде жату бағасы  220  мың теңгені құрайды. Бес жарысқа  кіру билеті - 130 мың теңге. Жабылу салтанатының жолдамасы - 30 мың теңге. Тамаққа, сувинер, естелік­ сыйлықтарға 70 мың теңге жет­кілікті болар. Демек, 600 мың теңге­ сіздің Сочидегі он күндік сапа­рыңызға артығымен жетеді. Ал Complete Service сізден 4 мың дол­ларға дейін артық ақша алмақ. Әрине, нарықтық қоғамда артық басқа­н қадамыңызды пұлдамасаңыз болмайды.

Сочиге сапар шеккіңіз келсе, қазір­ден қамданбасаңыз болмайды. Интернет арқылы ұшақ билетін алып, tickets.sochi2014.com сайтынан билет қарастырып, қонақ үйден бөлме иемденіп қойғаныңыз абзал.

Есіңізде болсын! Сочи олимпиадасына бару үшін міндетті түрде «жанкүйер паспорты» керек. Ол паспортты Complete Service жеке сатып отыр. Олимпиаданы ұйымдастыру комитеті «жанкүйер паспортының сатылмайтынын, оның әуежайда жарысқ­а  кіретін  билетті  көрсетсеңіз, тегін берілетінін» айтады. Алайда ауадан  ақша  жасауды  кәсіп  еткендер мұндай мүмкіндікті қалт жібермейтіні бесенеден белгілі.

Шекаралас Ресейдегі додаға туркомпания арқылы бару кұны бір миллионнан асса, Рио де Жанейроға бару үшін үш миллионды әзірден қамдау қажет сыңайлы.

Байрақты бәсекеге барайық. Саңлақтарға сәттілік тілеп, сүйеу болып қайтайық!

«Alaman.kz» сайты негізінде әзірленді.

 


ҚАРАУСЫЗ ҚАЛҒАН ЖЕРДІҢ ҚОЖАЙЫНДАРЫ ҚАЙДА? PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
15.01.2014 15:28

Кеше Қызылорда қалалық жер қатынастары бөлімінің басшысы Е.Жұмаханов журналистерге сала бойынша 2013 жылы атқарылған жұмыстардың жай-жапсарын тарқатты.

Бір кездері қала тұрғындарының игілігіне берілген егістік, жайылымдық және шабындық жерлердің мыңдаған гектары жылдар бойы игерілмей жатқаны, күтімнің болмағандығынан тозып, арамшөп басып кеткені жайлы түрлі деңгейде дабылдар қағылуда. Бүгінгі күннің ең өзекті мәселелерінің біріне айналған күрделі жағдайдың күрмеуін тарқатуға қатысты жоғары деңгейде айтыла бастаған ұсыныстар жетерлік. Алдымен пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді мемлекет меншігіне қайтарып, кейіннен оларды қолынан іс келетін, қара жерді қаңтарып қоймай, ел игілігіне жарататын іскер азаматтарға беру керектігі тағы бар. Осы орайда қалалық жер қатынастары бөлімінде бұған дейін Қазақстан Республикасы Жер кодексіне сәйкес біршама жұмыстар атқарылған еді. Елбасының тапсырмасы бойынша қала әкімінің 2011 жылғы 6 сәуірдегі №424 өкімімен қараусыз қалған жерлерді түгендеу шаралары өткізілген. Сонымен қатар мемлекет басшысы берген жұмыстарды бекіту мақсатында 2012 жылғы 1 ақпандағы №22-ө өкіміне сәйкес иесіз қалған жерлерді айналымға енгізу үшін қалалық жұмысшы тобы құрылды.

Пайдаға аспай тұрған жер учаскелерін түгендеу барысында 226 шаруа қожалығы анықталып, жалпы аумағы 7940 гектар болатын жер телімі мемлекет қорына қайтарылды. Сондай-ақ, қала әкімінің 2012 жылғы 6 желтоқсандағы №1185-ө өкіміне сәйкес ауыл шаруашылығына арналған игерілмей жатқан жерлердің жалпы көлемі 165,4 гектар, қосалқы шаруашылық жүргізу үшін 8444,6 гектар жер мемлекет қорына қайтарылды.

Қызылорда қаласы бойынша 9162 жеке тұрғын үй құрылысы үшін табысталған жер телімі де игерілмей отыр. Қалада - 2252, Тасбөгет кентінде - 2145, Белкөл кентінде - 233, Ақсуат ауылдық округінде - 1288, Қызылжарма ауылдық округінде 3244 азаматтың тізімі анықталып, ескерту хаттары берілді. Айта кетейік, тексеріс шаралары кезінде 262 жер учаскесі иесінің табылмауына байланысты иесіз мүлік ретінде танылған. Алдағы уақытта облыс әкімінің 2011 жылғы 12 қазандағы №103-ө өкімімен қаланың солтүстік-шығыс жағынан 2000 гектар болатын бос аймақтарды қосу жолы жоспарланып отыр. Осы мақсатта облыстық бюджеттен 56 млн. теңге бөлінді. Аталмыш жоспар жүзеге асар болса, кезекте тұрған 5100 азаматтың өтінішін қанағаттандыруға мүмкіндік туады. Сонымен қатар Тасбөгет және Белкөл кенттерінің шекараларын өзгертуге жергілікті бюджеттен 5 млн. теңге бөлінді. Бұл жоба өткен жылдың желтоқсан айында толығымен аяқталды. Бүгінде қала көлемінде 40 583 азамат жер алу кезегінде тұр. Алдағы уақыттарда ескерту хаттары берілген қожайындарға  қайта түгендеу жүргізіліп, ескертпеге сәйкес жер учаскелері діттеген мақсатқа сай пайдаланылмаған жағдайда жер телімі мәжбүрлі түрде мемлекет қорына қайтарылып, кезекте тұрғандардың игілігіне табысталатындығы ескертіледі. Қара жерін қараусыз қалдырған қожайындардың қалтасы көтермесе, құрығанда қоршап, іргетасын құйып қоюы керек. Әйтпесе, талай жыл кезек күтіп алған жеріңізден әп-сәтте айырылып қалуыңыз мүмкін.

Н.ШӘКІМ

 



<< Бірінші < Алдыңғы 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 Келесі > Соңы >>

Күнтізбе

< Қаңтар 2014 >
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30 31    

Сауалнама

Қызылордада қай құрылымның қызметіне көңіліңіз толмайды?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары